Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 11348 20 пікір 10 Қыркүйек, 2018 сағат 09:50

Дос Көшім. Ерейментаудағы жағдай тіларалық кикілжің туғызуы мүмкін

Ерейментаулықтар 15-16 қыркүйекте аудандарының құрылғандарына 90 жыл толғанын атап өтпекші. Осы тойға тартудың «көкесін» облыстың әкімі алдын-ала беріп қойғанға ұқсайды - қазақтілді ауданның әкімдік қызметіне қазақ тілінен мақрұм жанды тағайындапты.

Ауданның атқамінер азаматтары әлі естерін жинай алмай отыр. Ұялған тек тұрмас дегендей, орыстілді жаңа әкім мен орыс тілін білмейтін ауыл әкімінің арасында болған әңгімені анекдотқа айналдырып, бізге де айтып берді. Не күлерімді не жыларымды білмей мен тұрмын.

Өкінішке орай, бұл – етіміз үйреніп кеткен, қалыпты оқиға сияқты. Мемлекеттің тілін білмейтін мыңдаған басшылар арқаларын кеңге салып, қызметтерін атқарып, жайбарақат жүріп жатыр. Өз мемлекетінің тілін білмейтін Парламент депутаттары, сенаторлар бар, тілдерін шайнап сөйлейтін министрлер мен әкімдер де жетерлік. «Архитолерентты» мемлекеттің «архитолерантты» («намыссыз» деген сөздің баламасы деп түсініңіздер) қазақтілді азаматтарының бір бөлігі бұл жағдайға мән бермеуге тырысып, орысшаға бас шұлғудан жазбаса («бастығың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген ұстаным), тағы біреулері ертеңгі күні мен қызметін ойлап іштен тынып жүр. Құдайға шүкір, қазақтілді азаматтардың басым көпшілігі қостілді жандар, оларға орыс тілін түсіну қыйындық келтірмейді. Ал «менімен қарым-қатынас жасау үшін сендер менің тілімді үйреніп алыңдар, ал мен сендердің тілдеріңді үйреніп әуре болмаймын» дейтіндер, осыны жақсы пайдалануда.

Алайда, бұрынғы Кеңес Одағында болған елдердің де, Қазақ елінің де тілдік жағдайы жыл өткен сайын өзгеріп келеді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, өзбек азаматтарының 60 пайызы, тәжіктердің 67 пайызы орыс тілін мүлдем білмейді екен. Қырғыз ағайындардың да тең жартысы орыс тілін «қақпайды». Ал грузиндердің ішінде орыс тілін білетіндердің соңғылары - 90-жылдары әскерге барған жандар... Балтық жағалауындағы елдерді айтпай-ақ қоялық. Ал қазақ азаматтарының ішіндегі орыс тілін білмейтіндер - 18 пайыз. Сондықтан, менің ойымша, Ерейментаудағы оқиға – әлі алдымыздан шығатын, бүгіннен бастап нақты шешімін таппаса, тіларалық кикілжіңге алып келетін төтенше жағдай. Бүгінгі қоғамның тұрақтылығын сақтап отырған қостілді қазақ қауымы біртілділікке ауысқан уақытта  (бұл – табиғи заңдылық, оны тоқтатудың жалғыз жолы – қазақ тілінің орнына орыс тіліне мемлекеттік статус беру), екі тілдік топтың өзара түсінісуі – қоғамдық-әлеуметтік проблемаға айналады. Естуімше, Ерейментау ауданындағы екі ауылдың әкімі – кезінде оралман атағын алған, «ана тілімде еркін сөйлеп, өмір сүрсем екен!» деп еліне келген азамат. Олар орыс тілін білмейді және білуге де міндетті емес. Әңгіме екі әкімде де емес, сол жерде өмір сүріп отырған барлық қазақтілді азаматтарда, олардың өзінің ана тілінде (және мемлекеттің тілінде) сөйлеу құқығында болып отыр. (Менімен пікірлескен азаматардан «енді не істейміз, орыс тілін үйренеміз бе...» деген сияқты сөздерді де естіп қалдым).

Бұл, өкінішке орай, - бүгінгі биліктің болмысы. Қазақтілді ауданға қазақ тілін білмейтін әкімді тағайындаған басшы – не мемлекеттің саясаттан ешқандай хабары жоқ адам, немесе ашықтан-ашық қазақ халқына қарсы арандату жасап отыр. Менің басқа берер бағам жоқ. Ең қорқыныштысы - Облыстық мәслихаттың, мемлекеттің басқа да бақылау органдарының үнсіз отырғаны...

Ал Ерейментаулықтардың алдында екі ғана жол тұр: бірі - өздерінің ана тілдерінде сөйлеп, ана тілдерінде жазуды жалғастыру да, екіншісі – шеге тауып алып, бірінің көздерін бірі шығару («бастығың соқыр болса...»).

Айтпақшы, Ерейментаудың кіреберісінде Бөгенбай батырдың ескерткіші тұр. Ерейметау – барша қазақтың құрмет тұтатын, жаудан беті қайтпаған Бөгенбай батырдың елі.

Дос Көшім, қоғам қайраткері

Abai.kz

 

 

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318