Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 8528 12 пікір 15 Наурыз, 2019 сағат 11:02

Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді)

Жоғарыда тақырып ыңғайына қарай келтіргеніміздей, осы күнге дейін жуық және жырақ шетелде Димаштың алабөтен орындау стилі жөнінде бірнеше «вокалдық коуч» (музыкалық талдау) жасалды. Солардың бірі The vocal Lexicon әдетте поп-музыкада бір, әрі кеткенде екі тональдылық тоннан аспаса, Димаш бірден әртүрлі бес тональдылық бар екендігін жазады. Ал Ольга Донская S.O.S. композициясында Димаштың бүгінгі күнге дейін ең жоғарғы тональдылық: -си минорды алғанын атап тұрып көрсетеді. Jikatok болса қазақ әншісінің дауыс мүмкіндігі өте зор екендігіне тоқталады, бірақ мұны шетелдік кейбір хейтерлер мойындамай, әнші миксте (регистрлерді араластыруда) бірінші октаваның – соль нотасынан аса алмайтынын, диапазоны бір октаваның төңірегі екендігін дәлелдеп қоймайтынына наразылық білдіре кеп, бұл пікірдің ұшқарылығына Донскаяның талдауын дәлел ретінде жүргізеді. Ольга Анатольевна осы орайда Димаштың S.O.S.-тегі дауыс ауқымы үш октаваны құрайтынын, ал кейінгі «Грешная страсть» композициясында диапазоны төрт октаваны еркін жайлағанын көрсеткен-ді. Кейінірек Димаштың орындауындағы ең төменгі нота – үлкен октавадағы -Фа, ең жоғары нота – бесінші октавадағы –Ре деп дәлелдегендер деп дәлелдегендер де болды. Әнші 2018 жылы жазда «Гәкку» музыка фестивалінде өзінің «Ұмытылмас күн» әнін орындау кезінде өте жоғары нотадағы ысқырауық регистрге салып және нотаны өте ұзақ – сегіз секунд бойы ұстап тұрғаннан кейін «Димаш D2-ден D8-ге дейінгі ноталарды ала алады» дейтін тұжырым айтылды. Мұндағы D8 – әдетте «дельфин дыбысы, «тәңірлік дыбыс» делінетін, ультрадыбысқа жақын келетін дыбыс. Шамамен осы тұста Димаштың дауыс диапазонын алты октаваға жақындатқандар болмай қалған жоқ: «Широкий диапазон вокала, 6 октав и 1 нота, достигает самых низких нот баритонного регистра и вплоть до наивысших нот сопрано и регистра свистка. Его самая низкая нота – А 2, а самая высокая – Д 8». Бүгінде Димаштың 5 октава, 4 нота және 1 жартылай тонды қамтитын ауқымды вокалдық диапазонға ие әнші екендігі ресми түрде айтылып-жазыла бастады. Singer аяқтала салысымен өзінің жұмыстық дауыс көлемі 4,5 октава төңірегінде екенін, дами келе 5 октавалық деңгейге жетуі мүмкін екендігін әншінің өзі де айтқан-ды, бүгінде D 8 оның диапазонындағы ең жоғары нота болып қала бере ме деген сұрақтың басын Димаштың өзі «Мәселе октавада ма екен?!» деп, ашық қалдырып жүр. Сөйтсе-дағы одан алдағы уақытта бұдан да биік, шырқау ноталарды естіп қалуымыз ғажап емес.

Эстрада үшін ең қалыпты, кеңінен таралған дауыс ауқымы – екі октава. Онымен жанды дауыста айту үшін ертелі-кеш ешкіммен сөйлеспей, дауысыңды сақтап, күтініп жүруің керек, соның өзінде тіпті Мэрайя Кэри сияқты тәжірибелі әншілердің өзі бірнеше күнгі «лайф» орындаулардан кейін «шашылып» қалып жатады. Ал қатарынан бірнеше мәрте жанды дауыспен және бері қойғанда төрт октавамен шығандап шырқайтын Димаш осы экстрим-вокалының өнбойында ноталарды өз деңгейінде бірдей ұстап тұра ала ма, бәлки кейде күші жетпей, агогикаға (музыкалық емес дыбыстарға) – ағылшынша or, орысша «крик», «визг», «писк» деп аталатын қазақша қайырғандағы «шыңыраулар» мен «шиқылдауларға» жол беріп алмай ма? Мүмкін Ринат пен Ерболаттардың, «Или И»-лердің айтып жүргендері құлаққа түрпідей тиетін, қалыптан тыс осындай шыған айқай, «есту диссонансы шығар»?

Димаштай әншінің әншісінің өзін сынға салған сондай сәттер туралы ащы айтылғаны бар, емеурінмен сездірілгені бар бірқатар сын-ескертпелердің ішінен ақиқаты осы-ау дегенімен жүрсек, Дональд Амиги дейтін музыка маманының бір пікірі құлаққа кіретіндей. Американ вокал-жаттықтырушы әншінің S.O.S.-те үш жоғары нотаның біреуін тенормен, баритонмен яки сопраномен алмай, бірден альттенорлық нотаға секіріп өтіп кеткеніне назар аударады. Айтуынша, бұл – бір регистрдегі нотадан екінші регистрдегі нотаға дұрыс көше алмаудың салдары және осының өзі жалпы Шығыс әншілеріне тән ортақ кемшілік екен. Әсіресе Шығыстан шыққан опералық әншілер жоғары ноталарды сатылай жоғарылап, ән түрінде шырқап келіп алмайды, оқыс айқайлап барып көтеріледі. Мысалы, Шериз. Батыс саундында бұлайша тікелей көтерілу жат нәрсе. Мәселен, Ангелика Хеилді тыңдап көрсеңіз, ол төменнен баяулап бастайды да, бірте-бірте, әсте-әсте өрлей отырып, жоғары ноталарға жетеді. Музыка теориясында «жоғары регистрге өту» деп аталатын осы ерекшелікті қазақ әншілері қолдана ма деген сұрақты бірде Шаһмардан Әбілевке қойғанымызда, белгілі опера әншісі жалпы алғанда регистрден регистрге көшу, нотадан нотаға өту қашанда біздің әншілер үшін кәдімгідей қиындық туғызатынын, соның ішінде Ерік Құрманғалиевтің де дауысы ондай сәттерде «сынып» кететінін, жалпы Ерікті мұндай сынға салмаған жалғыз қазақ әні «Бір арпа бидай» болғанын жеткізді. Бұрынғы дәстүрлі әншілеріміздің қай әнді болсын тамақты кернеп алып, бірден оқыс, ащы, биік дауыспен бастап кететіндігі тегінде осы проблемамен де байланысты болуы мүмкін-ау деп ойладық. Ал Димаш ән құрылымын қашанда өзі бейім жалғыз динамикаға – баяулап басталып, самғап көтеріліп, ұшар биікке шығып алып, шығандай дірдектетіп тұрып ақырын төмендеп барып аяқталатын крещандоға құрады, солай болғандықтан да әнші жоғары ноталарды алған кезде белгілі бір кедергілерге (музыкалық емес дыбыстарға) кезігіп, олар жай тыңдаушының құлағын биік өткір дыбыстар (шыңғыру) болып кесіп өтуі әбден мүмкін. Бұл ноталар бойынша ғана, ал бір әншілік дауыстан екінші дауысқа көшу, бір регистрден екінші регистрге өту міндеттерін Димаш тұтас алғанда өте сәтті шешеді, деп жалғастырады ойын мистер Амиго, яғни әншінің жалпы орындау техникасы әнді жоғары нота үшін ғана, жансыз, эмоциональды тереңдіксіз орындауға жол бермейтін еуропалық белькантоға арқа сүйейді, басқаша айтқанда, Димаш бірден бірге көшкенде әннің тінін жоғалтып алмай, жүрекке тиетіндей етіп, шыған айқайсыз, дыбысты еріксіз зорлап шығаратын аффектациясыз орындайды. Мұндайда Димаштың бірден бірге көшуі құлаққа айқын шалынбай, дыбыстар бірінің ізін бірі басып, ноталар тегістеліп, біріне бірі ұласып, жарасымды өрлеумен болады. Әдетте вокалдық стандарт бойынша әлгіндей проблемалы өтелектерді әнші кеудеден шығатын қаз дауыс регистрден жоғарғы, бас жақтағы регистрге іркіліссіз, тез ауысу арқылы жүзеге асыруы тиіс. Ондай өтелек-төтелек шамамен бірінші октаваның -си, -до ноталарының маңында жүріп жатуы керек, неге дәл сол ауданда болуы қажет екендігін ешкім білмейді, солай болғандықтан да көптеген әншілер әлгі техниканы көзсіз қолданам деп жүріп ақыры қораз болып қышқырады, не жаналқымда пернесіңірлері қысылып, аяғы төбе құйқаны шымырлататын шыңғыруға апарып соғып жатады. Димаш болса өзіне ыңғайлы тональдықтан алшақтамай-ақ, өзі қалаған тұстан ешқандай глиссандосыз тұтас бір октаваға сатылап бір-ақ ырғиды. Негізінде мұндай ырғу оқыс жүретіндіктен үйренбеген құлаққа кенет шыңғырып кеткендей болып шалынғанымен, вокальдық позиция тұрғысынан қарағанда бұл әсте де or яки шыңғыру емес. Әлгіндей қабылдау яки қабылдамау әркімнің өз еркі: түптеп келгенде, Димаш халық әні «Бір баланы» классикал кроссовер бағытында, яғни микспен орындаса, дәл сол әнді қазақстандық к-поп тобы Ninety One бастан-аяқ мұрыннан жіберетін сонор дыбыстармен, яғни дыбысты ауадан арылтатын эстрадалық лұғаттық позициямен айтады, бірақ мұның музыкалық стиль, вокалдық техника екенін түсінетін жұрт дәл сол үшін «91» тобын жазғырмайды да, ендеше Димаштың дәл сондай вокал техникасы – кроссоверлік or яки шыған дауыстары үшін мүйізделуі әділет пе?! Оның үстіне, Ольга Донскаяның анықтауынша, Димаштың регистрлерді микстеп, яғни араластырып қолдануы вокал тарихында бұрын болмаған соны техникаға негізделген. Мұның мәнісі мынада: әнші әдеттегі кеуде және бас жақтағы регистрлерге қоса кеудеден төмен, яғни абдоминал бөлікте – қолқа-жүрек пен іштің үстіңгі жағы аралығында түзілетін дыбыстарды (төменгі абдоминал регистрді) тамақ, көмей тұсынан орағыта өтіп барып, бірден бас жақтағы резонаторларға шығарып жібереді. Яғни негізгі дыбыстар жұтқыншақ астындағы жүзіктектес шеміршек сақина төңірегінде ұйлығып, түзіліп жатпастан, пернесіңірлер көмегімен бірден көмей, көмекей арқылы жоғары асып жөнеледі. «Осыны ойлаудың өзі қорқынышты, - деп ішегін тартады Ольга Анатольевна. – Оның себебі, ер адамда абдоминал және кеуде регисторлары ажырағысыз бір болып келеді, күні бүгінге дейін вокал педагогикасында оларды бастан жақты айырғандай бөліп алып дыбыс түзу мүмкін емес нәрсе деп есептеліп келген еді, Димаш осы қалыптасқан ережені бұзады, дыбысты тіке, тура дауыстан аралас микске өтпей-ақ алуға болатынын көрсетеді».

Әнші осылайша әннің финалдық бөлігін микс арқылы бірінші тұзақта -фа нотасымен бұғалықтап алғаннан кейін одан әрі бір бөлік төте, тура дауысқа да салады. Бұл – бэлтинг. Вокалист нотаны әндетпей, шыңғырғандай бір дыбыспен алатын мәнер. Дыбыс кісі ышқынып қалғандағыдай қысқа, үзік түрінде – фальцетке таяп келетін, бірақ оған ұласпайтындай пәрменді леппен берілуі керек. Димаш бұл техниканы регистрлердің араласын (миксті) шоғырланған қысыммен өте берік тірекке тірей отырып орындайды, міне, осы кезде қабырға, омыртқа, сегізкөз резонаторлары кеуде, бас және шүйде резонаторларына соқпай, бірден бас жақтағы регистрге өтеді де, сол жерде жоғары нотадағы өткір, шыңылтыр дыбыстар түзіледі (байқасаңыз, Димаш әннің шығанына таяғанда бүкіл денесін іске қосып, тербеліп, тебіреніп, шайқалып кетеді ғой, бұл оның әншілік ерекше антировкасы, міне, осы сәтте бел-омыртқадан бас бөлігіне қарай дыбыстар ағыны жаңғырық түрінде ағылып жатқаны деп біліңіз). Мұнымен қосанжар ауыз-жақ бөлігі қатты ашылады (классикалық «арыстан есінек» позициясы, маэстро Барри бойынша), осы ашық тіс арқылы бас жақтағы резонаторлардың мол легі мұрынның қуан тесігіне (гаймор қуысы) өтеді, онымен бір мезгілде диафрагма үлкен қысыммен жұмыс істеп тұрады. Осылайша әдеттегідей дауыс аппаратында емес, бел-омыртқа тұсында түзіліп, шоғырланып шыққан дыбыстар тасқынының әрқилы резонаторда мидай араласып кетуі қуатты да ғажайып дыбыстар легін береді. Түрік вокал-жаттықтырушы Эмре Эджеленнің пайымдауынша, Димаштың әнші ретіндегі қайталанбас ұлы шеберлігінің сыры да осында – дауысының эластик тәрізді аса бейімділігінде және релевантты емес вокалдық техникаларды тілмен сипаттап жеткізгісіз тәсілмен қосақтай білетін үздік қабілетінде.

Иә, Димаш әлеміне шым бату үшін оны құлақпен қармап тыңдау жеткіліксіз. Димаштың өнерін көзапара көріп отырып тамашалау керек. Себебі, жоғарыда ресейлік маман талдап көрсеткендей, Димаш – сөздің тура да, ауыспалы да мағынасында «арқалы әнші». Вокал заңы бойынша ол алып жүрген өте жоғары регистрлі ноталарда олардың арасын бөліп тұратын аралық қатар (легато) болмайды, сондықтан әнші жоғары ноталарды биік регистрмен, қысқа, екпінді дыбыстармен бірден бағындыруға мәжбүрленеді, содан да ноталар бір-бірімен жымдаспай, кесек-кесек, іртік-іртік шашылып түседі, бейнелеп айтқанда, құлағыңызға моншақтардың ызғынынан шашылып, домалағандағы дыбыстары, шатырға тырс-тырс соғылған жаңбыр тамшыларының үні келгендей болады. Яғни Димаш әуенді әдеттегідей «иииии» деп созып тұрмайды, синкопамен «и» деп бір-ақ қайырады, себебі, жоғары нота созып тұруға (кантиленаға) мүмкіндік бермейді. Тағы да бейнелеп айтсақ, Гималай шыңына секіріп шыққан әнші дауысын алдымен нотаға тигізіп алып, артынша әлгі нотаны нықтап, шегелеп тастауы керек. Осы кезде бір-бірімен іркес-тіркес «шегеленетін» жоғары ноталардың кісі шыңғырғанда шығатын дыбыстарға ұқсауы, немесе соған жақын эффект беруі әбден ықтимал. Музыкалық фразада дауысты дыбыстардың қатары молырақ ұшырасса, әлгі шыңғырма дыбыстар құлақты кеспей, үйлесімді өте шығады, мысалы, американ соулындағы runs пассаждарында солай. Бұл әдіс соулға блюз арқылы келген, ал блюз оны өз кезегінде африкалық музыкадан еншілеген, ал соңғы музыканың өзегінде бес нотаға құрылған мажор-минор гаммалы азиялық пентатоника жатыр. Осы тұрғыдан келгенде біз Димаштағы батыстық ор, бэлтинг, шоутинг деп жүрген жоғары регистрлік вокал техникасы арғы түбінде азиялық пентатоникаға, сол пентатоникаға кейін диатониканың араласуымен түзілген қазақтың дәстүрлі орындаушылығына барып тірелуі әбден мүмкін. Ал қазақ әуенінде соулдық пассаждардағыдай дауысты дыбыстар негізгі орында тұрады, осы есептен келгенде Димаштың өз репертуарындағы батыстық және еуразиялық (орыс, қазақ) композицияларды бірдей жоғары регистрде орындайтынында ортақ бір заңдылық бар ма дейміз. Және американдық соул стилі мен қазақ дәстүрлі орындау стилін екеуінің де құшырмен (пассионато) орындалуы туыстырады, ал салқынқанды бельканто стандартын ұстанатын Еуропа дәстүрінде әнді шығындатпай, орта жолдан ботэкспен қайырып отыру көбірек. Ал Азия әншілері әнді жеріне жеткізіп, шығанға шығарып, кісінің аза бойын қаза қылып айтады, яғни жай «шыңғырып» қоймайды, сезіммен «шыңғырады». Азиялық қазіргі әншілердің арасында бұл ән айту машығының шыңына шығып жүрген әйел әнші Со Хуянг, ал ер әншілерден үздігі Димаш. Осы орайда сарапшылар мен мамандар жоғары регистрде күшке салып кететін корей әнші қызына қарағанда Димашта сезімділік басым екендігін айтып отыр, олар үшін бұл – феномендік құбылыс, ал қазақ музыкасын білетін маман үшін мұның сыры түсінікті: біздің әншілік дәстүрлеріміз халық әндерінің типтік орта диапазоны – септимадан басталатын дүниелер де, жоғары октаваларда шырқалатын әндер де әуен міндетті түрде сезіммен берілетін апофез тұстарға толы болып келеді. Әрине, бұл қасиет қазақтың ғана емес, жалпы ән салу мәдениетінің стихиясына тән нәрсе, алайда әнді сезімге шүпілдетіп айту басым бағытқа айналған қазақ әншілігінде орындаушы сезімділікті жоғары ноталармен беруге ондаған жылдар бойы әбден машықтанғаны сонша, әнге елітіп, қанша беріліп айтып тұрса да әннің өзі талай жыл жаттыққан құрылымын қатаң бақылаудан шығармайды, яғни әнші жоғары ноталарды іркіліссіз, таза әрі әуенге жымдастырып алуға алдын ала дайындалады. Ол ол ма, әннің бүкіл өнебойында оның финалдық ақырғы сәтінде аса жоғары регистрлі ноталар топталып, түйдегімен бір-ақ ақтарылатын соңғы, «ондық» номерге әзірленумен болады. Екінші сөзбен айтқанда, жоғары регистрге шықпас бұрын шамалы айқаймен, қысқа шыңғырулармен алдағы апофеозда келетін болашақ тондарды «таниды», яғни белгілеп алады. Сонда қазақ әншісі тәжірибелі жыршы яки шебер шахматшы сияқты, ән айту үдерісінің – перформанстың үстінде-ақ қай кезде шығандай бастайтынын, ноталарды ұстап тұрып, оларды музыкалық фразада жіксіз орналастырудың, жалпы апофеоздың қанша уақытқа созылатынын ойша жобалап, яғни алдағы «жүрістерді» нақпа-нақ белгілеп қояды. Бірақ ол үшін вокалдық диапазон қысылмай, еркін созылып жатуы керек, мұндай жағдайда әнші нотаның жартысын алдын ала дайындықсыз-ақ алады. Олай болмай, вокалдық позицияға шаладайын күйде шықса әуеннен ауытқуға (афонияға) ұшырайды. Мұндайда әсіресе әннің вокализ бөліктері қауіпті, себебі ол сөз қоспай, тек әуенмен шырқалатындықтан нотадан қате басқаның алақанға салғандай көрініп тұрмақ. Ал Димаш өз әндерінде, әсіресе апофеозға шығар алдында оған көбінесе осы прозопопеямен дайындалады. Прозопопеяда нотадан тайып кетпсе, орын алмаса, алдағы апофеоз әншінің қалтасында дей беруге болады. Дайындық кезінде нотадан жаза басқан адам эпикалық апофеоз бөлікте қай тонға түсетінін дәл белгілей алмай қалады да, салдарынан дауысын жоғары нотаны алу қиынға соғатын позицияға апарып орналастырады (Эмре Эджеленнің «жоғары ноталармен айту қатері көп бизнеспен айналысу сияқты» дейтіні содан). Дені сау жоғары дыбыс дені сау денеден, яғни әнші вокалдық форма жағынан жоғары регистрлі ноталарға дайын болғанда ғана шығады. Димаштың шығармашылық жолында үздіксіз концерт беруден шаршаған, яғни формасынан айырыла бастаған шақта афонияға үшыраған сәттер болмай қалған жоқ, бәлкім Ринаттардың «шыңғыру» атап жүргендері де сондай бір сәттер болуы, бірақ ондай мүлтік орындау машығының ең үлкен ерекшелігін – қай нотаны да Димаштың сезіммен беретін айырым қасиетін жоққа шығара алмайды. Соның ішінде мамандарды қазақ әншісінің ең жоғары ноталардың өзін сезімнен айырмауы қайран қалдырып отыр. Мейлі сопрано, альтсопрано, құй альттенор болсын, бәлки фальцеттік фистула яки фальцетсіз иодль бола-ақ қойсын, қайткенде де осылардың қай-қайсысын да қолданғанда дыбысты шашыратпай, дірілдетпей, таза, саф күйде бере білу қиынның қиыны. Ал Димаш бұл міндеттің үдесінен еш қиналмай шығып жүр. Бір нота тұрғай, күрделі тұтас пассаждың өнбойында бүкіл ноталарды бір деммен 25 секунд бойы ұстап тұру, сезіммен ұстап тұру – әлемдік музыка тарихында өте сирек кездесетін уақиға. Біз осы жерде мысалға алып отырған Сочидегі «Новая волна» конкурсында қазақ композиторы Алмас Серкебаевтың «Грешная страсть» композициясын Димаш поп, рок, опера және фолк стильдері мен техникасына тән дауыс ауқымдарымен – 4,5 октавалық G 2-ден G 6-ға дейінгі диапазонда шырқады. Бастан аяқ сезімге орап, бөлеп шырқады. Алдыңғы дыбыс (әуез) бен кейінгі дыбысты (әуезді) ылғи да сәнді жалғастырып тұрып айтты. Салқын ақыл, артистік араластырмастан, музыкалық мәтінді, музыкалық мағынаны жіті сезіну арқылы өзі де егіліп, жұртты да егілтіп айтты. Егілулер әсіресе әннің апофезодан кейін келетін шарықтау шегіне кемеріне келіп, кенерінен асып-төгілді. Димаштың бұл кульминациялары жөнінде пікір әртүрлі. Көпшілік онсыз әнші шығармашылығын көз алдарына елестете алмайтындарын айтса, бірқатар музыка сауатты пікір білдірушілер әнді ең соңында сынын бұзбай-ақ, соған дейінгі қоңыр дауысымен аяқтауына болар еді ғой, сол табиғи дауысының өзі тыңдаушыны экстазға дейін жеткізіп тастар еді деген ой түйеді. «Я постоянно замечаю, как многие реакционеры, просматривая это выступление, постепенно погружаются и проникаются эмоциями, которые Димаш в начале песни им передаёт, и даже кажется, что у них уже пробивает слезу, но тут Димаш их мгновенно вырывает и добивает взрывным припевом, как будто демонстрируя свои вокальные аблити, – деп жазады Jikatoki. – Может не стоило выводить их из этого состояния и довести песню до логического конца на том же, чем и начал».

Бұл пікірді түсіністікпен қабылдауға болар еді, егер мынадай ерекше бір жағдай болмаса: Димаш бір сөзінде сахнада ән салып тұрған кей сәтін кейін өзі де есіне түсіре алмайтынын айтқан-ды, сондай сәттер әннің осы шарықтау шегі ме деп ойлаймыз. Мұны Димашты үнемі тыңдап, таразылап отыратын тыңдармандар да байқап қалған сияқты, мысалы, солардың бірі Shiseido May: «Димаш даёт эти высокие ноты не ради того, чтобы просто это сделать, удивить, поразить. Мне кажется, он это делает, включаясь полностью в процесс. Он весь в музыке, и так передаёт чувства, песню», - деп жазады. Шындығы осы болуы керек. Музыка сауатты бейнеблогерлер, мысалы, жоғарыдағы «Күнәһар құшырдың» кульминациялық 6:55 минутындағы сәттерден үшбұрыш, бонго, шейкер сияқты қилы вокал техника түрлерін тауып жатады, алайда Димаш соның бәрін алдын ала тауып, қиыстырыпбелгілеп қойған деу қиын. Меніңше, солардың көпшілігі санадан тысқары жағдайда, бізге беймәлім әлдебір төртінші өлшемнің әсер-ықпалымен түйсік арқылы туындап жататын сияқты. Мен мұны «қазақ сүрсанасы» дер едім. Осы Кульминациялық шырқау, шыған дауыстар әлдеқайдан, жоғарыдан зуыл болып келетіндіктен бе екен, әйтеуір Димаштың дауысы сол сәттерде кәдімгі ажалды пенде дауысын тастап шығып, біртіндеп әлгі тылсым өлшемге тән дауысқа (дыбысқа) бастайтындай. Бірқатар бейнереакция жасаушылардың Димаш дауысын автотюнге (дауысты техника көмегімен автоматты ыңғайластыру) балайтыны, ал әншінің фанаттарының оларды жерден алып, жерге салып, ол әсте автотюн емес, ғимараттың, не ашық алаңның акустикалық ерекшелігіне байланысты туған жаңғырық (реверберация) екенін дәлелдеп, екі жақтың бірі шабуылдап, бірі қорғанып қызыл кеңірдек болып жататындығы да жоғарыдағы жұмбақтың тылсымынан хабар бергендей. Осы орайда вокал педагогтары Димаштың вокал техникасының қатарына қосып жүрген флажолет регистрі назар аударарлық. Флажолет бір жағынан дауыс, яғни өткір, шырқау дисканттық дауыс, екінші жағынан ол орган, фисгармония тәрізді тілшелі музыка аспаптарында болатын сыбызғылық (флейталық) регистр. Демек, Димаштың дауысын, ол дыбыс түзетін жон-арқа, бел-омыртқасын, метроның есігіндей былп етіп жұмсақ жабылатын, «бәтеңкенің бауындай ұп-ұзын» (Эмре Эджелен) пернесіңірлерін Таня Леви ұйқастырып айтқандай «үлкен бір инструментке» балауға болар еді. Ақыры аспапқа кеттік қой, Димаштың дауысын естігенде көз алдыма грек текті американ музыканты Янис Христомалли оркестрінің жапондық прима-скрипкашысы Сайаки Катсукидің бірден бірге өрлей беретін импровизациялары келеді. Композицияның аяқ жағына қарай ысқышын құйқылжыта кеп шырқау шекке көтерілген кезде іш-бауырың қабысып, дем жетпей қалады, дұрысы, дем алу керек екенін ұмытасың, міне, осындай тіл жеткізгісіз сәтті Димаш кульминациясын тыңдап отырғанда еріксіз бастан кешесің: онда да іш-бауырың қабысып, бір сәт демалуды ұмытасың, міне, сол кезде, бірнеше секундтарға созылатын аз ғана сәтте... ие, сол сәтте сенің осы шаққа дейінгі бүкіл ғұмырың, ондағы қуаныштарың мен сүйініштерің, азабың мен жұбанышың, жеңістерің мен жеңілістерің, орындалған әм орындалмаған армандарың, алыста бұлдырап қалған балалық шағың, кіндік кесіп, кір жуған жерің, ата-анаң, ағайын-аумағың, оттай ыстық махаббатың, қара орман өтенің, алтын асықтай ұлың, күміс қасықтай қызың, өзің ешкімге теңгермейтін ақжүрек туған халқың, оның соры бес елі тағдыры, ұйытқи соққан көкдауыл замандарда көрген теперіштері, солардың барлығына да қарамастан алыста маздап жанған үміт оты.... бәрі-бәрі бір-ақ мезетте дөңес айнаға шоғырланғандай дөңгеленіп, көз алдыңнан зыр ете қалады. Жан-дүниең тазарады, жүрегіңдегі жамандықтарды жойып, жақсылықтарды арттырып, кірлі нәрселерден арыласың, катарсиске түсесің. Сөйтіп Димаштың әні әсемдік әлемінің тылсым шындығын кульминацияда трансцеденттік өмір шындығымен сәйкестендірген терапиялық-емдік мәнге ие болады (Мария Степаненко дейтін комментатор жазғандай, «Димаш – дүниедегі ең қауіпсіз әрі әсем дауа-дәрі»). Содан да бұл әндерді нонстоппен ғана тыңдайсың, тамағыңа өксік тығылып, көзіңді жас кернейді, жан-дүниең дірдектеп отырып, осындай дарынды берген қазақ халқының өкілі екендігіңді мақтанышпен сезінесің, осындай ұлды қиындықпен дүниеге әкеліп, қиындықпен өсіріп, қиындықпен тәрбие берген ата-әжесіне, әке-шешесіне іштей алғыс айтасың. Сол сезімдерді бастан кешу үшін күніге әлем бойынша мыңдаған адам Димаш әндерін тыңдайды, Димаштың әндерімен жатады, Димаштың әндерімен оянады, мыңдаған шақырымдарды артқа тастап, жол азабын көріп, тапқан-таянғанын жұмсап артынып-тартынып концерттеріне келеді, Ринат жолдас!

Келеді де, Димаш әннің шығынына шыққанда бір сәт игуана сияқты мойындарын иықтарына тығып қатып қалады, мұның өзі музыкадағы үйлесімділік организмнің вибрацияларымен үндес болып келетіндігін, біз шыңғыру, or, «крик» деп жүрген шыңылды шырқау дыбыстар адамның миының бірінші сигналдық жүйесінің терең қабаттарына барып түсетінін, сөйтіп әлгі шыңылтыр, шыңылдақ дыбыстар адам жанының шыңғыруларына айналатынын көрсетеді. Демек, Димаштың фанаттары атанып жүрген мың-мыңдаған жүрегі сезімді адамдар әлгіндей «шыңғыруларды» аңсап күтеді және сол бір сәттер жанды орындауларда ғана болады деп біліп, әншіге prerecord қолданбауды талап ретінде қойып та отыр. Әлгіндей «шыңғырулардың» музыка теориясындағы атауы – dolphin және сондай стильде ән айтатындарды әлемдік музыка мамандары мен талғампаз қауым our dolphin деп қатты құрметтейді. Осы орайда Shjezana Rugani есімді шетелдік желі пайдаланушы Димаштың «Ұмытылмас күн» әнін тыңдап, былайша қайран қалады: «Yes 0,5 sec C8 and then 4,5 sec D8 (with the vibrato!) !!! Amazing! Dimash is our dolphin!»

Немесе ыстамбұлдық музыка маманы Сорина Крянгэнің мына бір пікірі: «Шынтуайтында Димаш құбылысы бізге шыңғыру (шиқылдау) мен ән айтудың айырмашылығын көрсетіп беруімен бағалы. Бүгінде әлемде кейбір ноталарды алуда Димашпен теңесетін бірқатар әншілер бар, бірақ олар биік, шырқау ноталарды зорланып, шыңғырып алады. Димаш болса шыңғырмайды: ол әлгіндей ноталарды ғажайып вибратомен шығарады. Мұның өзі дыбыстың, жиіліктің және дауыс күшінің үш қайтара модуляцияға түсуінен құралған айрықша бір құбылыс». Димаштың биік регистрлі кульминациялары осынысымен көне замандардың тылсымына — дүние жаратылып, су аққандағы алғашқы қауым адамдарының айналаны жаңғырықтырып салатын жанайқайларын еске салады. Бүгінде танымал ән саласында үздіктер көшін бастап тұрған американдық «қара» вокалдың да негізі осындай спириттік стиль, онда тіпті спириттік мәнер негізінде шоутинг дейтін арнайы орындау стилі қалыптасқан (ағылш. shouting — шыңғыру). Осы американдық уоркшоут-стильде Роберт Чарльз, Арета Франклин, Джорджия Браун құсап ән айту — әрқандай әншінің арманы. Бағзыда Африка мен Еуразия құрлықтары Пангея дейтін біртұтас континент болып тұрған, сол заманнан бері теңіздің тереңінде бұйыққан архаик орындаушылық дәстүр сағаты соққанда құдайдың құдіретімен Димаш болып тебіренсе өзі білсін. Осы пікірге ұйысақ, Димаштың биік регистрлі орындау стилі қазақ дәстүрлі әншілері арқылы бізге келіп жеткен, тарихи тұрғыдан объективті алғышарттары бар бағзы мәнер болуы мүмкін. Олай болса біз Димаштың бұл күнде мамандар атын сан-саққа жүгіртіп отырған ән айту стилінен әрі қойғанда әлемнің жартысының, бері қойғанда қазақтың музыкасында классиканың «қозғалуын» яғни Батыс пен Шығыстың көркемдік жетістіктерінің ұлттық және заманауи эстетикалық тәжірибемен синтезделуін көрер едік. «Классикалық кроссовер» деп жүргеніміз де осы болуы керек. Бүгінде мамандар Димаш өнерін сөзсіз осы классикал кроссоверге, оның ішіндегі operapop бағытына жатқызып жүр. Ал әншінің өзінің айтуынша, ол неоклассика стилінде шырқайды. Демек, Батыс-Шығыс-ұлттық өнер дейтін ошақтың үш бұты. Олай болса әлемдік музыка өнері, соның ішінде эстрада жанры ден қойып отырған бұл бағытты Димашқа ұстанба деу, тек сахнаға шапан киіп шығып, домбырамен ән сала бер деген талап бүгінгі заман ыңғайымен есептеспеу, яғни анахронизм болып шығар еді. Әлемнің өнерсүйер қауымы әлгіндей синтез өнерді діттеп отырғанына қарамастан Димаш «Теңдесі жоқ, шоқтығы биік қазақ әндерін әлемге танытсам» деген бала күнгі арманына орай қай жерде жүрсін әйтеуір қазақ әнін, қазақ музыкасын естіртіп қалуға тырысады, тіпті «Мұрның барда бір сіңбір» дегендей, 2018 жылы Лондонда DQ деген атпен өткен жеке концертінің репертуарының жартысынан көбін қазақша әндерге, күйлерге, композицияларға құрып жіберді. Осы тұрғыдан келгенде Ринаттың «Димаш қазақша ән айтпайды» деген кінәлау сөзі ешбір қисынға келмейтін, өмірлік фактілерге қиғаш орынсыз кінәраттау.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1528
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5962