Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 3727 0 пікір 11 Сәуір, 2011 сағат 04:19

Қуандық Шамахайұлы. Бостандық аңсаған қазақта бодандық сана болмаған

Қазақтың ұйып келген бірлігін отарлаушы орыс патша үкіметі арнайы жоспармен ыдыратқанын «Қазаққа алалық қайдан келді?» сынды өткір мақалалары арқылы әшкерелеген ұлттық тәуелсіз «Айқап» журналына Биыл 100 жыл толды.

Ресей империясының озбырлығын қазақ халқы сол кезде де сезген және оған тегерурінді түрде қарсылық білдірген. Оған Сырым, Саржан, Жоламан, Кенесары, Исатай, Жанқожа сынды батырлар бастаған көтерілістер куә. Отарлаушылардың елге келтірген зардаптары ақындар мен билер таратқан ақпараттар арқылы қазақ даласына жетіп халықтың наразылығын тудырып жатты. Өздерінен күші басым әрі мұздай қаруланған отаршы империяның кәсіби армиясымен асқан өжеттілікпен қаймықпай шайқасуының сыры рухтың биіктілігінде болса керек. Азаттықты жырлаған ақындардың ішінде өзінің өр рухы мен азат ойы, батыл ерлігі мен еркін сөзі арқылы дараланған тарихи тұлғалардың бірегейі Махамбет Өтемісұлы. Саналы ғұмырын күреспен өткізген жаужүрек ақынның жырлары кек пен жалынға, арман мен үмітке, өр рухқа толы болуымен қатар оқырманын бостандыққа, батылдыққа жетелейтіндігімен ерекшелеленеді.

Қазақтың ұйып келген бірлігін отарлаушы орыс патша үкіметі арнайы жоспармен ыдыратқанын «Қазаққа алалық қайдан келді?» сынды өткір мақалалары арқылы әшкерелеген ұлттық тәуелсіз «Айқап» журналына Биыл 100 жыл толды.

Ресей империясының озбырлығын қазақ халқы сол кезде де сезген және оған тегерурінді түрде қарсылық білдірген. Оған Сырым, Саржан, Жоламан, Кенесары, Исатай, Жанқожа сынды батырлар бастаған көтерілістер куә. Отарлаушылардың елге келтірген зардаптары ақындар мен билер таратқан ақпараттар арқылы қазақ даласына жетіп халықтың наразылығын тудырып жатты. Өздерінен күші басым әрі мұздай қаруланған отаршы империяның кәсіби армиясымен асқан өжеттілікпен қаймықпай шайқасуының сыры рухтың биіктілігінде болса керек. Азаттықты жырлаған ақындардың ішінде өзінің өр рухы мен азат ойы, батыл ерлігі мен еркін сөзі арқылы дараланған тарихи тұлғалардың бірегейі Махамбет Өтемісұлы. Саналы ғұмырын күреспен өткізген жаужүрек ақынның жырлары кек пен жалынға, арман мен үмітке, өр рухқа толы болуымен қатар оқырманын бостандыққа, батылдыққа жетелейтіндігімен ерекшелеленеді.

Ресей отаршылары қазақ даласына басып кірген тұста бодандыққа қарсы наразылық күшейді, елдің қаймағы болған алдыңғы қатардағы ойшыл тұлғалардың саяси, әлеуметтік көзқарастары қалыптасты. Еркіндікті аңсаған сарындағы жырлар алға шықты. Қазақ қоғамының болмысы азып бара жатқанына өкініш білдірген, отарлау саясатынан туындап отырған қайшылықтардан елді сақтандыруды мақсат еткен өлең-жырлар кең тарады. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды «зар заман» ақындары шығармаларында саяси өмір шындығы көрініс тапқан.

«Бұрын болымсыз үміт, белгісіз келешектен күткен азғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің (Исатай мен Кенесары қозғалыстары жеңіліс тапқанын айтады. Қ. Ш.) жолсыз жорығынан соң, сөніп біткендей болды. Сондықтан ХІХ ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел танылды» - дейді, Мұхтар Әуезов (Әдебиет тарихы. - Алматы, 1991. - 192 б). Зар заман ақындары халықты азаттық көтеріліске үндеумен қатар елін сатқан екі жүзді сұлтандар мен төрелердің, бектердің жағымыз әрекеттерін аяусыз сынға алды.

Орыстың отарлау саясатының тигізген зардабы көп болғандығына қарамастан оның халықшыл ағартушыларының, жазушылары мен ғалымдарының қазақ даласына жасаған оң ықпалдары да көрініс тауып жатты. Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы сынды ойшыл, ағартушылар өздеріне дейін өмір сүрген ақын-жыраулар дәстүрін сақтай отырып, тарихи ортаның талабына сай жаңаша көзқарас қалыптастырды, орыс руханияты арқылы елді өркениетке жеткізуге күш салды.

Ресей патша үкіметі жүргізіп келген отарлық саясатының зардаптарын батыл әшкерелегендігімен және сол зұлымдыққа қарсы  өз ұсыныс,                        пікірлерін қаймақпай ашық білдіргендігімен ғалым-публицист                                   Шоқан Уәлиханов (1835-1863) қазақ баспасөзінің сөз бостандығы тарихында өзінің лайықты орнын тапқан тұлға деп білеміз. Өзінің  қоғамдық-саяси көзқарасында демократиялық бағытты ұстанған Шоқан шығармаларында қазақ қоғамының аса маңызды мәселелерін көтеріп, өркениетті даму мен демократиялық билікті қолдады, әлеуметтік өмірдегі керітартпалықты аяусыз сынға алды. Өзі өмір сүрген кезеңдегі ойшылдардың көзқарастарындағы қайшылықтарды «Қазір ескі мен жаңаның арасында бірден байқала қоймайтын, бірақ өте қатал күрес жүріп жатыр. Бірі мұсылмандық шығысқа, екіншісі орысқа еліктейді» - деп дөп басады (Уәлиханов Ш.  Сот реформасы жайында. // Бес томдық шығармалар жинағы. - Алматы. - 1986. - Т. 1. - 389 б).

Шоқан керітартпалықтың қатал сыншысы, жалынды публицистиканың көрнекті өкілі болғандығымен қатар қазақ баспасөзіндегі сөз бостандығының шоқтығы биік көшбасшысы. Отаршыл үкіметтің жүргізіп отырған саясатындағы әр қазақққа аңғарыла бермейтін қатыгездік, теңсіздік, зұлымдыққа негізделген құпия әрекеттерді көре білумен қатар отаршыл үкіметке батыл түрде сын да айта білді. Мысалы, «Сот реформасы жайында» еңбегінде адамның тұрмыс қажетін өтегенде ғана реформаның пайдалы екенін, ал, бұл мақсатқа кедергі келтірсе зиянды болмағын айта келіп, асығыстыққа жол берілмеуін, жергілікті халықтың әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшелігін сақтауды ескертеді. Нағыз өр мінезді елшіл публицист қана халқының мүддесі үшін осындай батылдық таныта алса керек.

Сібір қырғыздарының Жарғысын сынға алған Шоқан қазақ даласын басқару мен сот реформасы жайында өзінің жасаған жобасы мен ұсынысын Ресейдің отарлаушы әкімшілігіне ұсынған. Ол ел тұрмысын жақсартуға бағытталған реформа жағында болды және оны халық пікірімен санаса отырып жасауды талап етті. Сонымен қатар өз пікірін білдіре алмайтын тағылығы турасындағы қазақты мансұқтаған кері көзқарасқа қарсы тұрды. Халықтың өркендеп өсуі үшін ең алдымен білім мен азаттықтың маңызды екенін жазып кетті. Заңды халыққа күшпен таңуға болмайтынын отаршыларға ескертті.

Құқықтық реформа тұрғысында да Шоқан патша үкіметінің қазақ даласындағы сот ісін қайта қараудағы кмшіліктерін сынай отырып, ежелгі билер сотын тиімді санайтынын бүкпесіз ашық айтты. Әділдігімен, шешендігімен көптің көзіне түскен, нағыз халықтың қалаулысы ғана би болатындығын дәлелдеген Шоқан патша үкіметі тағайындаған соттың парақор, мансапқор болатындығын да жасырмаған. Оның демократияшыл қаламгер болғандығын осыдан көруге болады. 1857 жазған «Баянауыл округі» мақаласында жаңа әкімшілік аймақтарын қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мұң-мұқтажын толық түсінетін қазақтар ғана басқаруы қажет екендігін көтерді. Билік басында беделді әрі білімді сұлтандар болса халық мүддесін қорғай алады, әділдік орнатады деп сенді.

Қазақ көсемсөзінің  сөз бостандығы тарихында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының (1845-1904) алар орны ерекше. Абайдың философиялық мазмұнды қара сөздері - қазақ журналистикасы тарихындағы эссе жанрының бастауы, түп атасы. Ұлы ойшылдың дүниетанымы, көзқарасы демократиялық қағидаға негізделгенін атап айтқан жөн. Сондай-ақ, шығармаларының негізгі тақырыбы - қазақтың келешегі, ел тағдыры, оқу-ағарту, рухани байлықты дәріптеу, адал еңбектің құнын түсіндіру, пендешілікті, надандықты, жалқаулықты сынау, жас ұрпақты адамгершілікке, білімділікке, ізгілікке шақыру.

Судьялардың опасыздығын, болыстардың жағымпаздығын «Болыс биді құрметтейін десең құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» - деп шындықтың бетіне тура қарай алған Абай қоғамдық әділеттікті жақтайды. Абай өз тұсындағы басқару билік ісіндегі жөнсіз әрекеттерді қатаң сынға алып отырды «бар малын шығындап болыс болғандар», «өзі қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң момынды қадірлемейді, өзіндей арам қуларды» жақтайтынын айыптайды. Осылайша көзге көрініп тұрған ащы шындықты еш бүкпесіз тура айта білген Абай болыстыққа білімді адамдардың сайлануын жақтайды. Сонымен қатар «бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» құрған «Жеті Жарғысын» білмек керек...ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» - деп өкінеді. Абай қазақ қоғамындағы жағымсыз әрекеттерді әшкерелеп қана қоймай оның себебін де түсіндіреді. Мысалы, жиырма екінші қара сөзінде «Байды қадірлейін десең бай жоқ. Бай болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Мырзаларды  қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза боп жүр. Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. ...Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті  кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға келгенде елдің бәрі есті» - дейді. Оның себебін Абай заманның өзгеруінен деп есептейді.

Игіліктен гөрі «иттіктің» көптігіне налыған, «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп келер ұрпақ алдында ақталуды жөн санаған азат ойлы, адал ниетті  ақын әділеттің ақ жолындағы күресте мойымай билікке бас имей өтті. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы  қазақ қоғамының шынайы көрінісі Абай шығармашылығына арқау болды. Жалқаулық, надандық, парақорлық, өсек-аяңға бой ұрушылық секілді жат қылықтар қоғамның дамуын кері тартатындықтан Абай онымен аяусыз күресте өткір қаламымен, ащы мысқылымен  қарсы тұра білді.

ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында демократиялық қозғалыстардың кең етек алуы қазақ даласын да оятып, рухани жаңаруға жетеледі. Ағартушылық идеялардың кең таралуы қазақ ұлттық баспасөзінің, шығармашылық еркін ойдың, сөз бостандығының дамуына түрткі болды. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар мен дәстүрлі түсініктерге жаңа қадамдар жасалып, мәдени-ағарту саласына тың серпін әкелді. Мектеп, медреселерде дін дәрістері ғана емес, тарих, тіл-әдебиет, есеп, жағрапия пәндері де оқытыла бастады. Біртіндеп ұлт зиялылары тарих сахнасына шықты, халықтың рухани оянуына игі ықпал етті. Ресей империясының 1905 жылы ақпанда және көкекте  қабылдаған  дін туралы жарлықтары «бүкіл қазақ даласын азаттық қозғалысының ағынына түсірді» - деп жазды, кезінде Әлихан Бөкейханов (Бөкейханов Ә. Дін туралы жарлықтар.  // Таңдамалы.  - Алматы,  - 1995. - 77 б).

Ресей империясы қазақ халқының рухани тәуелсіздігін жою үшін олардың ұлттық бірлігін ыдыратуға күш салды. Ол үшін көшпенділерді орыстармен араластырып, ұлттық рухани болмысынан аластату үшін миссионерлік қызметтерін күшейтіп, қазақтарды христиан дініне кіргізуге тырысты. Қазақ жұрты бұл саясатты шоқындыру, орыстандыру ретінде қабылдап, оған қарсы тұра білді. Жадидшілдіктің аясында отар елдер ынтымақтасып, патша үкіметі билігіне  қарсыласумен қатар жастар тәрбиесі мен ағарту мәселелеріне ден қойды. Ескі қадім оқуымен заманға сай маман даярлау мүмкін еместігін түсінген жадидшілдер оқу ісіне жаратыстану ғылымдарын, ана тілі мен орыс тілін енгізуді қолдаған. Олар әлеуметтік өмірдегі керітартпалықты сынап, артта қалған салт-дәстүрлерді жаңарған қоғамдық қатынастармен алмастыруды ниет етті. Жәдидшіл талаптар әлеуметтік, рухани, саяси салаларды кең қамтыды. Газет-журналдар, кітап бастыруды, ұлттық тәуелсіз басылымдардың болуын қолдады. Сонымен қатар әйел теңдігі мен бостандығын жақтады, мәдени-ағарту жүйесін кеңейтуді көздеді.

Тарихи деректерге қарағанда, 1910 жылы «Тюрк юрду» (Түрік отаны) журналы шығарыла бастауы түркі халықтарының бірігу идеясын алға шығарған. Мағжан Жұмабаев сынды ақындар осы тұста бір ұлттық санадан биік тұрып, жалпы түрікшіл рухты, шыққан тегіміздің бірлігін отаршыл Ресейдің жазалаушы органдарынан қаймықпай орасан батылдықпен дәріптеді. Елдің басына түскен қиындықты көріп-білген ұлт зиялылары қоғамдағы келеңсіздіктерді ащы сынға алып, ұлттық сананы ояту жолында тер төкті.

Ұлттық тәуелсіз «Айқап» журналында жарық көрген Бақытжан Қаратаев пен Әндижан Жұбанғалиұлының «Тұла бойы тұңғышым» атты мақаласы: «Управитель, старшина, народный судья деген лауазымдылар естен тандырады, басымызды айналдырады. Өңкей надан халық бұл лауазымдар малдарын шашып таласты, ел пайдасын ұмытты. Осылайша я мұсылманша, я орысша оқымаған надандар бас адамдарымыз болған соң, қалың мұсылмандар шаңынан һәм қатарынан мүжіле кейін қалдық» - деп дабыл қағады (Қаратаев Б., Жұбанғалиұлы Ә. Тұла бойы тұңғышым.  // Айқап. - Алматы, - 1995. - 86 б).

Бұл турасында Ахмет Байтұрсыновтың «...қазақты оңай билеу үшін, қазақтың өзара егестерін пайдалану үшін, бір болыстық жерге үш-төрт рудың басын қосып, оларды болыстыққа таластырып қояды. Әкімшілік етіп, үкімет басына отырып, қараңғы, ұйымдаспаған елді пайдалану оңай екендігін түсінген атқамінерлер арасында егес туады. Олар руын жәрдемге шақырады, өздерін сол руды қорғаушы етіп көрсетеді. Бұған қарағанда қазір қазақ ішінде ру таласы жоқ. Елді, бұқараны алдап ру тонына жасырынып жүрген атқамінерлердің егестері бар..Би, болыс, ауылнай сайлауларының шыққанына қырық жылдан асса да сайлауды дұрыс түсініп отырған адам жоқ. Өз мағынасында түсінілген сайлаудан халық дерті, қайғы, мұңы көбеймей, арып азбас еді» - деген сөзі «Айқап» мақаласымен үндесумен қатар бүгінгі күннің шындығымен де астасады  (Байтұрсынов А.  Ақ жол. - Алматы, 1991. - 210 б.).

Саяси бостандықтан бұрын қазақтар дін және жер мәселелерін алға шығарып отырғандықтан зиялылар дінді саяси қаруға айналдырғаны мәлім. Сондықтан діни бірлікті қазақ халқының ұлттық ұйымдасуына апаратын мүмкіндік ретінде таныды. Отаршылар оларды түркішіл-панисламистер деп атады. Ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік сақтап, шығыс пен батыс мәдениетінің  жетістіктерін ұштастырған топтар кейін Алаш қозғалысы төңірегіне топтасқаны ресми деректерден белгілі.

ХХ ғасырдың басында империяның самодержавиялық шексіз билігінің сорақылығын сынаған демократиялық және радикалдық топтардың пайда болуы, қазақ даласында Ресей патша үкіметіне қарсы саяси қозғалыстың қалыптасуына жеткізді. Дербес мемлекеттілік жайында мәселе қозғап, кадет партиясының позициясын ұстанғандар жайында С. Асфендияров былай деп жазды: «қазақтың буржуазиялық интеллигенттері орыстың кадеттерімен одақ болды. Ә. Бөкейханов кадет партиясының кіндік комитетінің мүшесі болды. І,ІІ мемлекеттік думаларда қазақ атынан депутат болып сайланған Ә. Бөкейханұлы, А. Бірімжанұлы, Б. Қаратайұлы, А. Қалменұлы т.б. кадеттер басқарған прогрессивтік блокқа кірді. Партиясыз «мұсылман фракциясы» деген де болды» (Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. - Алматы, 1994. - 97 б).

Кадет партиясының бағдарламасында парламенттік басқару жүйесінің негізгі идея ретінде танылуы қазақ зиялыларының көңілінен шыққан. Алайда, кадет басшылары ұсынған мәдени автономиясына қанағаттанбаған Әлиханның  оның құрамынан шығып кетуі ұлт мүддесіне деген адалдығын, демократия жолындағы табандылығын көрсетсе керек.

Мұсылман, түркі халықтарының бостандығы жолында күрескен Мұстафа Шоқай ұлттық мемлекеттікті тек тәуелсіздік жағдайында ғана құруға болатындығын мәлімдеді. Оған М. Шоқайдың «Осы елдің құрамындағы Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгіл, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары сөз болуы мүмкін емес. Өйткені, қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде оры сбилігі орнаған, соң-ақ, пүшайман халықтың жері тартылып алына бастайды. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды» - деген өз сөзі дәлел (Шоқай М.  Таңдамалы. - Алматы, 1999. - Т.2. -520 б.).

Азаттық үшін күресті тарихи кезеңде жаңа сапалық деңгейге көтерген басты фактордың бірі - ұлттық тәуелсіз газет-журналдардың шығарылуы болды. Қоғам тынысы, халықтың мұң-мұқтажы, өзекті мәселелері баспасөз арқылы көрініс тауып, зиялылардың үні қазақ даласына жетті. Алаш күрескерлерінің озық ойлы мақалалары ХХ ғасырдың басында негізінен «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында жарық көрді.

1913 жылы Орынборда ақпан айынан бастап жарыққа шыққан «Қазақ» газеті бес жылдан Алаштың басты мінберіне айналды. Кейбір деректер бойынша оның таралымы 1917 жылы 8 мыңның үстінде болғаны сол тұстағы қазақ даласы үшін ірі көрсеткіш болса керек. Газетке М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, М. Тынышбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Тұрағұл Құнанбаевтардың қатысуынан-ақ басылымның салмағын аңғаруға болады. «Қазақ» тек ақпарат, үгіт-насихат құралы ғана емес, Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлерің ордасы, ғибадатханасы болғанға ұқсайды» (Тайшыбай.З.  //  Баспасөз тарихы.  - Петропавл,  2003. - 48 б.).

Олай болса, Алаш партиясын «Қазақ» газетінен бөліп қарауға келмейді. Сол кездегі саяси жағдайлар ұлттық бояумен көрсетілді. Алаш серкелерінің халыққа бағыт бере жазған көсемсөздері осы басылымда үздіксіз жарияланды. 1917 жылдың желтоқсан айында Алаш үкіметі құрылды. «Қазақ» газетінің жауапкершілігі арта түсті. Тарихи кезеңде жарыққа шыққан өзге қазақ баспасөзі де Алашқа қолдау көрсетті. Олар революция тұсында жарық көрген «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы», «Ұран», «Ақ жол» және «Жас Азамат» сынды басылымдар еді.

Ол туралы Сәкен Сейфуллин былай деген: «Бұл газеттер, «Тіршіліктен» басқасының бәрі бір бетте болды. Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқау беріп, хат жазып жатты. Газеттердің бәрі көз жұмбай ұлтшыл болды. Бәрінің орталық туы «Қазақ» газеті болды», «Қазақ» газетінің өзгеге үлгі боларлықтай жетекші басылым болғанын осыдан-ақ көруге болады (Сейфуллин С.  Тар жол тайғақ кешу. -  Алматы: Жазушы, 1988. - 60 б).

Алаштың еркін ойлы публицистері - Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков, Х. Досмұхамедов, М. Шоқай сынды зиялылардың шығармалары кеңес үкіметі тұсында марксистік-ленинистік әдістемесі аясында тым бір жақты қарастырылып, жала жабылды. Цензура бақылауы тұсында шындықты айту мүмкін болмағаны белгілі. Кеңес одағы тұсындағы қазақ баспасөзі қатал цензураның аясында және компартияның тұрақты бақылауында жұмыс істегендіктен аталмыш тарихи кезеңдегі сөз бостандығы туралы әңгіме қозғаудың өзі мүмкін емес әрі қисынсыз деп білеміз. Ал, қайта құру кезінен, ел тәуелсіздігіне қол жеткізген  тұстан бастап ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған ерліктері өз бағасын ала бастады. Ал, бүгінде кейбір жазғыштар бізге сөз бостандығы мен еркін ой әлде кімнің нұсқауымен ғана берілетіндей адастырып жүр.

«Абай-ақпарат»

0 пікір