Жұма, 22 Қараша 2024
3809 4 пікір 27 Наурыз, 2019 сағат 12:47

Қазақтың ән-күйі Мәскеу төрінде әуеледі

Есімі күллі әлемге таныла бастаған, қазақтың маңдайына біткен аса талантты әншісі Димаш Құдайберген төл мерекеміз - Наурызда Мәскеу шаһарының өнер сүйер қауымын тағы да дүр сілкіндірді.

22 және 23 наурызда Ресей астанасында өткен екі бірдей жеке концерті талай жұрттың есінде қалары сөзсіз. Онда қазақтың қасиетті домбырасынан күй төгіліп, әсем ән шырқалды. Димаштың қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тіліндегі шырқаған әндері Мәскеу аспанында қалықтап тұрды десек, артық айтпаспыз.

Алты мың адам еркін сиятын Кремль сарайында ине шаншар жер қалмады. Бұл концертке ТМД елдерін айтпағанда, шетелдің 56 елінен 400-ден астам жанкүйерлері жиналды.

Тіпті әншінің өзі шығарған «Ұмтылымас күн» әнін бірге шырқағанда олар тіпті Мәскеуде емес қазақ елінде отырғандай күй кештік. Димаштың өзі болса, бұл жолы да қазақтың ән өнерін ғана емес, киелі дәстүрімізді де, салт-санамызды да насихаттаудан жалықпады. Сахна төріне алдымен ата-әжесін шақырып, өзінің солардың қолында өскендігін, мұның өзі қазақ халқының ғасыр қойнауынан жеткен жақсы салты екендігін айтып, өзін қашанда қазақ халқының қолдап отыратындығын, сондықтан да өзін қазақ екендігін мақтан тұтатындығын ерекше сезіммен жеткізді. Үлкенге деген ізетін паш етті. Қазір өзінің  қолтығынан демеп жүрген Ресейдің ғана емес, өзге жұртқа да кеңінен мәлім сазгер әрі продюссер Игорь Крутойды сахнаға шақырып, оның жаңа әнін нақышына келтіріп орындап шықты.

Жалпы осынау үш сағатқа созылған қазақтың ән өнері салтанат құрған концерттің жұрт көңіленен шыққандығы соншалық, концерт соңында көреремендер оны сахнадан ұзақ уақыт жібермей, гүлге көміп тастады. Бұл концерттің ғаламторды әп-сәтте жаулап алған шолуларына қарағанда оған Ресейдегі Қазақстанның елшісі Иманғали Тасмағанбетов мен Қазақстанның мәдениет министрі Арыстанбек Мұқаммедиұлы қатысқан. Сондай-ақ оны тамашалауға Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведевтің жұбайы Светлана Медведеваның да арнайы келгендігі мәлім болды. Біздің елден бұл мерекеге жалғыз ғана Ерке Есмаханнның барған көрінеді. Осы орайда «шіркін біздегі белгілі-белгілі деген, атақтары жер жаратын әншілеріміз осы концертке айтқызбай келіп, Мәскеудің төрінде отырып, осындағы зыр жүгіріп жүрген журналистерге өз лебіздерін білдіріп жатса, қандай жарасымды болар еді. Димаш сонда мүмкін өз елінің аялы алақанының табын тағы бір сезініп қалар ма еді» деген ой келеді.

Мінекей, Димаштың бүкіл Мәскеуді дүбірлеткен ән шеруі де аяқталды. Алайда оның талантына табынған, бұл концерттен алған әсерлерін ортаға салуды өздеріне парыз санаған Ресейдің ғана емес, шетелдік блогерлердің лебіздері бүкіл ғаламторды шарлап кетті. Ал біздің қазақ блогерелері тағы да үнсіз. Ең болмаса, соларға қосылып, бір мақтанып қалса артық етпес те еді. Өкінішті-ақ.

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320