Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Зерттеу 4010 0 пікір 14 Ақпан, 2019 сағат 10:56

Ұлттық музейдің 5 жылдық мерейтойына орай көрме ашылды

2019 жылдың 13 ақпаны күні ҚР Ұлттық музейінің 5 жылдық мерейтойына орай «Үржарлық сәуегей әйел мен қайта оралған қазыналар: консервациялау мен қайта қалпына келтіру жұмыстарының қорытындылары» атты көрмесі салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шара Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен өткізіліп отыр.

Ұлттық музей залдарды реэкспозициялау бағытындағы кең масштабтағы жұмыстарды қолға алды. Жаңадан реэкспозициядан өткен «Алтын залына» «Берел», «Тасарық», «Әулиекөл», «Түйетас», «Қарақаба», «Аян» және тағы да басқа өте сирек кездесетін артефактілер қойылған.Залдың ең басты экспонаты –«Үржарлық сәуегей әйел» деген атқа ие болған б.з.д. IV-III ғасырларда жерленген теңдесі жоқ абыз-әйел.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламан: «Бұл ашылған зал шалқар даламыздан табылған құндылықтарға арналды. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен табылған түрлі жәдігерлер жинақталған. Бұл зал ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей мұрындық болуымен ашылып отыр. Мұндағы экспонаттар қазақтыңтарихы 15-16 ғасырдан емес, сонау ерте кезеңнен қалыптасқандығын көрсететін нақты айғақтар болмақ. Қазақстанның шығыс өңірінен табылған «Үржар ханшайымы» бүгінгі көрменің басты экспонаты болып отыр. Бұл уақытша көрме емес, тұрақты көрме. Сол себептен біздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің көзайымына, үлкен жауһарына айналуына ниеттеспін.Бұл зал еліміздің ұлылығын одан әрі айғақтай береді деген сенімдемін», – деді.

2013 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы аумағында археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде ел мен жер тарихы тағы да құнды деректермен толықты.Қорғанның 1,7 метр тереңдігінен жас қыздың мүрдесі қойылған тас саркофаг шықты. Мықты тас қабырғалармен қоршалған қорғаннан жас қызбен бірге қойылған керамикалық және ағаш ыдыстармен, қой сүйегімен қатар алтын әшекейлі бас киім табылды.Қаңқа сүйектерінде жасыл және көк түсті матаның қалдықтары сақталған. Бұлардың барлығы бүгінгі күнге жақсы сақталған күйінде жетіп отыр. Ең басты назар аудартатыны – өсімдік іспеттес өрнектермен және зооморфты айшықтар – қиял-ғажайып жануарлардың суреттерімен өрнектелген шошақ алтын бас киім.

ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Алмаз Нұразхан: «1969 жылы Есік қаласынан табылған «Алтын адамнан» кейін, 50 жылдың ішінде

күні кеше табылған «Елеке сазы» алтын адамын қосқанда,Қазақстан өңірінен 7 алтын адам табылды. Мұның барлығы біздің ерте заманда өмір сүрген рухы мықты, мәдениеті зор халықтың ұрпағы екенімізді көрсетеді. 2013 жылы табылған «Үржар ханшайымы» бүгінгі көрменің басты экпонаты болмақ», - деді.

Археология ескерткіштерін сақтау – археологиялық олжаларды консервациялау және реставрациялау, сондай-ақ тұтас кешендер мен көне заттарды қалпына келтіру.

Есімі дүниежүзіне танымал ғалым Қырым Алтынбековтың реставрациялық зертханасы – елімізде және шетелде кеңінен танылған археология саласындағы ең ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Зертхана ұжымының жоғары кәсіби деңгейі мен үлкен ғылыми-практикалық тәжірибесінің арқасында сәуегей әйелдің сырт киімі мен масақ пішіндес бас киімі толық қайта қалпына келтірілді.

Көрмеге консервациялау және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген сақ дәуірі мен орта ғасырлық кезеңді қамтитын өзге де жәдігерлер ұсынылып отыр.

Олардың ішінде – XIV ғасырдың туындысы алтын зерлі жібек мата, IX-XII ғасырдың қылышы, VIII ғасырдан жеткен қорамсақ, VIII ғасырға тән ер-тұрман мен басқа да ат әбзелдері бар.

Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған бұл жәдігерлер мыңдаған жылдар бойғы Қазақстанды мекендеген адамзаттың материалдық және рухани өмірін насихаттайды. Археологиялық түпнұсқалар бағзы замандардан тамыр тартқан заманауи қазақ мәдениетінің қалыптасу негізіне тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Көрме барысында музей қонақтары көрермен назарына отандық реставрациялық зертханада қайта жаңғыртылыпұсынылып отырған ежелгі Қазақстан тарихы мен Ұлы Дала мәдениетінің материалдық ескерткіштерін тамашалады.

Abai.kz

0 пікір