Дін саласындағы тұжырымдама түйіні
Осы уақытқа дейiн руханиятқа адал қызмет етіп, жалпыадамзаттық құндылықтарды санаға сіңірген дiннiң адам өмірінен алатын орнын терең түсiндіру өте маңызды. Дiннің атын жамылып, әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған экстремизм қаупi Қазақстанды да айналып өтпейтіні белгілі. Оның үстіне қоғамда дiншiлдiк деңгейi күн санап артуда. Дiн саласында оңтайлы мемлекеттiк саясат қалыптастыру – күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі.
Қазіргі таңда дiн саласында тиiмдi мемлекеттiк саясатты қалыптастыру өте маңызды болғандықтан, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Тек ҚР Президенті қол қойғаннан кейін жүзеге асыру қажеттілігі туындайды. Тұжырымдамада қамтылған дін саласындағы ауқымды ойлар жүзеге асса, қоғамда тұрақтылық орнап, рухани жаңғыру үрдісі жеделдейтіні мәлім.
Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамаcы – Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдауымен үндескен маңызды құжат.
Тұжырымдама ішкі және сыртқы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталып, экстремистік сипаттағы діни ағымдардың бүлікшіл әрекеттеріне тосқауыл қоюды мақсат етеді. Өйткені, діни алауыздық – мемлекеттің зайырлы қағидаттарын мансұқтап, дәстүрлі құндылықтарға қауіп төндіреді.
Қоғам әлемдік жаһанданудың сын-тегеуріндеріне жауап бере алатын әлеуметтік даму мен рухани жаңғыруға мұқтаж.
Тұжырымдамада мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас, мемлекеттің зайырлылығы жөнінде туындап жатқан толассыз мәселелер, қоғамда діни қағидаттарды, құлшылықты зайырлы мемлекет төңірегіндегі мекемелерде орындау немесе орындамау, сыртқы келбетке байланысты талаптар, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары сияқты т.б өзекті мәселелер қарастырылған.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынған тұжырымдамада қамтылған негізгі мәселелер:
- Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтып, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету;
- Дін саласын бақылау жөніндегі Заңнаманы жетілдіру;
- Ел азаматтарының діни көзқарастарының заңмен қорғалуын қамтамасыз ету;
- Діни деструктивті ағымдардың ұлттық қауіпсіздікті, зайырлы мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзуына жол бермеу;
- Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырып, этносаралық және конфессияаралық бірлікті одан әрі нығайту.
Тұжырымдамада қоғамда дәстүрлі рухани құндылықтарға, эволюциялық дамуға, зайырлы мемлекет қағидаларына негізделген ұлттық бірегейлікті нығайтуды көздеп, діни экстремизмге қарсы қоғамның иммунитетін қалыптастыратын нақты шаралар ұсынылған.
Өз бетімен діни білім алуға аттанып, ол жақта экстремистер мен радикалдардың арбауына түсіп, террористік ұйымдардың қатарын толтырып жүрген жастарымыздың бар екенін жасыруға болмайды. Білім алу тәртібін реттеу, жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартуға жол бермеу, діни әдебиеттерді тарату тәртібін жетілдіру және т.б. мәселелерімен бетпе-бет келген ата-аналар арнайы хат жазып, осы мәселені заңмен реттеуді ұсынуда.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін жасақтады. Яғни, шетелдерде діни білім алғысы келетін азаматтар ҚМДБ белгілеген оқу орындарында ғана білім ала алады.
Тұжырымдама жаңа геосаяси, ішкі және сыртқы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар ресми түрде тіркелген діни бірлестіктер мен азаматтық қауымдастықты тартумен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асырылады. Тұжырымдамада еліміздің дамуының зайырлы қағидаты тұрғысынан дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бағым бағыттары дұрыс айқындалған. Сондықтан Тұжырымдаманы тәжірибелік іске асыру мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара әрекеттесуінің қазақстандық үлгісін дамытудың алғышартын қалыптастырады.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы жетістіктерді тиянақтап, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге сеніммен қадам басқан Қазақстан мемлекеттің зайырлы дамуының конституциялық қағидаттарын ұстанады.
Қазақстандықтардың діни және этномәдени әрқилылығына қарамастан, жалпыұлттық бірлік пен келісімнің қалыптасқан үлгісі – елімізді мекен еткен әртүрлі конфессиялардың жалпы әлемдік дамуға қосқан қомақты үлесі.
Діни наным – жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар, рухани үйлесімді, әлеуметтік қарым-қатынастар мен азаматтардың санасындағы әлеуетті қамтитын айрықша сала. Сондықтан дін саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің ұсынылып отырған тәсілдері мен мемлекеттік саясат қағидаттары елдің өзгешеліктерін және халықтың мәдени-менталды ерекшеліктерін ескеретін айрықша сипатқа ие.
Мұқан Исахан, дінтанушы
Abai.kz