Ол кім?... Ол... Жақсы адам...
Көптен бері ойланып жүрмін. Бәріміз де адамбыз ғой. Ал, бірақ, «жақсы адам» болу қандай ғажап?!
Кісінің адами болмысын айқындау үшін осы сөздің өзі жетіп жатады. Тек біз бұл тіркесті кім көрінгенге айтып, құнын түсіріп алғанбыз ғой. Ойлаңызшы, ОЛ-ЖАҚСЫ АДАМ.
Ол бәріне ақыл айтып, жол нұсқап отыратын көсем де, көрінген ортада еш қысылмай сөз бастап кете беретін шешен де, елден асқан ерекше, жұрттан асқан жомарт та емес. Ол жай ғана жақсы адам. Оны бәрі жақсы көреді, дос-жарандары да сыйлайды. Оны бәрі іздеп тұрады, онымен бәрі сөйлескісі келеді, оны бәрі сағынады. Өйткені, ол жан-жағына күндей шуақ шашып тұрады, онымен тілдескен адам рухани күш-қуат алып, жадырап шыға келеді.
Иә, оның да пенделік кемшіліктері бар. Бірақ, оны ешкім көрмейді, көрсе де көрмеген болады. Оның бойынан тек ізгілік пен мейірім, жанашырлық пен тектілік іздеп тұрады. Себебі, ол–жақсы адам.
Үнді философы Ошоның «сенімен кездескен адам күлімсіреп, ал сөйлескені бақыттың бір ұшқынын сезінетіндей өмір сүр» деген сөзі бар. Міне, жақсы адамның ұстанымы да осындай. Оның басқа адамдардан қандай артықшылығы бар деп ойлайтын боларсыз. Иә, дұрыс сұрақ.
Біз, көбіміз, басқадан бұрын өз пайдамызға жүгіріп, өз проблемаларымызға бас ауыртып жүреміз ғой. Ал, жақсы адам өзінен бұрын жан -жағындағылардың жайын ойлап тұрады. Оның жаны да, тәні де пендешілік ауылынан алыстау. Сол үшін оны бәрі жақсы көреді.
Таң қалмаңыз, ондай адамдар бар. Мен көрдім. Мүмкін, сіз де көріп жүрсіз. Тек байқамаған боларсыз. Айтқан кезде оп-оңай екі-ақ ауыз сөз... ЖАҚСЫ АДАМ.
Бірақ ол атты алу ше?! Білмедім...
Әсем Құлманованың facebook парақшасынан
Abai.kz