Мұхтар Әуезов театры Наурыз мейрамын атап өтеді
Ағымдағы жылдың 17-наурыз күні сағат 11.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен және өзінің тікелей қатысуымен «Ұлы даланың ұлы күні – НАУРЫЗ» мейрамын салтанатты түрде кеңінен атап өтеді.
А.Мұхамедиұлы бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартты. Министр «Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек» екендігін өз сұхбатында айтқан болатын.
М.Әуезов театры алаңындағы ауқымды шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдени ошақтардың Көрісуімен басталып, қазақ өнері жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелі күн қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесіне, ұлттық ойындар мен мерекелік-концерттік бағдарламаға ұласпақ.
Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы, айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мейрам. Меркелік шарада Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбай мен Арыстанбек Мұхамедиұлы бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, «Өнер барысына» қатысқалы жатқан Еркебұлан Дайыров пен Аян Өтепбергенге бата береді.
Abai.kz