Қасымовтың қарамағындағылар қылмыстың ізін жасырумен айналысып жүр
Қазақстан полициясы қауіпсіздікті қорғай ма, әлде қорлай ма? Қылмыспен күресушілердің қылмыскерлерді бүркемелейтіні жайлы жұрт арасында алып-қашпа сөз көп. Сенеміз бе? Әлде Генерал Қасымовтың қарамағындағылар ұры-қарыны «крышавать етеді» деген жұрт сөзін жай бір өсек деп есептейміз бе?
Сауалды осылай төтесінен қойдық. Енді тарқатып айтайық. Айдың күні аманында айна үшін ажалдың арқанына байланған Денистің қазасынан кейін жұрттың полицияға сенімі су сепкендей шайылды. «Қасымызға бір-бір күзетші алып жүреміз бе, қайтеміз» дегенге дейін бардық. Себебі, біздің полиция біздің қауіпсіздігімізді қорғай алмайтынын көрсетті. Айна ұрлығы біздің қоғамның айнасы болды. Қоғамның қоясын ақтарды. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қауқарсыздығы мен қылмыскерлерді қорғайтыны сол кезде айтылды.
Жұрт Ішкі істер министрлігін тапжылмай тұп-тура 7 жыл басқарған Қалмұхамбет Қасымовтың отставкасын талап етті. Өйткені, Қасымовтың министрлігі тұсында ел ішінде қылмыс көбейді.
Қасымов басқаруыныдағы регрессия
Жоғарыдағы жұрттың сөзінің жаны бар. Есімізде. 2013 жыл. ҚР Ішкі істер органдарының мыңнан астам қызметкері қылмысты бүркемелегені және статистиканы бұрмалағаны үшін жазаға тартылған. Статистика дедік қой. Сандар сөйлесін: Қылмысты жасырғаны және қылмысты тіркеуге қатысты басқа да заң бұзушылықтар үшін 1200 қызметкер жауапқа тартылды. Ол кезде де министр Қасымов еді. Жаңағы деректі сол Қасымовтың өзі айтқан.
Қазір 2018 жыл. Пәлендей өзгеріп кеткен дүние жоқ. Баяғы жартас бір жартас. Сөзіміз сұйық шықпас үшін бірлі-жарым дерек келтірейік, әуелі.
Көкшетауда 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы ұсақ қылмыс 9,4 пайыз болған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 33,3 пайызға көбейген.
Қызылордада әскерилер арасындағы қылмыс 80 пайызға артқан. 2018 жылдың дерегі бұл.
Атырауда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2 есеге, Ақтөбеде зорлық көрсету дерегі көбейген. Кісі зорлаудың 38 фактісі тіркелген. Бұл 2017 жылдың дерегі.
Ақтауда кісі өлтіру қылмысы 50%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 73%-ға, зорлау 63,6%-ға, есірткімен байланысты қылмыстар 12,9%-ға өскен.
Еліміз бойынша Жүкті әйелді өлтіру оқиғалары 5 есеге көбейген. Бұл 2017 жылдың дерегі.
Ал мемлекеттік кірістер департаментінің биылғы жылғы дерегі бойынша, ауыр қылмыстар саны 2 есеге артқан. Дәлірек айтсақ, 22 пайыздан 52 пайызға дейін көбейген. Немесе 405 қылмыстық істен 828 іске көбейген. Салық төлеуден жалатыру фактілері бойынша да қылмыстар саны 2 есеге өскен.
Енді Бас прокуратураның дерегі:
Қазақстанда адам өлтіру дерегі көбейген. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, жеке тұлғаларға қатысты қылмыстың осы бір ауыр түрінің саны 18,3%-ға артқан. 2018 жылдың 6 айында 529 қазақстандық әлдекімнің қолынан қаза тапқан. Ал былтыр осы уақыт аралығында 477 адам мерт болыпты. Адам өміріне қастандық жасау дерегі де 61,7%-ға артқан. Егер 2017 жылдың 6 айында 42 адамды өлтіруге әрекет жасалса, биыл бұл көрсеткіш 68-ге жетіп отыр. Өзге өңірлермен салыстырғанда, қылмыстың барлық түрі бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары Алматы, Астана қалаларында және Түркістан, Алматы облыстарында жиі жүргізілген екен.
Жұрттың полицияға сенбеуіне не себеп?
2015 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 100 мың адамға 600 полиция қызметкері бар екен. Бұл Қасымовтың дерегі. Ал дербес басылым «Форбс Қазақстанның» 2014 жылғы дерегі бойынша 100 мың адамға 32,2 прокуратура қызметкері, 12,8 сот, 608,8 полиция қызметкері, 488,2 әскери қызметкер, 35,3 шекарашы және 52,1 салық қызметкері тіркелген. Осыған қарасаңыз, Қазақстан азаматтары әлемдегі ең қауіпсіз адам боулы керек-ті. Себебі, БҰҰ зертеуі бойынша әлемнің басқа елдерінде 100 мың адамға 300 полицейден тіркелген.
Кез келген мемлекетте құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың мүддесі үшін қызмет етеді. Заң бойынша солай болуы тиіс. Әлбетте, бес саусақтың бірдей еместігін ескерсек, олардың арасында ала да бар, құла да. Бірақ жағымсыз жайт пен заң бұзушылық жаппай етек ала бастаса, қоғамның халі мүшкіл. Бүгінде қоғамдағы полиция, сот пен прокуратураға деген сенімсіздікті жоққа шығара алмаймыз. ҚР Конституциясында тайға таңба басқандай көрсетілген талаптар мен баптарды өздері бұзатын құқық қорғаушылар кездеседі.
Осындай заңсыздықтардан қаншама адам зардап шегiп жатыр? Құқық қорғау органдарының ешбiрiнен әдiлет таппай, тәуелсiз басылымдардың есiгiн қағып жүрген халық қаншама? Қазақстандағы полицейлер параға қызықпайды, әдiл жұмыс iстейдi деп кiм айта алады? Қ.Қасымов айта ала ма?
Ержан мен Ерланның мәселесі
Жә, әңгімеміздің төркініне оралайық. Кеше біздің редакциямызға екі жігіт келді. Қазақстан азаматтары. «Полиция қол қусырып, қарап отыр. Қылмыскерлер бостандықта тайраңдап жүр» деп арыздарын айтты. Араша сұрады. Біз сөз бердік.
Жігіттер айдың күні аманында көліктерін «ұрлатыпты». Ұрлатты дегенге келмес, ұрда-жықтыққа салып, тартып әкеткен екен. Жігіттердің айтуынша, қоқан-лоқы көрсетіпті.
Арызданып келген жігіттердің есім-сойлары Ержан Апан мен Ерлан Бекмырза. Көліктің иесі - Ержан Айпан. Сенімхат бойынша көлікті Ерлан Бекмырзаға берген. Салоннан сатып алған. Су-жаға автокөлікті Ерланның жүргізушісі қолды қылған көрінеді. Әрі қарай, істің қалай болғанын жігіттердің өздері егжей-тегжейлі баяндап берді.
«Полиция қимылсыз отыр. Ал қылмыскерлер бостандықта жүр»
Ержан Айпан, Ақмола облысының тұрғыны:
- Менің есімім Ержан. 1986 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туғанмын. Қазір Ақмола облысында, Шортанды ауданы, Нова-Кубанка ауылында тұрамын.
2017 жылы шілде айында, досым Ерлан Бекмырзаға көлік алып бердім. Біз Ерлан екеуіміз бала кезден бірге келе жатқан жақын достармыз. Ерлан кәсіп бастауға менен көмек сұраған соң, «Форд Мондео» деген көлікті салоннан сатып алдық. Құны 7 миллион 700 мың теңге болды. Ол көлікті, былтыр 1-шілдеде Атыраудан алдық.
Көлік менің атыма тіркелген. Ерланға сақтандыру полюсі арқылы көлікті жүргізуге рұқсат беретін сенімхат жасадық. Сөйтіп, Ерлан Атыраудан Алматыға көлікті мініп кеткен еді.
Ерланның Усиева Алмагүл деген танысы болды. Сауда жасап жүргенде танысқан екен. Сол кісіге қарыз болып қалыпты. Қарызын өз уағында қайтара алмаған. Онысы шамамен 600 мың теңгедей екен.
Сөйтіп жүргенде Алмагүл Ерланға айтып жүріп, күйеуін жұмысқа алуын өтінеді. Күйеуі Нариман деген кісі. Ерлан маған хабарласты. Алмагүлдің күйеуі Нариман дегенді жүргізушілікке жұмысқа алатынын айтып, көлік жүргізуге сенімхат жазып беруімді сұрады. Сенімхат бердік. Ерлан екеуі әлгі көлікті ауысып мініп жүрді. Ерлан күндіз, Нариман түнде жүргізеді екен.
2017 жылдың 6-тамызы, түнгі уақытта Нариман, Алмагүл және Қуаныш үшінші адам бар, Ерланның үйіне келіп, қарыздың ақысына көлікті тартып алмақ болады.
Алып кеткенде де қоқан-лоқы жасап, «атып кетеміз, өлтіріп кетеміз» деген сөздерді айтып, ешкімге айтпауын талап етеді.
Сөйтіп, Алматының ГРЭС деген жерінен менің көлігімді тіркеуден шығарады. Қуаныш деген жігіт менің қолымда жасап, жалған құжат әзірлеген. Оны нотариустан бекітіп алады. Ақырында 26-тамыз күні Талғардың Бесағаш деген жерінен көлікті қайта есепке тұрғызады. Ол кезде көлікті Алмагүлдің атына аударып жібереді.
Былтыр Алматы қаласы, Бостандық аудандық АІІБ тексеріп бергені бойынша, көлік тамыздың 6-күні тартып алынған. 26-тамыз күні қайта есепке тіркелген.
Осы екі арада Ерлан Алмагүлге хабарласып, мәселені өзара шешпек болған. Алайда Олар сөзге келмей қойған.
Біз 2017 жылдың 28-қыркүйегінде Алматы қаласы Бостандық ауданының АІІБ-не арыз түсірдік. Арызымызды тіркеді. Бізге арызымыз тіркелгені туралы талон берді. Ертесі күні бізді шақырып, сұрақ-жауап алынды.
Тергеу басталды. Нариманды кінәсіз деп таныды. Өйткені, оған сенімхатты өзіміз берген едік. Ол бойынша Нариманның көлікті айдап әкеткені заң бұзушылық емес екен. Нариманды үйіне жіберді. Ал Қуаныш пен Алмагүлді тергеу изоляторына алып қалды. Тергеу жұмыстары болды. Арасында бізді де шақырып тұрды. Күні-түні тергеу жасалды. Тергеу 5 күнге жалғасты.
Барлық жағдай сол жерде айтып бердік. Кейін олар адвокат жалдады. Кепілмен шығып кеткенін білемін. Менің қолтаңбамның нұсқаларын алды.
Бостандық аудандық Ішкі істер бөлімінен бір сұрағанымда: «істі сотқа жібергелі жатырмыз» деген. Кейін бір сұрағанымда: «нотариусты тексеріп жатырмыз» деді. Тағы бір сұрағанымда: «бүкіл құжатарды жинадық, енді прокуратураға жібердік» деген. Тергеуші Ерсұлтан деген кісі еді. Сол Бостандық аудандық ІІБ-де тергеуші екен.
Басында Алмагүлдер өздерінің қылмысы әшкере болатынын біліп, Ерланды да өздерімен бірге әкетпек болды ғой. Бірақ, Ерлан өзін ақтап алды, ол жерде.
Қазір міне, сол істі тек сотқа жіберу ғана қалды ғой. Бірақ, әлі күнге қимыл жоқ. Әлгілер ұсталғанда көлікті АІІБ-не әкеп тапсырған. Көлік 5 айдай АІІБ территориясында тұрды. Қазір айыптұрағына жіберген екен. Мен қазір көліктің нақты қай айыптұрағында тұрғанын да білмеймін. Маған ешкім айтқан жоқ.
Бүгін барып жолыққанымда АІІБ маған: "олармен өздерің келісіп көрсеңдерші" дегенді айтты. Бұл қалай сонда?
Менде ол азаматтардың өз кінәларын мойындаған бейнежазбасына дейін бар. Маған келіп, арызымды қайтып алу үшін ақша ұсынды. Көлікті қайтарып беріп, үстіне тағы ақша қосып бермек те болды.
Ал енді міне, полицияға арыз бергенімізге 10 айдан асып барады. Не олардың үстілерінен қылмыстық іс қозғалмаған. Сонда полиция қылмыскерлерді жасырып отыр ма, жоқ әлде жұмыстарына жүрдім-бардым қарай ма? Полиция қимылсыз отыр. Ал қылмыскерлер бостандықта жүр. Бұл елде Заң бар ма? Өз кінәсін мойындаған адамдар неге жауапқа тартылмайды?
«Астанада КНБ-да біздің жақсы танысымыз бар. Сені бір оқпен-ақ, жоқ етеміз» деді.
Ерлан Бекмырза, Алматы қаласының тұрғыны:
- Менің есімім Ерлан. 1987 жылы ҚХР-да туғанмын. 2007 жылы Қазақстанға көшіп келдік. 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алдым. Қазір Алматы қаласында тұрамын.
2017 жылы Қалимолданов Нариман деген кісіні өзімнің көмекшім, яғни шопырым ретінде жұмысқа алған едім. Сөйтіп, көлік жүргізуге сенімхат берген едік. Машина Ержанның атында тіркелген. Менің айтуым бойынша, Ержан Нариманға сенімхат берді. Сөйтіп, мөлшермен 20 күндей ол менің жүргізушім болды.
Арамыздағы келіспеушіліктерге байланысты бір күні жаңағы Нариман бар, оның әйелі бар, сосын Қоңырбаев Қуаныш деген Жаркенттің кісісі бар, менің үйіме келді. Нариманның әйелінің аты – Алмагүл Усиева деген келіншек.
Олар менің үйіме түнгі 22:00 мөлшерінде келіп, маған қоқан-лоқы жасап, менің рұқсатымсыз көлікті тартып әкетті. Бұл оқиға 2017 жылдың 6-тамызы күні болды. Содан мен бұлармен келісім жасауға тырыстым. Мені тыңдаған жоқ.
Менің бірден полицияға арызданбағанымның да себебі бар. Қорықтым. Өйткені бұлар мені «өлтіріп кетеміз» деп қорқытты. «Астанада КНБ-да біздің жақсы танысымыз бар. Сені бір оқпен-ақ, жоқ етеміз» деді. Бұл сол көлікті тартып әкететін түні айтылды.
Арада қарбалас жұмыстар болды. Ержанның да қолы босаған жоқ. Ал қыркүйек айында Ержан Алматыға келіп, полицияға арыз жаздық.
Сөйтсек, 2017 жылдың 26-тамызы күні көлікті басқа біреудің, жаңағы Нариманның әйелі Алмагүлдің атына аударып жіберіпті. Ол былай болған.
Сенімхат Нариманға берілген. Ал Қоңынбаев Қуаныш деген Ержанның қолын жасап, өзі қойған.Содан кейін нотариус арқылы көлікті Алмагүлдің атына аударған. Ал ол кезде Ержан Арытауда болған. Кейін Алмагүл өзінің күйеуі Нариманға қайтадан сенімхат беріп, көлікті Нариман жүргізіп жүрген. ГРЭС жақтағы ГАИ-ға апарып тіркеткен.
Полицияға 2017 жылдың 28-қыркүйекте арыз бердік. Полиция бастапқыда бізді қолдап, істі аяғына дейін жеткізуімізге кеңес берген. Кейін бұл ойларынан айнып қалса керек, істің аяғы саябырсып қалды. Бұл бойынша ешкім қамалған да жоқ. Көп болса 24 сағат изоляторда отырған шығар. Онда да Алмагүл Усаева мен Қоңырбаев Қуаныш қана ұсталған.
Тергеу ұзақ болды. Біз өзімізге қатысты барлық жауапты бердік. Содан бері міне, 10 ай болды. Не қылмыстық іс қозғалған жоқ. Не сот болған жоқ. Қазір әлгі күдіктілер қайда екенін де білмейміз.
Айтпақшы, көліктің өз атына аударғаннан кейін, Алмагүл ол көлікті Алматыдағы Төле би көшесінің бойында орналасқан «Тас Ломбард» деген жерге кепілге қойып, несиеге 3 миллион алған екен.
Бізді уайымдатып отырған мәселе – полиция неге бір шара қолданбай отыр? Күдікті деген адамдар қазір бостандықта жүр. Кеше барғанымызда: «оларды көріп тұрасыңдар ма?» деп бізден сұрап отыр. Неге қылмыскерлер жауапқа тартылмайды? Полиция оларды неге жібере салды? Осының барлығы бізді небір күдікті ойларға жетелейді. Біздің бір ғана қалауымыз бар. Ол қылмыскерлер жауапқа тартылсын. Көлігімізді қайтарып алсақ болды.
Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Көлікті ұрлау, тартып алу, қоқан-лоқы көрсету, заңсыз құжат жасау, ұйымдасқан қылтыстық топ құру т.б. Полиция осының барлығына көз жұмып отырғаны қалай?
Түйін.
«Abai.kz» ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Аталған мақалада аты аталған азаматтардың да айтар уәжі болса, біз жариялауға әзірміз.
Әзірге жоғарыдағы Ержан Айпан мен Ерлан Бекмырзаның арызы негізінде жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесінде қылмыстық іс қозғалмағанын білдік.
Бұған жауапты Алматы қаласы, Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасының басшысы мен оның қарамағындағы қызметкерлердің аталған мәселеге қатысты жауаптарын жариялайтын боламыз. «Abai.kz» ақпараттық порталы бұл істі бақылауда ұстайтын болады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz