Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 5863 0 пікір 19 Ақпан, 2011 сағат 11:13

Құдияр Біләл. Қазақ киносы және Еркін Рақышев

ЕРКІН ЖӘНЕ МЕН

Еркін Рақышев. Белгілі әрі белгісіз есім. Белгілісі барша жұртшылыққа жалғыз адамның да кино түсіре алатындығын әйгілеген жігіт. Белгісізі - ол туралы бұдан басқа дерек жоқ. Рас, өз кинолары төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-дамайларда кейде төбе көрсетіп қалады. Түсірген киноларын біреулер мақтайды, біреулер... Ол туралы әңгіме бөлек. Ал мен білетін Еркін...

Мен де көп нәрсе білмейді екенмін. Алғаш онымен киносы арқылы таныстым. Иә, сол кино - «Жаралы сезім». Мұндай киноның түсірілгендігін және оның Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында көрсетіліп жатқандығын естімеппін. Өзім қызмет атқаратын «Жалын» журналындағылар «Жаралы сезім» туралы әңгіме қозғап, көргендері көрмегендерін еліктіріп, ара-кідік оны түсірген - Еркін Рақышев туралы да жылы пікір білдіріліп, не керек әлгі киноны ұжым болып көруге шешім қабылдасқан болатын. Алайда маған ол киноны ұжым мүшелерімен бірге барып көрудің сәті түспеді.

Ертесіне «Жалын» журналы редакциясында, түскі шәй үстінде «Жаралы сезімді» талқылау басталды. Біреу ана жерін, екіншісі мына жерін айтты. Қыздар «жыладық» десіп жатты. Кинода «Жалын» журналы да көрсетіледі екен десті. «Жаралы сезімді» көргім келді.

ЕРКІН ЖӘНЕ МЕН

Еркін Рақышев. Белгілі әрі белгісіз есім. Белгілісі барша жұртшылыққа жалғыз адамның да кино түсіре алатындығын әйгілеген жігіт. Белгісізі - ол туралы бұдан басқа дерек жоқ. Рас, өз кинолары төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-дамайларда кейде төбе көрсетіп қалады. Түсірген киноларын біреулер мақтайды, біреулер... Ол туралы әңгіме бөлек. Ал мен білетін Еркін...

Мен де көп нәрсе білмейді екенмін. Алғаш онымен киносы арқылы таныстым. Иә, сол кино - «Жаралы сезім». Мұндай киноның түсірілгендігін және оның Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында көрсетіліп жатқандығын естімеппін. Өзім қызмет атқаратын «Жалын» журналындағылар «Жаралы сезім» туралы әңгіме қозғап, көргендері көрмегендерін еліктіріп, ара-кідік оны түсірген - Еркін Рақышев туралы да жылы пікір білдіріліп, не керек әлгі киноны ұжым болып көруге шешім қабылдасқан болатын. Алайда маған ол киноны ұжым мүшелерімен бірге барып көрудің сәті түспеді.

Ертесіне «Жалын» журналы редакциясында, түскі шәй үстінде «Жаралы сезімді» талқылау басталды. Біреу ана жерін, екіншісі мына жерін айтты. Қыздар «жыладық» десіп жатты. Кинода «Жалын» журналы да көрсетіледі екен десті. «Жаралы сезімді» көргім келді.

Көрдім. Киноны емес. Еркін Рақышевты. Жұмысқа келді. Әңгімелестік. Әңгіме барысында оның шыңында да ұлттық рухпен сусындаған жігіт екендігіне көз жеткіздім. Содан кейін-ақ ол бізге жиі-жиі келгіштей бастады. Ұлттық мәселелер төңірегінде жиі-жиі бас қосулар өтеді. Сондай жиындарда Еркін де төбе көрсетіп қалып жүрді. Біз ұйымдастырған кейбір хаттарға қол қойды. Бұл аралықта мен де «Жаралы сезімді» көріп үлгергенмін. Еркінді ұната бастағам. Таныстығымыз да арта түскен. Бірақ одан әрі... Рас, ол туралы газеттер жаза бастады. Сыналды. Айтыстар, пікірталастар ортасында жүрді. Бірақ мұқалған жоқ. Ылғи жымиып күледі де жүреді. Пәлендей оғаш мінез таныта қойғанын көргенім жоқ. Алайда ол сыналған сайын «Жаралы сезім» көпшілікті ынтықтыра, өзіне тарта түсті. Тіпті ол киноны көрмеген адам қалмады-ау деймін. Өзім де онымен тонның ішкі бауындай жақын болып кетпегенімен, байқаймын, екеуара таныстығымызды мақтан тұта бастағандаймын. Бұл кезде Еркіннің өзге кинолары да бой көрсете бастаған. Солардың бірі - мәңгілік өмір сүруге құрылған киносының кейбір қойылымдарын бізге көрсетуге алып келді. Бірлесіп көрдік. Маған ұнады. Ұнағаны, мен де тап сол кинодағыдай төтенше бір жағдайлармен, дұрысы - әлемдік қажеттілік тудыру арқылы айналамдағылардың бәрін қазақша сөйлетіп жіберсем ғой деп кейде балаша қиялдап қоятынмын. Байқасам, менің сол қиялымды Еркін кино өмірінде болса да жүзеге асырыпты. Дегенмен ол да мұндай жағдайлардың тәтті арман екендігін ұғынғандықтан барлық оқиғаны басты кейіпкердің түсі арқылы орындап шыққан. Алайда кино соңында оянып кеткен әлгі өнертапқыш бәрінің түс екенін білгенде ішінен қан жылайды. Ойбайлайды. Ыңырсиды. Бармағын шайнайды. Соны көріп отырған сен де сондай мазасыз күй кешесің. Жылағың келеді. Дәрменсіздігіңе. Қолыңнан түк келмейтіндігіңе. Бейшаралығыңа. Өзіңнің ғана емес. Бәрінің.

Әлгі кино үзіндісін көргенде өз басым осындай ой жетегіне берілдім. Еркін болса кинода болса да, тіпті кинодағы түсте болса да астамсыған әлем алпауыттарын қазақтың алдына бір келтіргеніне мәз болып, өзі әлі сол ойдан, дұрысы сол кинодағы түстен айыға алмай жүрген тәрізді. Екеуміз оңаша қалғанда «Ана жерін қатырған жоқпын ба» - деп балаша мәз болып та қояды.

Не керек ол кино ғана емес, Еркін Рақышевтың түсіріліміндегі «Жетімдер», «Менің де атым Қожа», «Астанаға көктем кеш келеді» сияқты кинолары бірінен кейін бірі жарық көріп жатты. «Қазахфильмнің» тынысы тарылды. Қаншама жылдық тарихы бар, заманауи озық технологиямен жабдықталған, қаншама режиссері, қаншама әртісі, соларды дайындайтын оқу орны бар мемлекеттік мекеме қыруар каржыға улап-шулап ешкім көрмейтін кино түсірсе, мынау қайдан шыққаны белгісіз Еркін Рақышев деген біреу кино дегеніңді қаздың балапанындай шүпірлетіп қырып барады. Сірә, мұны тоқтатпай болмас. Ал шабуыл. Науқан басталды. Еркін Рақышевты жоққа шығару науқаны. Кім не демеді дейсің. Айтпағандары жоқ. Алайда сыналған сайын оның тасы өрге домалай берді. Аты шықты. Даңқы алысқа кетті. «Қазақфильмнің» бас редакторы Дидар Амантайдың «қазір қазақфильмде екі проблема бар. Онын біріншісі - Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі, екіншісі - Еркін Рақышев» - дейтіні осы кез.

БЕТПЕ БЕТ КЕЗДЕСУ

Жұмыс кабинетіме Еркін Рақышев бас сұқты. Жылы амандастық. Телефон арқылы сұхбат алуға келіскен болатынбыз. Қолымда диктофон. Әлгінің тетігін басып, Еркінді әңгімеге шақырдым. Ол шамалы тосылып отырды да, «диктафонды қоспай қоя тұрыңыз» - деді «Әуелі әңгімелесіп алайық. Ойымызды жүйелейік. Қалғанын сосын көре жатамыз ғой» - деп, өзіне тән жарасымдылықпен жымиып қойды. Келістім. Әңгімелестік. Ұзақ әңгіме болды. Әртүрлі тақырыптардың басын шалдық. Еркінді тани түстім. Жоқ, олай емес. Таң қалдым Еркінім әңгімелескен сайын өсіп барады. Ойы - терең. Көргені де, көңілден өткергені де көп. Кино туралы ойы тым кесек. Әйтсе де оған деген көңілімді ішке бүктім. Әңгіме соңында оның барлық киноларын көріп, ол туралы өзгелердің пікірлерімен танысып шығуға келістік. Ол маған түсірген кинолары мен өзі туралы жазылған газеттерді жеткізіп бермек болды. Жеткізіп берді.

Әйеліміз екеуміз түнімен кино көрдік. Менің киномеханигім - әйелім. Онсыз мен мына шұбатылған сым тетіктерін қайда тығатынын былай қойғанда, дискіні қайдан кіргізіп, қайдан шығаратынын да білмеймін. Оның тіліне сериал көріп үйренген біздің әйел жетік. Әуелде әйелімді көзі ашық техника маманы ретінде пайдаланып отырдым. Кейіннен ол техника маманы болып қана қоймай, киноға біржола кіріп кетті. Бір кезде байқасам «Жетімдерді» көргенде жылап отыр. Бұрын жылау мәселесін тек мен қатыратынмын. Ол қандай кино көрсе де міз бақпайтын. Үнді киносының өзіне көзімді бір сығып алатын мен әйелім қосылған соң ешкімнен кысылмай «Жетімдерді» көріп отырып армансыз жыладым. «Жарайсың, Еркін!» - дедім ол түсірген киноларды түгелдей түгескен соң. Әр кино, әр кейіпкер, әр сәт туралы ойларымды қағазға түсірдім. Кемшіліктерін де тізбеледім. Бірақ ол туралы әңгіме қозғағым жоқ. Бар ойым - мақтау. Алайда өз көзқарасымды Еркінге білдіргенім жоқ.

АЛҒАШҚЫ ӘҢГІМЕ

- Ереке, әңгімені төтесінен бастайын. Уағдаласқанымыздай тек шындық қана салтанат құратын болсын. Киноларыңызды көрдім. Ол туралы әңгіме бөлек. Әуелі мына бір жәйттің басын ашып алайықшы. Кәсіп деген ұғым бар. Соған орай «кәсіп болмай, нәсіп болмайды» деп жатамыз. Ал кәсіп дегенің әрқилы. Оны үйрену, қалыптасу жолы да солай. Бір кәсіпке байланған, соған бар өмірін арнаған адамдар да ортамызда аз емес. Біз белгілі бір кәсіп төңірегінде әңгіме өрбіткенде сол кәсіпті білетін мамандарды әңгімеге тартамыз. Кино саласы да солай. Кино дегенде осы салада қызмет етіп, тер төгіп жүрген режиссерлер мен әртістер және де осы салаға қатысты мамандар тізіліп алдымыздан өтеді. Сол тізіліп өтіп жатқан адамдардың ішінде сіздің атыңыз жоқ. Сол өзіңізге беймәлім ортаға келіп килігудің, Еркін Рақышев деген текті киногерлер арасына тықпалаудың қандай қажеттілігі болды? Сізді кино әлеміне алып келген нәрсе не?

Еркін Рақышев: - Бұл сауалға бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болады. Ол - намыс. Иә, мені киноға алып келген намыс. Ал тарқатып айтар болсақ... Есіңізде ме, Ленин жарықтық кезінде «Из всех искусств самым важным является - кино» - деген еді ғой. Сол сөз-ақ. Мен ол сөзді Лениннің өзі ақылы жетіп айтты деп ойламаймын. Неге десеңіз, Ленинге теліп жүрген «Оқы, оқы және оқы» - деген қанатты сөз Құран Кәрімнің Пайғамбарымызға түскен алғашқы аяты екендігін кейін біліп жатырмыз ғой. Құраннан сөз ұрлауға тәуекелі жеткен адам, өзге орайлы сөзден бас тарта қоймас деп ойлаймын. Қалай десек те осыдан пәленбай жыл бұрын айтылған сол бір ауыз сөз әлі күнге өз мәнін жоғалта қойған жоқ. Қайта бүгінгі жаһандану үрдісі алға шыққан кезде ол сөз бұрынғыдан да әрі құндылана түскен тәрізді. Себебі, киноның айтар ойы, идеологиялық күш-қуаты өте жоғары. Байыбына барсақ, жаһандану әлемді кино арқылы өзіне баурауда. Ал бізде оның мәніне терең бойлап жатқан ешкім жоқ. Бізге өз құндылықтарымызды, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу жолында күрес жүргізуіміз керек. Бұл орайда киноның алатын орны ерекше. Өкінішке қарай біздің кино саласының кызметкерлері кино арқылы келіп жатқан өзге, жат батыс мәдениетіне тойтарыс берудің орнына солардың алдына түсіп алып, өзімізді жер қылуда.

Олар тіпті қазақты қорлауда өзгелерге үлгі көрсете бастады. Мына өзбек ағайындардың киносын көріп отырып, қарадай кызығасың. Мен өзім Шымкенттің қазағы болғандықтан өзбек киноларына назар салып жүремін. Олар күн санап ілгері басып барады. Біз болсақ... Қарадай жыным құрыссын. Біз олардан кембіз бе? Кеше ғана бір шекпеннен шыққан жоқпыз ба? Бәріміз де Мәскеуде оқыдық. Қалыптасқан мектеп бар. Солай бола тұра біз жібі түзу бір кино түсіре алмадық. Қаржы жетпей жатса бір сәрі. Бізде, Құдайға шүкір, өзбектерді он орап алатын ақша бар. Осындай ой мені күн өткен сайын мазалай бастады.

Қазақ киносына деген көңіл толмаушылық менің кино әлеміне бет бұруыма себеп болды. Оның үстіне менің ұстанған мынандай өмірлік қағидатым бар. Ол - кез келген адам егер талпынса жарты жылдың ішінде өзі қалаған мамандығын игеруге қол жеткізе алады. Сонымен қатар өзім ұдайы басшылыққа алатын мынандай қанатты сөз бар: «Человек, который старается - он может делать больше, чем человек, который умеет делать». Міне, осы мақал маған қуат берді. Өзгелердің қолынан не келетінін көріп отырмын. Оларға босқа кіжіне бергенше неге өзім жасамаймын деген ой келді. Жалпы оларда қазақты жақсы жағынан жарқ еткізіп көрсете қояйын деген ниет жоқ. Бәрі дерлік жалаң дақпыртқа бой алдырған. Ұлтқа, халыққа кызмет етейін деген пейілді көпшілігінен аңғармадым.

Сондай ой жетегінде жүрген кезім. Мына бір жәйт маған одан бетер қозғау салып кетті. Бірде үйге келсем әйелім кино көріп отыр екен. Жылаған. Көзі қып-қызыл. Көріп отырғаны өзбек киносы. Аты - «Фатима мен Зухра». Өзі өзбек тілінде. Біз болсақ мақұл. Шымкенттік болған соң бірлі жарым өзбекше түсінеміз. Ал менің әйелім болса өмірі өзбек көрмеген сонау Шығыс Қазақстанның қызы. Соның жанын баурап алған өзбек киносы менің намысымды қамшылағаны сонша, тап сол жерде әйелім Бақытгүлге: «Мен бұдан да артық кино түсіремін» - деп сөз бердім. «Садағыңды атсаң айға ат, сонда құрығанда бақыт құсын ілесің» - дегендей, мен алдыма «одан да жақсы кино түсіремін» - деген мақсат қойдым. Алға озып айтар болсам, сол «Фатима мен Зухраның» режиссеры - Якубов мен «Жаралы сезімді» түсіріп жатқанда өзінің «Сатьяна» деген киносын әкеліп көрсетті. Кетерінде «Менің екі кином сенің бір киноңа жетпейді екен» - деді. Бұл - менің әйелім алдындағы, өзімнің алдымдағы уәдемнің орындалғаны еді.

Шынымды айтайын. Менде «жақсы кино түсіремін» дегеннен басқа киноның қалай түсірілетіндігі туралы түсінік болған емес. Бар сүйенішім -жоғарыда айтқан екі нақыл сөз. Соны басшылыққа алып, жаңа мамандықты игеруге кірісіп кеттім. Содан кино туралы жазылған кітаптарды бірінен кейін бірін алып оқи бастадым. Оқыған сайын кино әлеміне қалай болса солай келе салуға болмайтындығын сезіне түстім. Өнердің аты - өнер. Бұл суға өзіңді тастап, малти жүріп жүзуді үйренетін кәсіп емес. Бар іс нәтижесі халықтың көз алдында сайрап тұрады. Бұлтарып кете алмайсың Өзім бір жерде байыз тауып отыра алмайтын мазасыз адаммын. Өзіме деген сенімім қалыптасқанға дейін жанымды да жеп біттім-ау деймін. Соның нәтижесінде теориялық білімімді біршама жетілдіріп те үлгердім. Негізінен екі айда қалыптастым. Бірақ практикалық жағынан тәлім алу жағы ақсаңқырап тұрды.

Құдай сәтін салғанда тап сол кезде теледидардан кәрістің «Ва-Банк» деген телехикаясы көрсетіле бастады. Іздегенге - сұраған. Менің практикам сол «Ва-Банк» болды. «Ва-Банк» арқылы киноның қалай түсірілетінін үйрендім. Әр сәтті, әр оқиғаны бақыладым. Қай сюжетке қанша уақыт кеткендігіне дейін есептедім. Оқиғаның қалай шиеленісетіндігіне мән бердім. Әртістердің жылағанына дейін үйренуге тырыстым. Киноға кіріп кеткенім сонша, әйелім «сен ана қызға ғашық шығарсың» дейтін болды. Не керек киноны түгелдей көріп шықтым. Ара-арасында басқа телесериалдарды да көрдім. Бірақ маған ерекше әсер еткен «Ва-Банк» болды. Сәтті көріністерін дискіге жазып та алдым. «Жаралы сезімдегі» кейбір жәйттер сол кинодан үйренгендерім. Мәселен «Жаралы сезімде» қыз бен жігіт бір көше бойында жүріп, бір дүкенге соққанымен бір-бірімен кездесе алмайды. Көрермендер «әне жолығады, міне жолығады» деп тағатсыздана күтіп, «артыңа бұрылсайшы» - деп сырттай тілеулес болғанымен олар бәрі бір кездесе алмайды. Міне, тап осы жерді мен «Ва-Банктан» алғанмын. Кино да сондай-сондайымен қызық.

Осылайша кино түсіру дайындығынан өттім. Ол кезде мен екі жұмысты қабат атқарып жүрген болатынмын. Бірінші жұмысым - Алматы Сауда палатасы Президентінің көмекшісі, екіншісі - Оразәлі Сәбденов ағамыз басқаратын Қазақстан мен АҚШ болжау институтында. Мұнда да көмекшімін. Сауда палатасының президенті Ізбасар бауырымыз Кытайға 10 күнге іссапарға кеткенде басқа жұмыстарды жиып қойып, бірыңғай кино түсіру шаруашылығымен айналыстым. Сценарий жазатындарды, өзге де кино мамандарын кабинетіме жинап, ақылдасып, бір жағы өз командамды жинап, ойға алған жұмысымды жүзеге асыруға кірісіп те кеткем. 10 күн бойы жұмыс жасадым. Бірақ біреулер менің үстімнен Ізбасарға шағым түсіріпті. «Анау жұмысты жиып қойып, кино түсіремін деп, лағып жүр» -деген ғой.

Мен өз ойымды Ізбасардан жасырған жоқпын. Бәрін жайып салдым. «Бұл - бизнес. Қаржылы адамсың. Бірлесіп жұмыс жасайық» деп едім, ол: «Мүйізі қарағайдай режиссерлар дұрыс кино түсіре алмай жатқанда сен қайтіп кино түсірмексің» - деп, бірлесе жұмыс жасаудан бас тартты. Сол Ізбасар «Жаралы сезімнің» премьерасынан жылап шықты. Бір сұхбатымда «Мен кино түсіремін дегеніме күлгендер менің киномды көріп жылап шықты» - дедім. Ал Оразәлі ағам болса мені бірден қолдады. Ол кісіге «Киностудия ашудағы мақсатым - жастарды ұлттық сезімде, патриоттық рухта тәрбиелеу, елдің жігерін көтеретін, имандылыққа тәрбиелейтін кинолар түсіру» - деп айтқанмын. Орекең бірден келісімін берді. Сол кезден бастап алға қойған осы бағыттан, өз ұстанымыздан айнымауға тырысып келеміз. Киностудияның атын да өз мақсатымызға орай «Жасұлан» деп қойдым. Мамандарды жұмысқа тарта бастадым. Енді бұл тұрғыда атқарылар жұмыстар шаш етектен. Бар салмақ өзіме түседі.

Сонымен бастадым. Голливудтық кино мамандары аузымен айтылатын мынандай бір қанатты сөз бар. Ол: «Кино түсіру үшін ең бірінші - сценарий жақсы болу керек. Екіншіден де - сценарий жақсы болу керек. Үшіншіден де - солай. Төртіншіден де - сценарий жақсы болу керек». Міне мен осыны басшылыққа алдым. Мен бұл жерде мына нәрсені түсіндім. Сценарий жазу үшін батыстың, не Голливудтың озық технологиясының қажеті жоқ. Бұл жерде мен олармен теңмін. Ақша да рөл ойнамайды. Қолыңнан не келетіндігін көрсетуге мүмкіндігің бар. «Ал, Ереке, кіріс» деймін ғой өзімді өзім қамшылап. «Шыңғыс хан» да, «Ва-Банк» та тап осылайша өмірге келген. Түсіру... Ол басқа әңгіме. Ең бастысы - сценарий. Кинода ауыл да, қала да заманауи тұрғыда көрсетілуі керек деген ойға келдім. «Жаралы сезім» осы тұрғыда түсірілген жалғыз кино-ау деймін. Екіншіден, «Ва-Банктен» үйренген тәжірибем бойынша, махаббат керек деп шештім. Тәрбиелік мәнді болса да жадымнан шығарғаным жоқ. Бұл орайда жас қыздардың жүкті болып қалу мәселесін алға шығару керек деген ойға келдім. Аборт дегенің қазір күйіп тұрған мәселе. Мәселен 2009 жылы 4000 нәресте дүниеге келсе, соған жетеқабыл 3000-дай аборт жасалған екен. Жас жеткіншек қыздарымыздың тап осылайша кәмелет жасына жетпей жүкті болып қалу мәселесі бұрын-соңды болмаған. Мұндай әдепсіздік қазақта, жалпы мұсылманда жоқ қой. Осыны негізге ала отырып киноның жалпы сұлбасын жасадым. Жастарға тартымды болу үшін бір-екі жерге төбелесті, биді кіргіздім. Көрікті қыздар мен келісті жігіттерді де тарту керек деп шештім. Шамалы криминал да керек. Қала, көше, жас баланың тағдыры да назардан тыс қалған жоқ. Жалпы жұрттың сүйікті ақыны Мұхтар Шахановтың да өлеңін кіргізіп жібердім. Менің алдыма қойған тағы да бір мақсатым - кино барысында көрерменді міндетті түрде бір-екі рет жылату. Осылардың бәрін қамти отырып сценарийді де бітірдім-ау әйтеуір.

Бәрі дұрыс. Бірақ мен жылайды-ау деген жерге көрерменнің көңілі босай қоймайтын тәрізді. Мәселен алғашқы сценарийде мынандай бір көрініс болатын. Қанат деген бас кейіпкерім түрмеден шыққан мезетте жолдастары оны офиске алып келеді. Сол кезде Сократ хатшы қызға фирманың құжаттарын алып кел дейді. Ал хатшы қыз Арай болатын. Ол сол жерде жұмыс істеп жүрген. Күтпеген-ақ кездесу. Байқаймын, бірақ көрермен ол кездесуге жыламайды. Содан қалай жылатамын, ол үшін не істеу керек деп мүлде мазам кетті. Әртүрлі жағдайды ой тізбегінен өткіземін. Ойымның бәрі кинода. Бірде жұмыс барысымен шетелдіктермен кездесу өткізіп жатқанбыз. Менің басымның қатқанына екі апта болған. Кездесу үстінде «О, оларда бала болу керек» деген ой сап ете қалды. Сол бала әкесінің артынан «папа, папа» деп жылап жүгіреді. Керемет! Оқиға көз алдымнан зырылдап өтіп жатыр. Іштей «папа» деймін де жылаймын. Израилден келген төрт-бес қонақпен кездесу өтіп жатыр. Мен ебіл-дебілім шығып жылап отырмын. Бәрі «саған не болды» деп аңтарылып қалған. «Ештеңе емес» деп сол жылаған қалпымда сыртқа шығып кеттім. Бір қызығы мен жылаған жерге көрермендер де жылайды. Барлық киноларымда да солай.

Сценарий дайын. Ендігі кезек - актерлерде. Актер таңдауда олардың сыртқы келбеттеріне, көркіне қатты назар аудардым.

«Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,

Япырмау, неге келдім сол арадан» - демекші, қазақтар қандай дегенде, мынандай дейтіндей болу керек дегенді ешқашан есімнен шығармаймын. Әр кейіпкерімді көкейіме түйіп алғанмын. Анау анандай, мынау мынандай болу керек деп шешіп те қойғанмын. Олардың түр-түсі де көкірегімде сайрап тұр.

Содан бір күні «Көк базардың» маңында тамақтанып отыр едім, қасымнан бір қыз өте шықты. Реңі таныс. Мына қызды қай жерден көрдім деп ойланғанымша, ол көпшілік арасына сіңіп көрінбей кетті.Сол кезде есіме сап ете қалды. «Мынау мен іздеп жүрген қыз ғой» дедім де тамағымды тастай сала соңынан тұра жүгірдім. Мен іздеген қыз ұдайы мұңайып жүруі керек болатын. Мынау мен жазған сценарийдегі қыздың тап өзі. «Көңіл күйі болмай үнемі мұңайып жүретін қыз». Әрі жүгірдім. Бері жүгірдім. Қыз жоқ. «Түркістан» сауда үйінің ішіне кірдім. Арада 15 - 20 минуттай уақыт өтіп кетті. Ақыры таптым. Көрген бойда «Киноға түскің келе ме?» - дедім. «Қалжыңдап тұрған жоқсыз ба?» - деді. «Қайдағы қалжың?! Ертең мамаңды ертіп кел» - деп кездесетін жердің мекен жайын бердім. Телефон алмастық. Есімі - Камила екен. Ертесіне анасы екеуі келді. Оларға кино туралы түсінік бердім. Анасы «жақсы екен» - деді. Мен сөйтіп Камиланы басты рөлге кандидат етіп қабылдадым. «Түсіру жұмысын бастайық. Сосын әрі қарай көрерміз» дедім оларға. Өзім іштей «Басты рөльде осы қыз ойнайды» деп шешіп қойғанмын.

Алдыма қойған келесі міндетім режиссер табу болды. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында қызмет атқаратын Тасболат Маманов деген досыма хабарласып, осылай да осылай, кино түсіргелі жатырмын. Соған режиссер бол деп шақырдым. Менің ұйымдастырушылық жұмыстардан қолым босамайды. Оның үстіне режиссер болып атағымды шығарайын деп жүрген мен жоқ. Менің бар мақсатым - жұрттың бәрі сүйсіне көретін қазақ киносын шығару. Осы ойларымның бәрін Тасболат бауырыма жайып салдым. Ол өзінің режиссер емес екендігін, оның үстіне сабақтан да қолының тимейтіндігін айтып, режиссерлікке биыл оқу орынын бітіргелі отырған Тимур деген баласын ұсынды.

Тасболаттың өзі - драмматург. Актерліктен сабақ беретін. Алда әлі бір ай уақытымыз бар. Соған дейін менің актерлеріме дәріс беретін болып келісті. Негізінен онымен Камила үшін келісімге бардым. Қанша дегенмен маманның пікірі бөлек. Оның үстіне мен таңдаған қызда да кино туралы түсінік жоқ қой. Басқа да көмекшілер алғаныммен бәріне жүгіретін өзім. «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» деген рас қой.

Содан не керек бір күні әлгі Тимурым да келді. Газет оқып отырғанмын. Газеттің бірінші бетінде Жармахан Тұяқбайдың суреті басылған екен. Тимурым «Мынау кім?» - деді төбеден түскендей қылып. «Бұл белгілі оппозиционер пәленше ғой» деп жатырмын. Тимур танымайды екен. «Оппозиционер...» - деп тіксініп қалғандай болды. «Сенген қойым сен болсаңның» тура кері келді. Әрине, гәп Жармаханда тұрған жоқ. Бірақ, оны танымау, ол бүгінгі қоғамның жай-күйін танымау деген сөз. Бұл - менің болашақ режиссерімнің өресінің өлшемі еді. Одан ә дегеннен-ақ көңілім қалды.

Тюрфо деген әлемге танылған атақты режиссердің мынадай бір сөзі бар. Одан «Режиссер үшін ең басты нәрсе не?» деп сұраған ғой. Сонда ол режиссерге ең бастысы тамыр-таныстық, не болмаса туыстық қарым-қатынас керек деп айтпаған. Ол бірінші ақылдың керектігін айтқан, сосын «шамалы интуиция керек» деген. Себебі, көрерменге не керек, олардың нені көргісі келеді, режиссер соны шеше білуі тиіс. Үшінші, «қиялың мықты болсын» деген. Менде осы қасиеттердің бәрі бар деп ойладым. «Зачем мне высшее образование, лучше среднее мышление» деген нақыл сөз бар. Тура маған қарата айтылған. Режиссер Тасболат бола ма, Тимур бола ма, әлде өзім бе, маған бәрібір еді. Кім болса да жұмысты өзім жасаймын.

Бұл - 1996 жыл болатын. Мен барлық нәрсені алдын-ала жоспарлап қоюға дағдыланғанмын. «Жаралы сезімді» түсіруді де өзімше үш кезеңге бөлгенмін. «Сол бойынша бірінші түсірілім 16-тамызда болады» деп айтып та жүретінмін. Бірақ менің сөзіме жете мән берген ешкім болмады. Оларға салса әлі киноны түсірудің он да бір нұсқасы жоқ. Бәрі жайрап жатыр. 16-тамыз болса келді. Мен әй-шәй жоқ «Ал, бастаймыз» дедім. Бастадық. Рас, кешкі бестер шамасында зорға дегенде алғашқы қойылымды түсірдік. Үйдің ішінде кішкентай қыз билейтін көрініс бар. Соны түсірдік.

Үй - өзімдікі. Барымен базар. Басқа қайда барамын енді. Ол үйдің өзін кепілге қойып, қаржыны әупіріммен зорға тапқанмын. Бәрі алдын-ала жоспарлап қойғанымдай болды. Түсірілім 32 күнге созылады деп есептеген болатынмын. Мына күні бастап, мына күні аяқтаймын деп күніне дейін белгіліп қойғанмын. Түсіруді үш кезеңге бөлгенмін. Бірінші түсірілім 10 күнге созылады. Сосын екіншісі. Мен сол кезде «Әуелі мен сендерден үйренемін, кейін сендерді үйретемін» дегенмін. Дәл солай болды.

Келесі түсірілімді бастаған болатынбыз. Басты рөлде ойнайтын Қанатты түрмеден шығару үшін Арайдың папасының түрме бастығына келетін кез. Режиссер болады деп жүрген Тимурым кино түсіруге келмепті. Әрі-бері іздеймін, ешқайда жоқ. Қанаттан сұрасам, ол «Тимур мұндай киноны мен түсірмеймін. Маған мүлде ұнамайды» деп кетіп қалды деді. Мен үйреншікті әдетім бойынша «отлично» дедім. Мен өз табиғатымда бірнәрсеге ренжу, болмай қалды-ау деп мою деген атымен жоқ. Мен шешімін таппайтын мәселе болады деп ойламаймын. «Отлично» дейтінім сондықтан. Мәселен, біреу ойлар режиссердің кетіп қалғанының несі «отлично» деп. Байқайсыз ба, егер басқа біреу режиссер болғанда кино түсіру машақаты менде қалар еді де, абыройды басқа біреу иеленіп кетер еді. Сондықтан, Тимурдың кетуі Құдайдың маған қарайласуы деп ойлаймын. Сондай-ақ мен жоқ нәрседен проблема жасап бастаған ісімді жарым жолда қалдырып кететіндер санатына жатпаймын. Менің «отличном» - өзіме берілетін қуат. «Крестный отец» деген кино бар. Үлкен табысқа жетті. Соның жалғасын түсіру керек болғанда басты рөлде ойнаған актер өзін алмастыратын ешкімнің болмағандығына бек сенімді болғандықтан алатын қаламақысын тым көтеріп жіберген. Сол кезде оның режиссері да мен құсап «отлично» деген де, киноны басқа сипатта түсіріп, оқиғаны кейіпкердің жастық шағына қарай бұрып жіберіп, басты рөлде өзге адамды ойната салған.

Шындығында өзге режиссер іздеуге менің уақытым да болмады. Кино дегенің - сан-салалы өте үлкен ұйымдастырушылық жұмысты қажет ететін күрделі әлем. Оператормен жұмыс, сценариймен жұмыс, киім бар, гримдері бар, тамағы, ақшасы әйтеуір құйрығың жер иіскемейді. Және соның бәріне өзің жүруің керек. Басқалар дайын түсіру алаңына келе салады. Жай келмейді. Бір-бір проблема ала келеді. Мен «отлично» деймін. Бұл тұрғыда менің «с лимона сделать лимонад» деген нақыл сөзім бар. Бірте-бірте бір-бірімізбен түсінісе бастадық. Бара-бара түйінді мәселелерді айтуда саябырсыды.

Әр кейіпкерге кейіндеу жеке-жеке тоқталамыз ғой. Сонда да болса бір-екеуін айта кетейін. Мәселен, Қанат мен үшін қиын актер болды. Көбіне өз дегенінен қайтпай қырсығып қалады. Мен былай десем, ол басқаша қыңыраяды. Рас, әуелгіде менің де бірнәрсені жарытып жатқаным шамалы болды. Көп нәрсенің оябы табыла бермейді. «Үндеме! Мен не айтам сол болады» деймін ғой мен. Қанат қырсыға бастайды. Оған көне қоятын мен бе. Ойлағаным болғанша оның да қанын ішемін. Байқаймын, оның мені атарға оғы жоқ. Әлгі түрмеде Тайсонмен төбелесетін көрініс бар ғой. Соны түсіріп жатқанбыз. Төбелес еш көңіліме қонбады. Нанымсыз. Қанатты ширату керек болды. Оған айттым: «Алдыңда тұрған Тайсон емес, мен. Ал, не істейсің маған?» дедім. Сол-ақ екен Тайсонның быт-шытын шығарды. Зорға ажыратып алдық.

Келесі кейіпкерім - Айтоша. Жұрттың бәрі оны Айтоша деп кетті ғой. Аты-жөні Меруерт Қасымбек. Әке-шешесі ауылдың іргесіндегі «Ынтымақ» деген ауылда тұрады. Бұрын таныс-білістігіміз болған емес. Маған билей алатын 5-6 жасар қыз керек болды. Киноға тұздық үшін би қосу керектігін «Ва-Банктен» көргенмін. Сонда да ылғи жастардың билеп жатқандығын ара-кідік көрсетіп қояды. Ал, ол жастарға қатты әсер етеді екен. Сонымен кішкентай биші қыз іздеп жүргенімді әр жерге хабардар етіп қойғанмын. Бір күні бір қыз келді. «Киноға түсуге биші қыз іздеп жатыр» деген соң кіре салған тәрізді. Қызым үнсіз томпиып мұңайып отыр. Сірә, әке-шешесі жолшыбай өзара әңгімеде «Киноға кім көрінгенді түсіре салушы ма еді. Мұндайда бәрі тамыр-таныстық арқылы шешіледі ғой» деп томпақ қыздың меселін қайтарып тастаған тәрізді. Қызды әңгімеге тарттым, бұртиып үндемейді. Биге қатысқанымен өзбекше билей алмайды екен. Сонда да болса қызды жібергім келмеді. «Күлші» - дедім. «Әртістер күле білуі керек. Кейде жылап та жібереді. Егер шынайы күле алсаң кинода ойнатамын» дедім. Күлді. Бөлменің іші жарқ ете қалғандай болды. Өзі сүйкімді екен. Кинода сүйкімділік басты рөл ойнайды. Ал, күлкісі...

Күлкінің де түрі көп ғой. 1972 жылдары-ау деймін. Ольга Корникова деген олимпиада чемпионы болған. Чемпион болған соң барлық газет-журналдар суретін басады ғой. Әлгі қыз барлық суретке де томсырайып түскен. Соны көрген Бас секретарь Л. Брежнев «Мына қыз неге қуанбайды? Неге күлмейді? Мұндай мінез Совет Одағы жастарына тән емес» деп ашу шақырады. Сол-ақ екен тиісті мамандар іске кірісіп, Ольгаға қалай күлу керектігін үйретеді. Кейін 1976 жылы ол тағы да олимпиада чемпионы болады. Сол кездегі оның күлкісі... «Улыбка Корникова» деген тіркес сол кезден бастап қолданысқа шығады. Айтошаның күлкісі де маған тура сол Ольганың күлкісіндей әсер етті. «Таптым» дедім іштен. Бірақ әке-шешесіне «Бір аптадан кейін хабарласамын» дедім. Бизнесте «Егер кешке дейін келісімшартқа отыруға барлығы дайын болса да, сен қолыңды таңертең қой» деген қағидат бар. Мен де соны ұстандым. Бір аптадан кейін келді. Биді де үйренді. Жылауды да қатыратын болды. Біреуді жұбатып отырып жылау - бұл шеберліктің шыңы. «Жетімдерде» де Айтоша сол биікке көтеріле алды.

«Жаралы сезімнен» кейін «Жұлдыздар отбасы» журналы Айтоша туралы мақала жариялап, оның өнеріне құрмет білдірді. Сондай-ақ олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтан кинодағы сүйікті кейіпкері туралы сұрағанда - «Меруерт Қасымбек» деп жауап берген. Соны естігенде менің жанарыма қуаныш жасы үйірілді. Бұл - Айтошаның көрермендер тарапынан мойындала бастауы еді. Жарайды кейіпкерлер туралы әңгімеге тағы да оралармыз.

Сонымен «Жаралы сезімді» түсіріп біттік. Кино төрт-бес ай жүрді. Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында көрсетілді. Қанша уақыт көрсетілсе сонша уақыт адам үзілген жоқ. Ол кезде мені ешкім танымайды. Күнде театрдың бір бұрышына барып отырамын. Кинома билет іздеп сабылған адамдарды көргенде көзіме жас тығылады. Сірә, сол кезде менен бақытты адам болмаған шығар. Қанша уақыт өн бойымда арпалысқан үміт пен күдіктің жақсылыққа ұласқан кезі еді бұл. Еткен еңбек, төгілген тердің ақталуы еді бұл. Өзіме, әйеліме берген серттің орындалуы еді бұл. «Қазақ кино түсіре алмайды» деген сөздің теріске шығуы еді бұл. «Киноға ешкім бармайды» деген «Қазақфильм» режиссерлері мен өзге киногерлер қалыптастырған түсініктің тас-талқан болып күйреуі еді бұл. Несін айтасың, бақыттан басым айналды. Менің киномды келіп көрмеген кино маманы қалмады. Көрді. Зал толып отыр. Күнде солай. Өтіріктері шығып, өздерінің мүмкіндік деңгейі мәлім болып қалған соң, олар мені аясын ба. Баспасөзде «Жаралы сезімді» талқандауға көшті. Олардың да ойбайлайтын жөні бар. Өйткені олардың қыруар қаржы жұмсап түсірген киноларына ешкім бармайды да, менің олардың жүргізушілеріне де төлеуге жетпейтін небәрі 30 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы кеткен киномнан адам үзілмейді. Судың да сұрауы бар. Ал қыруар қаржы сұранысы тым қатал. Сондықтан олар менің киномды түкке алғысыз етуге жандарын салды. Оған ештеңенің байыбын білмесе де журналистер жабылды. Бәрі жабылып, мені өшіріп тастауға тырысты.

Осы өтірік біреуге жаны аши қалатындарды көрсем жыным құрысып қалады. Несіне өтірік көлгірсиді екен. Мәселен мен «Менің де атым Қожа» фильмін түсірдім. Сол-ақ екен бұрынғы Қожаға жаны ашығыштар қаптап кетті. «Мен сол әртісті жақсы көремін» дейтіндер шықты. Шынымды айтсам, солай деген адамдарды иттің етінен де жек көремін. Себебі - өтірік. Беті бүлк етпей өтірік айтады. Егер шынымен-ақ жақсы көрсе 20 жылдан бері экраннан көрінбей кеткен «сүйікті әртісін» іздер еді. Оның ұзақ жылдар бойы жатақханаға байланған тағдырына алаңдар еді. Ең болмаса газеттерге хабарласып, «Осындай әртіс туралы бір мағлұмат берсеңіздер екен» деп сұрауына болады. Оның бірі жоқ. «Жақсы көремін» дейді. Құдайшылығын айтсақ, Қожа - Нұрланды көрермендер алдына қайтадан алып келген мен. Оған өзгелер одан кейін барып назар аудара бастады. Қазір аракідік теледидардан көрініп қалып жүрсе, соның бәрі оның есімін менің жұрт қаперіне қайта салуыма байланысты екендігін жоққа шығаруға болмайды. Ал кино тарихында тап солай ұмыт болған есімдер аз емес. Бәлкім оларды да біреулер менің жынымды құрыстырып, «жақсы көремін» дейтін шығар. <!--pagebreak-->

Жә, әңгімеме қайта ойысайын. Сонымен «Жаралы сезімге» қарсы шабуыл басталды да кетті. Бірде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында менімен кездесу болды. Студенттер маған «Бізді сізге қарсы айдап салып жатыр, келіңіз» деп маған алдын ала хабар берген. Бардым. Кездесу шынында да маған қарсы ұйымдастырылған екен. Әйтсе де менің киномнан ешкім бәлендей кінәрат таба қойған жоқ. Айтатындары «Киноға қатысы жоқ адамның бұл салада несі бар...» дегенге саяды. Роза деген бір мұғалім апай «Киноның соңындағы көріністе басты кейіпкерің неге қызыл плащ киген?» деп тиісті. Біреулер менің топас екенімді әйгілеуге тырысып бақты. Бір-екі студент мені шырылдап қорғады. Оларға өзгелер қосыла бастады. Не керек, аудитория екіге жарылып айтысып кетті. Мен де шама-шарқымша қорғанып бақтым. Қорғанғанда «Мен ешкімге салмақ салмай, өз қаржыммен кино түсірдім. Ол киноны жұртшылық қызыға көреді. Сонда маған қандай кінә артасыңдар. Сендердің қолдарыңды кім байлап отыр. Менікінен де жақсы кино түсіре бермейсіңдер ме» дедім. Жалпы менің киноға келуімді жақтырмаушылар мені бұрынғыдан да бетер жігерлендіре түсті. «Каждый отказ приближает меня к цели» деген нақыл сөз бар ғой. Сол айтпақшы, мен неғұрлым сыналған сайын соғұрлым шыңдала түстім. «Алматы ақшамы» газетіне сұхбат беріп, «3-4 жылда 5-6 кино түсіремін. Сосын әлемдік деңгейде кино түсіруге ауысамын» дедім. Олар «Мына Рақышев жынданған. Өзі әлі дені дұрыс бір кино түсірген жоқ. Сөйте тұра әлемдік деңгейде кино түсіремін дейді» деуі мүмкін. Кәсіпке баулитын оқулықтарда бұл тұрғыда «Сені артқа тартқан сайын сен алға жылжи бер» - дейді. Мен де солай жасадым.

Кино түсіру барысында әр маман мынандай үш бағытты назарда ұстауы керек. Ол - идеология, өнер, коммерция. Бүгін жаһандану заманында ұстанатын ең басты темірқазық - идеология болу керек. Кино халықтың рухын көтеруге қызмет етуі тиіс. Гәп шыққан шығында не болмаса оның қайтарымында емес. Басты мәселе ол кино халыққа не берді деген тұрғыда сараланған жөн. Мәселен, «Қыз Жібек» киносын шыққан шығын арқылы таразылауға бола ма?! Ол біздің ақшамен өлшенбейтін рухымызды көтерді. Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге үйретті. Ол бізді қазақ етті. Міне, киноның құдіреті. Идеологияны ауызға алғанда үкімет осы жайттарды ескеруі қажет. Бірінші тақырып таңдасын. Сосын оның мақсаты айқындалсын. Мәселен қоғамда қордаланып қалған, мемлекеттік маңызы бар 10 сала бойынша кино түсіру мақсат етілсе, сол әр бағыт бойынша байқау жариялануы тиіс. Оны «Қазақфильм» өз мойнына алсын. Орыстарда «Одну большую проблему делите на несколько маленьких, тогда это проблема само собой решится» деген нақыл сөз бар. Сонда, мәселен, үкімет бекіткен, соған орай «Қазақфильм» байқау жариялаған жауынгерлер туралы фильмге 100 сценарий түсуі мүмкін. Міне, солардың ішінде 3 сценарий қабат алға шығып тұр делік. Үшеуіне де ақша төленсін. Таңдауды көркемдік кеңес шешсін. Бірақ осы жерде бәрі бытысып кетеді. Ақша жүрген жер белгілі ғой...

Клюкфор деген әлемдік деңгейде мойындалған мықты режиссер болған. Сол кісі режиссерлық кәсіп туралы былай деген екен: «Режиссер болу үшін ақыл, интуиция, қиял керек». Мен оған өз тарапымнан ұйымдастырушылық қабілет болу керек дегенді қосар едім.

Ал біздің режиссерлер өздерін Құдай сезінеді. Өзгелер оның Құдай екендігіне сенеді. Актер біткен соған тәуелді. «Отыр» десе отырады, «тұр» десе тұрады. Режиссердің бәрі - кеудесін керіп, ісініп қалған біреулер. Шетелге барады да лауреат болып жатады. «Бұл қалай өзі?» деп мен соны зерттеп көрдім. Мәселен «Подарок Сталину» дейтін кино бір жерге барып лауреат атанып, сонда ойнап бірінші орын алған актер 3 мың доллар сыйақы алыпты. Соны да сөз деп, құдай-ау біздің «Шәкен жұлдыздарының» өзіне 10 мың доллар береді ғой. Қазақты қорлаған «Келін» де, «Қызғалдақ» та лауреат. Түкірдім ондай лауреаттыққа. «Тюльпанды» түсірген Галцковой дейтін режиссер «Біз Франциядағы Кан фестиваліне қатысып, «Ерекше көзқарас деген номинацияны жеңіп алдық» дейді. Аты да, заты да жоқ әйтеуір қатысқандары үшін беріле салған бірдеңе ғой. Шетелдіктер ондай кинолар арқылы масайрай бастаған өз жастарын тәубеге шақырады. «Мына кинодағы қазақ дейтін елге қараңдаршы. Мынау компьютер мен космос заманында бір-бірінің битін сығып, қанын жалап отыр» деп күледі. Ал әлгідей кино түсіргіштер қазақ жабайылығын насихаттағаны үшін ешкім атын естімеген қайдағы бір жүлдесымақтарға қол жеткізгендіктеріне масайрап, төбемізде ойнайды.

ӨТКЕН КҮН БЕЛЕСТЕРІ

- Ереке, сонымен «жалғыз өзі мыңмен алысып» кино түсіріп жүрген Еркін Рақышевті біршама білдік. Бірақ сол Рақышев аяғы салбырап көктен түсе салған жоқ қой. Сіздің оппоненттеріңіз айтып жүргендей «Ол өзі қайдан шыққан бәле? Қайда оқыған? Ұстаздары кім? Бұған дейін қандай кәсіппен айналысқан?» Әлде, сіз өзіңіз айтқандай кез-келген мамандықты жарты жылда үйреніп жүре бересіз бе? Келесі әңгімені осы төңіректе өрбітсек. Оның үстіне сіздің Ардақ Әмірқұлов деген әріптесіңіз бір сұхбатында өзіңіз туралы былай депті: «Киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бұрын аспаз болған шымкенттік біреу қарапайым камераны алған да кино түсіре салған». Бұған не дейсіз? Шынымен-ақ, егер қолыңызда заманауи озық технология болғанда сіз түсірген кино бұдан да жақсы шығар ма еді?

Еркін Рақышев: - Әңгімемді соңғы сауалмен ұштастыра сабақтайын. Рас, егер менің қолымда озық технология болғанда киноның сапасы бұдан гөрі жоғары деңгейде болар еді. Бары сол. Жалаң құр технологияның өзі киноны керемет етіп жібереді деген ой далбаса. Киноны техника емес адам жасайды. Техника адамға қызмет етеді. Кино - соны түсіруші адам мүмкіндігінің өлшемі. Әр адам өз бойынан жоғары секіре алмайтыны сияқты, қарым деңгейі қандай болса, киносы да сондай болып шағады.

Ардақ ағамыз «Қош бол, Гүлсары» деген кино түсірген. Өз басым көрген жоқпын. Сіз де көрмеген тәріздісіз. Өзгелердің де сол киноны ауызға алып жатқандарын естігенім жоқ. Демек, көрмеген. Бәлкім, ол кісі киносын жоғары технологиямен түсірген шығар. Бірақ ешкім көрмеген. Яғни киносы нашар. Маған десе Америкаға апарып түсірсін, одан ол кино жақсы болып кетпейді.

Жә, ол туралы кейіндеу тағы да тоқталармыз. Енді сіздің сауалыңызға орай өзіме ойысайын. Сонымен мен өзімнің болашақта қандай мамандық иесі болатынымды мектеп қабырғасында жүрген кезімде де, оны бітірген соң да көпке дейін біле алғаным жоқ. Солай әрі-сәрі болып жүргенімде маған Дейль Карнегидің «Как приобретать друзей и оказывать влияние на людей?» деген кітабы қатты әсер етті. Содан кейін-ақ өмірімді осы кітап тәліміне орай құруға дағдыландым. Мен бұл кітапты 1983 жылы Алматының шеткі жағындағы, қазіргі «Ақсай» мөлтек ауданы маңында орналасқан жайма базардан он сомға сатып алғанмын. 10 сом ол кезде көп ақша. «Кітапты» машинкаға басылған, түптелмеген қалпында сатып алдым. Мен ол кезде екі жыл әскер қатарында болып, одан 2 жыл Мәскеуді адақтап келгенмін. Ол туралы сәл кейіндеу ретіне қарай айта жатармын.

Сонымен әлгі кітапты оқып шықтым. Оқып шықтым да сол кітап тәлімі бойынша кітабымды мен де 100 дана етіп машинкаға бастырдым да он сомнан сатып жібердім. Сөйтіп мен бұл кітаптан алған білімімнің пайдасын көре бастадым. Ол кітап - қалай өмір сүруді, қиындықтан қалай шығуды, қалай ақша жасауды үйретеді. Басқа да тәлімдік жағы жетіп жатыр. Мен көркем шығармадан гөрі танымдық дүниелерді оқуға құштар болдым. Маған ерекше әсер еткен тағы екі кітап болды. Олар: «Как стать предпримчивым и богатым?» деген және «Величайшие торговцы мира» дейтін кітап. Осы кітаптар менің азамат ретінде қалыптасуыма қатты әсер етті. Осы кітаптардан үйренгендерімді мен нақыл сөз ретінде айтып жүремін. Бұл кітаптар - менің кезінде отырғызған жеміс ағаштарым. Алманы жеу үшін алдымен оның көшетін отырғызасың. Сосын 4-5 жыл баптап күтесің. Ол содан кейін барып жемісін бере бастайды. Қазір мен еккен ағаштарымның жемісін теріп жүрген адаммын. Оны түсінбейтіндер, шынында да түсінбейді, «бұл қайдан шыққан» деп даурығып жүр. Көп адам бұл кітаптарды оқымаған. Тіпті ондай кітаптардың бар екендігінен де хабары жоқ. Менің білуімше, ол кітаптар әлі күнге шейін қазақша басылмаған.

Бәріміз өз ұлтымыздың патриоттарымыз ғой. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейіп, өрісінің ұлғаюына бәріміз мүдделіміз. Бірақ, сонымен қатар орыс тілінің де қажеттілігін жоққа шығаруға болмайды. Мен әлгі кітаптарды орыс тілі арқылы оқып, таныстым. Өзіндік түсінік деңгейімнің қалыптасуына орыс тілінің де әсері болғандығын мен жоққа шығармаймын. Сондықтан, мен бұл тұрғыда жалаң ұраншыларды қолдай бермеймін.

Өзім Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас стансасында туып өстім. Сол жердегі қазақ мектебін бітірдік. Әкем мектепте оқу ісінің меңгерушісі болды. Мұғалімнің баласы болған соң жақсы оқуға тура келді. Ол кезде түсінік солай болатын. 1978 жылы мектепті бітірген соң, басқа балалар сияқты өзім түк сезбейтін математикасы жоқ оқудың бірі ҚазГУ-дің филология факультетіне еш мақсатсыз құжат тапсырдым. Конкурстан құлап елге оралдым. Бір жыл әр нәрсенің басын шалып келесі жылы әскерге шақырылдым. Сонау БАМ-нан (Байкал-Амур магистральінен) бір-ақ шықтым. Ол кез БАМ-ның шарықтап тұрған кезі. Есіңізде ме, сондай ән де бар еді ғой. Әскерде менің жолым болды. Өйтіп-бүйтіп жүріп нарядчикке қол жеткіздім. Қолымда жауынгерлерге айлық жазатын билік бар. Шымкентшілеп жүріп ол жерден де ақша таптым. Әскерде жүргенде алғаш каратэ туралы естідім. Ол кезде каратэні ешкім білмейді. Сұрастырып көрсем каратэ үйрететін жер тек Мәскеуде ғана бар екен. Аңсарым сол күннен бастап Мәскеуге баруға ауды да тұрды. Әскерден келген соң үйдегілерге «Мәскеуге кетемін» дедім. Олар «Оқуға түсірейік» деді. Көнбедім. Ақыры Мәскеуге аттандым. «Пусть покинет меня все, только не мужество» деген қанатты сөз бар. Батырлық туа бітеді және оған адам өзін-өзі тәрбиелеп жете алады деген ой мені Мәскеуге жетеледі.

Бұл 1981 жыл болатын. Мен барған кезде каратэ секциялары қыспаққа түсіп, жаппай жабыла бастаған екен. Бірден каратэ федерациясына бардым. Менің талабымды байқаған соң олар мені ЦСК-ға жіберді. ЦСК-дағылар федерацияның өзі жіберіп отырған соң бірден қабылдады. Өз есебім бойынша ол жерде каратэні 5 жыл үйренемін деп ойлағанмын. Бірақ каратэні екі жыл үйренумен шектелдім. Себебі, оқыс құлап аяғымды сындырып алдым. Өзім бір жағы жанбағыс үшін жиһаз жасайтын училищеге түскенмін. Училище рахат. Оқығаным үшін 100 сом ақша төлейді, әрі жатақханасы бар. Жалпы Мәскеуде жағдайым жаман болған жоқ. Сауда-саттықты да сонда жүріп үйрендім.

Соның әсері болар елге келген соң «Советские торговли» деген техникумға 1000 сом пара беріп жүріп оқуға түстім. Ол кезде пара бермесең қай оқудың да маңынан жүре алмайсың. Түскен факультетім - «Технология по приготовлений пищи». Ардақ Әмірқұлов ағам айтпақшы менің «аспазшы» атануымның сыры осында жатыр. Бірақ екі жарым жылдық сол оқуды мен бар-жоғы бір-ақ жыл оқыдым. Шынымды айтсам, оқу мүлде тартпады. Әйтеуір, «саудада ақша бар» деп барып қалғанмын ғой. Сөйтсем ылғи «Картопты қалай қуырады, қанша май керек...» деген сияқты бірдеңелер. Сабаққа баруды сиреттім. Практикаға бармай, директормен келісіп кетіп қалдым. Содан қазан айында оқуға барсам, қыздар «Сізді оқудан шығарып жіберді» дейді. Бұрын да талай шығарған. Соның бірі шығар деп директорға бармақ болдым. Сөйтсем директорды да орнынан алыпты. «Ендеше оқуларыңды жинап алыңдар» дедім де сол қалпы техникумға ат ізін салмай кеттім. Құжаттарым да әлі күнге дейін сол жерде жатыр.

Күн көру үшін Мәскеуде үйренген сауда-саттығыма қайта көштім. Ептеп каратэ үйретемін. Одан да азын-аулақ қаржы түседі. Ол кезде каратэ білетіндер санаулы. Қазір ғой екінің бірі каратист. Қайтадан басқа оқуға түсуге құлқым бола қойған жоқ. Оның үстіне жоғарыда айтқан кітаптармен танысып та алғанмын. Бағыт-бағдарым айқындала түскен. Бір күні жамағайын ағам «Новосибирскіге барып алма сатып қайтайық» деп ұсыныс жасады. «Ештеңе жасамайсың. Қасыма серік болсаң болды» деген соң шу деп сол жаққа аттанып кеттік. Саудамыз сәтті болды. Қайтарда пойызға отырдық. Ағам жолшыбай біреулермен карта ойнады. Мен картадан құқ етпеймін. Мұғалімнің баласы болған соң ондай адамды бұзатын «ойындардан бойымызды аулақтау» салып өскенбіз. Ағам жарты сағаттың о жақ, бұ жағында барлық ақшасынан қағылды. Пойыздан көк тиынсыз түстік. Сол жерде мен өз-өзіме «Атақты картожник болып, бар ақшаны қайтарып аламын» деп уәде бердім.

Содан карта үйрететін адамды іздей бастадым. Ақыры Серік деген атақты картожникке жолықтым. Әлгінің кез келген картаны сыртынан тани беретін өнері бар екен. Шынымен солай екендігіне көз жеткізу үшін Серікпен бәстесе кеттім. Бәсіміздің соңында мен көшеден жаңа карта сатып әкелетін болдым да Серік соны менің көз алдымда теріс жағынан қайсысының қандай карта екендігін айтатын болды. Мен жеңілсем оған 4 джинси әперетін болдым. Джинсидің бағасы ол кезде күйіп тұр. Оны да тапқандар киеді. Не керек, картаны алып келдім. Серік сөзге келместен әр картаны теріс жағынан атын атап тастай бастады. Бір де бір рет қателескен жоқ. Бәстен ұтылғаныма емес, іздеген адамды тапқаныма қатты қуандым. Серікке «Білгеніңнің бәрін маған үйрет» деп жата кеп жабыстым. Ол әуелгіде 1000 сомға үйрететін болып келісті де кейін тегін үйрететін болды. Қанша дегенмен карта жүрген жерде жанжал қатар жүреді. Ал менің ел ортасында каратист атым бар, сірә соны да ескеріп, «Мұның да бір пайдасы тиер» деп ойласа керек. Үйрете бастады. Үйрендім. Үйренгенім сонша егер әр картаны оң жағынан қарап отырып қайсысының қандай карта екендігін 15 секундта айтып шықсам, соны картаның сыртына қарап отырып одан да тез айтатын болдым. Басқа да құйтырқыларды меңгердім. Өзімнің Мәскеуде жүрген кезімнен фокус жасаумен әуестігім бар еді, ол «өнерді» де картамен ұштастырдым. Не керек нағыз бесаспаптың өзі болып шыға келдім.

Карта біледі-ау дегендердің бәрімен кездестім. Ешқашан ұтылған емеспін. Қалай ұтыласың. Кімнің қолында не отырғанын біліп отырасың. Ойнап отырған картаны басқа картаға ауыстырып жіберу деген сияқты құйтырқылар тағы бар. Екі адаммен бірлесіп ойнаудың қызығы өз алдына. Ол кезде қолданатын белгілерді ешкім аңғармай қалады. Он саусақтың бәрі сөйлеп отырады ғой. Менің жолымның оңғарыла бастағаны сонша алыс-жақын маңайда менімен теңесетін ешкім қалмады. Сосын ақшалы жер ғой деп Кавказға жол тарттым. Кабардин-Балкарда, Грозныйда болдым. Кіндігі қазақ жерінде кесілген шешендер мені алақанына салып алып жүрді. Оның үстіне олар фокус-мокус, каратэ дегенге бір иығын беріп тұратын халық. Ал менің бұл орайда «өнерім» жеткілікті. Ол кезде арақты да тартынбай ішемін. Қорқыныш деген атымен жоқ. Әйтеуір шешендерге ұнап бақтым. Олар мені айтулы бір картожникпен кездесуге дайындады. Байқауымша ол ойында 100 мың сом дегенің әншейін-ақ ақша болып қалатын сияқты. Ақшадан тартынайын деп отырған шешендер жоқ. «Бәрін табамыз. Ұтсаң болды» дейді. Өздері менің ұтатыныма бек сенімді.

Мен ойға кеттім. «Соншама ақшаны сапырып жүрген тегін адам емес қой» деген ой маған да келді-ау әйтеуір. Болмаса әлгімен кездесуге кәдімгідей-ақ бел байлап қойғанмын. Мен өзім тез шешім қабылдауға дағдыланған адаммын. Жаңағы ой қалай келді, бірден ешкіммен қоштаспастан пойызға міндім де елге тайып тұрдым.

Ауылға келгеннен кейін де картадан қол үзгенім жоқ. Тура екі жыл ойнадым. 1985 жылы картамен қоштастым. «Мұның түбі жақсылыққа апармайды. Адал кәсіпке көшейін» дедім де картаны тастадым. Содан қайтып қолыма алған емеспін. Қаржыдан қанша қиналсам да, егер қолыма карта ұстасам бес-ақ минутта ақшаның басын құрап алатынымды білсем де картаға қайтадан жолағаным жоқ. Мен өзі бір мекемеге байланып жұмыс жасап көрген емеспін. Әлі күнге дейін еңбек кітапшам да жоқ.

Мен бәрін ақша шешетінін ертерек түсініп қойған адаммын. Оқуды жалғастырғым келмегені де сондықтан шығар. Әйтеуір біраз уақыт сауда-саттықтың соңында жүрдім. Cирияға да жолым түсті. Оның үстіне біз әспеттеген құндылықтар жоғалып, нарықтың заманы басталып кетті ғой. Мен де «жұрт қатарлы кафе ашып алайын» деп, теміржол вокзалын жағаладым. Ол кезде Алматыға қарасты теміржол қожайынын НОТ деп атайтын. Соның бастығы Әгментаев дегенге адам салып, вокзалдан кафе ашатын орын сұрай бастадым. Қанша адам салсам да, Әгментаев көнер емес. Мен өзі ерегіс десе жанып кететін адаммын. «Болды. Енді вокзалдан бір емес, екі кафе ашамын» деп шештім. Әгментаевқа салған адамдарымның саны алтауға жетті. Ол да міз бағып көнер емес. Сонымен ойлана келе сонау жоғарыда отырған бір дөкейдің ауылда аспаз болып жүрген қарындасын тауып алдым. Айлығын сұрасам, мардымсыз екен. «Егер сен ағаңа жолығып, вокзалдан кафе ашуға рұқсат алып берсең, мен саған қазіргі алып жүрген ақшаңнан 10 есе артық төлеймін», - дедім. Ол келісті. Ағасына жолықты. Содан кейін-ақ Әгментаевтың кабинетін теуіп аштық қой. Айтқандай екі кафені бірден аштық. Жұмыс та жүре бастады. Түсетін қаржы да көбейді. Осы кезде қарны тоя бастаған әлгі дөкейдің қарындасы екі кафені менен тартып алмақ болды. Сірә, оны сол маңайдағы адамдар маған айдап салса керек. Мен өзі ерегістің адамымын деп жоғарыда айттым ғой. Дереу іске кірістім. Бір танысымды «Караван» газетінің тілшісі етіп тағайындадым. Ол кезде «Караванның» қаны жерге тамбай тұрған кез. Әлгі бүлік шығарушыларға бардым да, «бәріңді құртамын» дедім бәлеқор әйелге. Солардың көз алдында өзім дайындап қойған «Караванның» тілшісіне телефон шалып, «Сіздерге сенцациялық материал беремін. Пәленшенің қарындасы ағасының көмегімен менің кафемді тартып алып жатыр. Тез келіңіздер», дедім. Бәрі тым-тырақай жан-жаққа қашты. Бірақ ол кафенің де одан кейін мәнісі қаша бастады. Ақыры жабылып тынды.

Ақша қалай келсе, солай кетті. Күніне 100 доллар тауып жүрген басым тиын санап қалдым. Тіпті машина да сатып ала алмадым. Тағы да әр нәрсенің басын бір шалып жүрдім. «Караван» газетін де саттым. Газет сатып жүріп «Мен өзім неге газет шығармаймын?» деген ой сап ете қалды. Содан ойлана келе, «с деньгами дураки проживут...» деген нақыл сөзді басшылыққа алдым да, бір тиынсыз-ақ газет шығаруға кірісіп кеттім. «Аспазшылық» мамандығымның пайдасы осы кезде бір тиді-ау. Байқасам, мамандандырылған тамақ жайлы бірде бір газет жоқ екен.

«Продукты питания» деген газет ашпақшы болдым. Ақыры аштым. Құжаттарын да реттедім. Бір бөлмені жалға алып, жұмысты бастап кеттім. Бастағанда қалтамда көк тиын ақша жоқ. Жалға алған бөлме ақысын да кейін беремін деп келіскенмін. Ол кезде кеңшілік еді ғой. Сонымен ойлана келе, базарға бардым да 100 теңгеге 100 қағаз сатып алдым. Соған «Продукты питания» газетіне жарнама беріңіздер» деген ыңғайда хабарландырулар жазып, жарнама агенттіктеріне тараттым. Ол кезде жарнама тапқан әр агентке жалпы табыстың 10-15 пайызы берілетін. Мен «70 пайыз беремін» дедім. Сол-ақ екен жарнамашылар қаптай бастады. Екі айдан кейін офистің жалға алған ақысын төледім. 2 компьютер, бір-екі қызметкер алдым. Кәдімгідей редактор болып шыға келдім. Газетті екі аптада бір рет шығарып, тегін таратып отырдым. Үш айдан кейін 10 мың долларға сатып жібердім. Газет шығарудың қыр-сырын меңгерген соң ағылшын тілінде «Инвестор» деген журнал шығардым. АҚШ елшілігімен байланысып, журналымды Америкада тараттым. Менің осы журналистік жолым мені киноға алып келді. Сценарий жазуға үйретті. Мені қалыптастырды.

ДӘСТҮР ЖӘНЕ ДІН

- Ереке, енді дінге ойысайық. Дінді тілге тиек етуіме сіздің «Қажылық» атты деректі фильміңіз себеп болды. Сіз, менің білуімше, дінге бейтарап көзқарастағы адамсыз. Діндарлар бас қосқан жерлерден де сізді кездестірген емеспін. Соған қарамастан арнайы Меккеге барып қажылық туралы фильм түсіріп қайтасыз. Әуелі соның себебін білсек. Соған үндес келесі сауал, сіз егер дін тақырыбында кино түсіре қалсаңыз оны қандай бағытта жарыққа алып шыққан болар едіңіз?

Еркін Рақышев: - Біздің киностудияның өзі, ең біріншіден тәрбиелік мәнді ту етіп ұстану мақсатында құрылған. Тәрбиенің ауқымы кең ғой. Оған тіл де, діл де, дін де, дәстүр де кіреді. Елге, жерге, Отанға деген патриоттық көзқарас өз алдына. Ұлттық мәдениет деген тағы бар. Байыбына барсақ соның бәрі діннен бастау алады. Бүгінгі жаһанданудың адами қасиеттерден шығаратын жаттанған тұрпайы күштеріне қарсы қоятын жалғыз қаруымыз - имандылық, яғни дін. Мән берсеңіз түрік лицейінде оқитын оқушы мен қалыптасқан кеңестік жүйе мектебінде оқитын оқушылардың айырмашылығы көзге бірден ұрып тұрады. Лицейде оқитындардың бетінен иманы төгіліп тұрады. Үлкенге, мұғалімдеріне деген құрметтері де ерекше. Соның бәрі діннің арқасы ғой. Оларда өзге сабақтармен қатар діни әдеп те қабат жүреді. Міне, осы жәйтті ескере келе имандылық тәрбиесін кинома сыналап енгізіп жіберу жағын ойластыра бастадым. Қазір идеология жоқ. Жұрттың бәрі бет-бетімен кеткен кез ғой. Мұндай жағдай Америкада да болған. Олар жастарды кино арқылы тәрбиелеуге басымдық берген. Бұл тұрғыда әр киностудияларға тапсырмалар берген. Олар кинолары барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттаған. Жастар бойына патриоттық рухты еге алған. Нәтижесінде бүгінгі деңгейге көтерілді. Тақырыпты игеру мақсатында діни кітаптармен таныса бастағанмын. Мен Қағбадағы қара тасты көкте қалықтап тұр деп ойлайтынмын. Сөйтсем ол қағбаға бекітіліп қойылған екен. Таң қалдым. Сол кезде «мен сияқты жаңсақ ойлап жүргендер аз емес қой» деген ой сап ете қалды. Содан кейін-ақ қажылық туралы кино түсіруді қолға ала бастадым. Оның үстіне қажылық туралы нақтылы мағлұмат та тапшы ғой. Бәрінен бұрын мың рет естігеннен бір рет көргенге не жетсін. Ал оны көрсететін ешкім жоқ. Рас, қажылық туралы жалпылама бірдеңкелер бар. Оның өзі де жарнамалық сипатта. Не керек, қажылық туралы кино түсіремін деп шештім ғой. «Дайындалыңдар» деп көмекшілеріме тапсырма бердім. Қажылыққа апаратын фирмалармен таныстым. Діни сауатымды жетілдірдім. Намазға жығылдым. Қашанғыдай қаржы мәселесі алдымыздан шықты. Алақан жайғандай болып жүріп оны да жинадық. Бір мың, екі мың долларға дейін көмек көрсеткен жігіттер болды. Негізгі ақша тура кететін күні қолымызға тиді. Ел аузында жүрген кей бизнесмендердің шәй пұлдық қана тиын-тебен бергендері де болды. Азсынған жоқпыз. Алдық. Қаржылық фирма да қол ұшын берді. Бәріне де Алла риза болсын.

Сонымен Сауд Арабиясы жеріне табан тіредік. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық. Бізде дамыл жоқ. Жұмысқа кірістік. Алайда біз көздеп барған қасиетті жерлердің бәрінің есігі жабық. Түсіруге рұқсат жоқ. Содан жағалап жүріп тиісті мекемеге де жеттім-ау. Мекеме басшысы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұрпағы екен. Өзінен сұхбат алып, киноға кіргізіп жібердім. Оған мән-жәйді түсіндірдім. Түсіндіргенде, тілмәш арқылы сөйлесіп жатырмыз ғой. Былай дедім: «Бізде қазір діннің қиюы кетіп тұр. Өзге дін миссионерлері жастарымызды өз діндеріне тартуда. Қазір өзге діндерге өтіп кеткендерді кері қайтару мұң болып тұр. Мен соған қарсы өз дініміздің құндылықтарын көрсетейін десем сендер қарсы болып отырсыңдар. Бәлкім сендер бұған біздің жағдайымызды түсінбегендіктен барып отырған шығарсыңдар» дедім. Олар менің жан шырылымды түсінді. Түсінген соң рұқсатын берді. Бәрін түсіндім. Анда барамыз, мұнда барамыз. Қалтаның түбі көріне бастады. Пайғамбарымыз жаулардан қашып тығылған Сәуір тауындағы үңгірді түсіріп жүрміз. Өзімше қиялға ерік бердім. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл үңгірге мына жақтан көтерілді дегеннің өзінде, жүрген жерлерін тап басып мөлшерлей алмайсың. Ал ол кісінің мына үңгірдің ішінде жатқаны ақиқат. Тура мына жер-ау деп бір жерді мөлшерлеп алдым да сол жерге шалқамнан түсіп жаттым. «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағаты тиіп қалар» деп те ойлап қоямын. Сол-ақ екен бір жігіт «Сіз «Жаралы сезімді» түсірдіңіз ғой. Біз ол киноны отбасымызбен көрдік. Мынау сізге деген алғысымның белгісі болсын» деп қолыма ақша қыстырды. «Қанша?» дедім тап соны күтіп жатқандай. «300 доллар» дейді. Таныстық. Есімі Анарбай екен. Өзіміздің Жетісайдың жігіті. Киноға түсіріп алдым.

Мен Құдайға сенемін. «Құдайға сенбеймін» дейтіндердің бар екеніне сенбеймін. Өтірік айтады. Жаны қысылған кезде бәрі де «О, Құдай, көмектесе гөр» деп ойбайлап кетеді. Мен Меккеге дінге мойынсұнғандықтан бардым. Менің өмірімде маған Меккеге барғаннан да қатты әсер еткен мынандай бір оқиға болды.

Ол кезде қызым бесінші сыныпта оқитын. Таңертеңгісін жұмысқа шығып бара жатқанда қызым: «Папа, бүгін менің туған күнім. Үйге торт алмай келме», - деді еркелеп. Бірінші сыныпта оқитын ұлымды мектебіне жеткізіп салайын деп қасыма ерткен бойы үнсіз үйден шықтым. Далада қылаулап қар жауып тұр екен. Торт алатын қалтамда көк тиынның да жоқтығы өзіме белгілі. Күнделікті жүріп жүрген үйреншікті жолымнан бұрылып, Ш.Қалдаяқов көшесіне түстім. Баламның мектебі жөндеуге уақытша жабылып, сол көшенің бойындағы балабақшада оқитын болыпты. Шарасыз, мүшкіл халімді айтып, мына қоғамдағы әділетсіздіктерді тізбелеп өз-өзіме мұң шағып келемін. Балам айтқандарымның бірін түсінсе бірін түсінбейді. «Өңшең арамтамақтар! Қазақстанның бар байлығын өзара бөліп алған» - деймін қайдағы біреулерге кіжініп. - «Олар болса 100 мың долларға туған күнін тойлайды. Үш жүз мың долларға сыйлық алады. Миллиондаған долларды әншілерге шашады. Менің жүрісім мынау, 300 теңгенің тортын ала алмай», - деймін ғой. - Сендерге де бір зауал келер. Қашанғы тайраңдаймын дейсіңдер. Түбі әділеттік жеңеді», - деймін тағы да өзімді өзім қайрап. Бірақ ұнжырғам түсіп кеткен. Балам қиналып келе жатқанымды сезетін сияқты. Басы салбырап үндемейді. - «Балам-ай, тортты қалай алсақ екен енді...» деп жол айрығына келген баламмен қоштасамын дегенде екеуміздің де көзіміз жартылай қар бүркей бастаған ақшаға түсті. Көтеріп алдым. 3000 мың теңге екен. Ол кезде мың теңгенің өзі қол күйдіреді. Менің қолымда сол мың теңгеліктің үшеуі қатар тұр. Мұны қалайша Құдайдың құдіреті демессің. Егер басқа көшеге бұрылсам, не болмаса шамалы кешіксем ол ақша маған бұйырмас еді. Біреу алады, не бетін қар жабады. Менің әңгімемді естіп жаны ашыған біреу көмек қолын созды дейтін маңайда ешкім жоқ. Өз басым мұның Алланың көмегі екендігіне имандай сендім. Содан кейін-ақ өзімді Алла назарындағы адаммын-ау деген ойға келдім. Шынында да Құдай менің жолымды ұдайы оңғарып отырады.

Жалпы дін туралы кинода негізгі фактор ретінде исламның рухани қуатын алға шығаруды мақсат ету ойымда бар. Бұл тұрғыда Бекболат Тілеухан бауырымыздың ұсынысымен біршама жұмыстарды қолға да алдым. Ол жұмыс нәтижесін алдағы күндері көріп қаларсыздар. Алла Тағала сіз бен біздерді сол күндерде жүздесуге нәсіп етсін.

«Жалын» журналы

0 пікір