Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2977 0 пікір 24 Ақпан, 2011 сағат 01:57

Руда Зайкенова. Қажығұмар әлемі және «Қылмыс» (жалғасы)

Жалпы автордың бірінші, екінші томды қамтитын балалықтан жігіттікке дейінгі өмір жолын, туа салысымен көрген тауқыметін бей-жай оқу мүмкін емес. Сондай-ақ  кейбір журналистердің «Түрмеде туған мың бір түн» деп ат қойғаны сияқты екінші том жазушының тұңғыш түрмеге түскендігімен де ерекшеленеді. Сонымен бірге 1942-1945 жылдары Үрімжі қаласындағы педагогтік мектепте оқыған кезеңіндегі Шыңжаңдағы саяси-әлеуметтік жағдай, Шың Сысай өкіметінің Кеңес Одағына қарсы саясаты, қытайша ғана оқыту түрі, Қазақстаннан келген әдебиетті тығып оқуы, аз ұлттың гомиңдаң мұғалімдері мен оның жандайшаптарынан көрген теперіші, бір ұйғыр баланың тамағына тышқан түсіп кетсе де қытай аспаздарына мектеп басшыларының шара қолданбауы, Шығыс Түркістандағы көтеріліс ұшқыны, 1945 жылы бір топ оқушының осы көтеріліспен байланысы бар деген айыптаумен абақтыға түсуі, ондағы қалың қандалаға талануы өз алдына, қылмысыңды мойында деп қинауы, Шыңжаң аймағының гомиңдаңшылардан азат етіле бастауы, Оспан батыр көтерілісінің дүмпуі, ақыры бір топ баланың ақталып шығып, мемлекеттік емтихан тапсыруға үлгеріп, диплом алуы, сонымен бірге жеңгесі Күлән мен сүйген қызы Нүрия арасындағы шынайы сезім тартымды сөз болады.

Жалпы автордың бірінші, екінші томды қамтитын балалықтан жігіттікке дейінгі өмір жолын, туа салысымен көрген тауқыметін бей-жай оқу мүмкін емес. Сондай-ақ  кейбір журналистердің «Түрмеде туған мың бір түн» деп ат қойғаны сияқты екінші том жазушының тұңғыш түрмеге түскендігімен де ерекшеленеді. Сонымен бірге 1942-1945 жылдары Үрімжі қаласындағы педагогтік мектепте оқыған кезеңіндегі Шыңжаңдағы саяси-әлеуметтік жағдай, Шың Сысай өкіметінің Кеңес Одағына қарсы саясаты, қытайша ғана оқыту түрі, Қазақстаннан келген әдебиетті тығып оқуы, аз ұлттың гомиңдаң мұғалімдері мен оның жандайшаптарынан көрген теперіші, бір ұйғыр баланың тамағына тышқан түсіп кетсе де қытай аспаздарына мектеп басшыларының шара қолданбауы, Шығыс Түркістандағы көтеріліс ұшқыны, 1945 жылы бір топ оқушының осы көтеріліспен байланысы бар деген айыптаумен абақтыға түсуі, ондағы қалың қандалаға талануы өз алдына, қылмысыңды мойында деп қинауы, Шыңжаң аймағының гомиңдаңшылардан азат етіле бастауы, Оспан батыр көтерілісінің дүмпуі, ақыры бір топ баланың ақталып шығып, мемлекеттік емтихан тапсыруға үлгеріп, диплом алуы, сонымен бірге жеңгесі Күлән мен сүйген қызы Нүрия арасындағы шынайы сезім тартымды сөз болады.

Үшінші том институт бітірген маманның ауылға қайтуынан басталады. Ары қарай 1946-1951 жылдары Дөрбілжін орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген кезеңіне дөп келеді. Гомиңдаң өкіметінің құлап, Шығыс Түркістан мемлекетінің құрылып, кімнің дос, кімнің жау екені белгісіз аласапыран уақыт, ағасы Биғазының тапсыруымен Үрімжіден алып кетуге келген Қажыякбар атты ұсақ саудагердің тобына ілесіп, Үрімжіден ауылға жеткенге дейінгі жол азабы, одан өз еркімен соғыс майданында қалып, үш айдай  гомиңдаңға қарсы күресуі, содан үйіне 1946 жылы желтоқсанның қарлы боранында әрең жетуінің өзі жатқан бір хикая. Жаңаша оқыған үйге арақ пен темекі де қоса кіруі керек деп  түсінген ақкөңіл әкенің Биғабіл үшін қаладан арнайы темекі мен арақ алдыруы да күлкі тудырады. Бірақ оқыған басқа жастардан парықты болып өскен баласының ондай жаман әдеттен бойын аулақ ұстайтынына көзі жеткен  ата-ананың қуанышы қойнына сыймайды. Әкесі Жаппардың қалаша киінген құрым етікті, тілі мірдің оғындай оқыған баласына риза болатыны сонша тіпті түн ортасында тұрып, уақытсыз намаз оқуы үй-ішіндегілерге езу тарттырса да, адамды осы кісінің баласы болғысы келетіндей сезімге жетелейді. Әйтсе де бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Таза жүрген адамға ештеңе жұқпайды деген сенімде болғаннан болу керек, «мына аласапыран басылғанша үйден шықпа» деген әке нұскауына құлақ аспай, аудан орталығына келіп, өз қалауы бойынша мұғалімдік жұмысқа тұрады. Алайда көп ұзамай жаңа өкіметтің сеніміне кіріп үлгерген Кәкім бай, Сарсен саясат атанған бұрыңғы бай-манаптар мен гомиңдан құйыршықтарының көрсетуінен барып Қ.Шабданұлы аяқ астынан абақтыға түседі. Әуелі Шәуешекте, одан кейін Құлжа абақтысында  тергеусіз, дәңенесіз төрт ай жатады. Ақыры ешқандай кінәсі болмағандықтан, оны босатады. Осы мерзім ішінде сүйгені Нүрияның қайтыс болғаны қосылып, небәрі 21 жастағы жігіттің  шашы абақтыдан түгелге жуық ағарып шығады. Оның үстіне көлденең көк аттыдан естіген әке қазасы  тіпті есеңгіретіп кетеді. Бір аптада елге әрең жеткен ол  жаппай сүзек жүрген кезде алпыстан асқан шағында үйдегілердің ең соңынан  қатты құлаған Жаппар Биғабілдің амандығы үшін өзін құрбандыққа үш рет атағанын, одан кейін қашан жаны үзілгенше,  «келді ме, келді ме» деп мұны сұрап жатуы, қатты қинала бергеннен кейін «Биғабіл келді, аман келді» деп үй-ішіндегілер жаппай дабырласқан кезде көзін бақырайта ашып, иегін бір-ақ қағып жүріп кетуі жазушыны ғана жылатпайды, оқып отырған сіздің де көзіңізге жас үйіреді. Әке өлгеннен кейін шешесі мен қарындасын, кенже бауырын қалаға көшіріп алған Биғабіл Дөрбілжіңдегі жұмысына қайта кіріседі. Алдынан Сарсен саясат тағы шығады. Бұған Әлия сияқты осылардың жансызы болып жүретін опасыз жүргіш әйелдің іс-әрекеті қылмысты одан әрі шиеленістіре түседі. Гомиңдаң өкіметімен ешуақытта ымыраласып көрмеген Биғабіл оның сойылын жасырын соғушылармен күресін жүргізе береді.  Сүйгені Нұриядан аумайтын Мақпал деген қызбен танысып, арманына қолы жеткендей көрінгенімен, Мақпалды белгісіз біреулердің зорлықпен алып қашуы, Әлия тарапынан астыртын жасалынған қастаңдық  Биғабілді тағы да қабат-қабат қайғыға душар етеді.

Төртінші томда Тарбағатай аймағына Қытай халық азаттық армиясының бейбіт жолмен кіруі, Оспан батырдың өлімі, үлкен науқан туғызған әртүрлі саяси әрекеттер, «Үш үлкен тәртіп» (1.бір қолбасшыға бағынып, жеңіске жету, 2.ине сабақ жібін алмай, бұқараны қорғау, 3.барлық олжаны қазынаға тапсырып, халықтың ауырпалығын жеңілдету) және «Сегіз сақтықты» (1.сөзде сыпайы болып, бұқараны құрметтеу, 2.сауда-саттықта әділ болып, озбырлық етпеу, 3. қарызды уақытында қайтару, 4. бірнәрсені бүлдірсе, бағасын кемітпей төлеу, 5. адам ұрмау, янаттамау, милитаристік стильді жою, 6.бұқараның егінін қорғау, жорықта, соғыста абай болу, 7. әйелдерге қырындамау, 8. тұтқындарды жәбірлемеу, албаты тінтпеу) осыларды халық армиясының көшелерден жырлап өтуі, (автордың қытайшасынан тура аударма жасаған өлеңінен алып отырмыз),  «кері төңкерісшілерді әшкерелеу» кезінде Тұрсын мұғалім мен Шәкен әнші сияқты жазықсыз адамдардың да ұсталып кетуі, оларды ақтап Биғабілдің орталық комитетке хат жазуы т.б. саяси оқиғалар сөз болады. Осы кезең шындығын соның ішінде Тұрсын Жарқынбаев  пен Шәкен Елубаев туралы Қ.Жұмаділов те  «Соңғы көш» романында тебірене жазған еді. Қаншама жылдар өткеннен кейін шейіт кеткен осы адамдар рухымен тағы да тілдесіп отырмыз. Қызу жүріп жатқан осы науқан кезінде Биғабілбен бұрыннан өш Сарсен саясат бастаған Досан әкім мен бөлім бастығы Шәкербайлар бірлесіп, жоғарғы жаққа «саяси тұрғыдан қауіпті адам» деген хабар түсіріп, оны еш себепсіз  жұмыстан қысқартырып жібереді. Бірақ  дер кезінде аймақ уәлиі Башпайға барып, кемшілігін көрсете отырып, оқу-ағарту саласындағы жағдайды толық баяндағаннан кейін жұмысқа қайта орналасады. Желдің қалай соққанын толық түсінген Башпай байдың өзінің орынбасары мен Досан әкімді жер-жебіріне жетіп боқтауына бір жағынан таң қаласыз. Себебі «Сегіз сақтықтың» біреуіне зиян келіп тұр ғой. Бұл жерде өкіметтің осы саясатына пысқырып та қарамаған қазақ байының кесек тұлғасы көз алдыңыздан көлбең ете қалады.

Апта сайын өткізілетін «кері төңкерісшілерді» әшкерелеу жиналысында бас кейіпкер өзін жұмыстан қысқартқан Досан әкім мен бөлім бастығы Шәкербайды, Сарсен саясатты да халықты нағыз жәбірлеп отырған осылар екендігін сағаттап сөйлеп әшкерелеп береді. Облыстан келген қытай өкілі Биғабілдің оқыған сауатты азамат екенін танып, Үрімжіге жұмысқа шақырады. «Сегіз сақтықтың» бір пайдасы Мақпалдың табылуына себепші болса, Биғабілдің өз мүддесін халық мүддесіне үндестіріп, сол тұстағы саясатқа лайық қорғай білуі, коммунистік партия қатарына алынып, жоғарылауына себепші болады. Әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы болады. Бірақ Сарсен саясаттың, оның жансызы Әлияның  Дүрбілжіңнен жазған шағымдары маза бермейді. Мақпал екеуінің тойында сегіз қой, бір өгіз сойылып, көшеге дейін бауырсақ, қант, конфет шашылып, ысырапшылық  болды деген мазмұндағы арызға күлкің келсе де, Биғабілге мұның бәрі елден түскен көмек екендігін дәлелдеуге тура келеді. Осы сияқты жала жабудан ат төбеліндей ғана екі-үш адам да жалықпайды, ақталудан Биғабіл да жалықпайды.Дөрбілжіңдегі тойдың жаласынан әрең құтылғанда, Үрімжідегі қызметтестері болмай жасатқан той бұларға тағы да  қырсық боп жабысады. Той соңында үйіне қайтуға бет алған Абыла деген бастықты белгісіз біреулердің пышақтап кетуі Биғабілді біраз сарсаңға салады.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366