Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 5494 8 пікір 19 Маусым, 2018 сағат 11:04

Қазақстан атауын кішірейтуді доғару керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған  рухани түлеу оңтүстікке шуағын төкті. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкенттен Түркістанға көшіріліп жатыр. Демек, рухани  қала алдағы уақытта гүлдей құлпырып, түлей  түсетіні  айтпаса да түсінікті. Осы орайды пайдаланып, рухани жаңғыруды бүгіннен бастап, облыс атауын Түркістан, я Тұран облысы деп өзгертетін кез келген сияқты.

Өткенге – салауат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақтың тарихи жерінің ешкімге тиесілі емес екенін көрсету үшін облыстардың атына «Қазақстан» атауын қанжығалатып қойған едік. Осылайша, «Қанжығадағы Қазақстан» өз миссиясын ойдағыдай орындап, қазақ жерінің біртұтастығының сақталуына өз септігін тигізді. Бірақ бұл әу баста уақытша атау болғанын да ұмытпауымыз қажет.

Сөзімізді мысалдармен бастайық. Мәселен, көршіміз Ресейде «Оңтүстік Ресей губерниясы» деген ұғым бар ма? Немесе «Батыс Қытай провинциясы» деген атауды естіп пе едіңіз? Кез келген мемлекетті алыңыз… Аймақтардың атауына мемлекеттің атын қосарлап қойған елді таппайсыз. Есесіне Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея деген бір-бірінің сая сатын қолдамайтын қос ел бар екенін есіңізге түсіріңіз. Алдындағы  «оңтүстік,  солтүстік» деген географиялық атау бұл екі елдің бөлек-бөлек мемлекет екенін көрсетіп тұр. Осы бір мемлекетке қарата «Оңтүстік Корея облысы» деп атап көріңізші. Езуіңізге еріксіз күлкі үйіріледі. Осы мысалдардан-ақ мемлекеттің атауын елдің бір өңіріне телуге болмайтынын аңғарасыз.

Біздің елде мемлекеттің атын иеленген төрт облыс бар. Оның сыртында Еңбекшіқазақ, Алакөл, Тасқала, Шардара аудандарында бір-бір ауылының атауын «Қазақ стан» деп айдарлап, әлдеқандай етіп қойғанбыз. Аяққа нық тұрып, дамыған қасиетті мемлекеттің атауын бұлай ауылдық, аудандық, қала берді, облыстық деңгейге түсірудің қаншалықты қажеті бар? Белгісіз. Белгілісі, мысалы, біріншіден, Шығыс Қазақстан облысы деп үш сөзді айтып жатқаннан гөрі екі ауыз сөз табуға болады ғой? Айтуға да, естілуге де оңай. Екіншіден, Батыс Қазақстан облысы деп жатпай, Ақжайық немесе Орал облысы, Оңтүстік дегеннің орнына Түркістан, Тұран, Солтүстік дегеннің орнына Қызылжар облысы деп атасақ, ономастика мәселесінде қордаланып қалған біраз түйткілді мәсе лелерді шеше алар едік.

Түйін орнына

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына терең үңілген адам бұл бастамаға қарсы болмасы анық. Қазақстан – мемлекеттің атауы. Тәуелсіздік  алғаннан кейін осы бір атау еліміздің брендіне  айналып, күллі әлем жұртшылығының назарын өзіне аудара білді. «Солтүстік Қазақстан», «Шығыс Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан», «Батыс Қазақстан» деп бір Қазақстанды төртке бөлмей тарихи атауларын беріп, біртұтас Қазақстан етер кез жетті. Рухани жаңғыру дегеннің өзі осындай мәселелерден басталмай ма? Сіз не дейсіз?

Әли Әлмен

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396