Сүйінші, Ассамблея тірілді, Ассамблея мәселе көтерді...
Елімізде бар-жоғы білінбейтін «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген ұйым бар. Бұл ұйымның халық арасында қадірі аз болғанымен, биліктегі бет-беделі бес атанға жүк болады. Бүгінде конституциялық орган деп мойындалатын Ассамблеядан ел Парламентіне депутаттар сайланып жүр. 2016 жылғы 20 наурыздан кейінгі Парламент сайлауының нәтижесінде бұларға мәжілістен тоғыз мандат бұйырған.
Ел Парламентінде тоғыз бірдей өкілі отырса да «Қазақстан халқы Ассамблеясы» әлдебір өзекті мәселені көтеріп, халыққа пайдасын тигізіпті дегенді көп естімейміз. Есесіне ел арасында бұл ұйымды қазіргі қазақ қоғамына қажеті жоқ деп санайтындар көп. Тіпті оны таратып жіберуді талап етіп жүргендер аз емес. Халық бекер айтпаса керек. Мүмкін шынымен де «Қазақстан халқы Ассамблеясының» еліміз үшін еш пайдасы жоқ шығар.
Бұл енді басқа әңгіме. Біз бүгін қоғамға пайда-зияны жоқ осы ұйымның бір игілікті ісін сөз еткелі отырмыз. Анықтап айтқанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар жақында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына Депутаттық сауал жолдаған екен.
"Қазақстандағы гуманитарлық ғылымның дамуы неге кенжелеп қалды?" деп мәселе көтерген депутаттар 2010 жылдан бері Қазақстанда гуманитарлық сала бойынша PhD бағдарламасын бітірген жастардың кемінде 50 пайызы дайын тұрған диссертацияларын қорғай алмағанын Премьер-Министрдің назарына ұсынған.
Депутаттық сауалда 2010 жылдан бастап елімізде дәстүрлі түрдегі ғылыми диссертациялар (кандидаттық, докторлық) қорғау тоқтатылып, оның орнына еуропалық үлгідегі PhD-диссертациялар қорғау енгізілгені айтылған. Диссертация қорғаудың жаңа талап-шарттарына сәйкес, барлық ғылыми еңбектер бойынша мақалалар Scopus, Thomson Reuters базасына кіретін шетелдік журналдарда жариялану міндеттелген.
Ғылыми PhD-диссертациялардың сапасын анықтау үшін бұл талап орынды екені рас. Алайда жаратылыстану-техникалық ғылым саласы мен гуманитарлық ғылымның ұлттық мазмұны басым салаларына бірдей талап қойып, бір шыбықпен айдау жөнге келмейді. Мәселен, жаратылыстану-техникалық бағыттағы ғылми мақалалар шетелдік беделді басылымдарда кедергісіз жарияланар (егер сапалы жұмыс болса). Ал гуманитарлық бағыттағы қазақ әдебиеті, Отан тарихы, ұлт этнологиясы, түркітану сынды тақырыпта жазылған ғылми еңбектерді жариялауға жаңағыдай беделді журналдар қызығушылық таныта қоя ма?
Міне, осыдан барып көз майын тауысып жазған PhD-диссертациялық мақаласын шетелдік басылымда жариялай алмағандар дайын тұрған жұмыстарын қорғай алмай қалып отыр. Бұл ұлттық мазмұны басым ғылымдар саласының дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз. (Бұған қоса мақаланы мәжбүрлі түрде шетелдік басылымда жариялау үшін сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі де мүмкін).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар көтерген осы мәселе өте өзекті екені сөзсіз. Жаратылыстану-техникалық ғылым саласы мен гуманитарлық ғылымның аражігін ажыратпай, бірдей талап қоюды тоқтатуды біз де қолдаймыз. Қоғамның сынына көп ұшырайтын ұйымның осы орынды ұсынысына қолдау білдіріп, Депутаттық сауалдың толық мазмұнын жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа
Депутаттық сауал
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Біздің депутаттық сауалымызға Қазақстанда ғылыми PhD-диссертацияларды қорғауға байланысты туындаған түйткілді мәселелер себеп болды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамалық еңбегінде отандық ғылымды дамыту проблемаларына жауапкершілікпен қарауға және гуманитарлық білім саласының перспективаларына назар аударылғаны баршамызға мәлім.
Мемлекетіміздің қазіргі замандағы даму барысы жаһандық сын-қатерлер төңірегінде қоғамның рухани тұрғыда ілгерілеуіне ықпал ететін гуманитарлық ғылымдарға айрықша көзқарасты талап етеді.
Бұл істе ұлттық мазмұны басым ғылымдар саласының рөлі зор, өйткені ол ғылымдар тек Қазақстанда жасалады және тек Қазақстанда жасала алады.
2010 жылдан бастап елімізде дәстүрлі түрдегі ғылыми диссертациялар (кандидаттық, докторлық) қорғау тоқтатылып, оның орнына еуропалық үлгідегі PhD-диссертациялар қорғау енгізілген болатын.
Еуропаның көптеген елдерінде біздегідей (бұрынғы Жоғары аттестациялық комиссияға ұқсайтын) орталықтандырылған PhD-диссертациялар қорғау жүйесі жоқ, әр университет PhD- диссертациялар қорғаудың талабын өз бетінше белгілейді, ғылыми дәрежені университет жанынан құрылған кеңес, комиссия береді (бекітеді) және оны мемлекет мойындайды.
Мұндай ұстаным көршілес Ресейде де қолданылады.
Біз бұл сауалда Қазақстан Республикасындағы жалпы ғылыми дәреже беру жүйесін, оның талаптарын жалпы түрде сынаудан аулақпыз.
Негізінен ғылыми еңбектер бойынша мақалаларды шетелдік беделді басылымдарда жариялап, сынақтан өткізу пайдалы, қажетті екендігіне айтпағымыз – жаратылыстану-техникалық ғылым саласына қойылатын талаптарды гуманитарлық ғылымның ұлттық мазмұны басым салаларына сол күйінде қоюға келмейтіндігі.
Ал диссертация қорғаудың талап-шарттарына сәйкес барлық ғылыми еңбектер бойынша мақалалар шетелдік беделді саналатын арнаулы журналдарда жарық көруге міндетті.
Мұның өзі елдегі гуманитарлық бағыттағы ғылымның дамуын кенжелетуге алып келіп отыр.
Ойлап қарайықшы: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Отан тарихы, ұлт этнологиясы, қазақ журналистикасы, түркітану, тағы басқа спецификалық тақырыптар бойынша жазылған ғылыми PhD-диссертациялардың сапасын анықтау үшін Scopus, Thomson Reuters базасына кіретін журналдарға ғылыми мақала шығаруды міндеттеу қаншалықты орынды?
Ол журналдардың басшылығы таза ұлттық сипаттағы ғылыми ізденістерге тиісінше қызықпайтыны, ондай мақалаларды жариялауға құлықты болмайтыны бір басқа, олардың бұл тақырыптардағы мақалаларды бағалауға біліксіз екендігі басы ашық ақиқат.
Өйткені, шетелдік ғалымдардың қазақтың әдебиетін, тіл өнерін, мәдениетін, тарихын, этнологиясын, басқа да салаларды жеткілікті дәрежеде білуі өте қиын.
Осы айтылған түйткілге байланысты 2010 жылдан бері Қазақстанда гуманитарлық сала бойынша PhD бағдарламасын бітірген жастардың кемінде 50 пайызы дайын тұрған диссертацияларын қорғай алмаған.
Бұған себеп – олардың ғылыми жұмысын жазбауында немесе ғылыми журналдарда мақала жарияламауында емес, Scopus, Thomson Reuters базасына кіретін журналдарға мақала шығара алмауында болып отыр.
Мұның өзі докторанттарды оқытуға бөлінген мемлекет қаржысы және ізденушілердің ғылыми жұмысты жазуға жіберген уақыты туралы қатты ойлануға мәжбүрлейді.
Мысалы, әлемдік деңгейдегі Кембридж, Сорбонна университеттері өздерінің докторанттарына «Scopus, Thomson Reuters базасына кіретін журналдарға ғылыми мақала жариялауға тиіссің» деп талап қоймайды.
Ал бізде дәл осындай талап гуманитарлық ғылым салаларында жүрген мамандардың қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми дәрежесін алу кезінде де қойылады.
Осы айтылған қиғаштықтың салдарынан біздің докторанттар мен ғалымдарымыз бүгінде Scopus, Thomson Reuters сияқты журналдарда еңбектерін жариялаймын деп объективті, субъективті сипаттағы әртүрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болуда және де, жасыратыны жоқ, ғылым маңында жүрген пысықайлардан зардап шегуде.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Осы мәселені қарап, ғылыми диссертация қорғау талаптарының тиісті тұстарына көкейге қонымды түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма беруіңізді және депутаттық сауалымызға заңнамада белгіленген ретпен жазбаша жауап қайтаруыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне
Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар
С. Абдрахманов
В. Божко
Н. Жұмаділдаева
Р. Ким
Н. Микаелян
А. Мурадов
Ш. Нурумов
Ю. Тимощенко
Ш. Хахазов
Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері
Қ. Сұлтанов
А. Тасболатов
Е. Бектұрғанов
Ә. Бектұрғанов
Бұл депутаттық сауалға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ресми жауап бергенін де айта кетейік. Үкімет басшысының айтуынша, халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану талабы ұлттық гуманитарлық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікке танымал етуге мүмкіндік туғызады.
Жауап хатта жазылуынша, техникалық бағыттармен салыстырғанда докторантураның гуманитарлық даярлық бағыттары үшін таңдау көбірек – шетелдік журнал Clarivate Analytics ақпараттық компаниясының деректер базасында (Web of Science Core Collection) нөльдік емес импакт-факторға ие немесе индексацияланатын болуы керек немесе Scopus, JSTOR базаларына кіруі қажет.
Ал уақытында қорғалмайтын докторлық диссертациялар проблемасы ЖОО-да докторанттарды даярлау сапасы мен бақылау мәселесіне жатады. 2017 жылғы 581 түлектің ішінен 406 докторант немесе шамамен 70% диссертацияларын қорғады. Олардың барлығы диссертацияларын қорғағанға дейін шетелдік мақалалар жариялаған. Соңғы 3 жылда жалпы қорғаулар ішінде гуманитарлық бейіндегі докторанттар саны 29,3%-ды құрайды және олардың бәрінде талап етілетін шетелдік жарияланымы бар.
Докторанттар мен ғылыми атақтарға үміткерлердің ғылыми қызметінің нәтижелерін жариялауға сапасы жоғарылау рейтингтік журналдарды іріктеу үшін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес Дәрежелер беру қағидаларына және Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесіне библиометриялық көрсеткіштерді (Clarivate Analytics компаниясының Journal Citation Reports дерегі бойынша квартиль және Scopus базасы бойынша CiteScore процентиль корсеткіші) пайдалануды көздейтін өзгерістер енгізілуде.
Осылайша, философия (PhD) докторы, бейіні бойынша доктор дәрежелеріне үміткерлер үшін халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану талабы жас ғалымдардың академиялық жазу деңгейін жоғарылатуға, сондай-ақ ұлттық гуманитарлық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікте бірегей әлеуметтік білім ретінде танымал етуге бағытталған.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz