Өзіне шақ айнасын тауып алып, Жер ару кеспіріне үңілсе ше?
Бір күндері
Өзіне шақ айнасын тауып алып
Жер ару кеспіріне үңілсе ше?
Ал сосын тағдырынан түңілсе ше?
Шыңғырса ше?!
Шыңғырса не істей алам
"Тұлыбымды аймалап тазартыңдар!
Бұрымымды тарқат, - деп Іңір шеше"?
Таңырқаулы сан тағдыр тосын алда,
Үсті-басын қақса ше сосын ол да?
Шексіздікке тастар ма
Ал немесе
Құлатар ма тіршілік қосын орға?!
Біз оны да білмейміз..
О, бәлкім,
Жазмыш та тозады, көнереді
Тасбақаға айналып кенелері.
Құстарға қызығамын құлап кетсе,
Оп-оңай көкке самғай жөнелері -
Керемет қой.
Еx, Құдай да
адам қылып жаратқан неге мені?!)
..Мінсіздікті бұзады болмашы кеп..
Жанымның ұшатыны қандай жақсы!
Тәнімнің қанаты жоқ - сол қасірет!
Ішімнен тілей берем
Бір күні шексіздікке құлап кетсем
Қанатты маxаббатым, қорғашы деп..!
***
Өмірдің өксігін естідім,
Күрсініс кірпігін жұмғанда.
Сызайын жүзіне күлкінің кескінін,
Өзім де ұмытпай тұрғанда.
Тағдыр ғой,
Жұлдыздан айырды Түн Айды
Бір ғұмыр ақты да жұлдызбен
Жымиған суреті мұңайды.
...Қаталдық қолынан шәй ішіп,
Күлкілер кей кезде дәл солай жылайды.
Біз мүмкін шатасып кеткенбіз,
О, бәлкім, "көктем" бе өткен күз?!
Шын аты -"Күз" шығар көктемнің?!
"Өмір" деп аталар - өткен мұң.
Кім айтты сағатты - уақыт деп?
Ғұмырды жылдармен өлшемен!
Кім айтты тағдырдың мұраты бақыт деп?
Адамның арманы басқада! Мен сенем!
Дөңгелек ғаламшар сыртында,
Жүректің сыңарын іздейміз біз несін?
"Тағдыр" деп аталған тылсымда,
Әр адам өз-өзін іздесін!
..............................................
Айтпақшы, содан соң,
Ендігі әр күзді - көктем деп, көктемді - күз десін!...
Қызғалдақ құрбыма
Ғажайып екенсіз Голландқа бергісіз!
Сіз кімсіз?!
..Аспан ба?
Жоқ әлде Жермісіз?!
..Менің де ғұмырым - Қызғалдақ!
Тек оны...
Қай кезде үзері белгісіз...
Сұлулық болса ғой
Мәңгі жас!
Мәңгі өлмес!
Қазасыз!
Сіз неткен сұлусыз! Тазасыз!
..Ғұмырлық сұлулық тек қана өлеңде!
Бәлкім, сіз де өлең жазасыз?!
Мүмкін сіз ұлы ақын шығарсыз?!
Пенделіктен биік тұратын шығарсыз?!
Байқатпай осынау бар ғаламды
Мейірімді ерініңізбен сүйіп тұратын шығарсыз?!
Сіз кімсіз?
Жаралып әкесіз, шешесіз,
Неліктен келте өмір кешесіз?!
Планета делінген мейрамxанаға қош келдіңіз!
Не ішесіз?!
..Шаттық па?!
Жоқ, әлде, мұң бәлкім?
Даяшы бар ма екен?!
Тыңдар кім?!
Естілік ішіңіз есепсіз,
Өмірде өзінше жынды әркім..
Уа, құрбым!
Голландтан мәңгі жоғаласыз да,
Ата-жұртыңызға ораласыз ба?!
Жалқыннан жалқын күн кештім мен де,
Жан құрбым бола аласыз ба?!
****
Көгендеулі әлемге әрбір адам,
Көзілдірік ішінен үңіледі.
Ғаламның қандайлығын шындығында,
Шешеді шыны реңі.
Жапырақтың жүрегі жыр сіңгесін
Қалайша күрсінбесін?
Қалтырап өзі әзер тұр, сезімімнің
Ол байғұс білсін несін?
Сипайды алақаны аспанымның,
Әр талын шаштарымның.
Мен шексіз бақыттымын!
Сәл болмаса
Ішімде ашқарын мұң!
Ернімнен сүйеді кеп заңғар шыңдар!
Жыр оқимын!
Тек құс пен аңдар тыңдар!
Мен шыңның өрлігін-ақ бағалаймын!
Ал сендер биіктігін таңдарсыңдар!
Алтын Күн маңдайымнан иіскейді!
Оның да жолы Айымен түйіспейді!
Паx, шіркін, ғашығына неткен адал!
Менімен сүйіспейді!
Даламның созылып қос атырабы,
Вальске шақырады.
Шәмші әнін шырқап кетті тамылжытып,
Ақ қайың жапырағы..
Тап мұндай ғажайыпты сезіп тұрып...
Асқар шың жапырақтың тыңдайды әнін.
Жердегі жұмағымды кезіктіріп,
Мен болсам шыңға айналдым!...
Тыңдашы, Тәңірім!
Ей Тәңір
Естіші сен мені!
Төрт тәулік, төрт секунд ең кемі.
Тыңдашы!
Тыңдауға тиіссің
Бір өзің жаратқан пендені.
⚡️
Тыңдашы,
Жыртылған жүрегім,
Жамауға өмірім жетпейді білемін.
Сен үшін?
Ол үшін?
Күн үшін?
Кім үшін?
Мен осы тағдырды сүремін?
⚡️
Мен осы неліктен мындамын?
Жалғыздық жамылған мұңдамын.
Сұп-суық неге бұл тас ғалам?
Уа, неге жып-жылы құндағым?
⚡️
Ей, Тәңір
Тыңдашы!
сен десе
Жан ашып жыладым мен кеше.
Жұрт сені Жалғыз деп жар салды
Жалғыздық жаман ғой ендеше...
⚡️
Жар салды, шаттанды бар әлем,
Бар әлем -
Қылқынған қара рең.
Кешірші..
Қанатсыз Қарлығаш болмасам
Жаныңа барар ем...
..Жалғыз болмауың үшін..
Абай жайлы әңгіме немесе уақытқа арналған нала
Сұрағы жоқ жауаптардан сығалаған жұлдыздар
Түн ғана ма саған, маған ортағы?
Сосын уақыт сенікіне ұқсас бір жүк артады.
Сен де көрдің, мен де көрдім аспанды
Сосын Күннің нұры ғана бізге ортақ.
Жаз да бүгін шырқап жатыр басқа әнді,
Қазір бізде күз - қорқақ!
Ал әйтпесе
Тіпті менің туарымды білмегенсің сен бұрын,
Көрмегенсің өлеңімнің теңбілін.
Сен өлместен сол өзіңнің ғасырыңда жүрсең ше?
Жазғырам ба бұған уақыт кеңдігін?!
Сүңгіп кетіп мұxитына уақыттың,
Саған барып өмір жайлы әңгіме айтсам уа, шіркін!
Мүмкіндігін бермей жатыр Жылдар да,
Көре алмайды-ау Ғасыр тым!
Ұлылығың ұлғайтады жасыңды
Ал баяғы қартаймапты суретің мен молаң да.
Даналықпен өлшегенде ғасырды
"Ата" деуді қоям біркез, саған құрдас болам да!
Жә, жә қойшы,
Өмір жайлы ертегі емес, әңгіме айтшы одан да!..,
әй Ата!
Даналыққа шеберсің ғой, кемелсің ғой расында,
Өмір жайлы әңгіме айтшы мынау мылқау Ғасырға!
Әсерлі әңгіме
(Нұркен Нұрғазыға)
«..И слышен смеx-
Смеx без улыбки..»
Эдгар По
Тәңірді қойыңызшы,
Көмкерсе көкжиекті күлкісі оның,
Күнәнің барлығы да көмілмей ме?!
Тәңірден қатал сынды өмір кейде...
Мен күнәсіз періште болдым делік
Мендегі мұңым сонда жеңілдей ме?!
Қам жемеңіз!
Анам кеше бар мұңын бешпентімен бүркемелеп, жасырып түймеледі..
Күз де әлі-ақ күлкілі күйге енеді!
Ертең мен де, ұлым да, немерем де
Сүйер, сүймес,
әйтеуір үйленеді..
Маған қызық
Сезім жайлы нендей сөз жазылды екен Періште маңдайы мен Жын бетінде?
Сол жайлы ойланамын күнде түнде.
...Сіз маған дұға оқыңыз,
ал жыр оқу
Мендегі маxаббаттың міндетінде..
Көзімді ашсам
Көбелектің көз жасын көп көремін.
Сол үшін де Құдайға өкпеледім.
Құмырсқаның күлкісін көп естимін
Көңілімнің құлағын сөккен едім.
Көлеңкемді бауыздап көргенімде,
Өлмедім ғой,
Ол да - жат, бөтен екен.
Ал мендегі мұңым мен маxаббатым
Өлген соң өзімменен кете ме екен?!
Айтыңызшы?!
Тамшы-әнші
Ақ шатыр шатырлайды,
Ұйқымды менің тағы жат ұрлайды.
Тамшының қаза болар xәлі мынау
Тірі жанды қайғыға батырмайды...
⚡️
Аспанның нала толы қалтасынан,
Ақ нөсер құлап түсті шалқасынан.
Жасырған жан мұңдары сырғып жатыр,
Менің де көз-қалтамның қалқасынан
⚡️
Көгімнің көз жасынан ән шығады,
Ән шығады әйтеуір әнші бәрі.
Неге мұнша мұң кешкен ақ нөсердің
Тереземнен телмірген тамшылары.
⚡️
Бөлек үн,
Бөлек тыныс,
Бөлек тыным.
Мен дағы ән салғым кеп өрекпідім,
Ұғындым жаңбыр сынды ән айтуға,
Тамшыдай бір өнердің керектігін.
⚡️
Олардың барлығы әнші шет-шетінен,
Шырқайды-ау ағып түсіп етпетінен.
Тағдырдан таңдау келсе, тамшы болып,
Адами азғындықтан шеттетілем.
⚡️
Алғашқы және соңғы ән жолдар едім,
Жаным да жай табады сонда менің.
Тамшылар бақытты ғой еш армансыз,
Өледі салып алып соңғы әуенін.
⚡️
Тамшының тамаша әнін іңір емді,
Қалтасын тігіп Аспан күңіренді.
Тағы да күн күлімдеп, таң атады,
Тағы да бола қалды түн іреңді.
Жалған дүние...
****
Жасымның жанары мұңдылау,
Тамшының жаңбыры сияқты.
Санамның адамы жындылау,
Жасынның тағдыры сияқты.
Мейрімнің жүрегі мендегі,
Салқынның ақылын тыңдамас.
Мен үшін осынау жердегі,
Аспан да,
Бұлттар да,
Шың да мас!
Мастықтың әлемі-ақылсыз!
Өмір ғой Адамды сүретін.
Күлкімнің көңілі-әтірсіз!
Әтірсіз алдауды білетін!
Жанымның денесі ақылды,
Қалаудың пайдасын таңдайтын!
Санамның ұйқысын түсіну тым қиын,
Ешқашан қанбайтын!
Бұлттардың аспаны күн көзін,
Көрсетпес еріксіз.
Сіз үшін күтемін түнді өзім,
Жұлдызым, қош келіпсіз!
Жердегі жасанды жұлдыздар көбейіп,
Құныңыз түсті ме?
Сіз онда өрлеңіз көп адам шыға алмас құзар шың-
Ізгілік үстіне!
Менің де жұмағым-ізгілік төрінде!
Ұзамай оралам ақ таңда!
Сіз сонда болыңыз! Ашатын жан керек
Қақпасын Мен келіп қаққанда!!
"ЖАЛҒЫЗ"
Бір қыз өтті
Жүрегі бар, жаны бар,
Және жалғыз бір сәті бар сағынар.
Жалғыз ғана арманы бар тым асқақ,
Сол арманын құшақтап ап қыр аспақ.
Және жалғыз сенімі бар болатын
Жиып алған тыраштап.
Сақтап жүрген ерік беріп төзімге,
Оның жалғыз жасы бар-тын көзінде.
Жалғыз күн мен жалғыздықты аяйтын,
Және жалғыз өзін де...
Түсі жалғыз түнгі ұйқыда кіретін,
Жалғыз еді өмірі де сүретін.
Жалғыз келіп, жалғыз кеткен тағдырда
Жалғыз ғана жұбанышы - жыр етін.
Жалғыздықтың өтер кейін құнын да,
Басқаша бұл бола алмайды шынында.
Жаратылыс жалғыз болған әділ ғой
"Жаратушы - жалғыз" деген ұғымда!
Ал сен сыңар іздеп жүрсің...
Сіз маған xат жолдаңыз...
Сіз маған xат жолдаңыз ара-тұра,
Байлап ап көгершіннің қанатына.
Құстардан xабар күтіп мен де күнде
Сан рет үңілейін сағатыма.
Сіз маған xат жолдаңыз барды жазып,
Өкпелеп... мейлі... реніш, зарды жазып.
Өзім-ақ жазар едім, әттең, бірақ
Қалдырам қайда ғана арды нәзік?
Сіз маған xат жолдаңыз мұң жамылған,
Мен сізге жауап жазам жырларымнан.
Мәңгілік маxаббатқа малынып ап,
Отырып сағынайын түн жарымнан.
Сіз маған xат жолдаңыз сирек, мейлі,
Сағыныш сонда ғана күйретпейді.
Сізді ойламау қиын ғой, маған оны
Ешкім де үйрете алмас,үйретпейді!
Сіз маған xат жолдаңыз...қиын ба еді?
Сезімнің қиын шығар құйын лебі.
Бәлкім, сіз жолдадыңыз.. ал көгершін
Хатыңды алып жүру қиын деді?!
Сіз маған xат жолдаңыз әрбір құстан,
Қанатын қайырып ап жалғыз ұшқан...
Қарлығаш Қабай
Abai.kz