Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6856 0 пікір 14 Қыркүйек, 2018 сағат 10:42

Зайырлы қоғамдағы діннің алатын орны

Қазақстан – көп дінді мемлекет. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан аумағында жұмыс істейтін діни қауымдастықтардың саны жеті жүзден төрт жарым мыңға дейін өсті», — деді. Елімізде дінді танып білуге талпыныс өсті, дін рухани өміріміздің негізіне айналып келеді.

2009 жылғы халық санағы бойынша Қазақстан халқының 70,2%-ы мұсылмандар, 26,3%-ы христиандар,  0,1%-ы буддистер,  2,8%-ы ешқандай дінге сенбейтіндер, 0,5%-ы жауап беруден бас тартқан. Әдетте түркі тілді халықтарды мұсылман дініне ойланбай жатқызады. Бірақ халық санағы көрсеткендей, қазақтардың 0,4%-ы (39172 адам) христиан дініне,  1923 адам иудаизмге, 749 адам буддизмге, 1612 адам басқа діндерге өткен. 98 511 қазақ ешқандай дінде жоқ.  26 085 адам жауап бермеген. Сонымен бірге өзбектердің  0,4%-ы, ұйғырлардың – 0,5%-ы, татарлардың – 10,2%, түріктердің – 0,3%,  әзербайжандардың – 2,5%-ы, қырғыздардың – 0,9%-ы христиандар. Сондай-ақ орыстардың – 1,4%, украиндықтардың – 0,9%, немістердің – 1,6%, кәрістердің – 5,2%, белорустардың – 0,8%, поляктардың – 0,7%, басқа ұсақ этникалық топтардың – 34,7% исламды қабылдаған. Қазақстандықтардың дін таңдауына, сөз жоқ, аралас некенің де ықпалы бар. Тағы бір назар аударарлық мәселе бар: украиндықтардың  7,3%, немістердің  – 14%, кәрістердің 28,5%, белорустардың 7,8% — ешқандай дінде жоқ. Кәрістер әртүрлі дінге бөлінуде: 5,2%-ы — мұсылмандар, 49,4%-ы — христиандар, негізінен протестанттар, 11,4%-ы — буддистер,  0,2%-ы иудаизмді қабылдаған.  Тарихи отанынан жырақтағылар ана тілінен айырылып орыстанған, аралас некеде тұратындар дініне, дәстүріне бейжай қарайды.

Сонымен бірге дінге оралу барлық бұрынғы социалистік елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, зайырлы мемлекеттегі діннің орны, дін мен мемлекет қарым-қатынастары  туралы  мәселелер төңірегінде пікірталастар туғызады. Басқа елдердегі діни ахуал, сондай-ақ еліміздегі «жаңа діни» козғалыстардың мемлекетіміздің әлеуметтік-психологиялық өміріне ықпалы да бүгін өткір мәселеге айналып отыр.

Осы және басқа жағдайлар әр түрлі ой туғызып, көпшілікке түрліше пікір тастауда. Бірақ бұл салада ешкім де мен  жүйелі, айқын ақиқат пікір айтамын демес. Дегенмен, дінтану ғылымы, сонымен қатар  өмірде көптеген елдер біраз тәжірибе де жинады, бұл мәселеде автордың өз пікірлері мен көрген-білгені де бар, солармен оқырмандармен бөліскенді жөн көрді. Әңгімені діннің зайырлы қоғамдағы орнынан бастайық.

Зайырлы мемлекет — атеистік емес

Зайырлы қоғамдағы діннің алатын орны қандай? Діни бірлестіктер қандай қызмет атқарып жатыр және олар әлеуметтік, рухани  мәселелерді шешуге ықпал ете ала ма? Діндердің өмірге араласуының өлшемі, шегі қандай дәрежеде болуы керек? Сондай-ақ мемлекеттің де діндер ісіне араласуының жай-жапсары қандай?  Неге рұқсат, нені тиімсіз деп қарауымыз керек деген сияқты сауалдар  бүгін Қазақстан азаматтарын, сондай-ақ бұрынғы социалистік мемлекеттер азаматтарын да толғандырады.

2003  жылы  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегациясы құрамында Ресей Мемлекеттік  Думасына барған сапарымызда бір топ депутаттарды Мәскеудің М. В. Ломоносов атындағы университетінің ректоры академик В. А. Садовничий қабылдап, студенттердің рухани тәрбиесіне байланысты мәселелермен таныстырды.  Университеттің жанында  «Православие  мәдениеті институты»  ашылған, енді ислам мәдени институты ашылатынын, жастардың осылай жат діндерден дәстүрлі дінге қарай бет бұрғаны туралы әңгіме болды. Артынша Ресейде «Православие  мәдениеті негіздері» пәні мектептерде,  басқа да жоғары оқу орындарында енгізіле бастағанда, бір топ ресейлік академик-атеистер, белгілі қоғам қайраткерлері бұқаралық ақпарат құралдарында ашу-ызамен бұл қадамның Конституцияға қарсы екендігін алға тартты,  діннің мемлекеттен бөлінгендігіне баса назар  аударды. Сондықтан дінге сенетіндердің дінге деген белсенділігін қолдау, оқу орындарындағы факультативтік  болса да курс ашу қоғамда діннің үстемдігіне әкеледі деп Ресей президентіне де үндеу жариялады.

Зайырлы мемлекеттер діннің үстемдігіне де, дінді  мансұқтауға да заң бойынша  жол бермейді. Дегенмен, зайырлы мемлекет пен атеистік мемлекеттің арасын  ажырата алмайтын жағдай  ТМД елдерінде, қазақстандық қоғамда да жиі кездеседі. Төркініміз — кеңес үкіметі ұлт десе ұлтшыл деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді бүгін дін десе, әсіресе ислам діні туралы  сөз  бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «ваххабист»  дейтіндер көбейді. Шындығында мұндай анықтаманы тек сот бере алады.

Әлі де болса дінді жау көрмесе де, идеология саласында бәсекелес көреді. Жастардың көбірек  мешітке баратыны, болмаса ерекше киінсе осыдан бір зайырлы мемлекетке қауіп-қатерді жасырын іздеушілер бар. Жаңарған діни сананы елдің басын біріктіретін, мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдырудың орнына дін мен мемлекет, дін мен мәдениет арасына бөгет салуға, елді жікке бөлуге тырысу байқалады.

Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметкерлер де өз қызметін тым кең мағынада түсініп, өз қызметтерінде өз құзыреттері шеңберінен асып жатады, мемлекеттік басқа органдардың қызметін алмастыруға тырысушылық байқалады. Қай салада да  барлығын бақылап, ашса алақанымда, жұмса жұдырығымда болсын деген ниет ойдағыдай нәтиже бермейтіндігі белгілі. Тізгіндеп, күнде «достық» әңгімеге шақыру адамды ашындырып өзіне өзі қол салуға дейін апарады. Экстремизммен күресті желеу етіп, азаматтардың жеке ісіне араласу да орын алуда.

Кейде қылмыстық қақтығыстық астарына діни мән берушілік жиі кездеседі. Діннен ғана қауіп-қатердің себебін іздеу әлеуметтік басқа да себептерін іздеуді шектейді.

Бұл, біріншіден, көрші славян елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарының барлық пәлені мұсылмандардан көріп, оларды құбыжық етіп көрсетіп, өздерін ақтауға тырысушылығынан туып отыр.  Бұл  әсіресе Шешенстандағы соғыс кезінде жиі көрініс берді.

Екіншідендіншілдікті — «фанатизм», радикалдық іс-әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақыны А. Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской империи» деп, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп дүниені ой елегінен өткізудеміз.  Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін  біреу біліп, біреуі білмей  атеистік мемлекетке теңейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында дін мемлекеттен бөлінген делінбеген.  «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының 4-бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» — делінген.  Ал Конституция заңының бірінші бабында   Қазақстан «зайырлы» мемлекет деп жариялаған.

Демократиялық қоғамда дін міндетті мемлекеттік мәртебеге ие емес, бірақ оның өз орны бар. Конституциямыздың  5-бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық  және саяси әр алуандылық танылады», — делінген. Дін тек идеология ғана емес, дегенмен, Конституцияның бұл тұжырымы дүниеге деген әр түрлі көзқарастың (идеологияның) заң алдында теңдігін, бірақ ешқайсысының анық міндетті еместігін көрсетеді. Конституцияның бұл бабынан экстремистік, радикалдық емес идеологиядан басқалар, діни де, атеистік те көзқарастар  мәдени өмірімізде, бұқаралық ақпарат, сондай-ақ азаматтардың қалауына байланысты меншік түріне қарамастан оқу орындарында уағыздалуы мүмкіндігін байқаймыз.   Әрине,  бүгін Конституция берген бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда дінтану пәні факультативтік негізде немесе міндетті емес пән ретінде енгізіле бастады.

Мемлекетімізде іштей атеизмнің әлі тұғыры берік. Сырттан таңылып жатқан пікірді қолдай жөнеліп, елімізде ислам тым асқынып бара жатыр, мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы  мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бой ұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде бұндай сөздерді ашық айтуға бармайды, оны әдепсіздікке санайды, ал  ол елдерде діни ғибадатханалар, ай мен крестер де баршылық.

Конституцияның 22-бабындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы«дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:

– азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;

– мемлекеттік органдардың жұмысын діни бірлестіктерге жүктемейді;

–  діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;

–  діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;

– әр түрлі  діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.

Ал діни бірлестіктер:

–  мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекеттік органдардың жұмысына араласпайды;

–  саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;

–  мемлекеттің заңнама талаптары мен хұқық тәртібін сақтауға міндетті.

Діни ұйымдар мен мемлекеттің қоғамға ықпалы бірдей емес. Ел тұрғындары негізінен мемлекеттің азаматтары, ал наным-сенім жағынан олар әр түрлі дінге жатады, болмаса атеист, дінге бейжай, себебі адамның наным-сенімі тек дінмен шектелмейді. Мемлекеттің заңдарын орындау барлық азаматтардың міндеті болса, ал діни қауымдастықтардың, адамдардың бағыт-бағдарларының орындалуы азаматтардың калауына қарай.

Мемлекет пен діннің қызметін анықтау,  олардың арақатынасын ажырату заң алдында олардың теңдігі, олардың ортақ мүдделері барлығын жоққа шығармайды.  Сол себепті дін мен мемлекет арасында шекара жоқ.

Дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастарға да жеңіл-желпі қарауға, болмаса қайшылықтарды ымыраға келмейтін кереғар жақтар деп түсінуге тағы болмайды.

2009 жылдың  12 ақпанында Еуропа ғылыми қауымдастығы Чарльз Дарвинның туғанына 200 жылдығын атап өтті.  Дарвинизм теориясы әлі де әлемді абыржытуда. Мұсылмандар онымен ымыраға келмей, жоққа шығарса, басқалар жартылай  мойындайды, үшіншілер оны толықтыруда. Пікірталас әлі жалғасуда. Католиктер арасында дін мен ғылым арасында адамның пайда болуы туралы айтыс бірте-бірте мәмілеге келетін сияқты. Бүгін  бірқатар шіркеулер Ч. Дарвиннің эволюциялық іліміне қарсы емес, адамдардың биологиялық, физиологиялық жағынан жануарлармен ортақ ұқсастықтары барлығы айтыс тудырмайды, ал оның жанын жаратушы Құдай дегенге тоқтайды. Адамның тәні мен жаны сияқты, ел халқының болмысына етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен түгел ажыратуға болмайды. Осылай адамзат екі билікке бас иеді, дінге және зайырлы мемлекетке деген қағида қалыптасып келеді. Атеистердің жөні бөлек.   Мемлекет адамдардың  тәнін билесе, ішіп-жеуін, тұрмыстық жағдайын, денсаулығын реттесе, жаратушы ол дүниеде де, бұл дүниеде де адамның жанын билейді. Қазақ ойшылдары «жан дүниеге қонақ екен, дүние деген шолақ екен» деп талай айтқан. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар  заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Осы тұста зайырлы қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана, ал қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп жатыр.

Дін мен ғылым, жан мен тән мәселелері төңірегінде әлі де пікір алмасу толастар емес, біз ғылымдағы пікірлерді ғана ортаға салып отырмыз.

Халықтың күш-қуатты, жұбатуды, жан жарасына емді діннен де іздейтіні анық.  Бұқаралық ақпарат құралдарында  Қызылағаштағы қайғылы уақиға тұсында, сондай-ақ жергілікті жердегі ұлтаралық қақтығыстар кезінде дінбасыларының өз ұстанымдарының болмағанын, елді жұбата алмағандығын, араздасқандарды татуластыра алмағанына  сын айтады. Ол адамдар тек елдің азаматтары ғана емес, мұсылмандар емес пе деген уәж айтылды. Сын орынды сияқты.  Ал беделді сырттан келген діни топтар жинаған.

Бірқатар зайырлы елдерде діни бірлестіктер елде болып жатқан, әсіресе адам өліміне байланысты уақиғаларға өз бағасын беріп, не себепті христиандар, мұсылмандар, басқалар қаза тапты деп дін тұрғысынан билікпен пікір алмасып жатады. Мемлекет те діни бірлестіктерге байланысты өз ұстанымын ашық білдіреді. Ондай диалог заңды, ал кейде тіпті мемлекет пен дін арақатынасын шешуде сотқа жүгіну де жиі көрініс алды.

Сонымен, зайырлы мемлекет — атеистік емес.  Мемлекет азаматтарды  мейірімділік, патриотизм, сабырлылықты уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж. Ал тарихи құндылықтарымыз, дініміз мемлекеттің қолдауын қажет етеді.

Қазақстандағы діни ахуал туралы бірер сөз

Ежелгі қазақ хандығының мұсылман мемлекеті, оның ресми діні әрі идеологиясы ислам діні болғандығы бүгін талас тудырмайды. Мемлекеттік рәмізі – жасыл ту, қазақ тұрмысына негізделген заңнамасы — «Жеті жарғы» мемлекеттің құқықтық, мәдени негізі болды. Қазақ хандары Құранды сүйіп ант берген. «Сегіз қырлы» жігіттің бір қыры – мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан білімді қазақтар арабша, парсыша оқи білген, араб елдерінен білім алған. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен ислам діні біте қайнасып сіңіскен, ислам ұлтымыздың салтына  бейімделген. Тіл мамандарының айтуынша, қазақ адам аттарының жетпіс пайызы күні бүгінде араб, парсы тілдерінен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін кісі аттарында Мұханбет, Қожа, Саид (Сейіт), Ибрахим сияқты аттар жиі кездеседі. «Қазы»  деп аяқталатын қазақ аттары көп. Қазы арабша алғанда дін жолындағы соғысқа қатысқан адам.

Бұқара халық үшін дін мен тәуелсіздік, дін мен патриотизм — ажырамас идеялар.  Патша үкіметіне қарсы күресте діни ұрандар  халыққа қуат берген. «Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа қоныңдар!» — деп би, жыраулар бата берген.  Діни әдет, уағыздар халықтың мақал, мәтелдері мен нақыл сөздеріне де енген. «Халықтан ұял, құдайдан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады», тағы басқалар Соңғы ғасырларда қазақ ұлты ата-бабасының құндылықтарынан айрыла бастады.

Кеңес заманында Қазақстанды  басқа республикалар сияқты  «атеизм салтанат құрған» ел десе, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басында, біз, керісінше, ислам мемлекеті болдық, Ислам конференциясы Ұйымына мүшеміз. 2011 жылы сол Ұйымға төрағалық еттік. Елімізде он екі миллиондай мұсылман бар. Ислам – күнделікті тіршілік, өмір салты ғана емес, ол мәдениет, өмірлік позиция, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, тұтас өркениет ретінде  енді қайта дари бастады.

Еліміздегі діни ахуалды сараптағанда, діни бірлестіктердің санының өскендігі, культтік орындардың көбейгені назар аудартады.   2010 жылдың басында елімізде  3776 діни бірлестік пен  561 діни топ тіркелген. Сан жағынан ең көбі мұсылман діни қауымдастықтары мен топтары – 2697. Ислам дінін ұстаушылар да, ислам ғибадатханалары да сан жағынан басым —  2343.  Ал 1990 жылы небәрі  46 ислам бірлестіктері мен  46  мешіт болған.

Бүгін бірқатар ТМД елдерінде «Мемлекеттің рухани тұрағы не?» деген сауалға жауап іздеуде. Басты тіректің бірі дін мен мәдениет екені даусыз. Осы тұста, әрине аға ұрпақтан гөрі мәселе жас ұрпақтың діндарлығына, оның діни идеяларды, догматтарды қабылдауы туралы мәселе өткір.  Ғылыми әдебиетте жастарды діни сеніміне қарай бес топқа бөледі.

1.Әр түрлі діннен  хабардар, бірақ әлі діни бағыт-бағдарламалары толық анықталмаған.

2.Өздерін «қазақпыз», сондықтан «мұсылманбыз» деушілер,  бірақ дінге әлі толық енбегендер. Бұл — сан жағынан  ең басым топ.

3.Кейбір мұсылман салт-дәстүрін орындаушылар, мұсылман салтымен неке қию, жаназаны да қолдаушылар. Бұлардың саны өсуде.

4.Дәстүрлі     мұсылмандар: ораза   ұстайды, намаз оқиды, мұсылман парыздарын  орындауға тырысушылар.

5.Басқа дінді ұстанатындар, олар көп емес: аралас некеден туғандар, балалар үйінде тәрбиеленгендер, сондай-ақ тұрмыс жағдайына байланысты басқа дінге       ауғандар, әлі де ізденіс үстінде жүрген жастар.

Діни сенімнің таяз екені де рас, ол заңды, біз әлі атеистік мемлекеттің ызғарынан арылған жоқпыз. Заң бойынша азаматтардың атеист дүниетанымын таңдауға да хұқы бар. Дінді мойындайтын жастардың арасында діни әдеппен  үйлеспейтін  мінез-құлықты қолдау қатар жүретіні де белгілі. Діндар жастар ұрлыққа, темекі тартуға, тіпті жемқорлыққа, құмар ойындарға қарсы емес.  Бұл өмір қайшылықтарынан туып отыр. Жемқорлық, әсіресе, тұрмыстық жемқорлық, ұсақ-түйек пара беріп, мәселені шешуге етіміз үйренгендіктен де болар.  Қазақтар «орамалын беріп, шаруаны бітірдік» деп жатады.

Дінге сену елімізде бақсылық, сиқырлы күштер, кереметтер, бал ашу, құмалақ салушылар, сәуегейлік  жасаушыларға сеніммен де қатар жүруде. Тіпті теледидардан «барлық аурудан емдеймін», «барлық отбасылық мәселелерді шешемін» деген сияқты жүгіртпе жолдар арқылы күнде жарнама жасалып жатады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының да тым коммерцияланғандығын көрсетеді.  Әрине, Ванга сияқты көріпкелдер, халық мойындаған бірен-саран емшілердің жолы бөлек.

Негізінен жастардың басым көпшілігі жемқорлықты, ұрлықты, басқа да адамгершілік жолынан тайғандарды сынайды. Ал енді «Қандай жағдайда Сіз дінге жүгінесіз?» деген сауалға бірқатары «рухани қолдау қажеттілігінен» десе, басқалары «басыма қиындық түскенде», «діни мерекелерде», «неке қидырғанда» деп жауап береді. Ал енді мұсылмандар ішінде «мешітті қастерлеймін», «мешітті жүрегімде болса деймін», «Құранмен терең танысқым келеді», «намаз оқи бастадым» «араб тілін меңгергім келеді» дегендер де баршылық.

Еліміздегі ислам діні туралы мәселе болған тұста әйелдердің бас киімі хиджаб мәселесі жиі сөз болады. Бұл шындығында әлемдік мәселе.  Хиджаб – араб сөзі, «жамылғы» деген мағынаны білдіреді, әйелдердің басын, мойнын жауып тұратын орамал. Никаб – әйелдердің тек көздерінен басқа бетін жабатын Сауд Арабиясында шиит мұсылмандар арасында тараған бас киім. Паранджа – Ауғанстанда тараған, бетті толық жабады, тек көздерінің тұсында ойылған жерлері бар. Бұлар қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімдері емес. Мұсылман елдерінің әйелдері де бұл киімдерді кие бермейді.

Хиджаб төңірегінде пікірталас 1989 жылы Францияда әйгілі  «орамалдар ісіне» байланысты болды.  1989 жылы Крея қаласында орамал тартқан үш мұсылман оқушы қыз бала мектептен қуылды. Мәселе саяси мән алып, діни сенім бостандығының кепілдігі туралы айтыс туды. Сонымен бірге, қоғамда мұсылман әйелдерінің өздері діни, мәдени ерекшеліктеріне арнайы мән-маңыз беретіндігі белгілі болды. Осы саяси-мәдени құбылысты зерттеген американдық ғалым, Гарвард университетінің профессоры  Шейла Бенхабиб хиджаб тарту мұсылман әйелдерінің кедейшілік, сауатсыздық, зиялылығының төмендігінен еместігін дәлелдеді. Олар білімді, жоғары маман иесі, кәсіби тәжірибесі де жетілген әйелдер болды. Еуропадағы мұсылман әйелдері христиан өркениетіне балама   өркениет барлығын, мәдениеттің жаңа үлгісін, моделін ұсынып отыр делінді. Егер батыстың әйелдері сұлулығын, нәзіктігін өзінің әсем киімі, шырайлы беті, кескінді денесі арқылы көрсетсе, мұсылман әйелдері хиджаб киіп, денесін жауып, әйелдің бекзаттылығы, парасаттылығы жан сұлулығында деді. Осылай хиджаб Еуропадан бірте-бірте біраз елдерге мұсылман әйелдері  арасында тарады, жаһандық сипат алды.

Әлеуметтану ілімі сонымен бірге хиджаб киюді жаһандану заманында ұлттардың, діндердің араласуы негізінде бір-бірінен қашық елдер де көрші сияқты араласып, ішетін тамақ, киетін киім де бірдейленіп бара жатырғанымен байланыстырады. Дегенмен, хиджаб біз үшін сырттан келіп жатқан көп  «импортный»  киімдердің бірі емес. Ол — мұсылмандықтың күнделікті өмірдегі жаңа әдеті,  жаңа дағдысы. Әлеуметтанушы ғалымдар  хиджаб киюіне қарай қазақ әйелдерін  бірнеше топқа бөледі. Мұсылман әйелдерінің  бір тобының санасында бұл  киім — жаңа діни рәміз. Олар ислам дінінің негізі мен тарихына, араб тілін меңгеруге зор мән бергенмен, қазақ тілін тіпті білмеуі де мүмкін. Сондықтан олар үшін ұлттық құндылықтан гөрі дін  басым.

Екінші топтың ұстанымы өзгеше. Бағзы заманнан бес уақыт намаз, діни мерекелер, жерлеу рәсімдері, ораза кезінде, басқа жағдайларда да әйелдер орамал киді. Хиджаб қалай болғанда да қазақтың бөрік, сәукеле, тақия, кимешек-жаулығы емес, оны киюдің  астарында қазақтың ұлттық киім кию дәстүріне қарсылық болмаса да өзіндік ерекшеліктері жатыр. Мұсылман әйелдерінің сан жағынан бұл басым тобы дегенмен, хиджаб киюмен бірге дін мен ұлттық құндылықтарды қарсы қою емес,   үйлестіру ниеті басым.   Сонымен бірге бұл бас киімді ерекше сән ретінде киетіндер де жоқ емес. Қазақ мұсылман әйелдері киетін арнайы бас киімін елімізде өндірмейтіні де назар аударады.

Мұсылман әйелдер арасына ерекше діни орта, жамағат қалыптасып келеді. Бұл ортада хиджаб киген әйел психологиялық жағынан қолдау табады, діни білім алуға да мүмкіндігі бар. Зерттеушілер діни қауымдастық арасында хиджаб киген қыз өзіне көзқарасы жақын жұбай да табады деген болжам айтады, кейде тіпті хиджаб киген әйелге ашық-шашық жүргендерге қарағанда жұмыс табу қиын емес деген пікір айтылады «Халал сүт емген жолықса, болар ма едің арманың», деп Шортанбай ақын айтқандай, хиджаб кию көңілінде құдай барлығының нышаны сияқты түсінік тарап келеді. Хиджаб кию мұсылман әйеліне үлкен адамгершілік міндеттерді жүктейді. Оның жүріс-тұрысы, тамақтануы, ерлермен қарым-қатынасы шариғат талаптарына сай болуы тиіс. Мұсылман әйелдері жұмыс таңдағанда да ерекшелік танытады: ішімдік сатуға, кейбір ойын-тойларға қызмет етуден өзін шектейді, темекі тартпайды. Хиджаб кигеннен кейін олар халықтың назарында, әдеп сақтауды есте ұстайды.  Хиджаб адамдармен  күнделікті өмірде мәдениетті болуды талап етеді.  Ол қай жағынан да тазалықтың үлгісі болуға тиісті.

Астана қаласында жүргізілген сауалға жауап берген 23 жастағы қазақ қызы: «Хиджаб мені өнегелікке, адамгершілікке, тазалыққа  бастайды. Хиджаб мені ұяттан сақтайды»,— дейді.  26 жастағы қазақ келіншегі: «Менен «сен неге монашка сияқты хиджаб киесің?» деп жиі сұрайды. Не себепті сен неге жалаңаш жүресің деп басқа әйелдерден сұрамайды. Өкініштісі, біздің елде бұл қалыпты жағдайға айналған», — дейді. Осындай пікірлерді көбірек келтіруге болады.

Бүгінгі күні хиджаб төңірегінде пікірталастар көп, тіпті тыйым салу керек деушілер  де бар. Дегенмен бүгін байсалды пікірге тоқтаған сияқтымыз:  мұсылман қыз-келіншектерге арналған хиджабқа балама қолайлы бас киім ұсынғанды қоғам негізінен қолдап отыр.

Еуропадағы діндер  мен мемлекет қарым-қатынастары

Дін тұрғысынан бүгін Еуропаның келбеті  өзгеруде, кейде тіпті христиандықтан кейінгі Еуропа деп жатады, христиандық құндылықтар өз мәнін жоя бастаған.

2006  жылы Қазақстан Республикасы  Парламент делегациясының құрамында Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барғанымызда, біз үшін өте ыңғайсыз жағдайдың үстінен шықтық. Бағдарламаға сәйкес бізді Антверпен қаласының губернаторы қабылдады. Қабылдаудан кейін ғимараттың бір шетінде салтанатты шара өтіп жатқанын байқадық: музықа, ду қол шапалақ. Барсақ, екі жігіт некелесіп, достары, туыстары оларды құттықтап жатыр екен. Жындыханада  болғандай әсер алып сыртқа шықтық. Келесі кездесуіміз  қаланың священнигімен  еді, ол бізді күтіп отыр екен. Алғашқы сауалымыз діннің біржынысты некеге ұстанымы болды. Священник:  «Біздің қоғам азды. Жаратушы біреуімізді ер, екіншімізді әйел етіп, жұптасып, отбасын құрып, ұрпақ өсіруге  бұйырды. Біз болсақ, біржынысты некені заңдастырып, Жаратушыға, табиғатқа қарсы іс жасап жатырмыз», — деді. «Сіздер,— деп сөзін жалғастырды ол, — депутат екенсіздер, біржынысты некені қолдайтын заң қабылдамаңыздар. Естеріңде болсын, сіздерді құрметтеп қарсы алып, қонақ қылып жүрген біздің лауазымды адамдар, депутаттар, министрлер, басқалардың да бірқатары  біржыныстық некеде тұрады. Сіздер оны білмейтіндер де шығарсыздар».

Демократия дегеннің екінші жағы да бар. Еркіндік әкесінің қызына үйленуіне, баласын анасына үйленуіне, еркек пен еркек, әйел мен әйел некелесуге, денем өзімдікі деп, оны сатып жезөкше болып, табыс табуға жағдай туғызып отыр. Еуропада балалардың 30 пайызы  некеге тұрмағандардан туады. АҚШ-та балалардың тек 50 пайызының не әкесі, не анасы бар, жалғызбастылар көбеюде.

Әрине, Еуропада шынайы христиандық бар, тақуа, құлықты, діндар азаматтар да көп. Сондықтан христиан дініне деген салқындыққа, бұл рухани дағдарысқа үлкен алаңдаушылық білдіріп, адамгершіліктің қазығын Еуропа діннен іздеуде.

Еуропа мемлекеттері барлық діни топтармен  ынтымақтасуға ықыласты, бірақ барлығына бірдей бейімді емес, діндерге үлкен таңдау, талғампаздық танытады. Қоғамның іргелі тарихи құндылықтары, мәдениетімен үйлесетін діни бірлестіктермен  жарасымды қарым-қатынас орнату басты мақсатқа айналса, басқаларға тек төзімділік қана танытады, кейде қысым да жасайды.

Еуроодақ елдеріндегі мемлекеттер шартты түрде зайырлы және ресми діні бар мемлекет деп бөлінеді. Еуропа және қазақстандық ғалымдар діндердің хұқық мәртебесін пирамидаға теңеп жатады.

1.Пирамиданың төбесінде сол ресми дінді мемлекеттер тұр: Олар Ұлыбритания, Дания, Норвегия, Грекия, Болгария сияқты мемлекеттер, олардың шіркеулерін,  дәстүрлі діндерін мемлекет толық қаржыландырады.

Нақтырақ мағлұмат алу үшін Норвегиядағы діни сенім жағдайына тоқталайық. Норвегияда дін мен мемлекет бөлінбеген. Ресми діні — евангелистік-лютерандық шіркеу. Норвегиялықтар өз дінін жарнамалауға әуес емес, діни  шараларға қатысуға аса белсенділік танытпайды. Ресми дінді ел халқының 88 пайызы қолдайды, балалардың   75,7 пайызы шіркеуде шоқындырылады. Халқының  6,2 пайызы қай дінге де бейжай қарайды, олар атеист те емес. Елде жүз мыңға жуық мұсылмандар бар.  Норвегия королі — шіркеудің де басшысы. Шіркеуді қаржылай қолдауға дін ахуалына  жауапты мәдениет және шіркеу істері жөніндегі министрлік қатысады. Епископтар мен священниктерді осы министрлік тағайындайды.  Парламент депутаттарының басым көпшілігі де евангелистік-лютерандық діндегілер. Мектептерде заң бойынша «Христиандық діндер және дүниетаным» пәні міндетті түрде жүргізіледі, сабаққа оқушылардың қатысуы талап етіледі. Бұл пәннің енгізілуі туралы қоғамда пікір әр түрлі: қолдаушылар да, қарсыластар да бар. Бірақ білім туралы Заң христиандық, басқа әлемдік діндер, өмір философиясы туралы жастардың білуін талап етеді. Христиандық-Батыс өркениетінің мәдени мұрасы ретінде жоғары бағаланады.

1.Ал Германия, Франция, Испания, Австрия, Италия сияқты зайырлыелдер пирамиданың бел ортасында, дәстүрлі діндерін қолдау үшін әр түрлі конфессияларды қатал түрде жіктеп саралайды, артықшылықтар христиан шіркеуіне берілген. Германия, Румыния, Бельгия, Чехияда оның қызметі қаржыландырылады. Бельгия мен Германияда мектептерде діни тәрбие беріледі. Италия, Бельгия, Польша, Нидерланды, Австрия, басқа елдерде христиандық-демократиялық партиялар   жұмыс жасайды.  Германия, Грекия, Польша, Италияда  әскерде діни қызметкерлер ұстайды. Испания, Чехия, Словакияда шіркеуде тіркелген некенің заң күші бар. Бірқатар елдерде діни қауымдастықтар салықтан жеңілдіктер алады. Сонымен, Еуропаның зайырлы елдері саяси өмірде, дін тәрбиесінде және әскерде дінді ашық қолдап отыр.

Сондықтан шіркеу мәртебесін алу, оны  тіркелу өте қиын, ол үшін Австрияда – он алты мың, Румынияда – жиырма мың, Чехияда – он мың  мүшелері болу қажет және діни дәстүрден айнымайтын, осы мемлекетте 10, тіпті кейбір  мемлекеттерде 20 жыл өмір сүрген, қоғамға пайдалы, адамгершілік қағидаларына қайшы келмейтін қауымдастықтар тіркеледі. Бізде қауымдастық он адам болса тіркеле береді.

Еуропаның бірқатар елдері Ватиканмен келісім арқылы түрмелер мен ауруханаларда діни салт-жоралар өткізуге, өздерінің жеке балалар бақшалары, мектептер, жоғары оқу орындары, денсаулық мекемелелерін ашуға мемлекет есебінен білім  мекемелерінде дін пәнін оқытуға хұқық береді және діни неке мен мемлекеттік некенің бірдейлігін мойындайды. Айта кету керек, осындай келісім Ватикан мен Қазақстан арасында да бар, ол еліміздегі католиктерге жақсы жағдай туғызып отыр.

Сондай-ақ арнаулы комиссиялар секталардың қызметін қадағалап, елдегі жағдайды талдап, шешімдер қабылдайды. Әсіресе, адамдарды таза жолдан адастыратын секталарға қарсы заң қатаюда. Діни салттар мен дәстүрлерді қолдауда негізінен отбасына зор мән беріледі. Балаларды ата-аналарының дінін қабылдауға бейімдеп, жастардың басқа діндерге өтуінен сақтандырады. Діни дәстүрлерді дәріптеуде салтанатты діни мерекелердің орны бөлек.

1.Пирамиданың табанында мемлекет қаржылық қолдау көрсетпейтін, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жетімсіз, өз дінін мектептерде оқытуға тыйым салынған діни ұйымдар, олардың ішінде мұсылман қауымдастықтары бар, оларды кейде құбыжық етіп көрсетуге тырысады.

Мысалы, Норвегияның бұқаралық ақпарат құралдарында негізінен ислам туралы жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысады. Мұсылмандықты  қылмыстылықпен байланыстырып, сондай-ақ норвегиялық өмір салтынан бөтен деп сынайды, 2010  жыл Мұхаммед пайғамбарға «Dagbladetu» газетінде карикатура шықты. Мемлекет тарапынан ол сынға алынбады. Исламды жек көрушілік елде айқын көрініс алды, оны Еуропалық комиссия да бүгін сынап отыр.

Кейбір мемлекеттерде хиджаб кию жөнінде де оқтын-оқтын пікірталас туып жатады. Көп мемлекеттердің заңнамасында әйелдердің мұсылмандық киім киюіне тыйым салынбаған. Норвегияда хиджаб киген бастауыш мектептің бір оқушысына тыйым салуға тырысқанда, мұсылмандар балалардың хұқын қорғайтын БҰҰ Конвенциясының балалардың діни наным-сенімі, хұқы туралы 14-бабына жүгінді.  Ал ресми қызметте мемлекеттік үлгідегі арнаулы киімді киюді жұмыс беруші міндеттейді, ол мұсылмандар жағынан аса қарсылық тудырмайды. Мысалы,  полицияда жұмыс істейтін әйелдерге хиджаб киюге рұқсат етілмейді, ал басқа жағдайда хиджаб киюге  тыйым салуды мұсылмандар құқықты аяққа басушылық деп бағалайды.

Қара басының қамын ойлайтын еуропалықтар ұрпақ мәселесіне бейжай қарайды. Сондықтан Еуропаның басын ауыртатын жай — демографиялық мәселе.  1960 жылы еуропалықтар әлем халқының төрттен бірін, 2000 жылы алтыдан бірін құраса, болашақта оннан бірін құрайды. Еуропада бүгін  20 миллионнан астам мұсылмандар тұрып жатыр. Олар христиандыққа икемделмей, өз дінін, тілін, дәстүрін қолдауда, бірақ мемлекеттің тілін меңгерген, заңын сақтайды. Еуропалықтар болса, олардың христиан құндылықтарына толық сіңгенін қалайды. Демографиялық дағдарысқа байланысты мұсылман елдерінен келетін жұмыс күшін Еуропа  пайдалануға мәжбүр. Екінші жағынан, олардың рухани тәуелсіз ұстанымымен келіспейді. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы қоғамда орын алып отырған еуропалық мұсылмандарға деген нәсілдік, ұлттық жеккөрушілдік, исламмен лаңкестікті, зорлық-зомбылықты байланыстыру сияқты көзқарастарға тыйым салуды талап етіп отыр.

Амангелді Айталы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5530