Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Елім-ай 8285 10 пікір 25 Мамыр, 2018 сағат 17:25

Сайрангүлдің қызы: Анам қылмыскер болса, Қазақстанның түрмесінде отырсыншы

Бүгін Алматы қаласында орналасқан Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымының Қазақстандағы бюросының кеңсесінде шекаралық полиция қызметкерлері алып кеткен Сайрагүл Сауытбайды қолдаған бір топ белсенді баспасөз жиынын өткізді.

Жиынға Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сылам мен екі баласы, қоғам белсенділері, "Атажұрт жастары еріктілері" бірлестігінің жетекшілері Серікжан Біләш пен Қыдырәлі Оразұлы және БАҚ өкілдері қатысты.

Біз Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сыламды сөзге тартып, 22-мамыр күні болған оқиғаның жай-жапсарын сұрап білдік.

Уәли Сылам, ҚР Азаматы:

-Менің аты-жөнім Уәли Сылам болады. Келіншегімнің аты-жөні Сайрангүл Сауытбай. 1976 жылдың қыркүйек айында туған.

Міне, келіншегімді алып кеткеніне 4 күн болды.  Үйге келген кісілер алғашында жылы-жұмсақ сөйлеп: "Біз барлығына көмектесеміз. Құжаттарыңда жасап береміз. Сен бізбен бірге жүрсең болды"- деді. Бізге айтқан уәждері - Сайрангүл шекарадан қашып өткен екен.

Шын мәнінде Қытайда қысымға шыдамай, жанын шүберекке түйіп, бері қарай өтіп кеткен. Визасы жоқ.

Оның қалай өткенін мен сұрадым. Маған да айтпай қойды. "Балалардың амандығы үшін мен айтпаймын. Мен Қазақстанның азаматтығын алғанша ішімде болады. Өлтірсең де айтпаймын" деді. Мен қайта-қайта сұрадым.

Сол күні Сайрангүлді алып кетуге келген азаматтар қарапайым киімде болды. Біреуі қызметтік куәлігін көрсетті. Бауыржан Қуаныш деген жігіт екен. Әскери шені - майор. Бұлардың қайдан келгенін білмедім. Кейін бір білгенім - Алматыдан келіпті.

Келіншегім қазір Қорғаста отыр. Оның Қазақстанға келгеніне 1 айдан аса уақыт болды. Шынын айтсам, біз қатты қорықып отырмыз.

Қытайда бала-бақша директоры болып қызмет істеген. Өзінің маған айтып бергені бойынша, саяси лагерге адам апарған, оқытушы апарған. Лагердің жағдайын біраз білетін көрінеді. Өзі оқытушы болмаған.

Осы Қазақстанға қашардың алдында Сайрангүлдің өзін жаңағы лагерге қамамақ болған екен. Сөйтіп, жан сақтау үшін бері қашқан.

Сайрангүлді әскерилер Қорғасқа алып кетіп, інім сіздерге хабарласқан соң, біздің Бәйдібек би ауылындағы үйімізге қара джип мінген белгісіз бір адамдар келіп, қоқан-лоқы көрсетті. Ол кезде үйде мына екі балам ғана жүрген. Оқиға түстен кейінгі сағат 4-5 шамасында болған.

Сайрангүлдің қызы:

-Дәу қара джип мінген екі адам келді. Бізге қазақша сөйледі. "Мен сенің анаңа көмектесемін" деді. Менен анамның қайда екенін сұрады. Мен айтпай қойдым. Ол кезде анамды әскерилер алып кеткен еді. Үйде інім екеуіміз ғана болғанбыз.

Өздерін таныстырған жоқ. Бірақ, менің және інімнің атын біледі екен.

Мен Президентімізден сұраймын, менің анамды Қытайға жібермесінші. Анам қылмыскер емес. Ол біз үшін қашып келді. Анам егер қылмыскер болса, Қазақстанның түрмесінде болсыншы.

Қосымша: Бүгін белгілі адвокат Абзал Құспан Уәли Сылам мен "Қорғас" шекара бекетінде қамауда отырған Сайрангүл Сауытбекке құқықтық көмек көрсетуге әзір екендігін айтып, "Abai.kz" ақпараттық порталына өз пікірін білдірген еді. 

Бүгін Сайрангүлдің күйеуі Уәли Сылам нотариус арқылы адвокат Абзал Құспанның атына "Сенімхат" жасатқаны белгілі болды.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ғана «Abai.kz» ақпараттық порталының редакциясына Асан Нұрболат есімді азамат бас сұғып, жеңгесі Сайрагүл Сауытбайды шекаралық полиция (ҰҚК) өкілдері келіп, алып кеткенін хабарлады. Содан кейін порталымызда  «Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті»  атты мақала жарияланды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1968