"Ауыл" партиясы. Тамшылатып суарудың жаңа әдісі – өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді
Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты «Серік» шаруа қожалығында «Ауыл» партиясының өкілдері катысумен «Күрішті Ақдала суармалы алқабының тұзданған топырақтарын тамшылатып суаруды өндірістік сынақтан өткізудің» нәтижесіне арналған «Дала күні» өткізілді. Шараның өтуіне «О.Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мен «Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығы» мұрындық болды.
«Дала күні» мерекесіне «Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығы өкілі» Ян Фан (ҚХР), Алматыдағы Қытай елшілігінің өкілі Ми Гуйсюн, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Дарібаев, фермерлер, ауылшаруашылық тауар өндірушілер және «Ауыл» партиясының өкілдері катысты.
Шара барысында делегаттар күріш алқабын аралап, шаруашылыққа енгізілген тамшылатып суару жүйесімен танысты. Айта кетерлігі, мұнда күріш суаруда үш жылдан бері Қытай технологиясы пайдаланылуда. Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бас директоры, акдемик, «Ауыл» партиясының Алматы қаласы бойынша филиалының төрағысы А.С.Сапаровтың айтуынша, шетел технологиясының шаруаларға берері мол.
Республикамыздың су ресурстарының басым көпшілігі көрші мемлекеттерден бастау алатындықтан еліміздің соларға тәуелділігі жоғары. Осыған орай суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету мәселелері және су ресурстарын тиімді пайдалану елімізде қазіргі таңда өзекті болып отыр. Біз Қытайдың күрішті тамшылытып суару озық технологиясын Қазақстанның суармалы алқаптарындағы тұзданған топырақтарда бейімдеу үшін далалық ғылыми жұмыстарды үш жыл көлемінде бірлесіп жүргіздік. Осының нәтижесінде күріш өндірудегі 1 гектарға кететін судың көлемін 2,5 есеге азайтуға болатынын дәлелдедік. – деді Абдулла Сапаров.
Күріш алқабындағы инновацияның қыр-сырына қанықан делегаттар тамшылатып суару әдісі фермерлер үшін тиімді әрі жоғары сапалы өнім алуға мүмкіндік деген ортақ пікірге келді.
Abai.kz