«Instagram» - депрессияға, «ВКонтакті» - суицидке апаратын желі
Адамзат қоғамы жаңа ғасырдың табалдырығын аттаған бетте ғаламтор дәуірінің құрығына ілінді. Соңғы жылдары интернет әлемі үлкендер ғана емес жасөспірімдер үшін де өте қол жетімді болып қалды. 2000 жылдан кейін туған жастар мен жасөспірімдерді инетернеттің «табиғи тұрғындары» деуге де болады. Ғаламтор жалпыласқан ортада туып-өскен бүгінгі ұрпақ компьютер мен смартфондардың құлына айналды.
Мектеп оқушылары күнделікті білім алу, үй тапсырмасын орындау, материал іздеуде инернет желісінен қол үзе алмайтын дәрежеге жетті. Статистика бойынша бүгінде мектеп оқушыларына интернеттің қол жетімділігі 60-70%-ға дейін жеткен. Алайда, кәмелет жасына толмағандардың өзін-өзі тежеу қабілеті шекті болғандықтан ғаламторды пайдалану аясы оқу-білім үйреніп, хат-хабар алмасумен шектелмейтін болған.
Қазіргі таңда оқушыларды ата-аналары мен мектептің бақылауда ұстап отыруы мүмкін емес. Осыдан барып ғаламтор әлеміндегі екі тізгін бір шылбыр өз қолына тиген оқушы қолындағы смартфоннан жасына лайық емес ақпараттар алып, лас әлемнің құйына батуда. Бұнымен қоса ғаламтор ойындарына құмарту да кез-келген оқушының өмір жолын өзге бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Тағы да статистикаға сүйенсек, әлемде 18%-дан астам жасөспірім күніне 4-5 сағаттан көп уақыт ғаламтор ойынын ойнайды екен. Ал бұның оқушы денсаулығына қаншалықты зиян екенін айтпасақ та түсінікті. Компьютерде бір сағаттан аспайтын уақыт жұмыс істегеннің өзінде жасөспірімдердің 73%-ының көзі мен жүйкесі шаршайтыны белгілі болып отыр. Компьютерге қызығып, эмоционалдық деңгейі көтерілген оқушы шаршағанын байқамай отыра береді. Клавиатурадағы төмен диапазоннан тарайтын электромагниттік сәулелер саусақ арқылы ағзаға әсер ететін көрінеді. Нәтижесінде, компьютермен көп жұмыс істеген адам жүйке ауруына ұшырайды. Және де компьютердің алдында көп отырғандар саусақ ауруларына да шалдығады.
Бұдан да маңыздысы, әлі ақыл тоқтатпаған жасөспірімдеріміздің интернет желісінде не көріп, не оқып жүргені болып отыр. Ел билігінің бейғамдығынан қазақ баспасөзі әбден бұзылды. Қазіргі таңда қазақ қоғамы үшін ең маңызды жаңалық белгілі бір әншінің жаңа киім сатып алғаны болды. Әншісмақтардың әлеуметтік желіге жүктеген ақыл мен пайымнан жұрдай шатпағын газетке басып, сайтқа жазып отырғанымыз өтірік емес. Бұдан қалса кісі өлтіру мен зорлық-зомбылық жайлы жазып, «жаға ұстатудан» жалықпайтын басылымдар қаншама. Міне, осының бәрін қолынан смартфоны түспейтін жасөспірімдер көрмейді дейсіз бе?! Үлкендердің өзі аузының суы құрып оқитын осы жаңалықтар жасөспірімдерді қызықтырмауы мүмкін бе?!
Тек зорлық-зомбылық жайлы жазып, әншілердің әр қадамын аңдып, ұят пен руханияттан жұрдай жалаңаш жаңалықтарды жарнамалап отырған баспасөз жастарды жамандыққа үйретуде. Жасалған талдау қорытындылары бойынша экранда зорлық-зомбылық көріністеріне оң көзқараспен қарайтын балалар түнгі уақыттарын компьютерлік клубтарда/интернет-кафелерде өткізуге құмартады екен. Әрі олар зорлық-зомбылыққа, жыныстық сипаттағы ақпараттарға үлкен қызығушылық танытып, бос уақытында интернеттен тек осындай мазмұнды іздейтін болады. Оқуға мүлде зауқы болмайды.
Жасөспірімдердің бұндай бұрыс жолға бет бұруына біздің елде еш шектеусіз жұмыс істейтін түрлі әлеуметтік желілер де әсер етуде. 2015 жылдың қыркүйек айында жүргізілген «ВКонтакте» командасының зерттеуі бойынша, аталған желіні елімізде 2 миллионнан астам адам пайдаланады екен. Ал бұның 37 пайызы – оқушылар! Демек, ресейлік Павел Дуров негізін салған осы әлеуметтік желінің еліміздегі ең белсенді қолданушысы оқушылар болып отыр. Ал бұл желінің жасөспірімдер ақаусыздығына аса қауіпті екені бәрімізге белгілі. Ашық видео қорлары түрлі атыс-шабыс және порнографиялық мазмұнға толы. Бесіктен белі шықпаған біздің жеткіншектер осындай азғындықпен еш кедергісіз «сусындауда».
Оқырманға ұсынылатын жаңалықтарды сараптап, сүзгіден өткізіп, іріктеп жатқан ешкім жоқ. Баста біз айтқан сан түрлі жаynүршігерлік жаңалықтар әлеуметтік желілерде де өріп жүр. Біреуді біреу өлтірді, ұрып-соқты, зорлады, ұрлыққа түсті, адам жоғалды, өз-өзіне қол жұмсады... Осылай тізбектеле беретін жағымсыз жаңалықтарды оқи беруге балалар емес үлкендердің жүйкесі шыдамайды. Ал әлеуметтік желілерде ешкімді де жасына қарап шектемейтінін ескерсек, мұндай ақпараттар жасөспірімдердің психологиясына кері әсер ететіні анық.
Осы уақытқа дейін әлеуметтік желілер арқылы түрлі діни-экстремистік ұйымдардың 18-25 жас аралығындағы жастарды арбап, өз қатарларына қосу фактілері де тіркелген. Әлеуметтік желілерге тіркелетін биографиялық мәліметтерді өз мүдделеріне пайдаланатын қылмыстық топтар да жиі кездеседі. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы алдап соғатын алаяқтар да, неше түрлі қылмыскерлер де табылып жатқаны белгілі.
Бұлардан бөлек, түрлі әлеуметтік желілерде бөтен біреумен танысамын деп бармақ тістегендер жайлы да көп ақпарат бар. Мәселен, оқушы қыздардың ғаламтор желісінде «ақбоз атты ханзада» деп танысқаны маньяк болып шығып, махаббат хикаясы мұңлы трагедияға айналған оқиғалар аз емес. Біз жоғарыда «ВКонтакте» желісінде 2 млн қазақстандық (2015 жылғы мәлімет) тіркелген дедік, ал «Instagram» желісіне тіркелген отандастарымыздың саны да дәл осы шамада болса керек. Осы жерде ерекше айта кетейік, ғалымдар зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, «Instagram» желісін депрессияға ұрындыратын желі деп атаса, «ВКонтактені» суицидке апаратын желі деп таныған (turkistan.kz). Ал елімізде бұл желілерді пайдаланатындардың басым көпшілігі жасөспірімдер екенін баста айттық.
Бүгінгі таңда ғаламтордан бас тарту мүмкін емес. Біз атаған әлеуметтік желілерді жаба да алмаймыз, еліміз шекарасынан қуып шығу да қолымыздан келмейді. Өз еліміздің былыққан баспасөзін тектеуге тісі батпай отырған біздің билік, өзге елдің әлеуметтік желілерін шектеуге шамасы қайдан келсін. Сол үшін жеткіншектерімізді жиіркенішті ғаламтор қоқысынан қорғау қиын болып тұр. Енді баласының болашағын ойлаған әрбір ата-ана бала тәрбиесін бұрынғыдан да күшейткені абзал.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz