Сәкеннің Сталинге хат жазғаны рас па?
Бұл мақала көлемділігіне байланысты Егемен Қазақстан газетіне (№21 01.02.2019ж) ықшамдалып шыққан екен. Автордың өтініші бойынша біз толық нұсқасын жариялап отырмыз.
Тарих ғылымының кандидаты Жұмажан Сүлейменнің «Сәкеннің Сталинге хаты» атты мақаласы «Ақиқат» журналында (№ 10 Қазан. 2018 ж) үш айдан бері «салтанат» құрып тұр. Автор: - «Ерте ме, кеш пе жарияланбай қалмайтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты» - деп бастайды. Неге алғаш рет? Бұл хат 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапқа, одан кейін де бір-екі жинаққа енген. Ғылыми ортада неше мәрте талданған. Сонда ғалымдар құрастырған кітапты, ғалым оқымаған ба?
Алғашқыда осындай ойға келдім. Мақаланы «Ақиқат» журналының сайты деген сілтеме арқылы Facebook желісінен оқыған болатынмын. Авторын жыға танымадым. «Сәкеннің Сталинге жазған хатын» көшіріп алдым да, маған белгісіз авторды іздестіре бастадым. Ғаламтордағы нұсқада авторы Жұмажан Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметкері, тарих ғылымының кандидаты деп жазылған. Сол бойынша Қазақстан Республикасы Президенті архивіне хабарластым. Архив қызметкерлері «Ақиқат» журналына шыққан мақаладан хабардар екен. Олар менің Жұмажан Сүлеймен мырзаны іздегенімді естіп таң қалды. Айтуларынша ол кісі біршама уақыт бұрын бақилық болыпты. 1997 жылдан кейін ҚР Президенті архивінде қызмет істемегенін біліп мен де қайран қалдым. Себебі ғаламтордағы нұсқада автордың өмірден өтіп кеткенін білдіретін еш белгі жоқ еді. Бұдан кейін журнал қолыма тиді. Әйтеуір онда автордың бақилық жан екенін көрсетіп, қоршауға алыпты. Әрі қолжазбаның бір-екі тұсын суретке түсіріп басыпты. Тек мақаланы Ж.Сүлейменнің қай уақытта жазғаны жайлы дерек жоқ. Қазіргі уақытта оқырмандардың көбі сайттардан оқитынын ескерсек, талай адам «көзі тірі» Ж.Сүлейменнің «жаңалығын» түсіне алмай, мен секілді іздеп жүрген болар. Іле-шала мақаланы «Жас Алаш» газеті (№ 84 23 қазан, 2018 ж) көшіріп басты. «Ақиқат» журналы мен «Жас Алаш» газетіне сілтеме жасап, әлеуметтік желілер жарыса шулады. Неше мыңдаған пікірлер Алашорда азаматтарын жамандапты деп С.Сейфуллинді жерден алып, жерге салды. Аталмыш хат жайлы соңғы жылдары жиі айтылып кеткендіктен, бірте-бірте күмәнді тұстары өзінен-өзі шыға бастады. Соның ізімен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті архивіне бардым. Мұрағат қызметкерлері сұраған құжатты ұзатпай тауып берді. Ф.811, Он.,24, Д 243. деп нөмірленген папканың 7-17 беттерінде тұрған «Сәкеннің Сталинге жазған хаты» Ж.Сүлеймен жазғандай ешқандай кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған, машинкамен басылған он беттік фотокөшірме екен. Сәкеннің қолы жоқ. Бірақ «Ақиқат» журналы «хаттың» соңына С.Сейфуллиннің қолы деп белгі қойған («Жас Алаш та» да солай). Мұны қалай түсінуге болады? Сәкен үшін редакция қол қойған ба? Осы хатты архивтен көрдім деп соғатындардың қарасы көп еді. Анығында «Лист использования единиц хранения 811-24-243» парақшасында 19.08.1983ж. Қозыбаев, 22.01.1997ж. Ж.Сүлейменов, 09.02.2005ж. Грибанова (шамасы баяндау хатты 2007 жылы «Алаш қозғалысы» жинағына осы ғалым енгізсе керек), 18.05.2016 ж. А.Тулетбеков деген ғалымдардың ғана 811-ші қордағы «Сәкеннің хатын» (7-17 б.) қарағаны туралы кеңселік белгілер мен қолдары тұр. Папкадағы нақты қай беттерді қарағаны жайлы жазбаған тағы екі-үш адамның қолы бар. Қалған бес-алты адам басқа деректерді оқыпты. Баяндау хат пен тіркеу парақшасының көшірмесін түсіртіп алдым. Енді аталмыш баяндау хаттың күмәнді тұстарына назар аударайық. Бірінші, хат 1925 жылы 22 мамырда жазылған деген болжам жасалған. «...Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Совнаркома Киргизии» деп қағазға түскен. Екеуара қандай мәселе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас.» («Сталиннің қабылдауында болған». Зарқын Тайшыбай, профессор. 13.04.2016ж. Егемен Қазақстан). Профессор З.Тайшыбай жазғандай 25 мамырда Сталиннің қабылдауында болған адам 22 мамыр күні Қазақстанда отырып баяндағандай осынша ұзақ хат жаза ма? Екінші, «Хаттың біздің архивтегі нұсқасында Сталиннің оны оқыған-оқымағандығы жөнінде белгісі жоқ. Әдетте қойылатын кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған.» (Ж.С). Тіркелмеген құжат айғақ па? Үшінші, баяндау хатта тек «киргизия» деген атау қолданылады. Бізде 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Қазақ Советтерінің V съезінде Қырғыз АССР –ін Қазақ АССР деп өзгертуге шешім қабылданған. Қырғыз деген атауға әубастан қарсы болып, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп «Еңбекші қазаққа» тоғыз мәрте мақала жазған С.Сейфуллин, ҚАЗАҚ атымыз қайтарылған тұста неге бастан-аяқ «киргизия» деп көсілген? Төртінші, бұл хаттың екі фотокөшірмесі Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында бар. Архивтегі нұсқамен қосқанда үшеуінің машинкаға басылуы, хаттың ресми адрестері мен соңғы автор жайлы қысқаша мәлімет үш түрлі. Бірдей көшірмелер емес. Үшеуі де Сталинге жазылғанымен, үшеуінде де Сәкеннің қолы жоқ. Бейне бір үш Сталин болып, соларға үш Сәкен хат жазған секілді. Хат бір адамның атына жазылғандықтан (рас болса), съезге дайындалған тезис деуге де келмейді (Сәкен 1925 ж мамыр айында Мәскеуде екі съезге қатысқан). Бесінші, хатта нақтылық пен жинақылық жоқ. Сәкендей үкімет басқарған сауатты адамның осынша көпірме бос сөздің генсекке түкке керегі жоқ екенін білмеуі мүмкін емес. Сталинге қырғыздар мені ақын деп мойындамайды деп мұң шаққан тұстары тіпті қисынсыз. Алтыншы, бұл хат жайлы Сәкен өз еңбектерінде неге жазбаған? Жетінші, ең негізгісі! Жақында Мәскеудегі мұрағаттардың бірінен Сәкеннің Сталинге 12.07.1923 жылы өз қолымен жазған қызметтік хаты табылды. Бір қызығы бұрын белгісіз болған хатта Сәкен Сталинге бұған дейін хат жазбағаны жайлы айтады. Ал 1925 жылғы хатта Сәкен Сталинге тағы да бірінші рет хат жазып отырмын дейді мыс. Мұны «Ал, бұған дейін Сталинге ештеңе жазбағанын Сәкен өзі жазады» - деп Ж.Сүлеймен де растаған. Сонда Сәкен екі жылдан соң Сталинге қайтадан сізге бірінші рет хат жазып отырмын деп баяндаған ба? Жалпы хаттың осы секілді қисынсыз тұстары жетерлік. 1923 жылғы қызметік хат Үкімет төрағасының арнайы бланкісіне Сәкеннің өз қолымен жазылған (суреттерді қараңыз). 1925 жылғы баяндау хат машинкаға басылған. Ешқайда тіркелмеген, қол қойылмаған. Жобасы арнайы дайындалған фальсификацияға ұқсайды. Олай дейтін себебім, С.Сейфуллинге қатысты басқа да фальсификациялар бар. Бір құжатта Сәкен 25.02.1938 жылы атылды десе, екіншісінде 09.10.1939 жылы қаза тапты деп берілген. Сол сияқты, Сәкенді тергеу кезіндегі хаттамаларда да сәйкес келмейтін екі түрлі мәлімдеме бар (Т.Кәкішев «Сәкеннің соты» 1994 ж «Баспагер» бас). Бәрі де архивтен алынған құжаттар. Ал қайсысына сенуіміз керек? Қазақ зиялыларының арасына сына қағу үшін НКВД не жасамады? Мұрағат қызметкерлері фотокөшірменің қашан, қалай келгені жөнінде еш мәлімет таппады. Соңындағы сілтемелер арқылы Мәскеу мұрағатарынан іздестіріп едік, ол жақтан да шықпады. С.Мұқанов «Есею жылдарында» Марксизм-ленинизм институтынан табылды деп, 1925 жылғы хаттан үзінді келтірген. Ж.Сүлейменнің аудармасымен сөзбе-сөз келмесе де, мағыналас. Бірақ таратып жазбаған. Академик, сәкентанушы Т.Кәкішев ағамыз да еңбектерінде бұған қысқаша ғана тоқталған. Соған қарағанда, әйгілі жазушы да, әйгілі ғалым да хаттың күмәнді тұстары көп болғандықтан, індетпеген секілді. Сәбең мен Тұрсекең Мәскеуден көрген түпнұсқаның қайда екені белгісіз. Ал С.Сейфуллин мұражайына фотокөшірмелерді 1989 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы тапсырыпты. Соған қарағанда Мәскеудегі түпнұсқаның нақ көшірмесі, не тіркеу белгісі, не Сәкеннің қолы жоқ мұражайдағы нұсқа болу керек.
Өз басым 1923 жылғы хат табылғанға дейін 1925 жылғы хатты жоққа шығарған емеспін. Айтулы ғалымдар құрастырған жинақтардың бірінен соң біріне «жөңкіліп» жүрсе қалай жоққа шығарасың? Ол жөнінде өткен жылы «Арыстарға атылған оқ аз ба еді?» (Әдебиет порталы 22.11.2017 ж) деген мақаламда жаздым. Баяндау хатта Сәкен «оңшылдар» жайлы ащылау жазады. Қазақстандағы хал-жайды баяндайды. Мендешовтің орысшыл екенін, өзінің академияда білімін жетілдіргісі келетінін мәлімдейді. Бірақ Сталиннен аталған адамдарды түгел түрмеге тығыңыз, болмаса ату жазасына кесіңіз деген секілді ауыр жаза сұрамайды. Тек құрғырдың «донос» деген аты жаман. Көңіл шіркін көрнекті тұлғаны ондай ұсақ тірлікке қимай жүргенде, 1923 жылғы хаттың табыла кеткенін қараңызшы! Енді міне, баяндау хаттың жалған екеніне дәлелдер жеткілікті емес пе. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде еңбекші халық жағына шығып, сол ұстанымынан айнымай, кедейдің көсегесін көгертемін деп өткен ақынды кінәлау - әділетсіздік. Ақ пен қызылдың айқасқан заманында, идеялық, таптық тартыстар кезеңінде не болмады, не айтылмады? Академик М.Қозыбаевтің мына бір тұжырымы соған айқын дәлел. «Алаш» жетекшілерінің 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен т.б түсінбеді деп кінәлау қиын. Тұрар, Сәкен, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылыққа қарсы шыққан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, екі ұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын тартып қанжығалап жатса, ал «Алаш» осы Каледин мен Колчакпен бірлесіп жатса, Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен қалай оларды аялауы керек? Ендеше біз өткенді саралағанда диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал. Сөз жоқ Алаш ұстанған реформалық бағыт стратегиялық жағынан дұрыс. Оны тарих көрсетті. Бірақ сол дәуір оны дәлелдей алмады...» («Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар». М.Қозыбаев, академик. «Егемен Қазақстан», №125 12.08.1994 ж). Расында Анненков тек большевиктермен күрескен жоқ, асқан қатыгездікпен қазақтың бала-шағасына дейін көлікпен таптап, байлығын тонаумен айналысты. Сол лаңды көзімен көрген Сәкен бір кезеңдерде онымен одақтас болған кейбір жандарға сақтықпен, сынмен қарағаны шындық. Бірақ ешкімге өлім тілемеді, кейін компартия қатарында көбімен қызметтес болды. 1917 жылғы 2 қарашада большевиктер партиясының шығыстың барлық мұсылман халықтарына үндеу жасап, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқұғын береміз дегеніне тек Сейфуллин емес, миллиондаған адам сенді. Аз ұлттарға шекара белгілеуге, автономия алуға мүмкіндік беріп жатса, қалай сенбесін? Халықтың көсегесін көгертеміз деген ұранымыз оншақты жылдан кейін жалмауызға айналады деген жоқ көсемдер. Әрі Сәкен мұздай құрсанған Колчактың өзін төңкеріп тастаған жүйеге қазақ қарсы тұра алмайтынын да түсінді. Совет үкіметі арқылы еліне бақыт әкелгісі келді. Бірте-бірте орталық алғашқы бағытынан ауытқып, отаршылдық саясат ұстана бастағанда Сәкен ұлт мүддесі жағына шықты. Партиялық тазалаудан өтті. 1924 жылдың соңынан бастап билікте болған жоқ. Өкінішке орай, көп адам Сәкен өмір бойы басшылық қызметте істеп, сұрапыл науқандарға атсалысқан деп қате тұжырым жасайды. С.Мұқановтың «Өмір мектебінде» Сәкен мен Ілиястың тәркілеу мен колхоздастыруға үн қатпағаны үшін басшылар тарапынан қатаң сынға ұшырағандары айтылады. Оның сырты коммунист, іші, ісі ұлттық сипатта екенін жоғарғы жақ сезбей қалған жоқ. Сол кезде Сәкенді сынаған қайраткерлердің бәрі оның нағыз коммунист емес, ұлтшыл екенін айтып, қаралаған. Ақыры ұлтжандылығы үшін атылып кете барды. Солай бола тұра ақынға күйе жағушылар күн санап көбеюде. Сәкентанушы ф.ғ.д., профессор Т.Кәкішұлы, академик С.Қирабаев, ф.ғ.д. К.Ахметова, т.ғ.д. М.Абсеметов, ҰҚК құрметті зейнеткері, жазушы-журналист А.Кәкен сынды ғалымдар архив деректерінде Сәкеннің біреуді қаралап көрсеткені жайлы бірде-бір құжат жоқ екенін сан мәрте жазды, айтты. Бірақ бүкіл орманды өртеуге бір шырпы жететін секілді, «Ақиқат» пен «Жас Алашта» жарияланған осы бір күмәнді «хат» қоғамда Сәкенге деген әділетсіз пікірлерді өршітіп жіберді. Оларға сілтеме жасап, «Сталин жолдас, Алашорда әлі де қауіпті» деген тақырыппен отқа май құйғандар шықты. Кейбір өлермен пікірлерді оқығанда, жүз мыңнан аса зиялыларымызды ұстатып, жиырма бес мыңдайын атқызып жіберген өзіміз екеніне шүбәланбайсың. Оған дейін де, Сейфуллин қазақты қазақ басқара алмайды деп «баяндау хат» жазып Голощекинді алдырған деген жала жабылған болатын. Ал, ф.ғ.к. С.Әсіповтің 2002 жылы жазылған «Біз білмей келген шындық аз емес» (2.07.2012 ж Е.Қ) атты мақаласында 1920 жылы қазақты қазақ басқара алмайды деп мүлде басқа қайраткерлер айтқаны жайлы жазады. 1930 жылығы 4 қазанда «Советская степь» газетіне шыққан С.Пестковскийдің Қазревкомның құрылуы жайлы естелігіне сілтеме жасайды. Қазревкомға төрағалыққа қалайда Ә.Жангелдинді сайлатпау үшін, «қазақты қазақ басқара алмайды» деп табандылық танытып, айдаладағы поляк С.Пестковскийді сайлаттырған қазақ қайраткерлерінің әрекеті ел ішінде бұрыннан айтылатын. Бұл кезде Сәкен «азап вагонынан» кейін сүзекке ұрынып ажал аузында жатқан. Енді сөз төркіні қайдан шыққанын бағамдай беріңіз. Сол сүреңсіз әңгіменің желісімен ғаламторда түрлі роликтер қаптап кетті. Әсіресе жастар жағында Сәкен Сталинге хат жазудан басқа түк бітірмеген деген түсінік қалыптаса бастады. Сондықтан Мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, публицист, әнші-сазгер, ұлы суреткер С.Сейфуллин атқарған ұлы істерге қысқаша тоқтала кеткен жөн болар.
Сәкен 1922-24 жылдар аралығында Совнарком төрағасы қызметін атқарды. Үкімет басшысы халық шаруашылығының, өнеркәсіптің, экономиканың ілгерілеуіне тікелей ықпал етті.
1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы декрет шығарды.
Киргизия болып кеткен мемлекетіміздің ҚАЗАҚ деген тарихи атауын қайтаруға күш салды.
Ұлтымыздың дінін, ділін, рухын көтеру мақсатында Яссауи кесенесін қалпына келтіруге қаржы бөлді. А.В.Затаевичке «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинаттырды. Жер-жерден көптеген мектептер ашты. 1922-24 жылдары қазынаның тең жартысын білім саласына бөліп, қазақ жастарының тегін білім алуына мүмкіндік жасады.
1924 жылы қараша айында үкімет басшысы қызметінен кеткеннен кейін білім-ғылыммен, ағартушылық қызметпен айналысты.
1932 жылғы ашаршылық кезеңінде «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» драмасын жазып, баспасөз беттерінде Голощекинге қарсы шықты. Совет үкіметінің мүшкіл халін жеткізді.
Ұлттың ұстазы деп А.Байтұрсыновтың 50 жас мерейтойын өткізді. М.Жұмабаев түрмеден шыққанда көмек берді. Шәкәрім қажының кітабын шығарды. Ал ол кезде, кеше ғана Алаштың көсемі болған Ахаңды, алаш сотының биі болған Шәкәрімді, алашшыл Мағжанды құрметтеу, нағыз азаматтық, нағыз ерлік еді!
1931-35 жылдары «Ескі әдебиет нұсқалары», «Билер дәуірі әдебиеті», «Батырлар жыры», «Ақан сері өлеңдері» жинақтарын, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанын, Ы.Алтынсаринның, Ж.Жабаевтың, Ақмола өңірі ақындарының өлеңдерін кітап қылып бастырды. Қазақ әдебиеті тарихын алғаш жазғандардың бірі болды. «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрестоматиясын құрастырды.
Кәсіпқой театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қазақстан Жазушылар одағын құрды. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақтың көркем өнері мен әдебиетінің он күндігінде көркемдік жағын басқарды. Баспа ісі мен журналистиканың дамуына орасан зор үлес қосты. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі ұшан теңіз! Өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа форма әкелді, әндері ұлттың үніне айналды.
Осынша қыруар істерді С.Сейфуллин небәрі 43 жасқа дейін жасап кеткен! 28 – ақ жасында үкіметті басқарған. Бір адам үшін аз еңбек пе? Жеке басының емес, ұлтының мүддесі үшін осылай тер төккен!
1974 жылы Т.Кәкішевке берген сұхбатында Ғ. Мүсірепов «қазір Сәкен анаған қарсы болды, мынаған қарсы болды» дейді ғой. Бұның көпшілігі Сәкеннің атымен жасалған істер» деген екен. («Тұғыры биік тұлға», 61- бет, «Үш қиян» баспасы 2002 ж). Демек, Алашты жеккөрінішті қылу үшін Совет үкіметі Сәкеннің атымен талай нәрсе жасаған. Солардың байыбына бармай жатып өсекке де, өлімге де оңай қия саламыз. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, өз жолының дұрыстығын дәлелдеу үшін кейде ұрандатып кеткен болар. Бірақ аяусыз қатыгездікке барып, қолын қанға малған жері болса сәкентанушылар жазар еді ғой. Ақынды сөзге қалдырған «Тар жол, тайғақ кешу» романы да кейіннен бұрмаланып кеткен. Әйгілі шығарма жайлы пікірлер де әртүрлі. Алғашқы басылымында қоғамдық-саяси өмірді, тарихи шындықты суреттеген Сәкеннің «Алаш» қайраткерлерін қазақтың оқыған ақ жағалылары деп бағалағанын біреу білсе, біреу білмейді. Роман-эссенің даулы тұстарына жауап іздеген адам түпнұсқасын зерттеген ғалым К.Ахметованың «Ақиқаттың анасы-шындық» атты мақаласынан, «Тар жол, тайғақ кешудің» тағдыры» (Т.Кәкішұлы, К.Ахметова) кітабынан таба алады. XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалардың энцоклопедиялық анықтамасы іспетті романда Әлекең бастаған алыптар жайлы мол деректер қалуының өзі ғылым үшін, әдебиет үшін үлкен олжа. Басқа да мағлұматтар жетерлік. Кітап жарық көрген кезде Алаш азаматтарының ешқайсысы Сәкенге мынауың өтірік деп жазбапты. Тек Н.Төреқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің 296 санында көркемдік жағын қатты сынаған. Жалпы шын ізденгендер қазақ зиялыларының қудалануының себебін «Тар жолдан» гөрі А.Богачев, Н.Мартыненко, С.Брайнин, Ш.Шапиро сынды тыңшы-жазушылардың еңбектерінен, орталықтың құпия жоспарынан көбірек іздесе нәтижелі болар. Біз Кеңес үкіметі тұсында Сәкенді өзіміз әсіре қызылшыл қылып алып, енді сонымен өзіміз алысып жүрген секілдіміз. Алашорда азаматтарымен арасына «қытай қорғанын» орнатамыз, сыйластығы жайлы айтуға сараңбыз. Мысалы, Сәкен Ахаңның 50 жас мерейтойын өткізіп, «Еңбекші қазақ» газетіне үлкен мақала бергеннен кейін Ішкі істер халкомы Ә.Әйтиев ақынды Алашордашы Байтұрсыновты дәріптеді деп баспасөз бетінде айыптайды. Бірақ Сәкен екінші рет «Степная правда» газетіне «Тағы да Ахаң туралы» деп Ахаңды ұлықтап мақала жазады. Ал бұл достық па, жаулық па? Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда ұлтшыл еді» деген сөзін ескере бермейміз. Ғылымның мақсаты ақиқатқа жету екені белгілі. Дегенмен айтпағанды айтты деп, жазбағанды жазды деп «ақиқат» жасауға бола ма? Совет үкіметін орнатқандар да, «Алаш» та, «Үш жүз» де, М.Шоқай да өз жолдарымен халыққа қызмет етуге тырысты. Бұларға рушылдық, жершілдік принциппен емес, ұлттық принциппен қарауымыз қажет.
Қорта айтқанда, қоғамда дау туғызған, еш жерде тіркелмеген «баяндау хат» ештеңеге айғақ бола алмайды. Мұны фальсификация демегенде не дерсің?!. «Алаш қозғалысы» (2007 ж), «Движение Алаш» - сборник материалов судебных процессов над алашевцами» (2011ж, 2016 ж) атты жинақтардың бәрінде АПРК Ф.811, Он.,24, Д 243.Л. 7-17. Фотокопия - деп бір дереккөзіне сілтеме жасаған. Бірақ ешқайсысында құжаттың кеңселік тіркеу белгісі жоқ екені ескертілмеген. Әйтеуір газет пен журналдағыдай Сәкеннің қолы деген өтірік сөз (белгі) жоқ. Журналистер жарияламас бұрын осыларға неге мән бермеген? Ұлттық тарихымызға қатысты құжатқа осынша атүсті қарауға бола ма? «Ақиқат» журналы қолжазбаны кім бергені жайлы мәлімет беріп, көшірмесін толық көрсетуі керек. Себебі, «Өшіріп тастау қолымыздан әсте келмейтін тарихи шындықтың осы бір көрінісінен дұрыс сабақ алайық. Арада бірнеше айдан кейін Мәскеуден Қазақстанға аты өшкір Голощекин жіберілді. Онымен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кері келді» деген жолдарын Ж.Сүлейменнің атынан өздері қосқанға ұқсайды. Шамасы ол кісі «баяндау хатты» түпнұсқадан қазақ тіліне ертеректе аударған сияқты. Себебі ғалым материалды архивтен 22 жыл бұрын алған. Неге уақытында өзі жарияламаған? Тіпті қолжазба нақты Жұмажан мырзанікі ме? Қолжазбаны жариялауға кім рұқсат берді? Сұрақ көп. Ең бастысы редакция Сәкеннің қолы деп жалған ақпар таратқандары үшін жауап берулері қажет!
Сәкеннің кейіннен табылған хаты жайлы болашақта талдап жазамын. Мұражайына тапсырамын. Бұл жұмыс барысындағы қызметтік хат. Сталинге хат жазған, қабылдауында болған басқа да қайраткерлер бар. Бірге түскен суреттері де сақталған. Сталиннің қабылдауында болыпты деген сөз қазір құлаққа түрпідей тигенімен, ол кезде қызмет бабымен бір емес жүз рет кіруі мүмкін. Олардың бәрін генсекпен жолыққаны үшін ұлт мүддесін сатты деп жорамалдай салуға болмайды. Ел үшін құрбан болған арыстардың әрқайсысы, адам қолымен аласартуға келмейтін бір-бір шың! Бәрінің мақсаты - қазақты бақытқа жеткізу. Сондықтан биылғы С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұлов, С.Қожановтардың 125 жылдығы Мемлекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс!
Қанат Жүнісов
Abai.kz