Азаматтық қоғам. Адам — қоғамның бірінші клеткасы
Адам қоғамы қалай қалыптасты, оның себептері қандай — бұл туралы бір қорытынды пікір жоқ. Бірақ бұл түсінікті ең бірінші ғылымға енгізген Адам Смит, Давид Рикардо, оған саяси сипаттама берген Гегель. Дүниежүзілік ғылыми, саяси қайраткерлердің, ойшылдардың айтуынша, қоғам саналы адамдардың ерікті түрде бірігіп өмір сүруі. Бұл бірігудің негізгі себебі — адамдардың бір мүдделігі, бір тілектестігі. Мұнсыз бірігу мүмкін емес. Мүдде екі түрлі болады: жеке адамның мүддесі жəне қоғамның мүддесі. Қоғам осы екі мүдде-мақсатты біріктіріп, дамытып отырады. Осы объективтік даму процесінде адамдардың өзара ынтымақтастығы қалыптасты. Сол арқылы жеке адамның қолынан келмейтін, əлі жетпейтін істерді атқаруға мүмкіншілік туды. Қоғамдық мүдде- мақсат, қоғамдық тілек уақытша емес, түпкілікті, нақты, объективтік мағынада қалыптасуы керек. Сонда ғана қоғамның жақсы дамуға, нығаюға мүмкіншілігі болады. Себебі қоғам саналы адамдардың ерікті түрде қалыптасқан одағы. Егер бұл одақ, бұл бірлік еріксіз, озбырлық түрде ұйымдастырылса, ондай одақ нəтижесіз болып, тез тарап кетер еді. Адам — қоғамның бірінші клеткасы. Қоғам — күрделі əлеуметтік бірлестігі. Бұл бірлестік, бұл қоғам дұрыс, жақсы даму үшін оның ішіндегі қарым-қатынастарды реттеп, басқару керек болды. Оны қоғамның объективтік даму процесінің заңдарына сүйене отырып, адамдар өздері əлеуметтік нормалар арқылы реттеп, басқарып отырады. Сондықтан мемлект пен құқық пайда болды. «Адамдар өз тарихын өздері жасайды, — деп жазды Маркс, — бірақ олар оны өз қалауынша жасай алмайды, қолындағы барды, бұрынғыдан қалған мұраны қолдануға мəжбүр болады».
Қоғамның тарихи объективтік қалыптасқан негізгі белгілері:
саналы адамдардың ерікті түрде бірлесіп одақ құруы;
қоғамдық түпкілікті, нақты, объективтік мүдде-мақсаттың қалыптасуы;
адамдардың өзара ынтымақтастығының, бірлігінің қалыптасуы;
қоғамдық мүдде-мақсат, тілек арқылы қарым-қатынастарды реттеп-басқару, қоғамды басқаратын, қоғамдық тəртіпті қорғайтын мемлекеттік аппараттың өмірге келуі.
Қоғам — саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде өзара бірігуі. Мұнда міндетті ерікті шартты элемент бар: мүдде-мақсаттың қалыптасуы жəне саналы адамдардың саналы түрде бірігуі.
Адамның объективтік тарихи даму процесіне жəне күнделікті қарым-қатынасында қоғамның бірнеше түрлері болады: өндірістік қоғам, шаруашылық қоғам, əлеуметтік қоғам, азаматтық қоғам т.б. Осылардың ішіндегі ең күрделісі, ең түпкіліктісі адаммен бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам. Қоғамның басқа түрлері тез құрылып, тез жарап жатады. Олардың өмірі, іс-əрекетінің шеңбері, кеңістігі көп өлкеге жайылмады, уақыты көпке созылмайды.
Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан Президентінің ел халқына Жолдауындағы тапсырмасына сəйкес Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғышарты екенін ескерсек, оны мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін уақыт келген сияқты. Яғни үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы Демократия жəне азаматтық қоғам мəселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуы тиіс. Мұндай кешенді іс-шаралар тəуелсіз Қазақстан Республикасының Ата Заңда көрсетілген мұратқа сай құқықтық мемлекет жолында дамуына игі ықпалын тигізері хақ. Қазақстанның саяси жүйесінің демократизациялануы, өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құру үшін азаматтық қоғамның маңызы зор. Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтық қоғамның құрылуы үшін керекті институттық негіз жасалған. Осының нəтижесінде құқықтық негізде көптеген ерікті қоғамдастықтар жəне ІІІ-ші сектор ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ азаматтық қоғамның нəтижелі жұмыс істеуі үшін алдын ала институциялық жағдайлар жасау жеткіліксіз болып отыр. Азаматтық қоғамның Қазақстанда жетілмеу себептері оның мəдени-əлеуметтік жағдайлардың толық дамуымен байланысты. Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуы үшін əлеуметтік эволюция қажет. Əрине, бұл азаматтық қоғамның мəдени-əлеуметтік дамуын қол құсырып күтіп отыруын қажет етпейді. Мəдени- əлеуметтік даму уақытқа ғана байланысты емес, ол мемлекеттің, қоғамның жəне оның институттарының белсенді күш салуына байланысты. Азаматтық қоғамда азаматтардың халықаралық дəрежеде танылған ережелерге сай құқықтары мен бостандықтары сақталып, заң үстемдік етеді. Азаматтық қоғам материалдық, қоғамдық, саяси жəне мəдени тұрғыда жоғары дəрежеде дамыған кезде құқықтық мемлекетке айналады. Құқықтық мемлекет — конституциялық басқару тəртібі қамтамасыз етілген, шын мəнісіндегі билік бөлінісі мен олардың тиімді қарым-қатынасы мен өзара бақылауы жүзеге асырылған, саясат пен билік құрылымына əлеуметтік бақылау орнатылған, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі қалыптасқан мемлекеттік құрылым. Құқықтық мемлекеттің негізінде демократиялық жолмен қабылданған заң алдында барлық қоғам мүшелерінің тең саналуы, заңның халықтың еркін білдіруі жəне жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі танылады. Бұл мемлекетте пікір алуандылығы кең өріс алады. Қазақстан Республикасы өзінің саяси жүйенің келешегін құқықтық мемлекеттің қалыптасып дамуымен байланыстырады. Бұл бағытта атқарылып жатқан істер баршылық. Қазақстандықтар заңдық кеңістікте өмір сүру дəстүріне үйрене бастады. Бірақ Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптасуы ісінде елеулі қайшылықтар бар. Д.Арғымбаев негізгі төрт қайшылықтарды атап көрсетті.
Бірінші қайшылық — басқарушы элита өкілдері мен қатардағы азаматтардың заңды бұзуға немесе орындамауға жол беретіндігі. Осының нəтижесінде заңдар жұмыс істеуге қабілетсіз болады.
Екінші қайшылық — Қазақстанда құқықтық қоғамның батыстық стандартына ұмтылудан туады.
Қазақстан қоғамының тарихи тəжірибесі мен саяси дүниетанымының түп-тамырлары ескерілмейді.
Үшінші қайшылық — қазақстандықтардың саяси-құқықтық мəдениетінің ұлттық дəстүрлерден, ең алдымен, қазақ этносының танымдық кеңістігінен қол үзуіне байланысты.
Төртінші қайшылық — қазақстандықтардың құқықтық мəдениетінің төмендігі. Ел халқының коммунистік жасанды идеологияның ықпалында болуы, өтірік пен алдаудың билік құруы азаматтардың заңды құрметтеуін, заңды үнемі басшылыққа алып, орындап отыруға құлшынысын əлсіретті.
Азаматтық қоғам құрып, одан құқықтық мемлекетке өту жолында осы аталған қайшылықтар ескеріліп, жойылмаса біз Қазақстанда азаматтық қоғам құра алмаймыз. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетте ең бірінші орында азамат, оның құқықтары мен бостандықтары, заңдық тұрғыда қорғалынуы тұрса — құқықтық демократиялық мемлекетте ең жоғарғы заңдық күші бар Конституция зор маңызға ие болады. Осыған сəйкес Қазақстан Республикасы 1995 жылы Конституциясы демократиялық қоғам құру мен əрбір жеке адамның автономиясының заң жүзіндегі кепілдіктерін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Олардың қатарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық негізде бекітілуі, билік тармақтарының бөлінуі, тəуелсіз конституциялық бақылаудың, заңның үстем болуы, идеологиялық жəне саяси əр алуандылықтың өрістелуі жəне т.б. конституцияда бекітілген азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті дамытудың ұстанымдары бар.
Қазақстан қоғамында азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті орнықтырудың басты алғышарттары мен ұстанымдарын негіздеп, оны қамтамасыз етуде қоғамдық саяси өмірге демократиялық нысанды енгізу бірден бір дұрыс бағыт болып табылады. Азаматтық мемлекет пен құқықтық мемлекетті қалыптастыру — күрделі, ұзақ та қайшылықты процесс. Олар қоғамдық-саяси күйдегі заң орындарының жарлығына сəйкес пайда болмайды. Бұл құрылымдар белгілі бір тарихи кезең аралығында саяси жүйенің табиғи деңгейде жоғары дəрежеде дамуына байланысты негізделген. Демек, Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптасу ісіне қазақ ұлтының тарихи ой-санасы мен саяси мəдениетінің озық үлгілері қызмет етуі шарт. Сонымен, жоғарыдағы қарастырылған мəселелерді қорыта келе, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру жолында Қазақстанда күрделі процестер жүріп жатыр деп айтуға болады. Атап айтар болсақ, құндылықтарды бағалау, рухани бағдарлардың жаңа мəнге ие болуы, қоғамдық сананың трансформациялануы билікке, қоғамға, саяси жүйеге деген көзқарастарды қалыптастыруда. Бұл жағдайда авторитарлық басқару əдісінен бас тартып, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет негізін құруға бағыт алған Қазақстан саяси басқару жүйесі өз қызметінде демократиялық нормалар мен принциптерді басшылыққа алуы қажет. Себебі қазіргі таңда Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, биліктің бөлінуі, жаңа конституция қалыптасып жария етілгенімен, халық билігі немесе демократия типіндегі билік формасы біздің қоғамымызда əлі қалыптасқан жоқ. Біздің қоғамымыз қазір екі жүйеде дамуда. Бір жағынан, ұлтаралық татулық, келісім, халықтың биліке деген сенімі түрлі саяси күштердің барлығының көрінісі бар, ал екінші жағынан — қоғамның барлық саласын қамтыған жемқорлық, қатаң орталықтанған билік, үкіметке деген сенімсіздік жəне қоғамдағы қалыптасқан жүйеге деген қанағаттанбаушылық бар. Осыдан ой түйіндейтіміз азаматтық қоғам елімізде қалыптасу сатысында, əлі елімізде шынайы саяси билікке бəсекелес болатын, саяси күштердің теңдігін қамтамасыз ететін, үкімет қызметіне бақылау жасай алатын күш қалыптаспай жатыр. Оған кедергі болып жатқан бұрынғы тоталитарлық тəртіп пен номенклатуралық жүйеге үйренген қоғамдық сана. Ескертетін бір жағдай, Қазақстандағы демократияның дамуы халық қалауымен емес, биліктің саяси бағытынан туындаған. Батыс елдері демократиялық бағытқа жаңа қатынастардың дамуы нəтижесінде, атап айтқанда, құқықтар мен бостандықтарды құрметтеу, мемлекет қызметінің шектелуі, жергілікті өзін басқаруға деген ұмтылыстың ұзақ процесінде түсті. Осыған сəйкес Қазақстан да өзіне қажетті құндылықтарды енді игеріп, азаматтық қоғам бағытына енді ғана аяқ басты. Ал бұл процесс
Қазақстан үшін ұзақ та күрделі процесс болмақ.
Адамзат дамуының бүкіл тарихы бойынша адамға қатысты əділ болатын ақыл-парасат, бостандық, сəттілік, тиімділік жəне əділеттілік мекендейтін идеалды қоғамдық құрылым үлгісін іздестіру ойшылдарды əрқашан толғандырған.
Гуманизм, демократизм қағидалары, бостандықты, құқық пен заңды бекіту жəне сақтау түріндегі құқықтық мемлекет теориясының бастаулары ежелгі Греция, Рим, Үндістан, Қытай ойшылдары еңбектерінде орын алған. Ежелгі грек ойшылы Сократ əділеттілік қолданыстағы заңдарға бағынудан көрінеді, əділеттілік пен заңдылық егіз ұғымдар деп санайды. Қандай да болмасын заң қанша жерде кемшілігі болса да, заңсыздық пен бассыздыққа қарағанда жақсы. Егер азаматтар заңдарды сақтайтын болса, олар өмір сүретін мемлекет күшті де жасампаз болатындығын жариялайды.
Платон: «...заңның күші жоқ жəне оның қайсы біреудің билігінде болса, ол мемлекеттің күйреуінің жақын екенін болжаймын. Заң билеушілерге үстемдік еткен жерде олар оның құлдары жəне мемлекеттің құтқарылатынына сеніммен қараймын», — деген. Платонның оның «Мемлекет»,
«Заңдар» диалогтарында «заңдардың күші болмайтын жəне біреудің билігінің астында болатын» жерлерде мемлекеттің жойылу қауіпі болатындығы керсетіледі. Оның ойынша, «заңдар — билеушілердің билеушісі, ал олар — оның құлы болғанда, мемлекет пен оған кұдай сыйлайтын барлық құндылықтар құтқарылады». Заң міндеті — бір əлеуметтік топқа емес, тұтас мемлекеттің игілігіне қызмет ету. Мемлекеттілік əділ заңдар үстемдік еткен жерде ғана болуы мүмкін. Заң қорғаушысы — соттар. Кез келген мемлекетте соттар тиісті орында болмаса, ондай мемлекет өз билігін жоғалтады [1].
Құқықтық мемлекет теориясының негізін қалаған ойлар Аристотель еңбектерінде де дамытылады. Аристотель мемлекетті табиғи дамудың жемісі, адамзат қауымдастығының жоғарғы нысаны ретінде қарастырады. Құқық əділеттілікке сай деп таниды, заңды мен əділдіктің сəйкестігін уағыздайды. Құқық пен заңның бір еместігін, əділ заңның ғана құқыққа сəйкес келетіндігін бекітеді. Мемлекетте адамдар емес, құқық үстем тұруға тиісті. Аристотель мемлекет құрылымының үш элементін жіктейді: ерікті азаматтардың барлығы қатысуға тиісті «заңдық кеңесу» билігі, үкімет билігі жəне сот билігі. «Заңдық кеңесу» билігі əрекетінің бір саласы жалпыға міндетті акт ретіндегі заңдарды қабылдау деп санады. Əрбір заң өз негізінде құқықты қарастырады, əрі жүйелі құрылған мемлекетте құқық басымдылығы болуы қажет. Заңның барлық биліктен үстем болуы — мемлекеттің құқықтық жолмен дамуының кепілі. Аристотель мемлекеттік билік тармақтары арасында «заңдық кеңесу» органына басымдық береді. Үкіметтік басқару органдары заңға бағынышты, екіншілік сипатта, олардың шығарған декреттерінің заңдық күші болмайтындығын көрсетеді. Сот органдарын тек сайлау жолымен ұйымдастыру қажеттігін айтады [2].
Римнің қоғамдық қайраткері Цицерон мемлекет «құқық мəселесінде өзара келісім мен мүдде бірлігімен байланысқан көптеген адамдардың жиынтығы» деп қарастырған. Мемлекет құқықпен өзара қатынаста «жалпы құқықтық тəртіп» ретінде көрінеді. Құқық негізінде сана мен əділеттілік болады, ол адамдарға табиғатынан тəн. Цицерон кейіннен құқықтық мемлекет теориясының негізін қалаған «заң əрекеті кейбір таңдаулы азаматтарға ғана емес, барлық адамдарға таралуы қажет» деген ойдың негізін қалаған.
«Құқықтық мемлекет», «азаматтық қоғам» түсінігі түп тамырларын Аристотельдің полис (koinoia politike — азаматтық қоғам), Цицеронның societas civilis жəне табиғи құқық идеаларынан алады. Азаматтық қоғам (koinoia politike, societas civilis, burgeliche Gesellschaft, socite civile) жəне саяси қоғам, немесе мемлекет (polis, civitas, staat, etat, stato), мəні бойынша бір-бірін алмастыратын терминдер болды. Ежелгі грек ойшылдары «саяси» түсінігіне қоғам өмірінің бүкіл салаларын енгізген: жанұя, дін, білім алу, көркем мəдениеті, өнер жəне т.б. Politike-нің мүшесі болу, яғни азамат болу, — мемлекеттің мүшесі болу, яғни, басқа азаматтарға зиян келтірмей, мемлекет заңдары бойынша өмір сүру жəне əрекет ету [3].
Осындай түсінік өзгермеген қалпында XVIII ғасырға дейін сақталып келді. Дж. Локктың өзі «азаматтық қоғам» жəне «мемлекет» түсініктерін өзара алмастырушы ретінде қолданған. И. Кант өзінің еңбектерінде «burgerliche Gesselschaft» (азаматтық қоғам) жəне мемлекет түсініктерін синонимдер ретінде қолданады. Осы екі түсініктің бір-біріне жақындығы Ж.-Ж. Руссо еңбектерінде айқын көрінеді. Руссоға сəйкес, əр азаматтың биліктік қатынастарға қатысуына, халықтың толық билікке иеленуіне негізделген басқару жүйесі ғана заңды күшке ие. Осының негізінде Руссо өкілдік қағидасын сынаған, өйткені онда азамат өзінің еркін басқа адамға тапсырып, өзінің азаматтық құқығынан айрылады. Руссо «societe civile», немесе азаматтық қоғам, жəне мемлекет мəнін осылайша ұсынған [4].
Орта ғасырдан жаңа заманға өту шағы, азаматтық қоғамның мемлекеттік институттардан өзгешеліктері бар екенін түсінуменен айшықтанды. Осы тұрғыдан сол кездегі орта ғасырлық бытыраңқы мемлекеттердің орнына ұлттық мемлекеттің қажеттігі идеалогиясы саяси ілімдерге елеулі əсер етті. XIV ғасырда Еуропада Гогенштауфендер империясының дағдарысынан бастап ұлттық жеке-даралық түсінігі пайда бола бастады, нəтижесінде ұлттық мемлекет идеясы дүниеге келді. Осы үрдісте өзінің Бонифаций VIII папасына қарсы күресінде, римдік теократизміне жəне ұлттық жеке- даралыққа негізделген король билігінің егемендігі қағидасын қарсы қойған, Əдемі Филипптің таққа отырған кезеңі өте маңызды болды.
Құқықтық мемлекет теориясының дамуына ХVІІ–ХХ ғасырлардың ойшылдары қомақты үлес қосты. Г.Гроций, Б.Спиноза, Дж.Локк, Ш.Л.Монтескье, Д.Дидро, Ж.-Ж.Руссо, Т.Гобсс, И.Кант, Г.Гегель жəне тағы басқа ойшылдар құқықтық мемлекет мəнін, белгілерін тұжырымдады.
Буржуазия өкілдері монарх билігін шектеу мақсатында мемлекеттік билікті заң шығару — парламент, атқару — монарх жəне сот тармақтарына бөлу қажеттігі туралы пікірлерді негіздейді. ХVІІ ғасырдағы ағылшын ойшылы Джон Локктың көзқарасы бойынша, құқықтың басымдығы идеясы табиғи құқыққа сəйкес келетін жəне индивидтің ажырағысыз табиғи құқықтары мен бостандықтарын танитын заң жоғарылығы болатын, əрі билік бөлісу жүзеге асырылған мемлекет түрінде көрінеді. Құқық жоғарылығы танылған осындай мемлекетті ол басқа барлық басқару түрлеріне қарсы қояды, оларды деспоттық мемлекеттер ретінде таниды. Локк танымы бойынша, деспотизмге қарсы тұратын арнаулы конституциялық механизм болуы шарт, оның маңызды компоненттері ретінде биліктің жіктелу қағидасы мен заңдылық қарастырылады. Билікті бір қолға шоғырландыруды болдырмау мақсатында Локк заң шығару жəне атқару биліктерін біріктірмеуді жəне заңгерлерді өздері қабылдаған, атқару билігімен жүзеге асырылатын заңдардың əрекетіне бағындыруды ұсынады. Аталған ой кейінгі кезеңдері саяси ойлар жүйесі мен практикаға барынша ықпал етіп, құқықтық мемлекеттіліктің негізгі қағидаларының біріне айналды. Джон Локк билікті бөлісу ілімінде мемлекеттік билік қызметтерін жіктеу таза ұйымдастырушылық-техникалық сипатта емес, ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажет екендігін баса көрсетеді. Заң шығару билігі заңдарды белгілі бір мезгілде қабылдайды, бірақ заңдар тұрақты, үздіксіз əрекет етеді. Атқару билігі үкімет актілерін қабылдайды, үнемі, тұрақты əрекет етеді. Заңдар азаматтармен жиындарда қабылданады. Атқару билігі тиісті органдар арқылы əрекет етеді. Атқару билігін жүзеге асыратын орган соғыс жариялау, бітім жасасу, басқа мемлекеттермен шарттарға отыру құқығына ие. Өз əрекетінде күшке сүйенеді. Атқару билігінің тағы бір басымдылығы — ол қоғамды жəне азаматтарды тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана емес, сондай-ақ онда көрсетілмеген төтенше оқиғалар барысында да, кейде тіпті заңға қарамастан қорғау шараларын қабылдауға тиісті. Атқарушы орган заңдық жиынды шақырады жəне таратады. Заң шығару билігі дербес те, қалғандары бір органмен жүзеге асырылады деп санайды Дж.Локк [5].
Ш.Л.Монтескьенің көзқарасы бойынша, саяси бостандық барлық қатынастар құқықпен реттелетін жəне заңдар билеушілердің еркінен үстем тұратын мемлекетте ғана мүмкін болмақ. Бостандықтың өлшемі — құқық. Құқықтың үстемдігі биліктің заң шығарушы, атқарушы жəне сот тармақтарына жіктелуі арқылы қамтамасыз етіледі, нəтижесінде «əр түрлі билік тармақтары бір-бірін өзара тежеп отырады. Биліктің бөлінуі жəне өзара тежеу саяси бостандықтарды қамтамасыз етудің басты шарты болып табылады. Заң шығару билігі жалпы тəртіп бойынша барлық халыққа берілуі қажет: бірақ оны үлкен мемлекеттерде жүзеге асыру мүмкін емес, ал кіші мемлекеттерде қиын, сондықтан өкілдік жүйесі енгізілуі керек. Халық өкілдері жалпыға бірдей дауыс беру негізінде округтерден сайланады да, өз жерінің қажеттілігін ескере отырып, бірлескен шешім шығарады. Заң шығару билігі басқа билік тармақтарына кедергі келтірмеу үшін атқару билігінің басшысы вето қою құқығына ие болады. Нəтижесінде биліктер бір-біріне бағынбайтын, бірақ өзара тығыз байланыста жəне келісімде болатын жағдай қалыптасады.
Үш билік тармақтары арасында басымдылығымен сипатталатын біреуінің болуын жоққа шығаратын Монтескье схемасы биліктің бөлінуіне алдымен ұйымдастырушылық-құқықтық көзқарасты бейнеледі, сөйтіп мемлекет пен мемлекеттік биліктің əлеуметтік табиғаты туралы мəселені көтермеген тəрізді болып көрінеді. Шын мəнінде Монтескье қоғамда əр түрлі əлеуметтік топтар арасында билік үшін күрестің үнемі жүретіндігін, оның азаматтардың бостандығы мен қауіпсіздігінің бұзылуына, мемлекет нысанының өзгеруіне, кейде тіпті мемлекеттің жойылуына əкеліп соғатындығын білді. Осындай жағымсыз нəтижелерді болдырмау мақсатында ол əр түрлі əлеуметтік күштер арасында билікті бөлуді ұсынды.
Монтескьенің билікті жіктеу теориясы — мемлекеттегі еңбекті саяси бөлу ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы əлеуметтік күштердің арақатынасын реттеу құралы. Оның басты сіңірген еңбегі — билікті бөлуді алғаш рет мемлекет Конституциясымен байланыстырады [6].
Жан-Жак Руссо көзқарастары бойынша, заң шығару билігі барлық азаматтар қатысатын халық жиынына беріледі, бұл кезде басқа билікке орын жоқ. Заңдарды орындау жалпы ережелерді нақты жағдайларға қолдану ретінде үкіметке — атқару билігіне тапсырылады. Үкімет халыққа бағынышты, бірақ оның жеке мүшелеріне билік етеді.
Құқықтық мемлекет теориясының философиялық негізін И.Кант қалыптастырып дамытты. Ол мемлекеттің құқыққа сүйенуі қажеттігін негіздеді. Мемлекет құқықтық заңдарға бағынатын көптеген адамдардың бірлігі, онда халық өзі үшін шеше алмаған мəселені заң шығарушының шешуі мүмкін еместігі қағидасы əрекет етеді. Егер мемлекет осы қағидадан, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудан бас тартатын болса, заңдарды қорғауды қамтамасыз етпесе өз азаматтарының құрметі мен сенімінен айырылады. Иммануиль Кант билікті жіктеуді мемлекеттік билік идеясынан логикалық қажеттілікпен шығатын сананың қатаң талабы ретінде қарастырған. Заң шығару, атқару жəне сот биліктері дербес субъект болса да, жиынтығында бір тұлға — мемлекет құрады.
Феодалдық қоғамды жою үшін ескі тəртіпке қарсы шыққан төнкеріліс, бүкіл сословиелерді, корпорацияларды, цехтарды, артықшылықтарды жəне мемлекет алдында бағыныштылардың тең құқықтылығы қағидасын бұзатын басқа да институттарды жоюға бағытталды. Осылайша, Маркс айтқандай: «Азаматтық қоғамның саяси сипаты жойылды». Ескі тəртіпке қарсы саяси төнкерілісті, Маркс азаматтық қоғамның төнкерілісі деп негізді атаған. Ол жалпыға бірдей жəне міндетті құқықтық тəртіпті орнатуға тағайындалған. Кезінде Ж.Боден жəне Т.Гоббс егеменді жəне біртұтас мемлекет талабын ұсынды, яғни, орта ғасырларға тəн болатын, құқықтардың теңсіздігін жəне əр түрлілігін жою ұсынылды. И.Канттан бұрын болған, құқықтың философиясы қоғамға қатысты екі пікір төңірегінде қалыптасты: біріншісінде — қоғам жеке бостандықтың сыртқы шекарасы ретінде қарастырылды, ал, екіншісіне сəйкес, қоғам — бəрін қамтитын бастау. Біріншісі қатынасты жеке тұлға еркіне бағындырса, екіншісі бұндай ерікті жоққа шығарып, қоғамды бірден-бір жəне соңғы саты ретінде қарастырған. Канттың, бостандық туралы ілімі осындай қайшылықтарды бұзуға бағытталған.
Азаматтық қоғам туралы көзқарастардың қалыптасуына Г.Ф.Гегель зор үлес қосты. Гегель оны жеке мүдде əрекет ететін сала деп анықтады. Осы кеңістікке ол жанұяны, əулеттік қатынастарды, дінді, білім алуды, заңдарды жəне олардан пайда болатын субъектілердің құқықтық қатынастарын жатқызды. Азаматтық қоғам жəне мемлекет өзара əрекеттесуші институттар болып табылады. Мемлекетте азаматтардың жалпы еркі білдірілген, азаматтық қоғам — жеке индивидтердің ерекше, жеке мүдделерінің саласы. Гегель француз, англо-саксондық жəне неміс қоғамдық-саяси ілімінің бүкіл мұрасын жүйелеу негізінде келесідей ой қорытындыға келеді: азаматтық қоғам, орта ғасырдан жаңа заманға өтудің ұзақ əрі күрделі тарихи үрдісі кезінде жанұядан мемлекетке қарай диалектикалық қозғалыстың ерекше кезеңі болып табылады. Азаматтық қоғамға тəн болатын əлеуметтік өмір, жанұяның болмыс-тіршілігінен жəне мемлекттің көпшілік өмір салтынан түбегейлі өзгешеленеді. Азаматтық қоғамға нарықтық экономика, əлеуметтік топтар, корпорациялар, институттар кіреді. Қоғамның өмір сүру қабілеттілігін қамтамасыз ету жəне азаматтық құқықты жүзеге асыру осылардың міндеті болып табылады. Азаматтық қоғам жеке тұлғалар, таптар, топтар жəне институттар кешенін құрайды, олардың өзара əрекеттесуі азаматтық құқықпен реттеледі жəне олар саяси мемлекетке тікелей тəуелді емес. Гегельдің ойынша, жанұя мемлекеттің түп тамыры болып табылады, оның мүшелері бір-бірімен бəсекеге түспейді, жанұя мəнді біртұтас болып келеді. Азаматтық қоғам болса, оның көп санды құрамдас бөліктері көбінесе, бір-біріне сəйкес келмейтін тұрақсыз жəне кекілжіндерге толы болып келеді. Онда əрдайым жеке мүдделер басқа бір жеке мүдделермен қақтығысып тұрады. Оған қоса, азаматтық қоғамның бір элементтерінің күрт дамуы басқа элементтердің басылып қалуына əкеледі. Азаматтық қоғам мемлекет бақылауымен басқарылмаса, ол «азаматтық» болудан алыстайды. Өйткені тек жоғарғы көпшілік билік, яғни тек конституциялық мемлекет, осы қоғамның əділетсіздіктерін жойып, нақты мүдделерді əмбебап саяси қауымдастыққа топтастыра алады. Осы тұрғыдан Гегель табиғи құқық теориясын сынға алады, өйткені осы теория мемлекетті өз қоластындағыларының серігі ретінде қарастырып, осы арқылы мемлекеттің абсолюттік құдайшыл қағидасына» күмəн келтіреді.
Гегель азаматтық қоғаммен мемлекет арасындағы бөліністі жоюға қарсы шыққанымен, азаматтық қоғамның мемлекеттен еркіндігі дəрежесін нақты ережелер арқылы нақты бекіту мүмкін емес. Ол айтқандай: «Егер мемлекетпен азаматтық қоғамды араластырса жəне ол меншікті жəне жеке бостандықты қорғауға жəне қамтамасыз етуге бағытталған деп анықталса, демек, осы арқылы нақты адамдардың мүдделерін түпкі мақсат ретінде қабылдайды жəне де əркім өз бетінше ойына келгенді істеп, мемлекеттің мүшесі болуға немесе болмауға ерікті екендігі қабылданады». Бірақ мемлекет индивидке қатысты басқа қарым-қатынаста болады; яғни, мемлекет объективті рух болғандықтан, индивид мемлекет мүшесі болғандықтан ғана, ол объективті, шынайы жəне өнегелі болады. Мемлекет жеке құқық жəне жеке игілік салаларына, жанұя жəне азаматтық қоғамға қатысты сыртқы қажетттілік жəне соған қарасты мақсат болады.
Азаматтық қоғамның ең радикалды концепциясын «Адам құқықтары» атты атақты памфлеттің авторы Т. Пейн қалыптастырды. Мемлекетке қарсы тұратын азаматтық қоғам мəселесі Т. Пейн еңбектерінде басты тақырып болды. Пейн мемлекетті қажетті зұлымдық деп атады: ол неғұрлым аз болса, соғұрлым қоғамға тиімді болады. Осы себептен мемлекеттің билігі азаматтық қоғам пайдасына шектелген болуы қажет, өйткені əрбір индивид ішінен қоғамға бағытталады. Мемлекеттен бұрын пайда болған осындай əлеуметтілік, ортақ мүддеге жəне өзара көмек сезіміне негізделген, бəсеке жəне сабақтастықтың бейбіт қатынастарын қалыптастыруға жағдай жасайды. Азаматтық қоғам неғұрлым кемелденген болса, соғұрлым өз істерін өзі реттеп, үкіметке деген қажеттілігі азаяды.
Ажырамас құқықтарға ие, еркін жəне тең индивидтер мемлекеттен жоғары тұрады. Сондықтан мемлекетті заңды жəне «өркениетті» деп тану үшін, ол бүкіл индивидтердің келісімімен құрылған болуы керек. Осы келісім конституциялық түрде рəсімделген жəне парламентарлы өкілді механизмдер арқылы бекітілген болуы тиіс. Өркениетті басқару жүйелері — еркін жəне тең индивидтердің белсенді келісімімен билікке ие болатын, конституциялық басқару жүйелері. Бұндай үкіметтер құқықтарға ие болмай, тек өзінің азаматтары алдында міндеттерге ие болады.
Нақты үкіметтер өз белсенділігімен конституцияларды өзгертуге немесе кеңейтуге немесе азаматтардың келісімдерін жəне сенімдерін бұзуға құқықтары жоқ. Азаматтар табиғи қалыпта ғана, тұрақты егеменділікке ие болады. Осы табиғи қалыпты кез келген бұзушылық жəне де құқықтың негізі ретіндегі, белсенді келісімге кез келген қарсы тұру талпынысы деспотизм жəне агрессивті басқару əрекеті болып табылады. Осы тұрғыдан Пейн азаматтық қоғамды мемлекетке қарсы қояды. Оның сенуі бойынша, өзіне сенетін жəне өзін-өзі басқаратын қоғам саяси механизмдердің минимумын ғана қажет етеді. Мемлекеттің билігін минимумға дейін қысқарту, тəуелсіз ұлтттық жəне бір-біріменен бейбіт араласатын азаматтық қоғамдардың халықаралық конфедерациясын құру мүмкіндігіне жол ашады. Бұл жағдайда ұлттық егеменді мемлекет сайланатын басқарушыдан жəне «жалпы бейбітшілік, өркениет жəне сауда» кепілі болатын, азаматтық қоғамнан тұрады. «Қоғам қағидалары негізінде əрекет ететін, осындай ұлттық ассоциация» азаматтық қоғам қамтамасыз ете алмайтын қоғамдық қызметтерді қамтамасыз етуге ғана қажетті.
Кейіннен осы дəстүр А. Де Токвиль, Дж.С. Милл жəне тағы басқалар тарапынан жалғасты. Олар оны келесідей ереже төңірегінде дамытты, яғни, мемлекет жəне азаматтық қоғам арасындағы бөлініс, шынайы демократиялық, əлеуметтік жəне саяси жүйенің тұрақты сипаты болып табылады. Осы жүйеде өндірістік меншік, шешім қабылдай алу мəртебесі жеке салаға бағынышты емес. XIX ғасырдың ғалымдары мен ойшылдары азаматтық қоғамның аса көп мөлшердегі еркіндігін қоғамның бөлектенуі жəне кекілжіндердің өршігуіне себеп ретінде қарастырған, сондықтан олар қатал мемлекеттік реттеуді жəне бақылауды орнатуға шақырды. «Мемлекет азаматтық қоғамға қарсы» мəселесі И. Бентам, Ж. Сисмонди жəне т.б. еңбектерінде көрінеді.
Марксизмде азаматтық қоғам мəселесіне ерекше ұстаным қалыптасады. Гегельді қайталап, К. Маркс азаматтық қоғамды табиғатпен жаратылған қалып ретінде емес, тарихи дамудың нəтижесі ретіндегі тарихи феномен деп санаған. Мемлекетпен кепілдік етілетін азаматтық қоғам, мəңгі табиғи заңдарға бейімделмейді. Азаматтық қоғамды, өндірістің, таптық күрестің ерекше нысандары жəне қатынастарымен сипатталатын жəне де тиісті саяси-құқықтық механизмдермен қорғалатын, тарихи анықталған құрылымдар құрайды. Азаматтық қоғамның өзі өтпелі сипатқа ие, өйткені ол азаматтық қоғамды дүниеге əкелген буржуазиялық қоғамды жоятын пролетариатты дүниеге əкеледі. Өз талдауын өндіріс тəсілі негізінде қалыптастырған Маркс үй шаруашылығы, ерікті ассоциациялар, бұқаралық ақпарат құралдары, мектептер, ауруханалар жəне т.б. сияқты азаматтық қоғамның элементтеріне тиісті назар аударған жоқ. Ол XVIII ғасырдан бастап пайда болған, инженерлердің, дəрігерлердің, заңгерлердің тағы басқалардың кəсіби одақтарын елемеді. Маркстың теориясында азаматтық қоғам жеке мүддені білдіреді. Азаматтық қоғам материалдық салаға жатады, ал мемлекет болса, қондырманы құрайды. «Еврей мəселесіне» деген еңбегінде Маркс: «Аяқталған саяси мемлекет — өзінің мəні бойынша адамның материалдық өміріне қарама-қарсы болатын оның тектік өмірі. Осындай өзімшіл өмірдің алғышарттары мемлекеттік саладан тыс болатын азаматтық қоғамда өз өмір сүруін жалғастырады. Дамыған саяси мемлекетте адам қос өмірде өмір сүреді, яғни, саяси қауымда қоғамдық жан ретінде жəне азаматтық қоғамда жеке тұлға ретінде əрекет етеді. Азаматтық қоғамда адам шынайы индивид болады. Мемлекетте болса, адам тектік жан ретінде танылып, өзінің шынайы даралығынан айрылған».
Құқықтық мемлекет орнатудың негізгі бағыттары:
мемлекет билікті үш саласының жұмысын жақсарту, əсіресе заңның, нормативтік актілердің сапасын көтеру;
нормативтік актілердің дұрыс пайдалануын, орындалуын қамтамасыз ету, халықтың рухани сана-сезімін, мəдениетін жақсартып, көтеру;
қоғамдағы қатынастарды дұрыс, жақсы реттеу-басқару бағытындағы мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жақсарту;
бостандықты, теңдікті, əділеттілікті, демократияны дамыту;
заңдылықты, құқықтық тəртіпті қатаң сақтау.
Қазіргі заманда құқықтық мемлекет туралы пікір жан-жақты дамып, дүние жүзінің ғалымдары бір тұжырымға келіп, ортақ ғылыми көзқарас қалыптасты деуге болады.
Сонымен, құқықтық мемлекет туралы теорияны қорыта келіп, оның негізгі мазмұны — халықтың, адамдардың егемендігі, олардың табиғи бостандығы мен құқықтары. Ол мемлекетті қалыптастырудың негізгі күші — адам, қалың бұқара. Сондықтан мемлекет пен құқық демократияны дамытып, халықты қоғамның барлық саласын басқаруға қатыстыру қажет. Қазақстанда азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қалыптасу ісіне қазақ ұлтының тарихи ой санасымен саяси мəдениетінің озық үлгілері қызмет етуі шарт. Қазақ этносының тарихи дамуы кезеңдерінде қоғамдық қатынастарды реттеу жəне жетілдіру мақсатында түрлі заңдар үнемі қолданылып отырған. Қазақ этносының түрлі ойшылдары елде заң күшінің орнауы қажеттілігі хақысында пайдалы ойлар мен идеяларды айтқан.
А.Тұрлаев, А.Шəкірова
Abai.kz