Алматыдағы Орталық саябақ қалай өзгеруде
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы жөндеу жұмыстарының қарқынын тексерді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат Алматы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Алматыда жалпы қаланы реконструкциялауға билік тарапынан қолдау көрсету аясында саябақтың басқарушы компаниясы жаңа су бұрқақатар мен спорт алаңдарын салуда. Жеке қаржыдан барлығы 1,6 млрд. теңге инвестиция ретінде жұмсалуда.
Қазіргі кезде Орталық мәдениет және демалыс саябағы айналасына жаңадан 182 жарық діңгектері орнатылған, троутарларға кеспе тастар төселіп, жасыл аймақ кеңейтілген.
Саябақ аумағы бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінген. Саябақ орталығында бұрын автокөлік тұрағы болған еді, қазір мұнда скейтодром мен роллердром, стрит-воркаут, теннис корты, баскетбол және балалар алаңдары жұмыс жасуда.
Бұрынан бар фонтандарды қалпына келтіру және жаңасын салу жұмыстарына ерекше назар аударылған. Мысалы, 10 жылдан астам бойы текке тұрған су бұрқақты қалпына келтіру жұмыстары аяқталып қалды. Жазғы сахнаның шығыс жағына европалық қондырғыларды қолдана отырып құрғақ фонтан салынуда.
Барлық негізгі жұмыстар биылғы жылдың қазан айына дейін аяқталады. Бұлардан өзге, басқарушы компания жаңа және замануи аттракциондарды сатып алады.
Айта кетерлігі, Алматыда қаланың тарихи орталығын реконструкциялау одан әрі жалғасуда.
Өткен жылы қала билігі Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Төлебаев, Байсейітова көшелері мен «Астана» алаңын қайта жаңығртқан болатын.
Ал биыл Абай, Абылай хан, Достық, Назарбаев, Желтоқсан даңғылдары, «Алматы 2» теміржол вокзалының айналасы және Республика Сарайы алдындағы алаң жөнделуде.
Қалада ұзындығы 500 км болатын 524 көше жөнделді. Барлығы 3787 Алматы аулаларының 1400 –і абаттандырылды. 800 км инженерлік желілер жөнделді және салынды. Қалада 300 км арық желісі жаңарды. Қаланың барлық өтпелі жолдары толық жөндеуден өтті.
Abai.kz