Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарихтың бір күні 9085 8 пікір 6 Шілде, 2018 сағат 01:49

7-шілдеден бастап менің «Нұрсұлтан» қаласында тұрғым келеді

 

Астана – Алаштың асқақ беделі, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы қол жеткізген ең зор табысы.

Өзін қазақпын, қазақстандықпын деп санайтын азамат үшін Астана – ең үлкен мақтаныш!

Биыл қазан айының 24-ті менің елге оралғаныма 20 жыл толады. Сол уақыт аралығында Астана көз алдымда өсіп, өркендеді. Менің Ұлы Дала Елінде жасаған және Алла бұйырып, алда жасайтын барлық өмірім Астанамен замандас болып қала береді.

Астанада тұратын адам өзіне кәдімгідей міндет, жауапкершілік алуға тиісті. Себебі, Астана – Ұлы Еліміздің әкімшілік және саяси оталығы. Биліктің барлық ұшар басы Астанада тұрады. Ал, бар қазақтың шыққан жері – ауыл! Билікке қолы жеткен әр қазақ ауылын ойлауы, оның көркейіп, гүлденуі үшін тер төккені жөн. Астанада тұратын мен және менімен тағдырлас «арғы беттен» оралған қандастарым үшін Мемлекетіміз бен шетте жүрген қазақтардың тағдыры бірдей – бірінші орында тұруға тиіс! Қай министрлікке кірейік, қай комитеттің есігін ашайық, жеке шаруаны оныншы орынға ысырып қойып, солардың Атажұртына оралуы, оралғандарының орнығып қалуы жайлы айтуға міндеттіміз! Басқа салада да солай. Шама-шарқымша қандастарымның үнін Ақорда мен Үкіметке жеткізіп келем! Демек, бұл жағынан алғанда, өзім жұрт бетіне түзу қарай алам! Астана мені бетімнен қаққан жоқ, сөзімді жерге тастаған емес. Керектісін ілікке алып, заңдастырып келеді.

Сол үшін де, Астана, мен саған ризамын!

Адам баласы үшін ең қымбат құндылық – Алланың адам баласына берген азаттығы мен еркіндігі!

Құдайға тәубе, сол еркіндік пен бостандық менің Отаным Қазақстанда бар, жеткілікті! Жетіспей жатқан жері болса, ақылды ұрпақ ертең жітілдіреді, толықтырады!

«Астана» деген сөз айтыла бастағанда, алдымен ойға оралатын, тіліңе тиек болатын бір есім бар. Ол – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев!

Тәуелсіз Қазақстанның, оның Елордасы болған Астананың құрылуы, қалыптасуы, бүгінгі деңгейге жетуі осы есіммен – Нұрсұлтан Әбішұлымен тікелей байланысты! Арыстан жүректі, құрыш жігерлі, нұр келбетті Нұраға туған халқы мен өзі бастап құрған Тәуелсіз мемлекеті үшін бүкіл саналы ғұмыры мен  ақыл-парасатын арнап келеді!

Абылай мен Әлиханның орындай алмай кеткен асыл арманын орындау міндеті ғасыр тоғысында Нұрсұлтан Әбішұлына жүктелді һәм ол міндет, міне, табысты орындалды. Біз соның куәгері болып отырмыз...

Дана қазақ «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ!» дейді. Біздің қазақ – жомарт халық! Астананың 20 жылдығына арналған бүгінгі салтанатты тойда да сол кең-молдығын көрсетіп, әр облыс өз байғазысын әкеліп, «Есіл» дейтін ерке сұлу өзеннің екі өңіріне қадап жатыр. Ал, менің байғазым бөлектеу: уақыты мен орайы келіп тұр, Астананың атын «Нұрсұлтан» деп өзгерту керек!

Өркениетті ұлттар мұндай үрдісті баяғыда бастап кетекен. Құдайға тәубе, Тәуелсіздіктің арқасында қазақ та дүиеге танылды, алпауыт елдермен тізе тиістіріп қатар отыратын, мінбелерден бірінші болып сөз алып, пкір айтатын деңгейге жетті.

Ерте ме, кеш пе, бәрібір, «Астана» аты «Нұрсұлтан» болып өзгереді!

Егер, осы 20 жылдықтан бастап Астана «Нұрсұлтан» деп аталса, бұл – біздің нағыз көреген ұлт екеніміздің айғағы болмақ. Айналамыздағы бәсекелес елдердің қызыға да, қызғана да қарайтынына менің сенімім кәміл. Оған біздің Елбасымыздың есімі, дау жоқ, татиды, лайық! Және осы шешімі үшін қазақ ешкімнен ұялмайды!

Н.Назарбаевқа деген құрмет – Тәуелсіз Қазақстанға жасалған құрмет!

7-шілдеден бастап менің «Нұрсұлтан қаласында» тұрғым келеді!

Астана, 20 жылдық тойың құтты, ғұмырың мәңгілік болсын!!!

Ауыт Мұқибек

 05.07.2018

Астана

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364