Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 4959 18 пікір 14 Ақпан, 2019 сағат 14:47

Шенділер “қызмет меншік емес” екенін қашан түсінеді?

Президент Н.Назарбаевтың 2015 жылдың 29 желтоқсанда (№153) қабылдаған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормалары туралы Жарлығы бар. Оған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға міндетті.

Алайда, Президенттің осы Жарлығын құлағына қыстырмайтын шенділер бар, бізде. Қарапайым халықты былай қойғанда, ақпаратты жеткізуге тиіс БАҚ өкілдерімен қалай сөйлесуді білмейтін шенеуніктердің сонша шіренетіні тілшілердің де “жынын келтіретіні” рас. Мәселен, күні кеше Ұлттық Экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин журналистің коммуналдық тарифтер туралы сұрағына:

“Бұл бөтен мероприятия ғой. Не болды? Кеше Парламентте айттым тарифтер туралы. Ондай болса, өздеріңіз тұра беріңіз мына жерде... Жынымды келтірмеңізші, блин...” деп жауап берді.

Сонда, Жұманғарин мырза шағын және орта бизнес те, коммуналдық тарифтер де экономика министрлігінің құзыретінде екенін білмей ме? Білсе, неге өз саласына қатысты сұраққа жауап бере алмайды?

Жалпы, Жұманғариннің “блин” деп бәлсінетін жөні жоқ еді. Себебі, тарифтердің ай сайын шарықтауы, республика бойынша табиғи газдың бірыңғай бағасы әлі де бекітілмегені оның жұмысына салғырттығын көрсетеді.
Ал, “жынымды келтірмеңізші, блин...” деген көшенің "жаргон" сөзі вице-министрдің өресі қай деңгейде екенін байқатса керек. Жә, Жұманғарин өз саласына қатысты сұрақтың жауабын білмесе, тым құрығанда,  Президент Жарлығындағы "Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікір-сайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс" деген жолдарды біліп алса ғой, дейсің. Бірақ, бастығы бес жылда тілін ұмытып қалғаны сияқты, Жұманғарин де мұны әп-сәтте ұмытып қалуы мүмкін.

Ел алдында осындай оспадар қылығымен есте қалған шенеунік жалғыз Жұманғарин емес.

2013 жылдың шілде айында Протон апатынан кейін өткізілген брифингте сол кездегі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев та бейәдеп ісімен көзге түсті.

“Мына жерге тұрыңыз” деп өтінген журналистті кері итеріп, “Сен кімсің маған бұйрық беретін” деп ашуланды Мұсабаев. Осылайша, біз мақтан тұтатын ғарышкер азамат қасықтап жиған абыройын, шелектеп төге салды.

Тағы бір мысал...

2011 жылдың 26-желтоқсанында сол кездегі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шүкеев Жаңаөзен халқымен кездесті. Кездесудегі Шүкеевтің халыққа мұрнын шүйіре сөйлеген сөздері әлі есімізде.

“7 ай бойы қиналсаң, кеше Президент келіп нүкте қойып кетті ғой. Одан артық не дейсіңдер енді” деп айғайлады ол сұрақ қойған Анаға... Шынымен, Жаңаөзен халқы 7 ай бойы наразылық танытқанда Шүкеев қайда қалған? Халыққа осынша кесірлене сөйлейтіндей оны тайраңдатқан не құдірет?

Қалай десек те, шенеуніктер халықтың жай ғана қызметшісі. Бірақ, мұны түсінетіндер аз.

Түйін.

Ел ішінде ала да бар, құла да бар. Сол елдің мұң-мұқтажын сабырмен тыңдап, көркем мінез таныту да оңай емес. Алаш зиялыларының “ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” дейтіні содан болар.

Ал, бүгінгі шенділер  “қызмет меншік емес, абырой ойыншық емес” дейтін сөзді қашан түсінеді?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

18 пікір