Жұма, 22 Қараша 2024
Шұғыл! 10490 9 пікір 25 Маусым, 2018 сағат 21:13

Қытайдан қашып келген Сайрагүл "ауруханаға түсті"

ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты «Қорғас» шекара бекетінің қызметкерлері тұтқындаған қазақ әйелі Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты жаңа деректер шықты.

Бүгін Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу изоляторында (УТИ) қамауда отырған Сайрагүл Сауытбай Алматы облыстық ауруханасына жеткізілген болуы бек мүмкін. Осы ауандағы ақпар «ватсап» желісі арқылы редакциямызға жетті.

Біз Сайрагүл Сауытбайдың қорғаушысы, белгілі заңгер Абзал Құспан мырзадан аталған ақпараттың анық-қанығын білмек болып, хабарластық.  Қызмет бабымен Астана қаласында іс-сапарда жүрген Абзал Құспан мырзаның аузынан естіп білгенімізді жазайық, енді.

«Сайрагүл Сауытбай Талдықорғандағы уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр. Өткенде өздеріңізбен бірге тергеуге бардық. Ол кезде жағдайы жақсы болған. Қазір Сайрагүлді Алматы облыстық ауруханасына жеткізіпті. Мен өткенде Талдықорғаннан шығып, Алматы, Астана қалаларына жұмыс бабымен кеткен ем. Қазір Сайрагүлге дереу арада баруға мүмкіндігім болмай тұр. Ал ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу үшін, аурухана мен тергеу изоляторына хабарласып сұрауларыңызға әбден болады», - деді адвокат Абзал Құспан.

Айта кетейік, Абзал мырзаға аталған ақпаратты белгісіз біреулер жеткізген екен. Онда Сайрагүл Сауытбайдың Алматы облыстық ауруханасының нейрохирургия бөліміне жеткізілгендігі тайға таңба басқандай анық айтылған.

Біз Талдықорған қаласындағы Ескелді би көшесі 283-үй деген мекен-жайда орналасқан облыстық ауруханаға хабарластық. Қабылдау бөліміндегі медбике қыз өзін – Нұрсұлтанқызы Альмира Тұрақова деп таныстырды.

Соңғы 1 аптаның шегінде (19-25 маусым аралығында) ауруханаға жеткізілген адамдардың тізімін тексеріп шығып, Сайрагүл Сауытбай есімді адамның тіркелмегенін айтты.

Сонан соң №2-Талдықорған қалалық ауруханасына хабарластық. Аталған аурухана Гаухар ана көшесі 87 деген мекен-жайда орналасқан екен.

Содан Сайрагүлді жеткізуі мүмкін деген Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына хабарластық. Тоқтасын Ерасыл есімді азамат телефон тұтқасын көтерді. Өзі кезекші дәрігер (медбрат) екен. Сайрагүл Сауытбай есімді азаматшаның ауруханада жатқан адамдар тізімінде жоқтығын айтты.

Талдықорған қаласындағы бірнеше ауруханаға хабарласып, Сайрагүлді таппаған соң, Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу изоляторына хабарласып, Сайрагүлдің қайда екендігін сұрадық. Есім-сойы Мақсат Еңсебаев деген УТИ  қызметкері, қабылдау бөлімінде отырған қызметкер бізге Сайрагүлдің тергеу изоляторында жатқанын айтты.

«Сайрагүл Сауытбай бізде жатыр. Денсаулығы жақсы. Артынан іздеп келушілер көп емес. Сайрагүлге қатысты ақпараттарды біздегі арнайы бөлімнен (спецотдел) сұрап біле аласыздар», - деді бізге.

Еңсебаев нұсқаған номерге хабарластық. Алайда ешкім телефон тұтқасын көтермеді.

Естеріңізге сала кетейік, 22-мамыр күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек би ауылынан әскери куәлігі бар екі адам Сайрагүлді тұтқындап кеткен. Содан Сайрагүлді «Қорғасқа» апарыпты.

24-мамыр күні редакциямызға Сайрагүлдің қайын інісі Нұрболат Асан келіп, болған жайды баяндап берген. «Асан Нұрболат: Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті» атты мақала алғаш болып «Abai.kz» ақпараттық порталында жария болды. Бұл қазақ қоғамында қызу талқыланып, Сайрагүлдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сайрагүл Қазақстанда қалдырылды.

25-мамыр күні белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлдің ісіне қатысты пікір білдіріп, оны өз қорғауына алатынын мәлімдеді. «Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару – елдігімізге сын!» атты Абзал мырзаның мақаласы «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланды.

25-мамыр. Алматы қаласында орналасқан Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымының Қазақстандағы бюросының кеңсесінде баспасөз жиыны өтті. Оған Сайрагүлдің куйеуі Уәли Сылам мен балалары келіп қатысты. Болған жайды БАҚ өкілдеріне егжей-тегжейлі баяндап берді.

Аталған жиыннан кейін сайтымызда: «Сайрагүлдің қызы: Анам қылмыскер болса, Қазақстанның түрмесінде отырсыншы» атты мақала жария болды.

29-мамыр. 2018 жыл. Редакциямызға шекаралық полиция қызметкерлері тұтқындаған Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан мырза хабарласты. Аталған іс бойынша кейбір бассыздық әрекеттер жайлы ашық айта келіп, мәлімдеме жасады. «Бұл елде "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа - Бас прокуратура. Ол қайда қарап отыр?» атты мақала да сайтымызда жария болып, қызу талқыға түсті.

30-мамыр. Әбекең Алматыға келді. Сайрагүл мен оның тергеушісі Влад Антоновпен жолығып, іске кірісу үшін адвокат Абзал Құспан бастап, белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы, «Атажұрт жастары» еріктілер бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләшұлы, «Abai.kz» ақпараттық порталының редакторы, яғни осы жолдардың авторы Нұргелді Әбдіғаниұлы бар, Панфилов ауданына, «Қорғас» шекара бекетіне жол тарттық.

Бұл кезде Сайрагүл Сауытбай Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласындағы уақытша тергеу изоляторында қамауда жатқан. Осыдан соң Сайрагүлді Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу изоляторына ауыстырған. Бұл туралы материалмен танысамын деген оқырманға, міне сілтеме: https://abai.kz/post/71269

19-маусым. 2018 жыл. Сайрагүлдің жайын тағы қаузамақ болып бір топ белсенді, Сайрагүлдің жолдасы Уәли Сіләм, ұлы Ұлағат, қызы Үкілай, қайнысы Нұрболат, қоғам белсенділері Сәуле Әбділдаханқызы, Cерікжан Біләш, Қыдырәлі Оразұлы және журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы Талдықорғанға бардық. Осы жолы адвокат Абзал Құспан тергеуге қатысып шықты. УТИ-дағы Сайрагүлдің хал-жағдайы жайлы ақпаратты сол кезде жаздық. Ол туралы мына сілтемеден оқып таныса аласыздар. https://abai.kz/post/72215

Осы ретте айта кетейік, күні бүгінге дейін Сайрагүл Сауытбай ісіне қатысты «Abai.kz» ақпараттық порталында  оннан аса мақала жазылды. Осы мақалалар арқылы біз «бір адамның тағдыры - ұлттың тағдыры» екенін бұқараға дәлелдедік деп ойлаймыз.

Ал Сайрагүлдің қазіргі жағдайына қатысты ақпарат әлі де анықталу үстінде. Дегенмен құзырлы орган өкілдері тарапынан Сайрагүлдің денсаулығына қатысты кейбір мәліметтер жасырын ұсталуы мүмкін деген күдігіміз де жоқ емес.

Сайрагүлдің ерлікке пара-пар «қылмысы» - дүйім жұрттың талқысында. Бір ғана Сайрагүлдің жайы - бүкіл Қытайдағы қазақтың тағдырын көз алдымызға келтіреді. Сондықтан да, біздің құзіретті органдар Сайрагүл Сауытбайға кешіріммен қарап, бостандыққа шығаруға тиіс. Сайрагүл секілді азаматтардың бәріне азаматтықты жылдам жасап, өз қазағымызға қорған бола алсақ, ұрпақ алдындағы міндетіміздің орындалғаны...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322