Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
2897 1 пікір 10 Қазан, 2018 сағат 09:26

Түркімен президентіне медианы дамытудағы үлесі үшін сыйлық берілді

Ашхабадтағы Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағының Бас Ассамблеясы (ABU) Түркіменстан президентін аймақтағы БАҚ-ты дамытуға қосқан үлесі үшін деген арнайы сыйлықпен марапаттады.

Түркіменстанның ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, марапаттау рәсімі Гурбангулы Бердімұхамедовтің ABU президенті Жавада Моттагимен, Үндістан мемлекеттік телеарнасының директоры Доордаршан Суприю Сахумен және Жапония хабар тарату корпорациясының президенті (NHK) Риоичи Уэдамен кездесуден кейін өткен.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев әріптесін марапатымен құттықтаған. "Беделді халықаралық ұйымдардың мәртебелі сыйлығы Түркіменстандағы ішкі және сыртқы саясатты бейбітсүйгіш шешімдермен басқарып отырғаныңызды, БАҚ-тың дамуында Түркіменстанның жетістікке жеткенін білдіреді" деген өзбек президентінің сөздерін берген түркімен басылымдары.

Атап өту керек, Түркіменстанда тәуелсіз БАҚ, журналистер жоқ. Ондағы Азат Еуропа / Азаттық тілшілері (Азатлык радиосы) үнемі қуғындалады.

Түркіменстан әлемдегі жабық мемлекеттердің бірі. Тұрғындарына еркін ақпарат алмасуға шектеу қойылған. Халықаралық ұйымдар жыл сайын Түркіменстанда сөз бостандығы, адам құқықтары шектелетінін айтып, дабыл қағып келеді.

Abai.kz

1 пікір