Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6288 12 пікір 27 Наурыз, 2019 сағат 08:22

Қытай баспасөзі: «Тоқаев – Қытай халқының көне досы»

Осы апта Қазақстан халқы үшін күтпеген оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтататынын жариялады да, Конституция бойынша Республика Президенті өкілеттігін уақытша Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап алды. 

Бұл тарихи оқиға ел халқын ғана емес, алыс-жақын шетел жұртшылығын да бей-жай қалдырмады. Қазақстанның әр қадамын көз аудармай күзетіп отырған көршіміз – Қытайдың ақпарат құралдары да бұл оқиғаны жарыса жазып жатыр. Бірі Назарбаевтың не үшін кеткенін талдаса, енді бірі жаңа Президенттің кім екенін зерттеп әлек. Бірақ көбі өздерінің түпкі мақсаты – "жаңа басшының келуімен қазақ-қытай қатынасы қалай болады, Қазақстандағы мол мүддеміздің мұрты бұзыла ма" деген сұрақ төңірегінде бас қатыруда.

Қытайдың ірі басылымдарында жарияланған мақалалардың бәріне тән ерекшелік – тәуелсіздік алғалы Қазақстанның орасан зор табысқа жеткенін әрі сол жетістіктің бірден-бір себепкері Назарбаев екенін айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 40% жұмыссыздық жайлаған, сансыз ұлт сан тарапқа тартқан, ортақ идеология жоқ, өндірісі салданған елді қабылдап алған Нұрсұлтан Назарбаев 28 жылда қоғамы орнықты, экономикасы тұрақты мемлекет құрып шықты деп бағалайды.

«Нұрсұлтан Назарбаев – КСРО кезінен бері белсенділігіен таймаған санауы саясаткердің бірі»

- Назарбаев прагматизмдік ұстанымдағы саясаткер, - деп жазады Ян Юньфэй атты автор Қытайдағы аса ірі Sina.com сайтында. Өз елінің нақты жағдайы мен қуатын назарда ұстай отырып, ұстамдылықпен іс жүргізді деп есептейді автор. «Мәселен, тіл мәселесінде орыс тіліне Украинаша ашық қарсы шықпады. Қайта ел халқын үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге шақырып отырды. 

Назарбаев сыртқы саясатта да осындай ұстанымда. Ол іс-сапармен Түркияға барса түркінің ұрпағы екенін, Арабияға барса мұсылман екенін алға тартады.ТМД елдерімен ортақ мұра мен болашаққа ие екенін айтады. Ал Батыс елдерінде халық сайлаған президент екенін, адам құқығын алғы шарт етіп ұстанатынын сөз етеді. Қытайға келсе көрші ақысы – тәңір ақысы екенін еске салады», - дейді мақалада.

Бірде АҚШ-қа сапарында президент Буштың "Еліңізге Қытайдың ауыз салуынан қорықпайсыз ба" деген сұрағына Назарбаев "Сол үшін қазір осында отырмын ғой" деп жауап бергенін айтады автор. Әрі Түркия мен Ресей қарым-қатынасының оңалуына Назарбаевтың арабилік жасауы есер етті дейді. «Ол әрі түркі жұртының бір бөлігі, әрі Кеңес одағының бұрынғы мүшесі ретінде орыс-түрік қатынасын оңауға күш салды. Бұған қоса, Ресей мен Сирия мәселесеінде де өз елін келіссөз алаңы ретінде ұсынды. Бұл ретте ол мейірімді мұсылман болып шыға келді», - дейді.

Автор дәл осы мақаласында Назарбаевтың кейінге қалтырған саяси мұрасы ретінде ЕЭО, ШЫҰ және «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын атайды. «Аталған ұйым немесе одақтар арқылы Қазақстан қос көршісі Ресей және Қытаймен қарым-қатынасқа баса назар аударып отыр», дейді. Осы сөзін дәледеу үшін Назарбаевтың: «Бізді мұхитпен шектеспейді деуге келмейді. Біз үшін екі мұхит бар – Ресей мен Қытай. Егер құрлықтағы тасымал жолын байланыстыра алсақ, бұл екі ел біз үшін ең үлкен мұхит», деген сөзін мысалға алады.

«Назарбаев оң шешім шығарды»

Қытай саясаттану және құқық университетінің зерттеушісі Ван Сяовэй «Қазақстан президентінің қызметтен кетуі тосыннан орын алса да, негізі қисынға келетін оқиға» дейді. Оның ойынша, Назарбаев президенттіктен кеткенімен, жақын арада ішкі және сыртқы саясатта еш өзгеріс болмайды. Сол қатарда Ресей мен Қытайға деген достық қарым-қатынас бұрынғыдай сақталады.

«Қазақстан басшысы тосыннан орнынан кетті. Бірақ бұл жағдайды мүлде қисынсыз деуге келмейді. Оның орнынан кетуіне соңғы екі-үш жылда елде орын алған экономикалық және қоғамдық мәселелердің қатысы бар. 21 ақпанда ол Үкіметті таратып жіберді. Бұның өзі соңғы жылдары орын алған мәселелер үшін ел алдында жауап беру екені сөзсіз.

Дәл қазір өз еркімен өкілеттілігін тоқтатудың Назарбаев үшін пайдасы мол. Ең алдымен, ол өзінің мұрагерін ертерек ел ісіне араластырып, келесі сайлауда жеңіп шығуына мүмкіндік жасайды. Екіншіден, денсаулығы сыр бермесе де өз еркімен кетіп, саяси қарсыластарының оны "таққа жабысып алды" деп кінәлауына мүмкіндік бермейді. Үшіншіден, Қауіпсіздік Кеңесі мен биліктергі партияның төрағасы ретінде ел билігін әлі де қолдан шығармайды. Бұған қоса, жасы 80-ге таяған қарт басшы президенттік қызметпен қарбалас болмай, алаңсыз тыныға жатып елді басқарады», - деп жазады автор.

«Назарбаевтың кетуі Қазақстанға қалай әсер етеді»?

«Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесі және "Нұр Отан" париясы төрағасы қызметінде қалатынын өзі айтты. Осыдан-ақ, ол ресми түрде кеткенімен, іс-жүзінде президенттік рөлін сақтап қалады. Басты себеп, оның ел ішінде ерекше биік орны бар. Екіншіден, дәл қазір елде Назарбаевтың саяси орнына таласа алатын ізбасар жоқ. Сондықтан оның президенттіктен бас тартуы Қазақстанға айтарлықтай әсер етпейді. Жаңа Президент Назарбаев салған жолмен жүреді. 

Назарбаев өз мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды басқаруға лайық тұлға екенін айтты. Осыған қарап кей сарапшылар оның мұрагері дәл осы Тоқаев болуы мүмкін екенін айтады. Бұл болжамды қолдауға әбден болады. Алайда бірден-бір талғам бұл емес екені де сөзсіз, жақында ғана Үкімет басына келген Мамин де Президент сайлауына билік париясы атынан ұсынылуы мүмкін. Тіпті, нақты мұрагер көп назарына ілікпеген, беймәлім тұлға болуы да ғажап емес», - деп қорытындылайды автор мақаласын.

Баста айқанымызда, Қытай басылымдарынада жарық көрген мақалалардың басым көбі бір сырдырғы. Ол түсінікті де. Өзгеше ойлайтын, тосын ой айтатын адам коммунистік режимнің һас жауы екенін білеміз. Енді тағы бір алпауыт ақпарат агентігі Sohu.com-да жарияланған мына мақалаға мән берейік.

Бұл мақала да жоғардағы екі матариал секілді ашық дерек көздерден алынған мәліметтерді көп назарына ұсынған. Содан кейін, Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған мәлімдемені жасаудан бір күн бұрын Астанада дін өкілдерімен кездесіп, мешіт құрлысын бастау рәсіміне қатысқанын, бұл күні ертең президенттіктен кететін адамның әрекеті емес екенін жазады.

«Бірақ, мән беріп қарағанда бұл оқиғаның бірте-бірте жүзеге асқанын байқауға болады. Мәселен, биыл ақпанның басында Назарбаев Конституциялық Кеңестен Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы сұрады. Дәл сол ақпан айының ортасында Үкіметті таратып, қайта жасақтады. Одан арғысын айтқанда, 2017 жылдан бастап Назарбаевтың бастамашылығымен Президент құзыреті сәл шектелді. Әрі Үкімет пен Парламентке бұрынғыдан көбірек құзырет берді. Осы арқылы Назарбаевтан кейінгі Президент Тұңғыш Президент сынды ерекше құқыққа ие бола алмайтын болды. Оның үстіне 2018 жылы шілдеде қабылданған «Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң» ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасыға Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығын өмір бойына берді. Осы ерекше құқық Назарбаевқа Президент болмаса да, елдегі маңызды орнын Конституция бойынша сақтап қалуға мүмкіндік берді».

Аталған мақалада Қытайдың заманауи халықаралық қатынастар академиясы Орта Азия бөлімінің жетекшісі Дин Сяосиннің пікірі берілген. «Назарбаев Президенттіктен кету жайлы көптен бері ойлап жүрді. Ол бұрын өзінің Сингапур жолын үлгі тұтатынын айтқан болатын. Сингапурдың тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куа́н Ю өткен ғасырдың 90-жылдары бұл қызметінен өз еркімен кетіп, Үкіметке Аға министр ретінде ықпалын жүргізген», - дейді Дин Сяосин.

«Жаңа Президент – Қытай халқының көне досы»

Қытай ақпарат құралдарының келесі қызу талқылаған тақырыбы – Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы болды. Тоқаев кім, Қытайға деген көзқарасы қандай деген сұрақтар қатты қызықтырса керек.

20 наурыз күні өткен ҚХР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз мәжілісінде аталған ведомство өкілі Гэн Шуан Қазақстанның жаңа Президентін «Қытай халқының көне таныс, жақсы досы» деп атаған.

«Қазақ-қытай қатынасының қазіргі сәттегі жақындығы жалғасты сақталғанын қалаймыз. Қазақстан тарапы Бір белдеу – бір жол жобасын барынша қолдап, атсалысып келеді. Екі елдің осы жоба аясында жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Біз Қазақстан-Қытай селбестігінің сақталатынына сенімдіміз. 

Назарбаев Президент Қазақстан елін қалыптастырушы әрі дамытушы тұлға. Өз халқының сүйіспеншілігіне бөленген көшбасшы. Қытайлық тарап Назарбаевтың шешіміне түсіністікпен қарайды», - дейді Гэн Шуан.

Қытайлардың біздің елдің жаңа Президентін жақсы досымыз деп жақын тартуының өз себебі бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен ғасырда Қытайда білім алған, әрі Кеңес одағының Қытайдағы консулдығында қызмет істеген.

«Тоқаев 1953 жылы Алматыда дүниеге келген. Әкесі әйгілі жазушы. Анасы шет тілдер институтында жұмыс істеген. Анасының әсерімен Тоқаев бала күнінен шет тілдерін үйренген. Қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, француз, қытай тілдерін толық меңгерген. 1983 жылы Бекин тіл университетінде он ай білім алған. Көп өтпей Кеңес одағының Қытайдағы консулдығында қызметке тұрып, сонда 1991 жылға дейін жұмыс істеген. 2017 жылы ол өзінің “Қытайтанушы” екенін, әрі Қытайда 8 жыл қызмет істегендіктен, ол елдің жағдайына қанық екенін айтқан. 2016 жылы ол Бекинде тұнық қытай тілінде баяндама жасағаны есімізде. Бұған қоса, БҰҰ-ның бұрынғы орынбасар хатшысы Сергей Орджоникидзе Кеңес консулдығында қытай тілін ең жеттік меңгерген қызметкер Тоқаев болғанын айтады. Бас консулдың аудармашысы болған», - деп Қазақстан Президентін өздеріне жақындатуға барынша тырсып жатыр.

Қытай ақпарат құралдарының Қазақстандағы Президент алмасуына аса назар аударып отырғанын айттық. Олар тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған үндеуін өз тілдеріне аударып жариялапты.

Сөз соңында айтарымыз, Қытай болсын Ресей болсын кез-келген көршіміз Қазақстанды бес саусағындай біледі. Тіпті көршілеріміз ғана емес, алыс-жуық шетел ақпарат құралдары елімізді алақанындағыдай аңдып отыр. Елде не жағдай орын алып жатыр бәрін көзбен көргендей жазып-сызады. Сондағы аңдитыны еліміздегі мың түрлі мүдделерінің жай-күйі. Қайтсек қазақ даласындағы мол байлықтың майлы жілігін мүжиміз деген озбырлық екені сөзсіз. Осы жолы да елдегі Президент алмасуын зерттеп, өзгеріске дайын болуға қам жасап отыр.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5324