Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4094 4 пікір 26 Наурыз, 2019 сағат 15:11

Мешіттер мен Мегалар

Әр мәдениеттің, әр қоғамның өз орталығы, қарашаңырағы болады. Мысалы антикалық грек мәдениетінде театрлардың орны ерекше. Грек-Рим қоғамында амфитеатрлар мен ипподромдар қаланың орталығы саналатын. Қазіргі қоғамда кез-келген қаланың орталығы, кіндігі - алып супермаркеттер, сауда үйлері, жалпақ тілмен айтқанда "Мегалар". Мойында-мойындама шындық осы. Сол үшін жаңадан бір облыс құрыла қалса әкімшілік ғимаратынан бұрын, театр мен мешіттен бұрын алып, "нән" "Мегалар" бой көтеріп үлгереді. (Айтпақшы бұлар салынғанда ешқандай қоғам белсендісі "бұның орнына үйсіздерге үй салып беруге болушы еді" деп айтпайтынына таңғаласың) Қысқаша айтар болсақ қандайда да бір қоғам не нәрсені қатты бағалайтын болса, нені құндылық деп қабылдайтын болса сол қасиетті деп тапқан нәрсесіне қол жеткізетін орынды орталық қылып алады. Қаланың кіндігі - қала тұрғындарының ішкі қалауларына қауышатын мекені. Сондықтан бір халықтың нені құндылық деп есептейтінін білгіңіз келсе нені орталық қылып алғандарына қарау керек.

Ал, мұсылмандар ше? Мұсылмандардың қалалық мәдениетінде орталық, қарашаңырақ бар ма? Әрине, бар. Ол - мешіттер. Бұрынғы мұсылмандар үшін (бұрынғы - қазіргі мұсылмандар деп белгілі бір жағдайда бөлуге мәжбүр боламын) мешіттер тек ғибадат орны ғана емес еді. Бұрынғы мұсылман қоғамында мешіттерде түрлі діни ритуалдардан (айт намазы, жұма намазы, бес уақыт намаз, неке қию, жаназа, балаға ат қою т. б) бөлек басқа да іс - шаралар атқарылатын. Ол іс - шараларды былай тізіп шығуға болады :
1. Түрлі пәни білімдер сайысы (Ислам тарихы кітаптарында бұрынғы мұсылмандар тіпті математика пәнінен жарысты мешітте ұйымдастыратын болған)
2. Спорттық сайыстар (Ислам тарихы кітаптарынан мұсылмандардың мешітте күрестен жарыс ұйымдастырғанын оқығам)
3. Мешітте ел басшылары мен қоғам белсенділерінің жиыны өтетін (шура)). Яғни, мешітте мемлекеттік маңызды шаруалар талқыланатын.
4. Ертеректе халифалар шет елден келген делегаттарды, елшілерді мешітте қабылдайтын болған.
5. Мешіт оқу - білім орталығы. Бұрынғы мұсылмандарда мешітте тек қана діни білім берілмеген. Пәни білім медресе-мектептері осф мешіттің төңірегінде болған.
6. Мешіт 24/7 ашық болған. Ежелгі Бағдатта мешітте түнгі кезекшілікке қызметкерлер тағайындалған. Олар мешітке түнін ғибадатпен өткізгісі келгендерге, түнгі уақытта ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдарға арнайы орын беріп, көрпе - жастық пен майшамдар тарататын болған.
(Санай берсең көп. Бүгіннен қалмай пост шығару керек болған тиісті кітаптарға көз жүгіртіп үлгермедім)

Сондықтан да пайғамбарымыз (с. а. у) Мәдина қаласына қоныс аударып келгенде ең бірінші үйдің емес мешіттің құрылысын бастап кеткен.
Ал, қазіргі мұсылмандар мешіт салса неге кейбір адамдарға жақпайды? Кімдікі дұрыс? Екі себеп бар. Біріншісі - мешіттің құрылысына өмірінде мешіт ешқандай роль ойнамайтындар қарсы. Бұл бөлек әңгіме. Тіпті, адамның жеке басына, сеніміне байланысты әңгіме. Сондықтан қозғамаймыз.

Екінші себеп - қазіргі мұсылмандардың бұрынғы мұсылмандардай мешіттерді қала орталығы, мәдениет пен руханияттың кіндігі, кез - келген мұсылманның өмірінде орны бар қастерлі мекен ете алмауы. Қазіргі мұсылмандардың бұрынғы мұсылмандардан қабылдап алғаны тек мешіт салу. "Тақлид" деп осыны айтады. Яғни, көзсіз еру. Бұрынғылардың істегенін айнытпай істеу, бірақ ол істің ішкі рухына мән бермеу. Қазіргі мұсылман қоғамында мешіт тек белгілі ритуалдарды орындау ғана боп қалған. Бұрынғыдай мешіттерде барлық нәрсе жасалынбайды. Яғни, мешітте рухани тіршілік қызып жатпайды (бұрынғыдай). Сондықтан мүмін мешіт салуға тырысса мұсылман қарсы шығады. (мүміннің мұсылмандығы мұсылманның мұсылмандығынан күштірек болғасын шартты түрде екіге бөлуге мәжбүрмін)

Ал мешіт салған соң сол мешітті бұрынғы мұсылмандардай толық мүмкіндігін пайдаланбау, мешітті тек белгілі діни рәсімдер жасау орны ретінде пайдалану қазіргі мұсылмандар тарапынан мешіттерге жасалған үлкен қиянат.  Мешіт - құлшылық үйі. Оған еш күмән жоқ. Ал, мұсылман үшін құлшылық тек діни жоралғыларды орындау ғана емес. Адамзатқа пайдалы нәрсенің бәрін жасау құлшылық. Мұсылман үшін спорт та, фәни ғылым да, өнер мен мәдениет те құлшылық. Сондықтан ел басшылары мешіт саларда ол мешіттің ішіне қанша адам сияды деген оймен ғана салмаса екен. Ол мешітте қандай іс - шаралар атқарылуы тиіс екенін де ойлауы керек. Бұрынғы мұсылмандар мешітті қалай қала орталығына айналдыра білді? Осыны да тәптіштеп зерттеу керек...

Айтпақшы, ұмытып барам. Сол мешіт құрылысы аясында жанынан 2 бөлмелі, 1 бөлмелі жағдайы нашар адамдарға арналған жатақхана да салып жіберсе нұр үстіне нұр болады. Себебі бұрынғы мұсылмандардың мешіттерінде түрлі қоғамдық қорлардың офистері орналасқан. Кедей - кепшік, жарлы - жақыбайлардың айналып табар қазығы мешіт болған бұрында. Сонымен қатар құрылыс аясында мешіттің ауласына монша, спорт кешені, балабақша салса тіпті нұр үстіне үш есе нұр болады. Осы жазбаны жазып отырып қаладағы жұмысқа жарамай қалған кәрі аттарға өз ажылымен өлем дегенше қамқор боп "ат үйін" салған бұрынғы мұсылмандарға деген ерекше құрметім артып, оларды көрмесем де қатты сағынып кеттім. Сонымен қатар Батыс елдері Африкадан қара нәсілді адамдарды "аулап" әкеліп өз елдерінде хайуанаттар бақшасы іспетті "Кара нәсілді адамдар бақшасын"* салып жатқанда Бұқара, Самарқант, Түркістанда зәулім мешіттер тұрғызып халықтың діни-дүниауи сауатын ашып жарысқан бабаларымды да сағынып кеттім.

* "Кара нәсілді адамдар бақшасы". Батыста "Насо" секілді ірі компаниялар ашылып жатқанда ақ терілілер Африкадан қара адамдарды алып келіп "Қара нәсілді адамдар бақшасын" салған. Бақшада қара нәсілділер тайпалары өмір сүреді. Күзет оларды сыртқа шығармайды. Ақ нәсілділер хайуанаттар бақшасына кіргендей билет алып қара нәсілділердің қалай өмір суретінін тамашалайтые болған.

Роман Бұрқаштың facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369