Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 8263 17 пікір 10 Шілде, 2018 сағат 10:27

Миын "тарақан тесіп" кеткен орыс журналисі оттады екен деп өлеміз бе?!

Сурет ura.news сайтынан алынды

 

Кремль пропогандасының "соловейі" атанған Владимир Соловьев тағы бүйректен сирақ шығарды. Бұ жолғы шатпағының сыйқы мынау. "Каспийде АҚШ әскери базалары орналастырылыпты-мыс". Қазақты қолбаласындай уысында ұстағысы келетін Ресейдің жай ғана ток-шоуын жүргізушісінің бұл сөзіне әншейінде аузынан сөз ала алмайтын, салқынқанды Әбдірахмановтың басқаруындағы министрлік шоршып түсті.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасының 2 шілдедегі шығарылымында айтылған "Каспийде АҚШ әскери базалары орналастырылған" деген қауесетке жауап берудің қаншалықты қажеті бар еді? Каспий көлінің (ресми теңіз ретінде мойындалмағаны қазаққа олжа. Бұл басқа әңгіменің арқауы) біраз бөлігі Ресейге қарайды. Бірнеше мемлекет бұ көлдің омырауын еміп отыр. Жай ғана ұлттық мәселенің өзіне аяғын аңдып басып, бір шоқып, екі қарайтын Қазақстан билігі осындай стратегиялық маңызы бар аймаққа АҚШ-тың әскери базасын кіргізіп жіберерлік қауқары әзірге жоқ екені баршаға мәлім. Демек дақпырт туғызу арқылы онсыз да шовинистері жәнігіп тұрған орман-орыс халқын қазаққа қарсы айдағысы келетін ортаңқол тележүргізушіге білдей министрлік емес, жай ғана қатардағы дипломатқа әу дегізе салса, құда да, құдағи да тыныш болмас па еді.

Соловьевтің алапасын асыратындай не мұқтаждық?

«Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз қай деңгейде? Бәлкім, келесі майдан Қазақстанға бағытталатын шығар?» деп елді бір дүрліктіріп еді өткен жолы.

Тіпті, Қазақстанның латын жазуына көшуін келемеждей сөйлеп, "қазақта өзі жазу болған ба?" дегенді де осы жігіт айтқанын білеміз.

"Қазақта Назарбаевқа дейін мемлекет болған жоқ" деген Путиннің көлеңкесі ғой, бұ шіркіндер!

Енді біз де Ресейге қатысты өз дегенімізді айтып қалалық.  Соловьевті сыйлайтын СІМ бізге не дер екен.

Рас. Соловьев әйтеуір бір қисынға сүйеніп отырғаны ақиқат. Ол қисын мынау. Бізде АҚШ-тың әскери базасы болмағанымен, АҚШ-тың Ауғанстан үкіметіне қолдау көрсетуге арналған халықаралық операциялар үшін қажет ұшпайтын коммерциялық теміржол транзиті бар. Тасымал жабық контейнерлермен тоқтаусыз қазақстандық ұлттық компанияның әрдайымғы бақылауымен жүргізіліп келеді. Транзит үшін Қазақстан территориясы ғана емес, АҚШ-тан Ауғанстанға дейінгі аралықты жалғайтын басқа да елдердің аумағы қолданылады. Ну, и что! Біз сонда АҚШ-қа осындай транзит жасауға мүмкіндік бермеуіміз керек пе? Тәуелсіз ел ретінде шет мемлекеттермен саяси қатынасқа түспеуіміз керек пе?

Жай, елеусіз жайтты әскери база деп дүрліктіретін Соловьев Қазақстандағы Ресейдің 7 әскери базасы бар екені жайлы неге айтпайды?

Қазақстан Орталық Азиядағы –  алып ел. Содан болар, Одақ кезінде біздің елде әлемдік деңгейдегі қорғанысты қамтамассыз ететін, аса маңызды түрлі әскери нысандар бой көтерді. Содан қалған 11 млн. гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде.

Олардың біріншісі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №5-ші мемлекеттік сынақ полигоны. Яғни, Қызылорда облысы аумағында орналасқан, ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан иелігіне өтіп, 1994 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Мамандар Байқоңыр кешенінен ел аумағына жылына 30-35 мың тонна улы заттар тарайтынын, ракеталардан түскен қалдықтар  Қарағанды,  Павлодар  және Шығыс Қазақстан облыстарына зиян келтіретінін айтады. Қазір бұл айлақтан «Союз», «Протон» секілді ракеталар ғарышқа ұшырылып келеді. 2004 жылы жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

Екінші нысан РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929-шы ұшу-сынақ орталығы. Бұл орталықтың штабы Астрахан облысының Ахтубинск қаласында орналасқан. Сол орталықтың 85-ші, 171-ші және 231-ші сынақ алаңдары Батыс Қазақстан және Атырау облысының территорияларында орын тепкен. Бұл нысанда Ресейдің жаңа қару жарақтары сыналып, ВВС пен ВМФ авиациясының ұшқыштары әскери дайындықтан өтеді.

Үшінші, РФ Қорғаныс министрлігінің №4-ші мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. 1949 жылы құрылған бұл полигон аумағы Атырау және Батыс Қазақстан  облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының  Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Бұл айлақта ұшақтар мен ракеталар ядролық жарылыс заттарын тасымалдау әдістерін сынақтан өткізеді. Полигон аумағы 6,5 млн. гектар жерді алып жатыр. Оның 1,5 гектары Қазақстан территориясында орналасқан. Осыған дейін бұл аймақта жер бетінде және әуеде түрлі қару-жарақ сынақтан өткізілген. 24 мың ракета жарылып, 177 соғыс техникаларының түрлері сыналған, 619 СС-20 ракеталары жойылған. Сарапшылар осының салдарынан ауаға 30 мың тоннаға жуық аса зиянды улы заттар таралғанын айтады.

Төртіншісі, РФ Қорғаныс министрлігінің №10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. Яғни, біздің тілмен айтсақ, Сары-Шаған сынақ алаңы.  Алып полигон Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының жерлеріне шекаралас орналасқан. Сынақ алаңы оңтүстүктен солтүстікке қарай 250 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 600 шақырымға созылып жатыр. Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі. Бұл орайда Ресей аумағындағы «Капустин Яр» полигонынан жіберілген зымырандар 11 мың шақырым бойы бірнеше облысымыздың үстінен ұшып келіп, осы «Сарышағанға» келіп түсетінін айта кету керек.

Бесіншісі, №5580-ші сынақ жұмыстарын қамтамассыз ету базасы. (РФ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны). Бұл сынақ алаңы Ақтөбе облысы аумағында орналасқан.

Алтыншысы, Ресейдің Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3-ші зымыран-ғарыш қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі. Бұл нысан Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласында орын тепкен.

Жетіншісі, Қостанай қаласындағы Ресей Әуе қорғаныс күштері транспорттық авиациясының жеке полкі.

Осыдан-ақ, байқап отырсыздар, Ресейдің әскери нысандары Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Орталық Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай секілді еліміздің ірі 8 облысы аумағында бар деген сөз. Бұл біздің мемлекет үшін – үлкен қауіп.

АҚШ-тың жай транзитінен осындай 7 базамен отырып қорқу қисынсыз екені бәрімізге мәлім. Осы орайда олар жоқ базадан шошып отырғанда біз неге бар базадан қорықпауымыз керек деген ой қылаң береді. Біздің ойымызша, Соловьевтер айтты екен деп ақтала бермей біздің Сыртқы істер һәм Қорғаныс министрліктері осы әскери базаларды, полигондарды жабу ісімен айналыса бастайтын кез келді.

Сәкеңдерге, яғни Сыртқы істер министрлігі мен Соловьевтерге айтарымыз осы ғана.

Түйін

Соловьев өзін әлеуметтік желіде сынаған қазақтарға қарата сұхбат беріп:

«Мына хейтерлердің (әлеуметтік желілерде өзін сынаған адамдарды айтады. - ред) барлығы дерлік – бар мен жоқтың арасындағы адамдар. Оларға уақыт шығындау дұрыс емес, оларға тек мүсіркеп қарау керек. Тағы бір нұсқасы – олар психологиялық дертке шалдыққандар. Оларға қандай да болмасын жолын тауып, көзге түсіп қалу керек. Миларын тарақан тесіп кеткендерге уақыт шығындағым келмейді», - деген еді.

Қазаққа деген көзқарасы осындай адамға сөз шығындап жүрген бізде де ес жоқ-ау осы... Десе де, өз сөзінің тонын теріс айналдырып, өзіне қарай жұмсап жіберуге болатындай. Миын тарақан тесіп кеткен орыс журналисі оттады екен деп өлеміз бе?! Күлдім!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5372