Cүйінші, Түркістан облысы құрылатын болды!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған рухани түлеу оңтүстікке шуағын төккенін айтып, бүгін ғана "Қазақстан атауын кішірейтуді доғару керек" деген мақала жариялап, Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан, я Тұран облысы деп өзгертетін кез келгенін жазған едік.
Енді, міне, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес Түркістан облысы құрылатын болды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Біз бүгін ғана "Қазақстан атауын кішірейтуді доғару керек" деген мақалада Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан, я Тұран облысы деп өзгертетін кез келгенін ашық айттық.
Кешкісін сол мәселе толықтай шешім тауып, Елбасының жарлығы шықты.
Ол жарлықта:
"1. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылсын.
2. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілсін.
3. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталсын.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп:
бір ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін;
2018 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қабылдасын;
осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын;
2) Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарды әзірлеуге конкурс ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссия құрсын.
5. Орталық мемлекеттік органдар және Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті мемлекеттік органдары тиісті жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іркіліссіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
6. Түркістан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелері Түркістан қаласына көшкенге дейін Шымкент қаласында орналасады деп белгіленсін.
7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
8. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі" делінген.
Түркістан облысы құтты болсын, ағайын! Енді Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан һәм Павлодар атаулары тезірек өзгеріп, тарихи атауларын алса деген тілегіміз бар. Алматы облысын Жетісу деп өзгерту мәселесі де болашақта шешімін табарына сеніміміз мол. Сонда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының рухы бүкіл қазаққа сезілері хақ.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz