Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2963 0 пікір 11 Сәуір, 2011 сағат 04:37

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным - Алаш!..»

БІРІНШІ БӨЛІМ:  ЖЕГІЛЕР ЖҮЙЕСІ

 

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі.

Абай.

Бірінші тарау:   ЕЛ ЖЕГІСІ

 

1.

 

Тұлғасыз ұлт - тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер - ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер - ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен мінезі шешушi және шағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр-қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi.

БІРІНШІ БӨЛІМ:  ЖЕГІЛЕР ЖҮЙЕСІ

 

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі.

Абай.

Бірінші тарау:   ЕЛ ЖЕГІСІ

 

1.

 

Тұлғасыз ұлт - тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер - ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер - ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен мінезі шешушi және шағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр-қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi.

Рухы күштi, «ұлы өзегi таза», «арбасқан алақұйын заманаларда» өзiн-өзi қорғауға қабiлеттi ұлт - келешекке қол созған ұлт. Туған ұлтының, дүниедегi орыны үшiн күресе бiлетiн, ақыл-санасының, iшкi қайратының мүмкiндiгiн барынша көрсететiн, сыртқы және iшкi ықпалға көнбейтiн, тәуелсiз ой қорытып, шешiм қабылдайтын қайраткерлердің тәрбиеленіп шығуы заңды әрi тарихи қажеттiлiк.

«Iргелi жақсыға жарымаған ел» - бақытсыз (Абай). Ондай жұрттың нәсiл, ұлыс, халық ретiнде өмiр сүруiнiң өзi қауiптi әрi ұлттық қорлық. Өйткенi «қол қайраты мықты» (Абай), қандай «күштi үкiмет» (Шәкәрiм) болса да ол:

«Халықты тәрбиелей де алмайды, аздыру да қолынан келмейдi: үкiмет халықты сүйiндiредi не күйiндiредi. Ал халықты тәрбиелеу - ел иесi мен оқымысты зиялылар тобының (тұлғалардың) мiндетi» (В. О. Ключевский).

Қадым замандардан бергi табиғатпен тел өмiр сүрген, барлық қасиетiн: бiтiм-болмысын, ойлау қабiлетiн, салт-дәстүрін, әдетiн, жан дүниесiн, бас еркiн рухын, жан сергектiгiн, елдiк сезiмiн, адал рухын бойына сiңiрiп, ХХ ғасырға сол қалпында алып келген қазақ ұлты да өзiнiң ел ағалары мен тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, елдiк намысы мен тағдырын соларға сенiп тапсырды.

Отаршыл қоғам - рухы еркін, дербес ойлау жүйесi қалыптасқан, кесек харакет-қабiлетке ие, тәуелсiз шешiм қабылдай алатын, жан дүниесі таза, болатөзек, мәдениетi жоғары, аяр идеологияға бас имейтiн тұлғаларға қарсы күрестi. Ұлттың ұяты мен намысы ұйыған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов:

«...Қазақтар Шыңғыс хан мен Темірланның ордасының ұрпақтары, демек Америкада үндістер қалай жойылса, олардың да басына сондай сойқанды орнату керек», - деп Дума депутаты Марков тісін қайраған Шыңғыс ханның тұқымы, болатөзек тұлға еді.

Қазақ елiнiң рухын тәуелсiз ұлт дәрежесiне жеткiзу жолына бүкiл арман-мұратын, қайратын, талантын тағдыр талайына салған тұлғалар сол «астан-кестен заманда» өмiр сүруiмен де Бостандық рухының қасиеттi бейнелерiне айналды. Олар ұлттың тәрбиешi зиялылары ретiнде танылып, исi алашқа мойындалды. Ұлттық биліктен айырылып, «өз қолынан өзінің ырқы кеткен соң да» (Абай) қазақтың қамын жеп, елінің мұң-мұқтажын жоқтай білді. Азаматтық Мойынсынбауды, Рухани Тәуелсіздікті, Ұлт Азаттығын мұрат тұтты. Соның нәтижесінде екі жылға жуық өмір сүрген «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі құрылды. Сөйтіп, қазақ қауымының дербес ел ретінде өмір сүру құқығы бар екенін негіздеп берді.

Жалпы қоғамдық ой мен ұлттық сананың даму тарихы тұрғысынан алғанда, 1905-1920 жылдардағы қазақ қайраткерлерiнiң мемлекеттiк саясаты мен iшкi күресi - ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсiз мемлекет құруға ұмтылған ұлттық күрестiң алғашқы сатысы едi. Қоянды жәрмеңкесiндегi бүкiлқазақтық Азаматтық мойынсынбау (петиция) қозғалысы дербес қазақ мемлекетiн құрумен тиянақталды.

1905 жылғы «халық қалаулыларының бас қосуын шақыруға, халық мұңын айтатын арыз-тілек хаттарды (петицияларды) жазуға рұқсат берген «17 ақпан манифесі» қазақ даласында да азаттық қозғалысын өрістетті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Ш.Қосщығұлов, Науан хазірет, Р.Марсеков, Ж.Ақбаев, О.Әлжановтардың саяси сахнаға шығуы да тікелей осы қозғалыспен байланысып жатты. Ә.Бөкейханов «Қазақтар» атты мақаласында:

«Ол құжаттарда дінге және жерге қатысты мәселелер саяси-бостандық мәселелерінен де бұрын алға қойылды. Арыз-тілек хатты дайындауға орыс әдебиетінің негізінде тәрбиеленіп, еуропалық мәдениетке құлай сенетін, отанының бақытын батыс мәдениетінің жемістерін тиімді пайдалана білу - деп есептейтін, діни мәселелерді екінші қатарда қарастыратын интеллигенттер де, сондай-ақ, шығыс мәдениетімен сусындап, ұлттық-діни өзгешелікті насихаттауға ерекше ден қоятын зиялылар да араласты. Бұлардың алғашқысын - батысшылар, екіншісін - түрікшілдер деп атауға болар еді. 1905 маусымында қазақ даласының қақ орта тұсында, Қарқаралы оязындағы Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 қазақтың атынан Министрлер кеңесінің төрағасына жолданған арыз-тілек хат азаттық аңсаған халықтың оянған санасының алғашқы үн қатуы еді... Тәуелсіз діни басқарма, жер, тіл, сот туралы мәселелерді қозғай келе, Мемлекеттік Думаны шақыру, оған қазақтардан депутаттар сайлау жөніндегі талаппен түйінделді... Қалаларда қазақтар барша адамның теңдігі, ұждан бостандығы, халық билігі туралы жалынды сөздер айтқан зиялыларға қосылды», - деп жазды.

Ақыл-есін жегідей жеп, жүйкесін шүйкелеген арандатуды, арбауды, қасақана мекiрелiктi, басынуды, қорлықты, аярлықты, тергеудi, түрменi, бопсаны көре жүрiп, ұлтын - «өлiп таусылу қаупiнен» (М.Әуезов), рухын - «жем болудан» (Ә.Бөкейханов) сақтап қалды. Мәскеудегі «Ресейдің қалалық және жергілікті қоғам қайраткерлерінің құрылтайына» қатысып:

«Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін... Қазақтың бүгінгі асқан мұңы - ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім - жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін», - деп қазақ ұлты өкілдерінің арасынан тұңғыш рет империяға саяси талап қойды.

Бұл пікірдің араға жүз жыл өткен соң да, тәуелсіз мемлекет тұсында да өзінің зәрулігін сақтап отырғаны, әрине, өкінішті.

Міне, осыдан кейін қазақ зиялылары үшін жаппай қуғын-сүргіннің сергелдеңі басталды. Ш.Қосщығұлов пен Науан хазірет жер аударылды. Ал 1906 жылы 8 қаңтар күні Ә.Бөкейханов Тұзқалада тұтқындалды. Думаға депутат болып сайлануына байланысты 30 сәуір күні амалсыз түрмеден босатылды. Реакцияшыл үкімет Думаны таратып жіберген соң еркін ойлы «Выборг тобына» қосылды. Тіміскі үкімет 1907 жылы 17 желтоқсанда Ә.Бөкейхановты тағы да түрмеге қамады. Қапаста жатып та кекті қоғамға кеткен есесін қаламмен қайырып:

«1907 жылдың 3 маусымындағы заң 4 жарым миллион қазақ халқын сайлау құқынан айырды. Үкімет, сөйтіп, бұрын олардың туған жерін күшпен тартып алған халықтың енді Мемлекеттік Думаға қатысуын да артық санаған сияқты», - деп баспасөз бетінде батыра батыл пікір білдірді.

Ақыры құзырлы үкіметтің құпия жарлығымен туған жұртында тұру құқынан айырылып, Самара қаласына жер аударылды. Онда кадет партиясының губерниялық хатшысы ретінде:

«Самараның барлық революцияшыл топтарының (октябрьшілерден бастап солшылдарға дейін) күшін біріктіру мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға араласты» (С.П.Швецов).

Россиядағы отар ұлттардың ар-ожданын оятып, ұлттық, діни санасын сілкіндірген және кейінгі бостандық жолындағы күреске негіз қалаған ұлы жиын - 1914 жылғы маусымның 15-25 аралығында Санк-Петербург қаласында өткен Ресей мұсылмандарының алғашқы құрылтайы еді. Бұл - Ресей бодандығындағы барлық мұсылмандардың, соның ішінде мұқым түркі жұртының бірігіп, бірге тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы дербес саяси қадамы болатын. Осы құрылтайға дайындық қарсаңында және оның шешімдерін одан әрі жүзеге асыру барысында Ә.Бөкейханов жас патриоттарды - башқұрт Заки Валидов, қырғыз Қ.Тыныстанов, түркістандық М.Шоқаев, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, М.Есполов сияқты оқымысты азаматтарды саяси ортаға тартты. Оларға хатшылық жұмыстарды тапсырып, саяси құжаттарды дайындау үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Өзін ұлт-азаттық күрес жолына баулыған:

«Азербайжан Әлимардан Топшыбашев пен қазақ Әлихан Бөкейхановтың атын алдымен атаймын. Олар Россия мұсылмандарының, әсіресе, түркістандықтардың шетін мәселелерімен тереңдеп танысуыма көмек берді», - деп З.Валидов ерекше атап өтті (М.Шоқаев пен Х.Ғаббасов та, Қ.Тыныстанов та тура осындай пікір білдірген).

Ұлттық ынтымақ, саяси дербестік туралы ұғымдар мүлдем ұмыттырылған Ресей мұсылмандарының бұл құрылтайында «ар-ождан, дін, діл, тіл және күрес бірлігі» мәселесі тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде талқыланды. Талқыға: шығыстық, батыстық және түркілік даму нысаны ұсынылды. Көзқарастар қайшылығы асқына келіп Ресейдегі мұсылмандар мен түркі тектес жұрттарды ымырасыз үш жікке бөлді. Өркениетке бүйірден кеп қосылған қыр елінің болашақтағы даму бағдарын анықтау мақсатында Әлихан Бөкейханов сол тұстағы Ресейдегі ең беделді мемлекет қайраткері А.Керенскиймен 1914 жылдың шілде айында және 1915 жылдың мамыр мен қазан айларында үш рет пікір алысты. Сол құрылтайда Әлихан Бөкейханов:

«Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз. Діни ісі мемлекеттен бөлінген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек», - деген мағынадағы әйгілі қанатты сөзін айтты.

Бұл пікірін ол:

«Орыстандыру саясатынан зардап шеккен өлкелердің қай-қайсысы сияқты, қазақ халқы да ескі үлгідегі үкіметке наразы және орыс оппозициялық партияларына іш тартады. Қазақ арасында қалыптасқан екі саяси бағытқа сәйкес, Дала өлкесінде таяу уақыттың ішінде екі саяси партия ұйымдасуы мүмкін. Оның бірі, бәлкім, ұлттық-діни партия деп аталар, оның мақсаты - қазақтарды өзге мұсылман халықтарымен діни негізде біріктіру. Екінші бағыт, қазақ даласының болашағы (осы сөздің барынша кең мағынасында) - батыс мәдениетін саналы түрде игеруде - деп білетін батыстық ұстанымдағылар. Алғашқысы, сірә, мұсылман татар партияларының үлгісін ұстанар, екіншісі - оппозициялық орыс партияларының, оның ішінде Халық бостандығы партиясының жолын ұстанатын болар», - деп («Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері». Саяси мақалалар жинағы. 1910.) нақтылай түсті.

Бұл қазақтардың дербес саяси партия құру мүмкіндігі туралы саяси болжамының өмір шындығына айнала бастауы еді. Соңғы жол - Әлиханның өзі ұстанған жол, кейіннен «Алаш» партиясының бағдарламасына негіз қалаған алғашқы жоба еді.

Ә.Бөкейхановтың мүфтият пен майданға азамат беру туралы ұстанымы сол тұстағы қазақтарды да, оған баға берген тарихшыларды да екіұшты пікірге қалдырды. Алаш көсемі көшпелі қазақ елін тарихи дамудың жаңа сатысына көтеріп, оны өркениетке тартуды көздеді. Бұл - заманның ағымы мен бәсекесіне ілесе алатын, озық жұрттың «дағуасына кіріп, қаруының тілін білетін, білгенін оған қарсы пайдалана алатын» (Абай), ел үшін де, діл мен тіл үшін де, тәуелсіз мемлекет үшін де күресе алатын азаматтық қоғам орнату мақсатынан туған ұмтылыс еді. Қазақ азаматтары майданға бару арқылы:

1. Далада тұйықталып қалмай, өркениетті жұрттың даму дәрежесін көреді, олармен араласу арқылы саяси санасы оянады, қазақ тұрмысын түзетудің жолын іздейді.

2. Зеңбірек пен пулеметке қарсы сойыл мен шоқпар алып шығудың үмітсіздігін көріп, майдандағы қолданылған қару-жарақтың тілін біледі, сөйтіп, жазалаушы патша әскерімен соғысудың әдіс-тәсілін үйренеді.

3. Ғылым мен білімсіз, мәдениетсіз бұл дәрежеге жете алмайтынына көзі жетіп, өзінің білгенін бодан халыққа насихаттайды.

Бұл үшеуінсіз қазақ ұлты ешқашанда тәуелсіздікке жетпейді:

«Жігіттер қаза тауып, бейнетке ұшырар. Бірақ ел іргесі бұзылмайды. Көнбесе... бас пен малға әлегі бірдей түседі, елдің іргесі бұзылады. Ол жұртқа келген бір опат», - деп түсіндірді.

Ол Батыс майданының тыл жұмысы басқармасы жанынан бұратана халықтар бөлімін ұйымдастырып, қара жұмысқа алынған аз ұлт өкілдерінің мұқтажын шешіп отырды.

Ақпан төңкерісі күндерін Ә.Бөкейханов Минскіде қарсы алды. Керенскийдің бұйрығымен Ә.Бөкейханов - Торғай облысындағы, М.Тынышбаев - Жетісу губерниясындағы Уақытша үкіметтің комиссары (өкілі) болып тағайындалды. Қазақ даласына жолға шығар алдында саяси күреске дайындалу мақсатында Мемлекеттік думаның мұсылмандар фракциясының  мүшесі Заки Валидовке тапсырма беріп кетеді. З.Валидов:

«Орынбордағы Торғайдың губернаторы болып тағайындалған Әлихан Бөкейхановпен және басқа да қазақтармен келісіп, енді Москвада өтетін мұсылмандар құрылтайында көтерілетін мәселелерді» талқыға ұсынды».

Ресей бодандығындағы мұсылмандардың саяси ойлау жүйесін өзгерткен бұл құрылтайда Түркістанға, Қазақстанға, Татарстанға, Башқортстанға, Азербайжанға автономия беру мәселесі тұңғыш рет көтерілді. Соған дайындық ретінде З.Валидов Түркістан мұсылмандарының құрылтайын өткізуге Ташкентке барды. 1917 жылы 16 сәуірде ашылған құрылтайға Түркістанды басқаратын уақытша комитеттің мүшелері - кадет Львов бастаған генерал Ғабделғазиз, Садри Максуди, қазақ Мұхамеджан Тынышбаев та келді. Заки Валидов:

«Россия - федеративтік мемлекет болуы керек», - деген жоба ұсынады.

Бұл ұсынысты қоқандық Әмірәли Захири, түрікмен Бердіқожа, қазақтар Тынышбаев пен Әбдірахман Оразаев қолдап шығады. Бұл да тәуелсіз мемлекетке жетудің алғашқы баспалдағы еді. 17 сәуірдегі федеративтік құрылымды Мұстафа Шоқайдың қолдамағаны, ең соңында қалыс қалғаны тосын дерек. З.Валидов өзінің «Қатирасында»:

«Мұндағылар ғана емес, Петербургтегі Ахмет Цаликов та қарсы шығып, менің іс-әрекетімді шектеу туралы Мұстафа Шоқаевқа бір жеделхаттан кейін екінші жеделхатты жіберіп жатты. Басқару құрылымы және басқа да маңызды құжаттар туралы шешімдер Бехбуди, Әбижан Шатақ, Әбдірахман Оразаев, Түркістан уақытша комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышбаев, өз әріптестеріне қарағанда өзгеше пікір ұстанған генерал Дәулетшин мен Максуди сияқты беделді адамдардың ықпалына сенген қарапайым, хат танымайтын қазақтар мен өзбектердің дауыс беруімен қабылданды, олар федеральдық құрылымды қорғады және құрылтайда қабылданған қаулыны құттықтап сөйледі», - деп жазды.

Бұл - аса маңызды, түркі тектес ұлттардың Ресейден іргесін бөліп, жеке республика ретінде өмір сүруді мақсат еткен ең қасиетті шешімі еді. 7-мамыр күні Москвада Ресей мұсылмандарының құрылтайы өтті: онда ұлттың өзін-өзі билеу құқығы мен федеративтік құрылымды жақтап - 446 делегат, қарсы - 271 делегат дауыс берді. Мемлекеттік думаның жанынан Ресей мұсылмандарының біріккен атқару комитеті (ИКОМУС) құрылды. Қадымдық және жәдидтік бағытқа ымырасыз жіктелген мұсылман қауымының Абай атап өткен «нақыли өкілдері» Ә.Бөкейхановтың бұл пікірін барынша теріс түсініп, оны:

«Кәфірдің кәфірі, дінсіздердің дінсізі! Мұсылмандар! Оған жоламаңдар! Айтқан тілін алмаңдар! Артынан ермеңдер! Иттің үргеніне аспандағы Айдың нұры кетпес!», - деп «Ығламнама» жариялады.

Ал М.Тынышбаев ата мекенінен айырылған Жетісу мен қырғыздардың жерін өздеріне қайырып беруге Ю.Шкапский екеуі шұғыл түрде кірісіп, жарты миллионнан астам босқындарды еліне қайтарып әкелді. 1916 жылғы жазалау операциясына қатысқан әскери отрядтардың үстінен тергеу ісін жүргізді. Бұл халықтың рухын көтеріп, сенімін оятты. Мұның барлығы жинақталып келіп қазақтың тәуелсіз мемлекеттігінің идеясына ұласты.

1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Қазақ елінің өзінің қоғамдық даму сатысында тығырыққа тіреліп, жан дауысы тамаққа тығылып, арпалысқа түскен шағында заманалар толқыны аударылып түсті.

0 пікір