"Тар заманда" театр да, музыка да бар, тек кино жоқ
Ұлтының ұнжырғасын көтерген ұлт көсемдері жайында, бүгінгі ұрпаққа ұғынықты жеткізу жолындағы тер төгетін басты құрал – кино. Адамы әлсіз, қоғамы қараңғы ұрпақтың келешегін кеңінен ойлаған Алаш зиялылары жайында кино туындылар жарық көріп, ел еңсесін көтеріп жатыр. Шүкір делік...
Кино – ол Африкада да кино. Дегенмен, тақырыпқа бағытталған бірізділік көрерменнің ой-өрісін басқа қырынан ойландыруға тосқауыл болып жатқаны анық. Алаш туралы бір-екі сөз қозғалса, Мәскеуді ала қосатынымыз тағы бар (базары тарқаған тақырып).
Бағамдап қарасақ, «Алаш» жайлы туындыларда деректі фильмдердің қатары көш бастап тұр. 1994 жылы Мамбет Қойгелдінің сценарийімен жазылған, режиссері Қалила Омаровтың «Слово об Алаше» деректі фильмі жарық көрді. Деректі құжаттарға толы киноның Алаш партиясының саяси тұрғыдағы жұмыс істеуі мен Мәскеумен қарым-қатынасы туралы тың ақпаратты қалың қазаққа жеткізді. Парақтап ақпарат іздеген адамдар мен парақтауға ерінетін көрермендердің көз тұсына өрнектеп берген туындының тасын қалаған, режиссер Қалила Омаровтың тағы да тың деректерге толы туындысы жарық көрді. «Алашорда» 2009 жылы Болат Мүрсәлімнің сценарийімен жазылған деректі фильмнің тарихи дәйектер негізінде түсірілігені көрініп тұр. Орынбор, Петербор, Семей қалаларында болып, Алаш зиялыларының жеке өмірі жайында, саяси қызметі мен Сталиндік репрессияға түскеніне дейін сыр шертетін туындыны көріп отырып, 52 минут осы фильмнің құлы боласың (айтқанынан шыға алмайсың). Екі эпика, яғни тарихи және өмірбаяндық фильм құрды. Ұлт өмірін ұсқынды ұғындырған Қалила Омаров, бұл фильм арқылы ауқымды тарихи тақырыпты бере отырып, Алаш идеясының әлі күнге дейін бар екенін, Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның басшысы ретінде БҰҰ-да сөйлеп тұрған сәтімен дәлелдеді. Тарихи картиналар құру, бұл Қалила Омаров үшін жетістік болды. Ол, бүгінгі уақыттың мүмкіндігінше ескі күндердің қақпаларын аша білді. Және де, тарих тұрғысынан көрсетілуге тиіс стандартты құра білді.
Ал, көркем фильм бағыты да бұл тұрғыда үн қатып үлгерді-ау әйтеуір. 2018 жылы шыққан Қазақстан ұлттық телеарнасының қолдауымен, режиссер Мұрат Бидостың 12 бөлімнен тұратын «Тар заман» кинокартинасы жарық көрді. Десе де, «Тар заман» фильмі – қазақ кинематографиясындағы Алаш арыстары туралы түсірілген алғашқы көркемсуретті фильм. Іштей қуандық. Бірақ, көңілім су сепкендей басылды...Неге деген сұрақ сізде де туып тұр ма? Көп сөз, көп сөз... Талдап көрелік.
Фильмнің негізгі дінгегі – драматургия. Әлсіздіктің арбауына түскен құнарсыз құрылым. Оқиғаның басталуы, өрбуі, аяқталуы сынды негізгі заңдылықтар сақталмаған. Бірнеше қалаларда болып жатқан оқиғаларды түгелдей қамтуға тырысқандықтан, мозайкалы түрде жан-жақтан жинақталған оқиғалар бір – бірімен байланысқа түспейді.Ойнап жүрген әртістер болмасы, деректі фильм бе деп қаласың. Диалогтың әлсіздігі мен көп қолданылуы көрерменді жалықтыратынын естен шығарған. Бұл кемшілікті жасыру үшін, Ұшқын Жамалбектің «Тар заман» әніне тоқылған саундтректі үзбей қолданылуы айқын дәлел. Өрмекшінің торындай шиелініске түскен шатаспалы ойларды бір қатарға қалай түземіз? Көп сәттерде кейіпкерлерден жаңылысып, шатасып отырасың. Отандық мамандардың кем-кетігі әлі бар, тұтас образ жасауда гримнің қаншалықты маңызды екенін ұға алмауы іш тартар өкініш. Сәтсіз грим көрерменнің ойын бөліп, мінсіз актерлік ойынның өзін жоққа шығаратынын көріп жүрміз және тағы көрдік. Белгілі бір тұлғаның бейнесін ашуға көмек қыла алған жоқ. Сонымен қоса, жас актерлардан Алаш арыстарына тән тереңдікті кездестіре алмадық. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының қабырғасында білім алып жүрген жастардан құралған ұжымнан күткен актерлік шеберлігіміз осы болды. «Алаш» деп арзан актерлармен жұмыс жасағаны қынжылтты. Фильмде жасандылық көп, жалаң пафоссыз десек қателесеміз. Шымылдықтан шыққан театр әртісі секілді, Мағжан Жұмабайұлының театр элементтерімен өлең оқуы көзге оғаш, көкейге қонымды деуге келмейді. Былайша айтқанда, фильмде театр да, музыка да бар. Тек кино жоқ...
Көркем суретті фильмнің көркею деңгейі осылай өрбіп жатыр. Арыстандарымызды мысық қылып көрсету біткеннің белгісі ме?
Жарайды, өзектілік онда емес, мұнда. «Алаш» деп саяси партияның құрылуы мен құлдырауы, зиялыларымыздың сталиндік репрессияға түсіп ату жазасына кесілуі, Мәскеумен қарым-қатынасы деген ұғымның қарқыны биік шыңда жатыр. Бірақ, түбімен қопарылмаған өзекті мәселе бар. Тереңге үңіліп қайтеміз, қазақ зиялылардың өзі екіге бөлініп бірін-бірі жегенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Алашордаға кірмеген Сәкен Сейфулинмен, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұловты ағат басып қателесті деген пікірлерді пір тұтатындар да бар. Ал, олардың арасына от салып қойған кімдер екен? Бірін – ақ, бірін – қызыл, бірін – ұлтшыл деп қырық пышақ қылып қойған большевиктік идеология емес пе? Кейін жемтігіне жеткен соң бәрін қосақтап атып тастаған жоқ па еді. Соны неге түсірмейміз? Кінәлі деп отырған тұлғалардың айыбы жоқ. Оларды азғырып, қазаққа жат идеологияның жетегіне ертіп жіберген большевиктер кінәлі бәріне. Фильмнің драматургиясы неге осы бағытқа бұрылмайды? Көтімен жүретін улы сары шаяндай, қазаққа қайшы келетін кереғар кесапаттардың уын шаша отырып елде еркін жүруі қалай?
Ақиқат пен ақтаушыны адастырып жүрміз. Кешегі жаланған жоңғар, шырмалған шүршіт, қанішер фашисттен де сорақы жаумен соғысу үстіндеміз. Бұл басталып кеткен үшінші дүниежүзілік соғыс. Арғымақтарымызды ақтап қалу, арыстандарымызды асқақтату үшін, бүгінгі ұрпаққа көркем фильм жанры жетіспейді. «Тар заман» фильмімен шектеліп қалатын болсақ, ел есінде есімдері де қалмайды. 20-30 жылдардағы әдебиетті былай қойғанда, соңғы 2-3 жылда осы тақырып бойынша жарық көрген еңбектердің өзінде Алаштың әлеуметтік тегі туралы мәселеге байланысты ортақ тұжырым қалыптасқан жоқ. Зерттеулердің бірі – Алаш ұсақ буржуазиялық партия десе, екіншісі либералдық – байшылдық пен ұсақ – буржуазиялық демократиялық партия деп бағалады, ал үшіншісі – Алашты партия деуден гөрі, қоғамдық – саяси қозғалыс деп анықтауды жақтайтынын білдірді.
Алаш жайлы туындыларды бірізділікпен бағыттай бермей, уын шашқан сары шаянның шиеленістірген тұсын экранға шығару керек. Деректі айғақтарға халықтың қарны тойған. Алашорда үкіметін құру барысындағы тартысты пікірлер неге екі топқа бөлінгенін, Алаш зиялылары арасындағы саяси қарым-қатынас, сатқындық, мүдделер қақтығысы туралы көркем фильм жанры тағы да үн қатуы керек. Сонда ғана қазақтың қазақы еңсесі көтеріліп, ұлттық құнары қалпына келер еді...
Мүмкін «Рухани жаңғыру» деген осы болар. Әйтпесе бұл жаңғырудың Астана ғимараттарындағы жанып-өшіп тұрған жазуы мен бір іс-шаралардағы банерінен басқа ештеңесін көрмедік, бақандай бір жыл бойы...
Айжарқын Садыбайұлы Найманбай
Abai.kz