Сенбі, 23 Қараша 2024
Тұлға 5041 1 пікір 4 Қазан, 2018 сағат 10:08

Асыл бейне

Өмірден беймезгіл озған жаны таза жанның бірі — профессор Марат Барманқұлов еді...

Тірлігінде "Мен!.." деп кеуде соқпай-ақ — Марат Барманқұловтың қарапайым, қарабайыр күн кешкенін кім білмейді.

Иә, профессор Марат Барманқұлов — иірімі мен айласы көп заманның перзенті еді.

Күнделікті тірлікте адамдардың бір-біріне жасап жатқан неше түрлі құрық бойламас қулық-сұмдықтарын, айла-шарғыларын, ойлағанда төбе шашың тік тұратын олардың алуан түрлі қатігездіктерін, пенделердің бірінің-бірі аяғынан шалып, бетіңе қарап өтірік күліп, айнала бере саған терең қылып ор қаза бастайтынын… осы сияқты толып жатқан сұмдықтардың алуан-алуан түрлерін көзімен көріп, құлағымен естіп, тұла бойымен шамырқана сезініп жүріп, әділетсіздіктің отына күйіп кеткен сияқты көрінеді маған Марат Барманқұлов!..

Қазақ журналистикасының, оның ішінде — телерадио тармағының ірге тасын қалаушы, осы саланың тамаша білгірі, білімдісі біреу болса, соның бірегейі — профессор Марат Барманқұлов еді. Мәкеңнің бұдан басқа да былайғы жұрт біле бермейтін қырлары көп болатын...

1992-1999 жылдары Қазақ теледидарының бірінші және екінші арналарынан әр аптаның белгілі бір күндерінде қатар беріліп келген "Түрік даналары" атты авторлық телебағдарламаның басынан-аяғына дейінгі тұрақты ғылыми жетекшісі болған да — осы профессор Марат Барманқұлов еді.

Бұл телебағдарламаның 40-тан астам хабары — сөз жоқ, Мәкеңнің ғылыми жетекшілігі, ақыл-кеңесі, білімі мен біліктілігі нәтижесінде ғана толыққанды дүние болғанын, бүгіндері біреу білсе, біреу білмейді.

Томирис, Зарина, Ишпақай, Анахарсис, Мете хан, Атилла, Күлтегін, Білге қаған, Қорқыт ата, Ертұғырыл бек, Осман Ғазы, Қожа Ақымет Иасауи, Әмір Темір,Хас Хажып Жүсіп Баласағұн, Бабыр шах, Қадырғали Жалаири, Мұхаммед Хайдар Дулати, Мағжан Жұмабай, Мұстафа Шоқай,Мұстфа Кемал Ататүрк, т.б. сияқты толып жатқан бәрімізге ортақ, түрік халықтарының ұлы тұлғалары туралы хабарлардың көпшілігіне проф. М.Барманқұловтың өзі де қатысып, тың ойлар айтқаны жұрт есінде болар деймін…

1998 жылы қыркүйек айында сол кездегі Түркия республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Құртылыш Ташкент, мәдениет жөніндегі кеңесші Аладдин Қорықмаз екеуі Осман империясының 700 жылдығына орай біз төрт адамды: профессор Марат Барманқұлов, елшілік қызметкері Гүлшат Қуанышбай, көмекші режиссер Арайлым Жұмашқызы және осы жолдардың авторын арнайы телехабар түсіруге 20 күнге Түркияға іс-сапарға жіберген болатын.

Әлемнің басқа мемлекеттерінде жиі болып жүрген Марат ағаға қандас Түркияға барудың маңызы ерекше еді. Сондықтан да болар, Мәкең осы сапардағы телехабарды өзі оператор болып түсіруге қуана келісім беруі — бір жағынан үлкен жүректі азаматтың қаншалықты қарапайым адам болғанын көрсетсе керек.

Түркияның: Ыстанбұл, Анкара, Едірне, Бұрса, Кония, Сөгіті, Иалова, Ізмір, т.б. көптеген үлкенді-кішілі қалалары мен койлерінде (ауылдарында) болып, Түркияның батысынан шығысына, солтүстігінен оңтүстігіне дейінгі аралықтарды жеңіл автокөлікпен асықпай еркін аралап, көп нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстағандай болған едік...

Осы сапар жолбасшымыз болған "Түркия Дианет" вакпінің жауапты қызметкерлері: Мехмет Шүкір және Әли (әкесінің аты есімде жоқ) деген тамаша екі жігіттің қалтқысыз қызмет көрсетуінің арқасында Түркияның Осман империясы тарихына байланысты небір ғажайып орындарда болғанымызда — профессор Марат Барманқұлов дем алу дегенді мүлдем есінен шығарып, күні-түні камерасын арқалап, қала кезіп, мұра-жайларды аралап, мешіттердің биік мұнараларына шығып, молалар басындағы мәрмәр тастардағы жазуларды зерттеп,екі беті алабұртып, шырайы кіріп, бір тыным таппағаны бүгінгідей көз алдымда…

Осман империясының негізін қалаушы Осман Ғазының сүйегі жатқан, империяның алғашқы астанасы Бұрса қаласындағы жерлесіміз Ақсақ Темір өзі топырақ пен бояуды қазіргі қазақ жерінен — Түркістаннан арнайы алдырып, тез арада салдырған Жасыл мешіттегі Марат Барманқұловтың осындағы жергілікті ағайындар алдындағы өз ұлтына деген шексіз мақтанышының өзі неге тұрады.

Сонымен: Сөгетідегі (біз "сәмбі тал" дейтін сұлу ағашты мұндағылар осылай атайды) Осман Ғазының әкесі Ертұғырыл бектің зираты жатқан жердегі, Кония қаласының шетіндегі атақты Селжүк университеті саябағындағы — барша түрік халықтарының ортақ ұлы тұлғаларына орнатылған мәрмәр ескерткіштерді көріп тұрып, Марат Баманқұлов:

— Шіркін-ай, осындай ескерткіштер біздің Алматыдағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университетіміздің ауласында тұрса, қандай ғажап болар еді! Жас ұрпақ тәрбиесі деген осы емес пе?!. — деген құлаққа жағымды қоңыр дауысы сол күйінде есімде қалып қойыпты.

Түркияның астанасы Анкара қаласының орталығындағы "Анкара" қонақ үйінің (тура Алматыдағыдай) бір залында әр аптаның сейсенбі күндері кешкі сегізден бастап, осы қалада тұратын оқымысты зиялы атаулы жиналып, таң атқанша алуан салада пікір алсып, емін-еркін, ашақ-жарқын жағдайда бір шер тарқытасын қасиетті орын бар екен. Осында болғанымызда да құрметті профессор Марат Барманқұловтың Түркияға танмал әрі сыйлы оқымысты-ғалымдар алдында өзінің біліктілігінің арқасында зор құрметке ие болғанын — біз өз көзімізбен көргенбіз.

Азаматымыздың сол жердің зиялылары алдындағы сөзге шешендігі, терең білімділігі, қарапайымдылығы — шынында да мақтануға тұратындай еді. Аудармашымыз Гүлшат Қуанышбай қарындастың қанша шаршаса да, Мәкеңе қалтқысыз қызмет еткенінің өзі неге тұрады...

Анкарадағы ТРТ теледидарындағы жарты сағаттық тікелей телесұхбатта да профессор Марат Барманқұлов өз саласының білгірі ретінде айшықтала көрінгені бүгінгідей көз алдымда.

Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласының Кешурин ауданында ұлы түрікшіл шайыр Мағжанға орнатылған ескерткіш пен оның есіміндегі гүл-бәйшешекке оранған гүлзар бақтағы Марат ағаның тебіренісінде шек болмаған еді. Мағжанға Алматыда әлі күнге дейін, бақты қойып, кішкентай мүсіннің де жоқ екенін айтып, қатты қамыққан еді асыл азамат!..

Сол кездегі Қазақстанның Түркиядағы елшісі, белді де беделді азамат — Балташ Тұрсынбаев пен оның кеңесшісі, үлкен ғалым Борис Жапаровтың қабылдауында болғанымыз өз алдына бір әңгіме.

Қазақстанның Түркістан қаласындағы Қожа Ақымет Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінің тең төрағасы, түрік халықтарының: қазақ, өзбек, татар, гагауз, сақа, шуваш, түркімен, қырғыз, т.б. тілдерінде өзінің ана тіліндей еркін сөйлейтін, үлкен жүректі азамат Намық Кемал Зейбек, өз ұлтын жанындай сүйетін ашық-жарқын, ақ көңіл азамат, Түркиядағы ең беделді әрі қаржылы ұйым — "Ыхлас" холдинігінің президенті Невзат Иалшынташ, Түркияның Мемлекет министрімен, мәдениет министрі Естемихан, Анкараның Кешурин ауданының Алыпарслан Түркеш жетекшілік ететін МХП партиясынан сайланған, осы ауданның әкімімен, бүгіндері Германияның Көлін қаласында тұратын, жасы сексеннен асқан, профессор Баймырза Хайтпен және т.б. болған кездесулерде проф. Марат Барманқұлов өзін нағыз ғалым, зиялы интеллект ретінде өзгелерден шоқтығы биік тұрды.

Марат Барманқұлов сол жолғы Түркия сапарында өзі байқаған түрік халықтарына ортақ тарихи ескерткіштер, ғылыми еңбектер хақында келелі ойлар қорытып, өзі көз жұмар алдында ғана жарық көрген сүбелі еңбегі "Хрустальные мечты Тюрков" атты жуан кітбында бұл сапар хақында да жан-жақтылы ойлар айтқаны оқырман есінде болар?..

Асылы, профессор Марат Барманқұлов Түркия сапарынан кейін түрік халықтарының ортақ тарихы мәселелеріне толығымен ойысқан еді. Қатал тағдыр ұлы жүректі ойлаған мақсатына жеткізбегені қандай өкінішті еді десеңізші!..

М.Барманқұловтың бұған дейін жазған: "Аққу-қаздардың ұрпағы", "Хан Иван","Түрік әлемі", "Алтын ана" сияқты кітаптары түрік дүниесі тарихынан өзінің лайықты орнын алатын сүбелі де сүйекті еңбектер. Марат ағамыздың бұл дүниелері орыс тілінде жазылғандықтан, қазақ оқырмандарының барлығы бірдей — оның түрік халықтары тарихы саласындағы және оның өзі ерекше мақтаныш сезіммен айтатын — қазақ тарихы саласындағы толып жатқан еңбектері мен ізденістері жайлы жақсы біле бермейтіні де рас.

Белгілі қазақ ғалымы, қазақ фантастикасының іргесін қалаушылардың бірі, университеттегі оқытушы-ұстаз Абдұл-Хамит Мархабаевтың соңғы уақыттары марқұм Марат Барманқұлов еңбектерін қазақ тілінде сөйлете бастауы — болашақтағы ұлы көштің басында тұрғаны даусыз.

Марат Барманқұловтың біз тілге тиек еткен, соңғы салмақты кітабын А.Мархабаев "Түрік сарбазы жайлы шындық" деген тамаша қазақша атпен "Қазақ Университеті" газетінде жариялай бастауы — осы ойымыздың жарқын дәлелі болса керек. Аударма үзінділерінен байқағанымыз — аудармашының Барманқұлов стилін сақтай отырып, қазақтың шебер тілімен ширшық аттыра баяндауында жатқанын алғыс сезіммен айта кеткен абзал.

Мәкеңнің жақсы көретін інісі әрі досы, әріптесі, Тележурналистика кафедрасының оқытушысы, тележурналист Әмір Молдабек екеуіміздің талай рет эфирден өткен "Дара тұлғалар" атты айдардың алғашқы телехабарын — Марат Барманқұловтың 60 жылдығына орай түсіргеніміз кеше ғана сияқты еді. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңізші…

Міне, осы телехабарда менің қойған бір сұрағыма асыл азаматтың :

— Менің өмірде ешқандай жауым жоқ. Өзім ешкімнің ала жібін аттаған жан емеспін. Ал, маған жау болғысы келетіндер табылып жатса, олардың өз еркі, жауыға берсін. Мен оларға мән бермеймін. Түптің түбі өздері шаршап қояды…—деген жауабынан көкірегі ояу, көзі ашық адам көп нәрсені аңғарар еді...

Міне, осылай ойлап, осылай өмір сүрген, жаны таза, о бастан текті ұрпақ өкілі болған Марат Барманқұловқа тірі кезінде тісін басып, тырнақ астынан кір іздеген, турасын айтқанда – бәле қуған жандардың да болғанына бұдан кейін бір түрлі сенгің келмейді екен…

Бірақ, сенуге тура келеді. Бұл — өмірдің қатал заңы!

… Оған орта мектепті үздік бітіріп тұрса да — алтын медалдің берілмей қойғаны, кандидаттық, докторлық ғылыми диссертацияларын қорғатпау үшін біреулердің аяғынан шалғандары, 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсанда "сенімсіздер" қатарынан табылғаны, қазақтарды қаралап небір сұмдық мақалалар жазатын орыс тілділерге онша тиісе бермей, жұрт қазақша ойлап, орысша жазатын профессор Марат Барманқұловқа "орыс тілдісің" деп, жатып кеп тиісетіндері — қанша темірден жаратылды десе де, М.Барманқұлов жүрегіне өзінің ауыр салмағын, жарықшақ-сызатын түсірмей қойған жоқ еді…

— Әйтпесе, темірдей тегеурінді, тұла бойы толы буырқанған күш, үнемі екі бетінің қаны тамып, асығып жүретін, өмірге құштар, жан баласын алалап бөлмейтін, жаратылысынан асқан қарапайым, үлкен жүректі осы бір азаматтың аяқ-астынан көз жұматындай реті жоқ еді…—дейді менімен болған бір әңгімесінде Мәкеңмен университетте қатарлас қызмет істеген, оны өте жақсы сыйлайтын, Түркияның Халықаралық Хұсейін Ниһал Атсыз атындағы сыйлығының лауреаты, белгілі түріктанушы, оқытушы-ғалым Фадли Әли.

— Мәкеңнің… Марат Барманқұловтың асыл бейнесін мәңгі жадымызда сақтау үшін, біз кезінде өзі басқарған Тележурналистика кафедрасының телестудиясына оның есімін бердік. Профессор Марат Барманқұлов — қандай құрметке де лайықты азамат еді ғой! Амал не, ортамыздан ерте кетті асыл азамат!.. — дейді М.Барманқұловтың бір кездегі шәкірті, қазіргі ізін қуушы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы "Алаш" сыйлығының лауреаты, Журналистика факультетінің деканы, ғылым докторы, профессор Намазалы Омашұлы.

Иә, асыл азамат, білікті ғалым, ғұлама ұстаз, тамаша дос, сыйлы ағайын, жақсы әке, сүйікті жар, кезінде Алаш арыстарының бірі болған Халық Танкиндей текті әке ұрпағы — түптің-түбі бәріміз баратын жаққа кеткен профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұлов (Танкин) өз заманының, анығын айтқанда, қазақ деген өз ұлтының төлтума ұлы болғаны даусыз еді. Қайтейік…

Жұмаш Кенебай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371