Сенбі, 23 Қараша 2024
2785 0 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 13:55

Қасым-Жомарт Тоқаев: Заңнама жетілдіруді қажет етеді

Сенатта заңнамалық процессті жетілдірудің өзекті мәселелері бойынша Үкімет сағаты өтті. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы хабарлайды.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеп, азаматтардың әл-ауқаты заңдарға тікелей байланысты екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы реформаларының негізі, атап айтқанда Қазақстанның экономикасы мен саясатында терең жаңартулар жүргізу, Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдыру стратегиясы, менің ойымша, заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтатып, бұл маңызды іске жаңаша көзқарас қалыптастыруды қажет етеді», - деді Сенат Төрағасы. Оның айтуынша, еліміздегі реформалардың қарқыны мен мазмұнын қамтамасыз етуге қабілетті, жаңғыртылған заңнамалық база құру – Парламент депутаттары жұмысының негізгі мақсаты.

Қ.Тоқаев заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігін атап өтті, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, «шашыраңқылыққа», әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады.

«Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгертулер енгізілетін жағдайлар да кездеседі», - деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев әзірлеушілердің тарапынан ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екенін сынға алды. Оның пікірінше, бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін.

Төраға заң шығару қызметін рейтингтік көрсеткіштерді жақсарту мақсатында халықаралық ұйым талаптарына бағыну тәжірибесінен бас тартуға шақырды.

«Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс», - деп есептейді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауына назар аударды. Кейбір жағдайларда тұжырымдамалар заң жобасын реттеу болып табылатын негізгі мәселелерді қамтымайды және көрсетпейді. Заңнама жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымының болмауы да жиі орын алып тұрады: «Кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз. Осылайша, тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі».

Қ.Тоқаевтың пікірінше, жыныстық тұрғыдағы қылмысқа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтардың көбеюі оларға салынатын жазаны қатаңдатуды талап етеді.

«Осындай сипаттағы қылмыстар қоғам ішінде өткір пікірталастар тудыруда, сондықтан да жеңіл жаза қолдану немесе, тіпті, өзара келісім жолымен (медиация) қылмыстық жауапкершіліктен құтылу жағдайларына азаматтар тарапынан келіспеушілік білдіру – заңды құбылыс», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Баяндамада түсіндірме жұмысына ерекше назар аударылды.

«Мемлекеттік органдар цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде кеңінен жариялай отырып, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процессінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез-келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деді Парламенттің жоғары Палатасының Төрағасы.

«Мемлекетіміздің қазіргі даму жағдайында жоғары сапалы заңдар жүйесін қамтамасыз ету айрықша маңызға ие», - деді Қ.Тоқаев.

Әділет министрі Марат Бекетаев шараның күн тәртібі бойынша өз ұстанымын білдірді.

Оның айтуынша, Сенат Төрағасы айқындаған басты 10 мәселені нақты әрекетке көшудің нұсқаулығы ретінде қабылдау қажет. Министр заңнамаға түсініктеме енгізу жағдайларын атады. Баяндамада айтылғандай заңнамаға өзгертулер енгізудің теріс салдарлары екі жағдайда туындайды: «Біріншіден, заң жобасын әзірлеуші оның салдарын дұрыс жоспарламағанда. Екіншіден, оң өзгерістер енгізіліп, қоғам оларға дайын болмай шыққанда, мысалы түсіндірме жұмысы әлсіз болған кезде».

М.Бекетаев Әділет министрлігі шетелдік озық тәжірибені пайдалануды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау, заңнама сараптамасын және құқықтық мониторинг өткізу тәртібін тұжырымдамалық түрде өзгерту болжануда. Одан басқа, ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылатын болады: «Е-заңнама» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Министр атап өткендей, болашақта осы жүйеге жасанды интеллект – роботты қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, депутаттардың алдында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов сөз сөйледі.

Пікірталас аясында Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед заң шығару жұмысы процессінде жеке ведомстволарды, аймақтарды, қаржы-өнеркәсіп топтарының мүдделерін қорғау мәселесі бойынша пікір білдірді. Осыған байланысты сенатор аталған қызметтің құқықтық шектерін анықтайтын лобби қызметі туралы заңды қабылдау мәселесін алға тартты.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінің сапасы төмен екенін мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде мемлекеттік тілде әзірленген заң жобалары екеу-ақ. Аударылатын құжаттардың сапасы назар аударуды талап етеді.

Талқылауға сенаторлар Дәурен Әділбеков, Серік Жақсыбеков, Әлімжан Құртаев, Төлеубек Мұқашев, Владимир Волков, Дулат Құсдәулетов және тағы басқалар қатысты. Шара қорытындысы бойынша мемлекеттік институттарға деген қоғам сенімінің деңгейін арттыруға, заңнама сапасы мен тұрақтылығын жақсартуға, ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіруге бағытталған нақты шаралар ұсынылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391