ІІМ-нің ісі дұрыс па, бұрыс па, Бас Прокурор мырза?
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры Қ.П. Қожамжаровқа
Құрметті Қайрат Пернешұлы!
Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 28-тармағы және «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 9-бабының 4) тармағы туралы кеңес сұрап, осы өтінішті Сіздің атыңызға жазып отырмын.
«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабының 14-1) тармағында «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;» деп жазылған. Демек, көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін осы негiздер қолданылады.
Қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзған көшіп келушілер ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 517-бабының 4-бөлігіне сай, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен айыппұл төлейді. Дұрыс! Төлесін!!
Бірақ, «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 28-тармағындағы «Шетелдік осындай рұқсатты ұсынудан бас тарту немесе оны жою туралы шешім қабылдаған күннінен бастап бір жылдан ерте емес рұқсат беру туралы өтінішті қайта береді» деген шартқа сай, ол азамат БІР ЖЫЛ БОЙЫ Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуге тұра алмайды.
Сондай-ақ, визасының мерзімі өтіп кеткені үшін аталған ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 517-бабының 4-бөлігіне сай, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен айыппұл төлеген көшіп келушілерге Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі полиция басқармалары шығу визасын береді және «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 28-тармағындағы «Шетелдік осындай рұқсатты ұсынудан бас тарту немесе оны жою туралы шешім қабылдаған күннінен бастап бір жылдан ерте емес рұқсат беру туралы өтінішті қайта береді» деген шартқа сай, ол азаматты БІР ЖЫЛ БОЙЫ Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуге алмайды.
Ал, «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 9-бабының 4) тармағында «Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ВИЗАЛАРЫН БЕРЕДІ, күшін жояды, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕДІ, СОНДАЙ-АҚ ОЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМДЕРІН ҰЗАРТАДЫ және қысқартады не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының визаларын беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;» деп тұр.
Сондай-ақ, аталған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 7-бабында «Қазақстан Республикасында тұрақты тұру визасымен уақытша болатын не Қазақстан Республикасымен кірудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, СОНДАЙ-АҚ ӨЗДЕРІНЕ БЕРІЛГЕН ВИЗАНЫҢ САНАТЫНА ҚАРАМАСТАН, ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА РҰҚСАТ АЛУ ҮШІН ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНА ӨТІНІШ БЕРЕДІ» деп жазылған.
Демек, меніңше визасының мерзімі өтіп кеткені үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 517-бабының 4-бөлігіне сай, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен айыппұл төлеген қандастарымызға аталған Заңға сай Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы визасының санатына қарамастан визасын ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ, СОНДАЙ-АҚ ОЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМДЕРІН ҰЗАРТЫП БЕРУІНЕ болады.
Оның үстіне, жоғарыда көрсетілген «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 49-баптың 5) тармағында «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деп жазылған.
Құрметті Қайрат Пернешұлы!
Сізден, бірінші, сол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 28-тармағындағы «Шетелдік осындай рұқсатты ұсынудан бас тарту немесе оны жою туралы шешім қабылдаған күннінен бастап бір жылдан ерте емес рұқсат беру туралы өтінішті қайта береді» деген норманың Заңдық негізі бар немесе жоқтығын;
Екінші, «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 9-бабының 4) тармағынада ВИЗАЛАРЫН БЕРЕДІ..., ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕДІ, СОНДАЙ-АҚ ОЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМДЕРІН ҰЗАРТАДЫ...» деген құзыреті бола тұра, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының виза мерзімі өтіп кеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген азаматтарға келген еліне шығу визасын беруінің дұрыс немесе бұрыстығын анықтап беруіңізді сұраймын.
Себебі, бұл мәселе шетелден көшіп келген қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына кедергі болып отыр.
Ауыт Мұқибек
Abai.kz