Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Билік 3579 0 пікір 13 Қараша, 2018 сағат 21:14

«Балаға мейірімді Қазақстан» республикалық балалар фестивалі өтті

Құрметті оқырмандарымыз, жас таланттарды қолдауға бағытталған өте маңызды, әрі нәтижелі шара туралы білгілеріңіз келе ме? Біраз уақыт бұрын 5-11 сынып оқушыларының белсенді азаматтық ұстанымы мен ересек адамға тән көзқарасына таңданғанымыз бар. Бұл - «Балаға мейірімді Қазақстан» республикалық балалар фестивалінде болған еді. Астанада өткен шараны Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқын қорғау комитеті ұйымдастырған. Бір сәтке ЭКСПО  аумағындағы «Energy Hall» павильонында, министрліктерден келген салмақты өкілдер алдында тұрған балалардың шабытты жүзін елестетіңіздерші!

Елдің барлық өңірінен көшбасшылық қасиетімен көзге түскен, жастар қоғамдық ұйымын құрған, халықаралық және республикалық олимпиадада, шығармашылық байқауларда жеңіске жеткен 320-дан астам бала жиналды. Фестивальға ересектер жағынан мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, педагогтар мен ата-аналар келді.

Екі күндік бағдарлама бойынша балалар шараға өздері қожалық етіп, конференцияны өздері өткізді. Қонақтарға фестиваль қатысушыларының қолынан шыққан бұйымдардан көрме ұсынылды. Ересектер балалардың шығармашылық қиялы мен робототехника, қазақ тілін үйрену бойынша еңбектерінің нәтижесіне таңдай қақты.

Конференцияда Қазақстан Білім және ғылым вице-министрі Суханбердиева Эльмира Амангелдіқызы, сенатор және Бала құқығы жөніндегі төтенше өкіл Айтпаева Сәуле Муханбедианқызы, БҰҰ Қазақстандағы Балалар қорының өкілі Оксамитный Юрий Викторович, «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары  Даулет Кәрібек сөз алды.

Конференция форматы үлкендер өткізетін маңызды форумдардан кем түспеді. Балалар салмақты тақырыпта баяндама жасап, спикерлердің  баяндамасын реттеп, модераторлықты өз қолдарына алып, кеш соңында талқыланған тақырыптар бойынша қарар қабылдады.

Конференция балалардың отбасы, қоғам  өмірінде, тіпті бала мүддесі төңірегіндегі ұлттық саясат қалыптастыру мәселелерінде де қатысу құқын айқындап, мойындатып берді. Жас ұрпақты қоғамның шешуші мәселелеріне ерте араластыру болашақ кадрларды даярлап, олардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруын жеделдетеді.

Конференция бірнеше міндетті алға қойған. Атап айтқанда: бала шақтан бастап азаматтық ұстаным қалыптастыру; жасөспірімдердің БҰҰ конвенциясында көрсетілген құқы мен еркіндігін жүзеге асыруға септесу; балалардың бойына әлеуметтік маңызды қарым-қатынас дағдысының дәнін себу; мемлекеттік органдар мен балалар арасында өзара әрекеттестік орнату.

Енді конференция тақырыптарына тоқтала кетсек.

«Қазақстан – адамгершілік аумағы» атты алғашқы тақырыптың модераторы – Солтүстік Қазақстаннан келген 11 сынып оқушысы  Анастасия Матченя. Балалар адамгершілік-рухани тәрбие, өз басы мен қоршаған ортаға деген жауапкершілік, заманның өзекті мәселелерін шешуге белсене араласу жайын сөз етті. Бірінші болып дарынды балаларға арналған Жамбыл Жабаев (Шығыс-Қазақстан облысы) атындағы облыстық арнайы мектептің 10 сынып оқушысы Нұрайым Багданова сөз алды. Ол «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыруға біздің үлесіміз» тақырыбында баяндама жасады.  Одан кейін №2 орта мектептің (Ақмола облысы) 11 сынып оқушысы Жұлдызай Оспанова «Толеранттық арқылы рухани келісімге» деген тақырыпта сөз алды.

«Қауіпсіз ақпараттық алаң үшін» деген тақырыптағы екінші бөлімнің тізгінін Мақсат Құсаинов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Әйтеке Тәжібай алды. Бұл бағыт балалардың қатыгездікке толы интернет-контенттің қаупін сезіну, интернет қолданушылардың мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру үшін таңдалған. №37 мектептің 9  сынып оқушысы  (Орал) Альмира Сейтмұханова «Ақпарат, қоғам және біз» деген тақырыпта сөз алды. Ал Бекежан Сулейменов атындағы (Шалқар ауданы, Айшуақ ауылы) мектептің  5 сынып оқушысы «Қазіргі мектеп оқушыларының мүмкіндіктері мен қажеттіліктері» деген тақырыпқа дайындалып келген. Ұзынкөл орта мектебінің (Қостанай облысы) оқушысы Еркін Амангелдин «Ақпараттандырылған жастар – ақпараттық қоғамның ертеңі» деген тақырыпта баяндама жасады. «Дарын» мектеп-интернатының (Түркістан облысы, Кентау қаласы) оқушысы Мейірлан Баркінбаев ақпараттық қауіпсіздік туралы секцияны «Ақпараттық қауіпсіздік – бейбіт өмірдің кепілі» деген баяндамасымен аяқтады.

Үшінші бөлім «Зорлық зомбылықсыз балалық» деп аталды. Бұл секцияны Тараз қаласындағы №13 орта меткептің оқушысы Исаак Муступуло жүргізді. Бұл тақырып қоғамның назарын балаларға жасалатын зорлық-зомбылыққа аудару мақсатында таңдалған. Біз үнемі балаларға қамқорлық көрсетуге үндеуіміз керек. Алматыдағы №51 мектеп гимназияның 10 сынып оқушысы Екатерина Цурикова «Жасөспірімдер қатыгездігі: шешу жолы баланың қолында» атты баяндама жасаса,  Орал қаласындағы №22 мектептің 10 сынып оқушысы Мәлік Әділбек «Бізге қамқорлық – болашаққа қамқорлық» тақырыбына дайындалып келген. Қызылордадағы №3 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Мағжан Бекетов үшінші секцияны «Жастар зорлық–зомбылықсыз өмірді қалайды» тақырыбымен жапты.

Форум әдеттегі маңызды кәсіби шаралар секілді нәтиже қорытындыланып, қарар қабылданып аяқталды. Соңында гала-концерт болды. Бақыттан жүздері бал-бұл жанған балаларға сертификат, сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар елорданың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1558
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3358
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6278