Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2256 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:38

Қымыздан айырылып қалмайық

 

 

Қазақтың ұлттық сусыны санайтын қымызынан айдың-күннің аманында ажырап қалу қаупі бар. Әр халықтың ұлттық ас мәзірі болады. Айталық, дүнгенді – лағманымен, өзбекті палауымен танимыз. Ал қазақтың дастарқанын қымызсыз елестету мүмкін болмаса керек еді. Өкіндіретіні сол, қымыз қазақтың өзіне қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналып тұр. Жаз айында ғана аузымызға тиіп, қарық боп қаламыз. Ал қыс бойы қақтығып отырғанымыз. Өзге мемлекеттер қымызды жанталаса игеріп жатыр. Қазақ қамсыз, қарекетсіз. Шетелдіктердің қымыз атауын түрліше өзгертіп, өздерінше қойып алып жүргені алаңдатса керек еді. Қолданғаны болса – біздің қазақ ғалымдарының технологиялары. Күндердің-күнінде «қымыз деген бәленше халықтың ұлттық сусыны екен» дегенді естіп, шалқамыздан түсіп жатпасақ игі…
Президент жаққан үміт оты
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде де, кейінірек өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Ал 2 маусым күні Мемлекет басшысы сол айтылғандарды нақты жүзеге асыруды көздейтін «Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 15 мамырдағы «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XII съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» Өкімге қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес елдің индустриялық-инновациялық жедел дамуының мемлекеттік бағдарламасы әзірленуге тиіс. Ол Елбасы айқындаған басым жеті бағыттың бірі – ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешенін, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді қолға алуды да қамтиды. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің басы – қымыз. Демек, қымыз өнеркәсібінің серпілуіне бір мүмкіндік бар.
Индустриялық-инновациялық жедел даму бағдарламасының қымызды өңдеуді қамтитынына үміттендіретін тағы бір жайт бар: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қымызды алдымен Жапонияға, сосын Еуропа елдеріне экспортқа шығара бастамақ ниетін білдіріп жүр. Ол үшін, әрине, ең алдымен жылқы шаруашылығы мен бие сүтін өңдейтін кәсіпорындарды жолға қойып алу қажет. Бізде осы екеуінің де бәсі жоғары дей алмайды ешкім. Қазіргідей жүзден асар-аспас жылқысы бар шаруашылықтармен, шағын зауыттармен «Самұрық-Қазына» армандаған биікке көтеріле алмайтынымыз анық.
Қымыз әлдеқашан брендке айналған
Қымызға ешқандай насихаттың керегі жоқ. Оны жұмыр жер бетіндегі жұрттың біразы біледі. Тек кейбір мемлекеттердің атын түрліше бұрмалап жүргені болмаса. Мысалы, немістер қымызды «бие сүтінен жасалған йогурт» деп жүр. Біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда ұлы тарихшы Геродот скифтердің бие сүтінен жасалған сусынды сүйсініп ішетінін тамсана жазып кеткен болатын. Емдік қасиетінен де құлағдар. Мәселен, осыдан бір жарым ғасыр бұрын, сонау 1854 жылы әйгілі орыс дәрігері Нестор Постников Самара губерниясының Богдановка ауылында қымызбен емдейтін орталық ашады. Ал 1958 жылы екінші қымызбен емдеу орталығының шаңырағын көтереді. Онда, негізінен, туберкулезбен ауырғандар емделетін. Атақты орыс жазушылары Лев Толстой мен Антон Чехов дәл осы емханада қымызбен емделген. Және құлан-таза айығып шыққан. Бұл емдеу орны қазіргі күнге дейін табысты жұмыс істеп тұр. Самара облыстық туберкулезге қарсы емдеу диспансері деп аталады. Өткен жылы ғана 150 жылдығын атап өтті. Қазіргі кезде іргеміздегі ірі ел – Ресейде қымыз өндірумен айналысатын кәсіпорындар қарқынды дамуда. Бір ғана мысал: осыдан он жыл бұрын Башқұртстаннан 200 жылқы әкеліп, қымыз өндіре бастаған Сергей Веремеенконың Тверь облысындағы «Снайп» атты шаруашылығы бүгіндері мың басқа жуық сауын биесі бар үлкен кәсіпорынға айналып үлгерген. Соңғы деректер бойынша, Ресейде қымыз өндірумен айналысатын жүзге жуық кәсіпорын бар.
Енді мына қызықты қараңыз: табиғаты аса қатал, бие байлауға жайсыз, бұғыны пір тұтатын Саха елі осыдан жеті жыл бұрын «Саха Республикасындағы қымыз өнеркәсібі туралы» арнайы заң қабылдап, қымызды әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қатарына қосып қойыпты. Франция мен Германияда қымыз өнеркәсібінің қалай тамырланып келе жатқаны белгілі. Кезінде Көкшетау өңіріндегі жылқы шаруашылығында істеген бір неміс азаматы байырғы еліне барған соң кәдімгідей бие байлап, Мюнхен қаласына қымыз жеткізіп тұрады екен. Онда қазақ елшісі Ерік Асанбаевтың мейман болып, өз көзімен көріп қайтқанын білеміз. Осы неміс халқының «Эквимед» атты компаниясы қазақстандық профессор Кеңесхан Дүйсенбаевтың технологиясы бойынша бие сүтінен ең кішкентай нәрестелер үшін ана сүтінің орнына қолданылатын ғажайып қуаты бар тағамдар әзірлейді екен. Қымыздың әлдеқашан брендке айналып қойғанына осыдан артық қандай дәлел керек?
Сөзден іске көшер кез жетті
Ал өзіміз болсақ ең қарапайым тәсілмен қымыз өндіруге жеткілікті мән бере алмай отырмыз. Айтылмай жатқан жоқ. Бірақ бәрі де сөз жүзінде ғана қалып келеді. 2000 жылы сол кездегі вице-премьер Александр Павлов үкіметтік деңгейде қарауға қымыз өнеркәсібін дамыту жөнінде арнайы ұсыныс та енгізіпті. Бірақ еш өзгеріс жоқ: жеке кәсіп иелері қолынан келгенше әзірлеген қымызын бірер мейрамханаға өткізіп, аз-маз табыс табумен жүр. Ірі кәсіпорындар ашуға, серпінді жобалар жасап, инвестиция тартуға деген талпыныстар жоқ. Әйтпесе, қымызды өңдеу, ұзақ уақытқа сақтау технологиясы тамаша жаңалықтарға кенде емес. Соның ішінде отандық ғалымдардың табыстары шетелдіктерді де қызықтырып жүр. Тіпті қымызды құрғату тәсілін қолдануға алғашқы ұмтылыстар КСРО-да 1958 жылы жасалған-ды. Өндірісті қолға аламыз деп отырғанда билік басына Никита Хрущев келіп, жылқы түлігіне қырғидай тигені есімізде. Қазіргі кезде қазақ ғалымдарының қымызды сақтау технологиялары шетелдік компаниялар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Оның өз елімізде ештеңеге жарамай жатқаны болмаса…
Осы сәрсенбінің сәтінде ғана Мәжіліс депутаты Құрманғали Уәли Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына қымыз өнеркәсібіне орай депутаттық сауал жолдаған еді. «Қасиетті қымызымызға көңіл аударып, әлемдік брендке айналдыруға күш салып, ықпал жасауыңызды өтінемін. Бастаманы бас қаламыз – Астанадан бастасаңыз, нұр үстіне нұр болар еді», – деді ол. Құрманғали Уәлидің айтуынша, қымызды экспортқа шығару үшін алдымен қымыз ішу дәстүрін өз елімізде дұрыстап қалыптастырып алуымыз керек. Төменгі палата өкілі қазіргі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің қымызханалар ашудағы игі істерін өзгелерге үлгі етсе дейді. Оның мәліметінше, тек Талдықорғанның өзінде 25 қымызхана ашылған. «Бұл – дәл қазіргідей дағдарыс қос өкпеден қысып тұрғанда, біріншіден, жұмыс орны, екіншіден, табыс көзі, үшіншіден, салауаты өмір салты. Облыс әкімі Серік Әбікенұлы 10 жыл бұрын Жамбыл облысында бастаған қымызхана ашудағы игі ісін бір сәтке толастатқан емес. Ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған кезде де осы Астана қаласында боз үйлер тігіп, қымызхана ұйымдастырғаны елдің есінде. Міне, осы тірі тәжірибені неге барлық облыстарда ұйымдастыруға болмайды?» – дейді депутат.
Әрине, қымызхана – өндіріс орны емес. Өңделген қымыз болмаса, оның көптігінен не қайыр?! Айталық, Астананың маңайында үйір-үйір бие байлайтын, аса ірі жылқы шаруашылығы жоқ. Алыс өңірлерден жеткенше ашып, бұзылып кетеді. Десе де, қалаларда қымызханалардың саусақпен санарлық аз екені, есесіне түнгі клубтардың қаптап кеткені рас.
Әрі күлкі, әрі түрпі
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр астаналық жол инспекторлары бір азаматты ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін ұстап, сотқа жөнелтеді. Сот еш ойланбастан оны жүргізушілік куәлігінен айырып жіберген. Алайда айыпталушы жергілікті прокуратураға шағымданады. Қиын болса да өзінің айыпталып отырғандай сыра емес, қымыз ішкенін дәлелдеп шығады. Прокурорлар соттың шешімінің күшін жойып, оған жүргізушілік куәлігін қайтарып беріпті.
Бір дерек
Бұрын астың, той-томалақтың деңгейі құйылған қымыздың көптігімен де өлшенген. Белгілі қаламгер Сабыр Шариповтің жазуынша, 1860 жылы Ұлытауда берілген бағаналы найман елінің батыры әрі биі, кезінде аға сұлтан болған Ерден Сандыбайұлының (1808-1862 жж.) асында 1000 саба қымыз құйылыпты. Сабаның орташа сыйымдылығы 50-60 литр деп есептеледі. Яғни аталған асқа кем дегенде 50 мың литр қымыз әкелінген.

 

 

Бесбоғда АЛТАЙ, Астана
«Алаш айнасы» газеті 11 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636