Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 4841 6 пікір 11 Қаңтар, 2019 сағат 12:16

Елбасы мақаласын "ұлтшыл қазақтың" көзімен қайта оқу керек

"Әркім өз шамасына қарай әрекет етеді"дейді қазақ...
Дұрыс-ақ! Сол айтқандай, мен де көп уақыт бойы ұлттық-мемлекеттік түйткілді мәселелер туралы ойларымды Аbai.kz ақпараттық порталы мен "ДАТ" газеті және "Ақиқат" журналы арқылы жұртпен бөлісіп отырдым...

Мақсатым - елімізде азаматтық қоғам оянса деген үміттегі ағартушылық әрекет болатын (өткен ғасырдағы Алаш қайраткерлері мен қазақ зиялыларының жолы да осылай болып еді).

Бірақ, газет-журнал-сайт қаншама тиражбен шықса да, ол халықтың белгілі бір тобына ғана әсер ететіні белгілі болды, әрі ол топ (оқырмандар тобы) біршама тұрақты болып келеді екен...

Сондықтан, қазіргі интерактивті заманда "таза ағартушылық" әрекеттің нәтижесі мардымды болмайтынын уақыт дәлелдеп берді.

Себебін ойладым... Сөйтсем... кез келген "ағартушылық" ісі жалпы қоғам құндылығы біртекті болғанда ғана нәтижеге қол жеткізеді екен.

Алаш қайраткерлері заманында қазақ қоғамы осындай - тілдік және ұлттық дәстүр мен мәдени тұрғыда біртекті болғандықтан - ол арыстарымыз жаппай ағартушылыққа барын салып, бар күш жіберін сол бағытта сарп етті.

Ал, бүгінгі мәдени-рухани жағдайда, егер қолыңнан келіп тұрса, тек қана ағартушылықпен шектеліп қалуға болмайтыны маған айқын болды - шама келсе нақты әрекеттер қажет екенін ұқтым....

"Қандай әрекет жасай аламын" деп ойланып жүргенімде, маған, ойда жоқта, өзім тұратын аудан әкімшілігінен көмек келді (алдында патриоттық тәрбие сағаттарына шақырып тұратын).

Ауданымыздың әкімшілігіне (Алматы қаласы, Жетісу ауданы) өзі орыс болса да, қазақ мәдениеті үшін, тілі үшін жанын беретін бір ерекше жігіт келген еді... Сол жігіт бірде "Аға, жоғарыдан Елбасының соңғы екі мақалалары бойынша атқарылатын іс-шаралардың жобаларын сұрап жатыр. Тарихтан хабарыңыз бар ғой, не көмек бересіз?" деп өтініш айтты...

Елбасы мақалаларын қайта оқып шықтым... Мен оны әкімшілік қызметкердей емес, "басқа көзбен", яғни - "ұлтшыл азамат" көзімен қайта оқыдым... Сол арқылы мен "Рухани жаңғыру" мен "Даланың жеті қырынан" өзіме қажет мағынаны таптым...

Ол мақалалардан қазақ ұлтын біртектілікке шақыратын астарлы мағынаны көрдім, "тарихыңды түгенде, бірлігіңді күшейт, бұрынғы бабаларыңның қандай болғанын есіңе алып, еңсеңді көтер, кеудеңді түзе" деген мағыналарды сездім әрі түсіндім...

Қоғамда мен сынайтын нәрсе көп. Бірақ дәл осы екі мақаланы өзін зиялымын дейтін әр қазақ қолына алып, өзінің және ұрпағының болашағы үшін ту етіп көтеруі тиіс деген ойға келдім...

Сөйтіп, "жоғарыға" электронды әлеммен қалықтап мен жасаған үш жоба- ұсыныс кетті ұшып...

Екі-үш күннен кейін әкімшіліктен жақсы хабар түсті. Олар: "Аға сүйінші, біз жіберген үш жобаның екеуі қолдауға ие болды. Мұндай нәтиже біз үшін мәртебе" дейді қуанып... Іштей, замана ағымын ұға отырып, ол жобалардың өтеріне сенімді отырсам да - оған мен де қуандым...

Ал, бәрімізді қуантқан жобаларымыз (бұл енді тек менің жобаларым болып қалмайды - әкімшілікпен бірге атқарамыз, сондықтан - біздікі!) мыналар:

1. "САҚТАРДЫҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ЖОРЫҒЫ" атты ат спорты жарысы.
(Бұны елімізде не басқа жерде бұрын соңды болмаған жаңа ойын десем - артық айтпаймын. Бұл - бұрынғыдай аламанға ат жіберіп қойып, қайсысы аман келер екен, кімнің аты алар екен деп ұйқысырап отыратын бәйге емес. Бұл - қымыз ішіп алып ду-ду әңгімеге көшкен, қаны қызған ортаға сай ойын түрі, яғни, қазіргі қазақ жанына лайық интерактивті тарихи - танымдық ШОУЖАРЫС болмақ).

2. Келесі жобамыз Аудан әкімшілігі жанындағы бауда САДАҚШЫЛАР ТИРІН ашу болатын...

Неге? Себебі, ондағы мақсат біз балаларымызға "Сендердің бабаларың анадай болған, мынадай болған" деп, оларды құр мақтан сөзбен тойдыра бергенше, бір уақыт "Жүр! Мында барып садақ тарт - бабаларыңа ұқсап бақ!" деп неге айтпаймыз?" деген ой болды...

Шынында да, мен неге баламмен қатар тұрып, шірене садақ тартпаймын? Бейнебір, әке мен ұл қатар тұрып елі мен жерін жаудан қорғағандай!

Түйін: ..Айтылған сөз әрекетке ұласса - қоғамды "ағарту" қажет болмай қалады екен... Өйткені, әрекетшіл қоғамның өзі-ақ кімді болса да оятып алуға қауқарлы.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402