Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2719 0 пікір 20 Ақпан, 2011 сағат 22:24

Сәдібек Түгел: «Кресломания» ауруынан арылмай, коррупциядан құтыла алмаймыз»

Сәке, Сізді кім деп есептейміз? Сұрағымызды төтесінен қоюға Сіздің  жылы орынтағыңызды болашағы бұлыңғыр, еңбек ақысы төленбейтін қоғамдық негіздегі Ұлттық Ат Спорты Федерациясына ауыстырғаныңыз болып тұр?! Бұл күнде мұндай қадамға ешкім бармайды. Өйткені, қазіргі таңда әр қазақтың көксегені: мансап, мансап, мансап, ақша, ақша, ақша...

- Сұрағыңа мен де төтесінен жауап берейін. Алдымен сенің Ұлттық Ат Спорты Федерациясының болашағы жоқ деген тұжырымыңа үзілді-кесілді қарсымын, келіспеймін және бұл позицияңды көңіліңе келсін, келмесін айыптаймын. Өйткені ұлттық ат ойындары, жалпы ұлттық спорт түрлері - Ұлы дала мәдениетінің темір қазығы. Ал, мәдениет дегеніміз - ұлттың өзі, болмысы және рухы! Ешқашанда ұлттың рухы жоғалмауы тиіс.

Бір жаратушы бар, Аллатағала маған, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды маңдайыма  жазған. Оның үстіне бұл ата-баба, әке  аманаты. Ұлтқа қызмет жасауда бұлдану, бәлсіну, ултиматум қою мүлде дұрыс емес деп есептеймін.

Сәке, Сізді кім деп есептейміз? Сұрағымызды төтесінен қоюға Сіздің  жылы орынтағыңызды болашағы бұлыңғыр, еңбек ақысы төленбейтін қоғамдық негіздегі Ұлттық Ат Спорты Федерациясына ауыстырғаныңыз болып тұр?! Бұл күнде мұндай қадамға ешкім бармайды. Өйткені, қазіргі таңда әр қазақтың көксегені: мансап, мансап, мансап, ақша, ақша, ақша...

- Сұрағыңа мен де төтесінен жауап берейін. Алдымен сенің Ұлттық Ат Спорты Федерациясының болашағы жоқ деген тұжырымыңа үзілді-кесілді қарсымын, келіспеймін және бұл позицияңды көңіліңе келсін, келмесін айыптаймын. Өйткені ұлттық ат ойындары, жалпы ұлттық спорт түрлері - Ұлы дала мәдениетінің темір қазығы. Ал, мәдениет дегеніміз - ұлттың өзі, болмысы және рухы! Ешқашанда ұлттың рухы жоғалмауы тиіс.

Бір жаратушы бар, Аллатағала маған, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды маңдайыма  жазған. Оның үстіне бұл ата-баба, әке  аманаты. Ұлтқа қызмет жасауда бұлдану, бәлсіну, ултиматум қою мүлде дұрыс емес деп есептеймін.

Ия, мен өз еркіммен екі мәрте үлкен қызметтен көлігі, жүргізушісі, хатшысы бар, еңбек ақысы қомақты лауазымды жұмысты тастап, көк тиыны жоқ Федерацияға ауыстым. Бұл менің өз шешімім, өз қалауым, Оған ешқандай өкініш жоқ. Мақсатым, қайткен күнде де, екі мың жылдың тарихы бар, сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасасып келе жатқан Аламан, Тоқ бәйгелерді, Құнан, Жорға жарыстарды, Көкпар, Сайыс, Аударыспақ, Теңге алу, Қыз қуу, «Жекпе-жек», «Тоғызқұмалақ», «Қазақша күрес», «Түйе жарыс» тағы басқа ұлтық өнерлерімізді өркендету, халықаралық деңгейге шығару және ұлттық өнерді дамыту арқылы жастарымызды, өзіміздің қарадомалақтарды отансүйгіштікке, батырлыққа, ержүректікке баулу, тәрбиелеу болып табылады.

Мансап қуушылар туралы сұрағың дұрыс. Бұл жәйіт қазақтың асқынған ауруына айналды. Аурудың аты «Кресломания». Қызметті параға беріп сатып алу, блатпен алу, алдап алу, кісі өлтіріп алу өршіп тұр ғой. Жоғары қызмет үшін қойнындағы әйелін, туған бауырын, көп жылғы достарын сатып кетіп отырғандар бар. Мен, оларды «қызметте басы қалғандар» деймін. Сол «қызметте басы қалған қазақтар» қоғамымыздың дамуына үлкен  кедергі болуда. Коррупцияның жаны осы «Кресломания» ауруы. «Кресломаниядан» құтылмай коррупциядан құтыла алмаймыз.

- Аға, сөзіңізді бөлейін, бүкіл қазақ Сіз айтқандай «Кресломания» ауруына шалдығып, қызметте бастары қалып жатқанда Сіздікі не?! Ел сияқты мемлекеттің ақшасын алып, «не бей лежащего» - деп жатпайсыз ба деген сұрағым ғой... Жалпы Сіз кімсіз?!

- Айттым ғой мен саған, мен өмірімді ұлттық спортқа арнаған кісімін. Елін құрметтейтін, ұлтын сыйлайтын әр-бір азаматта: «мен болмасам кім бұл жұмысты атқарады» деген позиция болуы керек. Шынымды айтсам менің осы позициямды жанұям да түсінбейді. Мен, бір сөзбен айтқанда  жұмысты тегін істейтін қазіргі заманның жалаңтөсімін.

Атқарған жұмысыңызға ақша алмаймын дейсіз. Сонда қайтіп күн көресіз, қайтіп семьяңызды асырайсыз?

-  Бауырым, бұл үлкен, күрделі сұрақ. Үйге мен ақша әкелмеймін, қайта үйден әйелімнен аламын. Жеңгелерің сонау Горбачев заманынан кіші кәсіпкерлікпен айналысады. Оның тігін цехы, дүкендері, шаштараз мекемелері бар. Содан түскен пайданы ұлттық спорттың дамуына жіберемін. Мен -  әйелімнің рейдерімін.

Аға, осындай жанкештілік неге керек?!

-  Бауырым, сұрағыңа былай деп жауап беремін. Жанкештілік пен

фанатизм мен үшін, менің семьям үшін емес, қоғам үшін, қазақтар үшін керек. Неге дейсіз ғой? Елдің бәрі қызмет қуып, пара алуға әуестеніп, коррупцияға белшесінен батып жататын болса, елдік, ұлттық, азаматтық мәселелерді кім шешеді?! Елге  кім қорған болады?! Міне, бар мәселе осында. Құдайға шүкір, бұл бағытта біраз жұмыстар бар, басын бәйгеге тіккен мәрт жігіттер бар!

- Аға, осы жемқор, коррупционерлерден, мемлекетті және халықтың қанын ішіп жатқан шенеуніктерден қалай құтыламыз?!

-  Олардан оп-оңай құтылуға болады. Мемелекеттік жемқорлардың барлығын аяқтарынан байлап, бастарын төмен салбыратып ағыны қатты өзендердің қасына іліп қою керек.

- Аға, дарға аяқтан емес, мойыннан асып іліп қоймай ма?

- Міне, бар мәселе осында. Аяқтан іліп, басын салбыратып қойсақ олардың ішкен-жегендері, ұрлағандары ауыздары, көмекей- кеңірдектері арқылы сыртқа шығады.

- Ал, неге оларды дарға өзендердің қасына асамыз?!

- Сұрағың дұрыс, бауырым. Олардың ішінен шығатындары арам лас қой. Сол құсқандарымен қасиетті жерімізді былғамау керек. Біздің аталарымыз бойларындағы жандарын берсе де, жерін бермеген ғой. Жеріміз таза болу шарт. Ал, өзенге құсса, сумен кетіп қалады, жерге төгілмейді, қасиетті жерді былғамайды.

- Жемқорларды дарға асатын күш бар ма?!

- Бар. Ол халықтың бірлігінде, ашу-ызасында жатыр.

- Сіздерде бүгінгі таңдағы отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын қазақ коррупционерлерін, жемқорларын (қазақ вампирлерін) жеңетін күш бар ма?!

- Бар. Біз, еліміздің 5500 ауылының атбегілерінің басын қосып, біріктіріп отырмыз. 5500 ауылға ықпалымыз бар. Түбінде билікке біз келеміз...

- Бүкіл әлемде дағдарыс дүрмегі. Ал, Сіз Құлагерге ескерткіш тұрғызамын деп екі өкпеңізді қолға алып жүгірудесіз. Осыны қалай түсінуге болады?

- Дағдарыс, дағдарыс деп қол қусырып отырсақ, кім бізге несін бөліп береді? Ешкім, ештеңе бермейтіні бүгін айдан анық екені белгілі. Сондықтан қимылдауымыз қажет. Отырмауымыз керек. Құлагер идеясы - елдің, қазақтың басын біріктіреді. Тұлпардың ескерткішін салудағы мақсатым - ізгілікті, жақсылықты, адамгершілікті қолдау, жамандыққа, зұлымдыққа тойтарыс беру.

- Жалпы Құлагер ескерткішін салу идеясы қалай туындады, оған қандай ой түрткі болды?

- Қазақ халқының тарихында Ақан сері мен оның атақты тұлпары «Құлагер» ерекше орын алды. Олардың тағдыры трагедияға толы. 1876 жылдың күзінде Сағынайдың асындағы дүбірлі бәйгеде бірінші болып, жеке-дара келе жатқан Құлагерге тарихта бұрын-соңды болмаған қастандық жасалды. Жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар атанған Құлагеріміз қанішер Батыраштың қолынан қаза тапты, мерт болды, Ерейментаудың Құсақ көлінің тұсында мәңгілікке көз жұмды. Бұл өлім атты Хан тағынан жақсы көретін қазақ халқының қабырғасын қайыстырып, жүрегін езіп, есеңгіретіп кетті. Өйткені Құлагердің есімі кең байтақ қазақ жеріне әйгілі болатын. Ол атқұмар ағайындардың көзайымы, қуанышы, мақтанышы еді. Халқымызда: «Тұлпарға қиянат қылғанның тұқымы құриды» - деген қағида бар.

Кейін Құлагерге зұлымдық жасаған Батыраш, Қотыраштар әулетімен сотталғаны - сотталып, атылғаны-атылып, өмірден жоғалып кетті. Өкінішімізге орай, Батыраш, Қатыраштар әлі ортамызда жүр екен. Сақ болайық, ағайын!

1989 жылы сол кездегі абзал азаматтар бас қосып, бастама көтеріп Ерейментау қаласы мен Павловка селосының нақ ортасындағы дөңеске Құлагерге арнап ескерткіш орнатты. Ерекше шеберлікпен жасалып, мыс темірден құйылған Құлагер ескерткіші халыққа бірден ұнады. Оған үйлену тойының алдында жас-жұбайлар көптеп келетін. Мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойып, ұстаздарынан тарих туралы мағлұмат алатын. Жарыс алдында атбегілер жүйріктерін әкеліп Ұлы тұлпарға  тағзым жасайтын.

1996 жылдың жазында түн жамылған қара ниетті ұрылар осы әдемі ескерткішті бұзып, қиратып, белгісіз бір жаққа алып кеткен. Содан бері 12 жыл өтті. Құлагердің орыны оңырайып, бос тұр. Ұрылар ұсталған жоқ. Ұсталмайтын да шығар. Өйткені Ақмола облысы Ерейментау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция майоры Шаймергеновтен мынадай жауа алдық: «На Ваш запрос от 10.11 2008г. За № 439-008 сообщаем, что в период с 4 по 7 февраля 1996 года неизвестное лицо совершило кражу обелиска «Кулагер», стоявшего на 36 км. трассы Ерейментау-Вишневка. По данному факту 19 февраля 1996 года было возбуждено уголовное дело № 96071025 по признакам преступления, предусмотренного ст.76ч.2 УК РК. 19 апреля 1996 года производство по данному уголовному делу было приостановлено в связи с неустановлением лица, подлежащего привлечению в качестве обвиняемого.

Начальник Ерейментауского РОВД, майор полиции - К.С. Шаймергенов.»

Бір сөзбен айтқанда осы келсеңсіз жәйт Құлагерді құрметтейтін, ұлттық спортты, ұлттық өнерді бағалайтын азаматтардың ренішін тудырып, жанымызға ызғырдай батып, шаншудай қадалып, намысқа тиіп келеді.

Өзім, нақты төрт рет тығырыққа тірелдім. Біріншісі: Әкем Түгел марқұм жиі айтып отырушы еді: «Қазақ жігіті екі жағдайда ғана жылайды, - деп. «Біріншісі - жаулары басым болым болып, күшпен зорлап туған қарындасын жат-жұртқа алып кеткенде, екіншісі - сүйікті досы, серігі - тұлпары мерт болғанда».

Ескерткіштің тоналғанын естіп, сенер-сенбесін білмей, өз көзімен көруге Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан Сатый атты азамат Ерейментауға келеді. Ол Құлагерді зор құрмет тұтатын, Ильяс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жатқа айтатын, жылқы десе ішпен асып жерге қоятын белгілі атбегі. Бұл кез 1996 жылдың ақпан айы. Орыны үңірейіп тұрған ескерткіштің орынын көргенде Сатый есінен танады. Есін жиған соң жерді құшақтап бір сағат мөлшерде өкіріп жылайды. Сосын жолдастарымен бүкіл Павловка селосын аралап шығады, ұрыны іздейді. Ұрылар табылмайды. Намысы жоқ село әкімінің: «Құлагерге ескерткішті неміс тұрғызды, қазақ ұрлады, қайтесің, ол саған неге керек, үйіңе қайт» - дейді. Сол жерде Сатыйдың жүрегі инфаркт ұстайды.

Екіншісі: 2000 жылы, алыс қашықтыққа тура жолмен «Құлагер-Аламан» өткізуді ойластырғанда - «Құлагер» ескерткішінің ұрланғаны айтылды.

Үшінші рет, «Қазанат» журналында Құлагерге арналған «Құлагер феномені» атты материал ұйымдастырмақшы болғанда тағы да осы мәселе қатаң айтылды.

Төртіншіден, Құлагер ескерткіші - жәй ғана тас емес, ол символдың белгісі. Ұлы Дала еркіндігі. Монументтің тоналуы - зұлымдықтың жеңуі ғой. Оған қалай ғана төзесің. Мен төзе алмаймын. Сондықтан да тәуекелге бел будым, Қолдаушыларым бар. Олар - халық. Ұлттық құндылықтарды бағалайтын абзал азаматтар.

- Сізді ел қазақтың Қазанатын іздеп жүрген азамат ретінде таниды. Осы жолда қаншама жыл тер төгіп келесіз. Айтыңызшы, Қазанатты таптыңыз ба?

- Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мен ең әуелі қазақтың Қазанатын іздеуіме не түрткі болды, сол туралы айтып өтейін. Қазанат деген сөзді ең алғаш 1960 жылдары 5 жасымда әкемнің аузымнан естідім. Әкем - белгілі жылқышы. Жалпы, біз әкесін ардақ тұтқан ұлттың ұрпағымыз, әр үйде осы өнеге қалыптасса - біздің жеке отбасымызда да, үлкен Отанымызда да береке болады. Менің әлі кунге Әке алдындағы парызым қайтсе өтеледі деп жарғақ құлағым жастыққа тимейді. Ол кісі ауыл адамдарына өзінің көрген білгенін, ойлап-түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. «Мынау қазақтың ұлан-ғайыр даласын біздің батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана қорғады десеңдер қателесесіңдер. Ат- ердің қанаты. Батыр тұлғалы ер-азаматты бес қарумен белі қайыспай көтере алатын, талай тайталаста тақымы терлемей төзімділік танытатын аттардың арқасы екенін ескеріңдер. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған. Қазір сол аттар көзден бұлбұл ұшып, тұқымы құрып барады. Қазақ - Қазанатқа қарыздар» деген еді. Сондайда мен ертегілер мен қиса-дастандардағы «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген» Қамбар ата түлігін елестететінмін. Балалық қиялмен сол Қазанатты бір күні тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты.

Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында

жүр. Оған біздің талай бәйгеде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын, қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл түқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол - Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды. Қазір әлемде жылқының 200-ден астам тұқымы бар. Олардың ішінде ең үздік 10 асыл тұқымды жылқы: ағылшын, араб, америка, гоновер, орыс, т.б.. Ал біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік бар, жүйріктік бар, ержүректік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бекер айтпаған. Бүгінде елімізде жылқының жабы, адай, қостай, көшім, мұғалжар, таза қанды ағылшын салт аттары, араб, ақалтеке, орлов, дончак, орыстың желдірме аттары, жаңа қырғыз атының тұқымдары кеңінен пайдаланылады.

- Қазанат қалай жоғалып кетті?

- Біздің аталарымыз 1930 жылдарға дейін 60 миллионнан астам мал ұстаған екен. Бұдан артық байлық бола ма? Жылқы санының өзі 4 миллионнан асқан. Халқымыздың саны 6 миллион еді, ол кезде.

Сұм заманның сұрқия саясаты аз уақыттың ішінде дүниенің

астан-кестеңін шығарды. Кеңес өкіметінің кемеңгерлері «сеніп жіберген» Голощекин Қазақстанда «кіші октябрь» жасаймын деп еліріп, іске кіріскенде алаш баласының басына баяғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңы қайта орнағандай болды. Голощекиннің: «Ең бірінші қазақтардың жылқысы мен түйесін құрпаса, ол жел сияқты ауып кете береді» деген «көрегендігін» орындауға құлшынған өзіміздің шолақ белсенділер елдің қалың жылқысын құртуға кірісті. Сондағы ойлап тапқандары «маңқа ауруы» еді. Сау малды маңқаға шығарып, жылқыны қынадай қырған. Сондай бір жылқы қырғыны болған жер Ақмола облысы Егіндікөл ауданына қарасты Жалманқұлақ ауылы. Ауыл іргесіндегі «Жылқы моласы» аталатын үлкен сай күні бүгінге дейін бар. Бірнеше жүз адам жабылып қазған терең орға 1928-31 жылдар аралығында қисапсыз көп жылқыны мылтықпен атып және сүйменмен шекеден ұрып құлата берген. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл қазан шұңқырда бірнеше облыстың құйма тұяқтысының сүйегі жатқан көрінеді. «Голощекиннің қуғын-сүргінінен соң, халықтың үш-ақ миллионы, ал жылқының 150-ақ мыңы қалған» деген сұмдықты оқығанда, төбе-құйқаң қалай шымырламайды, қазақы намысың қалай қайнамайды? Голощекиннің сұм ісін Сталин қолдаған ғой! Бар пәле осында.

- Сәке, ендігі әңгімемізді ұлттық спорт тақырыбына қарай ойыстырсақ.

- Ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атпен ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Өзімнің есептеуім бойынша, ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омырауластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары», құсбегілік-саят өнері.

Ат спорты мен ұлттық ойындарды өркендетуді тоқсаныншы жылдардың басыңда қаны қазақ ағаларымыз бас болып қолға алған еді. Мәселен, Айып Құсайынов, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, кейіндеу бұл қатарға Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды ұлт қазынасына деген көңілдері алабөтен азаматтар қосылды. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары өте жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған  қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын. Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайының ұйымдастыруын қолыма алдым. Тіпті, ат спортын дамыту жолына ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, қазіргі күні үлкен бәсекеге айналып кетсе де, осы мерейтойлар біздің көптеген ұлттық құндылықтарымызды қайтарып бергенін айта кету керек. Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылықтар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтым. Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылы Жастар ісі, туризм және спорт министріне хат жаздым. Ол хат ұлттық құндылық дейтіннен мақұрым біреудің қолына түсіп кетпей, абырой болғанда министрліктің бөлім бастығы Елсияр Қанағатовтың қолына тиіпті. Біздерге сол тұста шын ниетпен көмек жасаған Елсияр мырзаға әлі күнге алғысымыз шексіз. Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев, сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасы жазыла бастады. Танымсыз ізденіс тура бір жылға созылып, 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет Қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы шақырылды. Сондықтан бұл күн - Ұлттық Ат спорты түрлері федерациясы үшін тарихи дата.

- Қазір елімізде ұлттық спортан гөрі олимпиадалық спорт түрлеріне көбірек көңіл бөлінетін саланың даму қарқыны қалай?

- Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін бүкіл әлемге паш ететін мәдениет пен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады.

1998 жылы ҚР Ұлттық Ат Спорты Федерациясының 1-съезін өткізіп, арнайы тіркеуден өттік. Нәтижесінде ұлттық спорт заңды күшке ие болды.

Елімізде ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында біраз шаруаларды атқардық. Өзіңіз ойлап қараңызшы, алғашында бір ғана Ұлттық Ат спорты Федерациясы болса, қазір бұл үлкен Ұлттық Спорт Қауымдастығына айналып, ол өз құрамына 17 республикалық федерацияны біріктіреді. Мәселен: «Бәйге», «Бүркітшілер», «Жекпе-жек», «Тазы-төбет-алабай», «Көкпар», «Ер жігіт ойыны», «Алыпсоқ», «Тоғызқұмалақ», «Жорға жарыс», «Бес қару», «Түйе жарыс», «Сайыс-аударыспақ», т.б. федерациялары бар. Олардың өзінде облыстық, аудандық филиалдар бар. Қазірге дейін 57 республикалық жарыс өткіздік. Республика бойынша 11 ұлттық спорт мектебі, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары жұмыс істейді. Бұл - зор жетістік емес пе?!

- Қайбір ағаларымыз «ұлттық спорт түрлерімен әлемдік аренаға шыға алмаймыз» деген де күстаналаушылық әңгімелерін айтып жатады. Кейде дәйекті дәлелдер келтіргенде, шынымен де осы іс-әрекеттеріңіз бекер емес пе деген ой келеді...

- Ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмаймыз дегендер, ұлт, қазақ деген ұғымдардан мақұрым, орыстанып, еуропаланып кеткендердің бос далбасасы. Ат спорты арқылы бізді қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындайды. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт-санасын, спортын, этнографиясын, тарихын танытамыз. Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара салмайды. Ер-тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барған қазақты көргенде шетелдіктердің талайы естерінен тана жаздап, қыздары жігіттеріміздің аяғына құлаған. Бір ғана қамшының өзі қаншама мәлімет береді. Ер-тұрман мен ат әбзілдері - нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Ал күрес пен боксқа қатысатын спортшыдан осының қайсысың көре аласыз. Сондықтан, ұлттық спортты дамыта, оны шетелге, Еуропаға шығара отырып, біз еліміздің, ұлтымыздың салт-санасын қатар танытамыз. Ұлы дала мәдениетін паш етеміз.

Біз Еуропаны мәшине жасаудан, мәселен, «Мерседес» немесе «Тойота» жасаудан басып-оза алмауымыз мүмкін, ал енді қазақтың Қазанаты арқылы ұлттық спортты дамытсақ, онда күллі Батыс елін артта қалдырар едік.

- Шетелдерде өтетін дүбірлі додаларға қатысып жүрсіздер, нәтиже қандай?

- Ең алғаш рет 1996 жылы Венгрия Республикасы ұйымдастырған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалі тіккен бас жүлдеден дәмелі 23 мемлекет ішінен қазақтың жұлдызын оңынан тудырған көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері еді. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген еуропалықтар үшін бұл кереметтің кереметі болды. Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Түбіміз бір деп бүгінде танып жүрген мажарлықтар сол уақытқа дейін «Бізді дүниеде ат үстінде аударып түсірер ел жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Еуропа төрінде өткен ат спорты сайыстарында аударыспақтан венгерліктер бас жүлдені әлденеше рет жеңіп алған. Сондай нық сеніммен ортаға шыққан мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қасқамда ат үстінен жұлып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлар - нағыз алып, салмақтарының өзі 120-130 келі, бойлары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бойлы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс-айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.

2001 жылы негізгі құрылтайшыларының бірі қазақ болып Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы деген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия сынды ірі мемлекеттер де бар.

- 2007 жылы Ұлыбританияға барған бүркітшілеріміз зор табысқа кенелді деп естідік. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

- Иә, 2007 жыл біз үшін ең айтулы, тарихи жыл болды. 2007 жылдың 14-15 шілдесінде Еуропаның төрі Лондон қаласында біздің бүркітшілер тарихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінде алға шықты. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, текемет, қамшы, төсегі бар сегіз қанатты киіз үй апарған біздің жігіттер - бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды. Еуропа, Америка, Азия құрлықтарынан Франция, Германия, Бельгия, Британия, Бразилия, Жапония, Қытай секілді азулы мемлекеттер қатысқан фестивальға 5000-дай адам қатысты. Британдық құсбегілік ұйымының басшысы, Халықаралық құсбегілер Федерациясының президенті Джим Чикпен кездесу өткіздік, мәдени-спорт саласына қатысты екіжақты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері талқыланды. Біздің киіз үйді Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрінің орынбасары, БАӘ Құсбегілер клубының төрағасы Шейх Хамдан бин Заед Әл-Нахянның өзі келіп тамашалады. Киіз үй Британия мұражайына табыс етілді.

- Сәдібек мырза, қандай істе болмасын әттеген-айлар мен олқылықтар, түйіні қиын проблемалар болатыны заңды ғой...

- Мұндай ауқымды істе қиындықсыз, қателіксіз, олқылықсыз бола ма? Қанша жерден еуропалықтар алдында беделіміз үстем болып, өзімізді мойындатып жүрсек те, өз елімізде пұшайман күй кешетініміз тағы бар. Оның үстіне ұсақ-түйектен үлкен проблемаға айналып кететін мәселелер де жетерлік. Мәселен, ұлттық спорт түрлерін өткізетін спорт кешендері, алаңдар, ипподромдар - арнаулы атшабарлар, сайыс өткізетін орындар мүлдем аз. Ал көбі жекеменшікке айналған. Қазіргі байлар көңілі қаласа беруі мүмкін, көңілі түспесе ипподромның маңына жолатпайды. Ұлттық спорт кадрларын даярлау, іріктеу деген сияқты мәселелер де өте күрделі проблемаға айналып отыр.

- Сөзіңіз ауызыңызда, қазір елімізде Қамбар ата түлігіне қызығушылық танытып жүрген қалталы азаматтар көбейіп, олар, өзіңіз айтпақшы жеке ипподромдар салып, тіпті, жылқыларын асылдандыру үшін шетелге ұшып, тұқым алдыратын, екі сағаттық шаруаға 200 мыңнан аса доллар жұмсайды дегенді де естіп жатамыз...

- Иә, қазір елімізде қалталы азаматтардың жылқы малына деген қызығушылығы тіпті ерекше. Мұның пайдасы өте көп, бірақ зияны да бар. Олардың жылқыға миллиондаған қаржы жұмсап, тұқымын асылдандыру жолындағы әрекеттерінен ешкім жапа шекпейді. Керісінше, біздің қолымыз жетпей жүрген жағдайларды жекелеген мырзалар істеп жатса, оған қуанған дұрыс. Ал енді, зиянды жағына келсек, бұл үлкен бәсекелестікке ұласып бара жатыр. Бір-бірінен асып түспек пиғылдағы әрекеттер ішкі кекке, аяқтан шалушылыққа ұласып кете ме деп де қауіптенесің. Және қалтасында ақшасы бардың бәрі бірдей жылқы малынан, оның жан дүниесінен хабары бар деп айтуға келмейді. Бұл жерде абай болған дұрыс. Жылқы өте киелі жануар. Малды асылдандырамын деп жүріп, опық жеуі де ғажап емес.

- Ұлттық спортқа әдетте қызығушылық танытатын ауыл балалары ғой. Осы тұрғыда ұрпақ сабақтастығына қалай көңіл бөлесіздер?

- Иә, бұл өте үлкен проблема. Ауылда - нағыз таланттар, болашақ спортшылар, көкпаршылар, бүркітшілер өсіп келе жатыр. Тек, оларға тиісті дәрежеде қолдау көрсетіліп, жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта барлық облыс, аймақтарда «Ұлттық спорт мектептерін ашсақ» деген үлкен арманымыз бар. Қазір мықты төрешілер құрамын қалыптастыру керек. Ұлттық спорт түрлерінің ережелерін қайтадан қарап, сараптау да да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ең бастысы - Жылқы институтын ашу. Егер елімізде Жылқы институты ашылатын болса, ол жылқы шаруашылығы және ұлттық ат спорты түрлерімен түбегейлі негізде шұғылданар еді. Сонымен қатар, еліміздегі жылқының асыл тұқымды тектерін сақтау және көбейту, ат спортына жарамды түрлерін сұрыптап алу, көкпар аттарын өсіру, әсересе жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған Қазанатымызды қайта қалыптастыруға осы институт бірден-бір қажет.

Біз тізгін тартып жүрген спорт «ұлттық» деген сипатқа ие болғандықтан, киім үлгілері де ұлттық нақышта болу керек. Аттың жалында нағыз қазақ жігіттің шауып келе жатқанын сезіну керек былайғы жұрт. Қазір елімізде жастарды патриотыққа тәрбиелеу деген сияқты жалаң ұраншылдық басым, патриоттық дегеннің өзі қарапайым нәрселерден тұрады. Өзіңіз ойлаңызшы, ұлттық киімді киіп, әсем өрілген тобылғы сапты қамшыны қолына ұстап, бедерлі әбзелмен ерттелген атқа қонған бозбала қалайша рухтанбайды, қалайша оның жүрегін ұлтына деген мақтаныш кернемейді. Сондықтан, ұлттық спорттық ойындар тек қана жігіттерімізді батырлыққа, еркектікке тәрбиелеп қоймайды, оларды өз ұлтын, Отанын сүйетін, елі үшін жанын қиятын жауынгер, ұлтжанды ұлан етіп тәрбиелейді. Ал, біздің әкелеріміз өз кезегінде балаларын ұлттық спортқа өздері балуға міндетті. Бұған - әрбір әке өз ұлы алдында адал атқаратын парызы ретінде қарауы керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Аягүл Садуақасова

«Абай-ақпарат»

0 пікір