Жұма, 22 Қараша 2024
Бір сауал 8075 27 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 11:15

Келесі президент кім болады?

Әлқисса, Астана қаласы Нұр-Сұлтан деп аталды. Көптің күші облыс орталықтарынан Абай, Әбілқайыр хан, Төле би мен Қаныш Сәтбаев көшесін ғана қайтарып алуға жетті, үш Тәуелсіздік көшесі «Назарбаев» көшесінің құрметіне құрбан болып кетті. Халықпен есептесуді ойлаған билік болған жоқ. Бұл істің елімізге абырой әпермесі хақ, бірақ, орысша афоризмді сәл өзгертіп айтатын болсақ «у власть имущих свои причуды». Олар елдің мұңын түсіне алар жағдайда емес…

Жарайды, болары болды, бояуы сіңді. Енді ең басты мәселені – алдағы президент сайлауын сөз етейік. ҚР Конституциясының «Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді» деген 48-бабына сәйкес Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне ҚР Президентінің өкілеттігін қабылдап алды, өз өкілеттігін тапсырды - Сенат Төрағасы болып Дариға Назарбаева сайланды. «Қалған мерзім» - 2020 жылдың сәуіріне дейін. Ал, Конституцияға сәйкес «президенттің кезекті сайлауы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі». Ендеше, Президент Қ.Тоқаевтың алдында ең алдымен сайлау қай желтоқсанда өткізілуі тиіс – өзінің өкілеттік мерзімін қысқартып 2019 жылдың қысында ма, жоқ әлде ұзартып 2020 жылдың қысында ма, осы мәселені шешу міндеті тұр. Қысқартса, ҚР Сайлау туралы конституциялық заңының 51-бабына сәйкес: «Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі».

Бұндай жағдайда биліктің тағы да халықтың пікірімен есептеспестен, әкімшілік ресурстарды толық жұмылдыруының арқасында Д.Назарбаеваның президент болып сайланып кетуі әбден мүмкін. Билік өз адамын өткізуге тырыспаса билік бола ма? Сайлауға Дариғаның қатысуы билікке оның өкімет басына келуінің легитимділігін (лат. заңдылығын) қамтамасыз ету үшін қажет.

Екінші жағынан, Д.Назарбаева бұл сайлауға қатыспауы да, бірақ, жаңадан сайланған президент біраз уақыттан соң «өз еркімен қызметінен кетуі», Дариғаның президенттік өкілеттікті қабылдап, қалған мерзімі біткенше 4 жылдай отыруы,  балаларға жәрдемақыны, ең төменгі күнкөріс деңгейін, жалақыны көбейту, ипотекаға берілер үйдің пайыздық мөлшерлемесін төмендету секілді біраз арзан да «популярный» қадамдарға барып, «косметикалық жөндеу» жасауы және соны негізге алған мемлекеттік БАҚ-тардың Дариғаның халық арасында өте келісті имиджін қалыптастыруға бар күшін салуы, сөйтіп, шүкіршіл, тобашыл, қанағатшыл, аңғалдығы өзімен бірге өлетін, әлі күнге «мұсылман айтса сенгіш» қазақты уәдеге ұйытып, келесі президент сайлауында жеңіске жетуі де мүмкін.

Дегенмен, Дариғаның осы сайлауға қатысу ықтималдығы өте жоғары. Себебі, «жуас дегені жуан шықса» қайтпек?.. Тақтың дәмін татқан адам Лениннің серіктестері менсінбеген Сталиннің қанды қол диктаторға айналып 40 жыл, «шут» деген лақап атқа ие Хрущевтің 11 жыл, «сужүрек» Брежневтің 18 жыл отырып алғанындай  жылы орынды бермей қоюы да мүмкін ғой. Жалпы, бізде бәрі мүмкін…

Ал, бізде мүмкін емес нәрсе бар ма? Әрине! Ол – биліктің өз жүйесін өзі түбегейлі реформалай алмайтыны.  Кеңес өкіметінің дәл содан құлағаны белгілі. Шығыс Еуропа елдері оны жасай алды, люстрациядан өтті. Бізде люстрация десең кастрация секілді көреді. Қ.Тоқаев «мен Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыратын боламын» деді. Ал, ол бағыттың жеткізген жері бәрімізге белгілі…

Ендеше, бұл сайлау – ең шешуші сайлау болмақ. 5 мың жылдық тарихында қазақ халқы бүгінгідей қылкөпірдің алдында тұрған емес. Бұның қасында гүлденіп тұрған 27 қаламызды түгел қиратқан Темірші мен оның аттасының қазақты қынадай қырған үш дүркін сойқын жорығы да, жоңғармен арадағы 150-жылдық Отан соғысы да, бейбіт заманда халқымыздың жартысынан көбін жалмап кеткен, қолдан жасалған ашаршылық та баланың ойыншығы. Өйткені, бұрын қазақ тілден 2-ге, діннен 72-ге бөлінбеген, тілі мен діні бір болған соң ділі де, яғни, жүрегі, болмысы бүтін еді, бұрын жау ашық, сыртта еді, ал, бүгін - іште, жел секілді - көзге көрінбейді, бірақ, салдары сойқан, ұйық-батпақ секілді – бір аяғыңды суырсаң екіншісі одан бетер батады, бүгін қауіп-қатер бұрынғылардан жүз есе қауіпті, мың есе қатерлі. Сондықтан, шын мәнінде «елім!» дейтініміз рас болса, қара басымыздың мүддесінен Ұлттың мүддесін жоғары қоятынымыз рас болса, сол мың өліп мың тірілген, енді мың бірінші рет өлсе мың екінші рет тіріле алмай қалатын – қашанғы Құдай қазаққа қараса береді! – қазақ үшін  басымызды бәйгеге тігетін күн келді. Бабаларымыз 1730 жылы Тәуке ханның баласы Болат хан қайтыс болып, қазақтың ұлы ханын сайларда 4 жыл ішінде қазақ жерін Түркістаннан Балқашқа дейін азат еткен біріккен қазақ қолының Бас қолбасшысы, еңбегі өлшеусіз Әбілқайыр ханды құлатып жіберді, соның салдарынан тағы 25 жыл жоңғардың астында жаттық; аталарымыз 1919 жылы Сталин Алаш қайраткерлерін – 9 адам, ішінде Ахаң да бар – шақырып алып, «біз, большевиктер, қазақ елінің басшылығына Төтенше ревком төрағасы Ә.Жангелдинді ұсынамыз, сіздер кімді ұсынасыздар?» дегенде, «біз Жангелдинге де қарсымыз, өзіміз де ешкімді ұсынбаймыз, бізге Орталықтан бейтарап адам жіберіңіз» деді, соның салдарынан ашаршылыққа ұрынып, ұлтымыздың жартысынан көбінен айрылдық, 100 мың азаматымыз түрмеге тоғытылып, итжеккенге айдалды, 25 мың асылымыз атылды. Ал, осы жолы тағы қателікке ұрынып, қолымызға беріліп тұрған мүмкіндіктен айрылсақ, оны бізге адам да, Алла да кешірмейді...

Халықтың пікірін әлеуметтік желідегі екі адамның ойымен түйіндеуге болады: «Сабит Елтай: Мықты болсаңдар келе жатқан сайлауда бәрің бірігіп бір адамдай дауыс беріңдер, лайықты адамға... Сонда көрінеді ерліктерің...» «Естай Жайлыбай: Алдымен лайықтыны тауып, қолдау керек. Басты тірлік сол қазір».

Осы жерде бірден «бар ма ондай лайықты адам?» деген сұрақ туады. Бар! Көп! Менің өзім оншақтысы атап бере аламын. Соның ішінде үшеуін нақты ұсынғым келеді. Олар: Иманғали Тасмағанбетов, Ибадулла Қалыбеков, Жауғашты Нәбиев.

Имекеңнің кім екенін ел жақсы біледі – атқарушы биліктің президенттіктен басқа барлық сатысынан өткен, қарапайым халықтың да, зиялы қауымның да арасында биік беделге ие, Елбасы қайда қиындық туса соған жұмсап, оның барлық тапсырмасын абыроймен атқарып отырған, болмыс, білім, іскерлік, шешендік – бәрі бір басында тоғысқан «төрт аяғы тең жорға»,  отқа да, суға да түсіп, әбден шыңдалған дара тұлға. Оның қалай «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» жұмыс істейтінін атыраулықтардан, ұлтшылдығы қандай екенін астаналықтардан сұраңыздар. Мен И.Тасмағанбетовті Дэн Сяопинге ұқсатамын. «Қайдағы ұқсастық, Дэн Мао Цзедунға қарсы шығып, екі рет биіктен құлаған адам» дерсіздер. Дұрыс. Бірақ, елшілік те «жер аударудың» сыпайы түрі екенін ұмытпаңыздар... Имекең бойын жасыратын тұлпар тәрізді, қолына билік тигенде қолтығы сөгіле шабары сөзсіз. Дәл кәзір ел ақыл сұрар алпыстан енді асып, кемеліне келіп, кемеріне толып тұрған дер шағы.

Кемшілігі. Имекеңе тағылар екі ғана кінә бар, бірі – «Шаңырақ», екіншісі – комсомолдығы, «продукт» екендігі, Елбасын бұрынғы өткен 125 ханнан жоғары бағалағандығы. Бұлай деп тек көре алмайтындар мен саяси сауатсыздар (артық кетсек кешірім сұраймыз) ғана айта алады. Өйткені, «қай жердің отын оттасаң, сол жердің суын ішесің» немеесе «по-волчьи жить – по-волчьи выть». Тасмағанбетов биліктің ережесімен ойнауға мәжбүр саясаткер. Дәл сонымен бірге ұлтқа қолынан келгенін аямайтынын ісімен көрсетіп жүрген қайраткер де. Мұхаммед (с.ә.с.) пайғамбар «Ұстазың – ата-анаңнан артық» деген. Имекең «маңдайыма президенттік жазылған болса кезінде көрермін, жазылмаса жолымнан жаңылмайын» деген ұстанымынан, ұстазына деген адалдықтан айныған емес. (Ал, ұстазын сатқан адам бәрін де сатады!) Бүгін сол «кез» келді, Имеке! Кеше – ерте еді, ертең – кеш болады!..

Жауғашты Нәбиев. Инженер-электрик. Кеңес заманында алыс ауылдан келген бала 17 жылда Алматыда жұмысшыдан өндірістік бірлестік Бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары, Жергілікті өнеркәсіп министрлігінің Коллегия мүшесі, Министрлер Кеңесінің бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілген, 1984-89 жылдары Н.Назарбаевтың қол астында «Көрме және сыртқы елдермен байланыс» бөлімін басқарған. Тәуелсіздіктің таңында сыртқы сауда министрлігінің рөлін атқарған «Қазақстан Коммерция» бірлестігінің бас директоры, «Казкоммерцбанктың» жалғыз құрылтайшысы болған адам, КСРО-ның «Казатомпромға» осы атты қойған, оны еліміздің мықты компаниясына айналдырған, КСРО Сыртқы экономикалық байланыс министрлігінің 1991 жылы экспорттау құқығы бар қазақстандық алпауыт компаниялардың  миллиондаған доллар қаржысын «қатырып» тастауының алдын-алып, Лондондағы банкке аударған, кейін сол миллиондарды – жымқырып қалып, «қазақтың тұңғыш олигархы» атанып жүрудің орнына – кәсіпорындарға қайтарып берген мемлекетшіл бизнесмен. Үлкен интеллектуал. Кітапханасындағы 8 мың кітаптың конспектілеп оқымағаны аз. Өнер саласының білгірі. Меценат. Ол басқаратын «Қазақстан Коммерция» сонау 1990-1996 жылдары ғана  450 мың доллардан астам ақшаны демеушілікке аударған. Соңғы жылдардың өзінде «Тұран. Қоғам тарихына деген көзқарас» (қазақ және орыс тілінде), «Ассимметричная экономика», Шейх Ахмад Құдайдад Таразидың «Көркем сөз өнері», «Многомерный человек», Ә.Бөкейхановтың 10-томдығын, т.б. көптеген кітапты жарыққа шығарды. Жезтаңдай әнші. Спортшы.  (Ж.Нәбиев жайлы толығырақ білгісі келген адам менің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» деген кітабымнан оқи алады).

Кемшілігі. Әттең, бір ғана кемшілігі бар, ол - жасының 77-ге келгендігі. Бұның өзі де қағаздағы кемшілік, себебі Жақаң нағыз бұрынғылардың «әлі бір қызды қартайтады» дейтін, жайдақ атқа секіріп мінер қуаты  бойында тұрған, ертеден кешке дейін күрекпен жер аударғанда маңдайы ғана жіпситін жампоз.  «Жетпісттегі жігіттер» сұрпынан...  Одан бөлек кемшілігі - білімі мен білігінің, шетелдік алпауыт корпорациялар алдында ат-абырой әперген мол іс-тәжірибесінің 2005 жылдардан кейін бірте-бірте билік пен «младотюртерге» керегі болмай, өзінің кінәсі болмаса да 90-жылдары аты жер жарған жанның бүгінгі ұрпаққа беймәлім тұлғаға айналғандығы...

Ибадулла Қалыбеков. Өзбекстанда, қазақтың Хрущевтің екпінімен өзбектерге беріліп кеткен жерінде, Сырдария облысында туып-өскен. Он баланың үлкені. 29 жасында Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, министр, 22 министрліктің басын құраған УзГосагропром билігінен «Атахан» атанған Журабеков кеткенде сол адамның орнын басқан, вице-премьер-министр болып істеген, И.Каримовтың қатал мектебінен өткен адам. Әкесінің «енді мансапты қой, аудандағы 22 мың қазақтың жетімі мен жесіріне дейін Қазақстанға түгел алып өт!» деген аманатын 4 інісімен (біреуі – аудан әкімі болып тұрған) бірігіп орындап, банктен 10 жылға алған кредитпен Шымкентте ТМД-да теңдесі жоқ, әр үйінде жылыжайы бар (соның арқасында халық кредиттен құтылып, үй өздерінікі болып қалды), цементтен басқа құрылыс затының бәрін, жылыжай, модульді үй жасап шығаратын, т.б. зауыттары, түрлі тал-ағаш, көкөніс питомниктері, ерекше гүлзары, жерасты жолдары бар, 2275 екіқабатты коттеджден, 30 пәтерлі 30 бесқабатты үйден тұратын, бас жоспары жасалған «Асар» қалашығын салған адам. Франция 1968-69–жылдары 6 млн.французды Алжирден 2 жыл ішінде көшіріп әкелсе, Ибекеңнің сыртттағы 5 млн. бауырымызды 5 жылдан асырмай алып келерін, тағы 200 «Асар» салып берерін басыңыздағы шашыңыздай көре беріңіздер.

Кемшілігі. Әттең! Әттең! Бір емес, екі, үш әттең... Кемшілігі – Қазақстанда танымал еместігі. Есесіне, Өзбекстанда үлкен құрметке ие. «Емен шоқпар елу беске» енді келген Ибекеңнің – басқа еңбегін айтпағанда - қандастарымызды елге әкелуден бастап, талай мәселеде бізбен бақталас бауырлармен ұлттық мүддені алға ұстай отырып тіл табысуда, түптің түбінде толыққанды Орталық Азиялық Одақ құруда ерекше рөл атқара алары хақ.

Енді осы азаматтың үшеуі де немесе біреуі ғана бәйгеге түсті дейік. Олай дейтініміз, соңғы екі азамат шын мәнінде де  ұлт жанашыры ретінде нақты өмірмен есептесуге мәжбүр болғандықтан («политика – искусство возможного» деп бекер айтылмаған ғой), олар «халықтың дауысын бөле-жарғанымыз дұрыс болмас» деуі мүмкін екенін де ескеруге тиіспіз. Біздің ойымызша, жалпы, билікке оппонент ретінде сайлауға түсетін басқа да үміткерлерге ортақ сайлауалды бағдарламасы мынадай болғаны жөн. Рас, бұл бағдарлама радикалды (ымырасыз) болып көрінуі мүмкін, бірақ, біздің жүйені түбегейлі өзгертпесе ешқандай нәтиже шықпайтындықтан және күн санап әлемдік экономикадан, ғылымнан, т.б. артқа кетіп бара жатқандығымыздан осы бағытты дұрыс деп санадық. Әрине, зарымыз бар, зорымыз жоқ...

1. Ауыр, кәнігі (рецидивист) қылмыскерлерден басқа жазаға тартылғандардың бәріне, оның ішінде сырттай үкім шығарылған саяси қылмыскерлерге де рахымшылық, кешірім жасау. 2020 жыл – қазақтың татулық, ынтымақ, бірігу жылы болуы тиіс. Олар елге оралып, отанына іс жүзінде адал қызмет етуге мүмкін алғаны жөн.

2. Парламентті таратып, оны 100 адамнан тұратын, тікелей бірмандаттық аймақтан (округтен) сайланатын, бір палаталы етіп қайта құру. Өлкелік (облыстық) және аудандық, қалалық мәслихаттармен қатар кеңестік жақсы үлгімен әрбір 1000 немесе 2000 адамнан бір депутат сайланатын жергілікті – ауылдық, кенттік және қала ішіндегі аудандық мәслихаттарды да құру және сол аумақта орналасқан барлық кәсіпорын, мекеме басшылары жылына 4 рет олардың алдында есеп беріп тұратын ету керек. Бұл – басшылардың халықтан алыстап кетпеуін,  сыбайлас жемқорлыққа салынбауын қамтамасыз етеді, қай меншік иесі болсын, ең алдымен елге қызмет ететінін еске түсіріп отырады, жауапкершілігін күшейтеді.

3. Конституцияға Президент пен вице-президент 5 жылға тікелей жасырын дауыспен сайланатын, министрлер кабинеті, «Самұрық-Қазына» секілді екінші үкімет болмайтын, 20 министр тікелей президентке бағынатын, 17 өлке (облыс) мен 3 мегаполис әкімдері өз бағдарламаларын алдымен аудандық, сосын өлкелік және мегаполистік мәслихаттарда қорғаған соң, үздік шыққаны екеуі президент қарауына ұсынылып барып тағайындалатын  өзгеріс енгізу;

4. Билік пен бизнестегілердің шет елдерде жасырған қаржыларын тез арада өз еріктерімен қайтаруы; ол үшін олардың әрқайсысы дүние-байлығының таза екенін дәлелдеуге міндетті. Жасырғысы келетіндер болса, оларға бір ғана: «Сен осы жазғаныңның  шындық, табысыңның бәрі таза жолмен келгенін растап, Алла-Тағалаға жаныңды бересің бе?» сұрақ қойылуға тиіс. «Жанымды беремін» деген адамды тыныш қалдыру арқылы уақытты үнемдеу (Алла жазасын беруді ұмытпайды...); Өз еріктерімен қайтарғандардың жарты қаражаты қазынаға қайтарымсыз құйылуы, ширек бөлігін мемлекет олардан 25 жылға пайызсыз қарызға алуы, ширек бөлігін олардың өздерінде қалдыру керек. Жасырғандардікі табылған кезде олардың барлық үй-жайы, дүние-мүлкі тәркіленуі тиіс.

5. Американы «Ұлы депрессиядан» жоспарлы экономиканың арқасында аман алып шыққан Ф.Рузвельттің үлгісімен Госпланды 10 жылға қайта әкелу, алдағы бір жылда: мемлекеттік және жекеменшіктің бизнес-құрылымдар тізе қосып, әлемдік экономиканың даму бағытын ескеріп, отандық экономиканы ең озық техникалық және технологиялық тұрғыдан соған сәйкестіндіре толық қайта құруды мақсат тұтқан «ҚР мемлекеттік біржылдық және бесжылдық экономикалық даму жоспарын» құру; жұмыссыздар мен «өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың» нақты тізімін жасап, олардың бәрін  өндірістік сұраныс пен өздерінің тілегіне қарай қайта даярлау,  о.і. бірінші кезекте техникалық мамандықтарға үйрететін курстарда оқытып шығару;

6. Жер және жер қойнауының байлығы қазақ халқының Құдай берген несібесі болғандықтан мемлекетттің меншігі екендігі, қазба байлық оны иеленіп алған барлық отандық және шетелдік компаниялардан мемлекет меншігіне қайтарылатындығы, жер ешкімге сатылмайтыны, жеке меншікке тек қана 49 немесе 99 жылға жалға берілетіні, Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі, дініміз ислам діні аясында ханафия мазхабы екендігі, өзін демократия отаны санайтын Ұлыбританияның үлгісімен мемлекет президенті сонымен бірге елдегі ислам дінінің жетекшісі екендігі, президент болып бір ғана талапқа сай келетін (сол жетеді) жасы отыздан асқан ұлты қазақ азаматының (қай елде тұратыны маңызды емес, ал, қазақ тілін меңгерген деп жазу естіген жұрттан ұят) сайлана алатындығы нақты көрсетілген, т.б. да бүгінгі өмір талабы мен болашақтың қамын ойлағаннан туындаған өте өміршең өзгерістер енгізілген жаңа Конституция мен Жер туралы жаңа Кодексті жалпыұлттық Референдумда қабылдау;

7. Қазақстанға көшіп келгісі келетін барлық қандасымызға – шамамен 5 млн. - шекарада төлқұжат тапсырылатыны, негізінен шығыстан батысқа дейін шекаралық өлкелерге қоныстандыру, әр отбасыға баспана берілуі, 10 қой, 2 сиыр немесе соның құнындай қаржы, қолына жаны қалаған жұмыс берілетіні, бизнес бастаймын дегендерге арнайы есепшот ашылатыны, осы істің 2020-2025 жылдардағы бесжылдықта аяқталуы; сонымен қатар жапон үкіметімен бірлесе отырып жапон елінен 5 млн.маманды ұзақ мерзімге әкеліп (олар бұған қарсы емес), оралман қазақтармен теңжара араластырып орналастыру, жаңа техникалы, озық технологиялы өнеркәсіп және ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндіріс ошақтарын, о.і. бірінші кезекте қазақиялық «силикон жазығын» құрайтын бірнеше үндістандық Банголор тектес қалалар салу, «бір ауыл – бір өнім» саясатын ұстану, соның арқасында 10-15 жылдың ішінде еліміздің постиндустриалдық дамыған елдер қатарына қосылуын қамтамасыз ету;

8. Алдағы бес жылда: медициналық жәрдем мен орта, арнайы орта және жоғары білім алу толық тегін болуын, мектеп мұғалімдерінің тең жартысы ер адамдар болуын; ұстаздық және дәрігерлік мамандық ең мәртебелі де жоғары жалақылы болуын қамтамасыз ету; білім барлық деңгейде – мектептен университетке дейін – тек қана қазақ тілінде берілуін, мектепте шет тілін тек 5 сыныптан бастап оқытуды, әлемнің ешбір елінде жоқ «үштілділік» бағдарламасы мен латын қарпіне көшуден бас тарту, оның орнына 2025 жылдан бастап өзіміздің төл руникалық (ойма) жазуға көшуді (нағыз рухани жаңғыру деген - осы!), мемлекет аумағында тек қана қазақ тілі қолданылуын қамтамасыз ету;

9. Қазақ халқының жаппай техникалық сауатты болуына бетбұрыс жасау; өнертапқыштар, инженерлер мен ғалымдар ұстаздар мен дәрігерлерден кейінгі үшінші мәртебені иемденуіне, әсіресе, техникалық жаңалыққа көптеп қол жеткізудің арқасында «пассивтік табыстың» еселеп артуына, кең тарауына қол жеткізу; жапон халқының үлгісімен Елбасы Н.Назарбаевтың «инновация ұлттық ұранға айналуы тиіс» деген сөзінің толық іске айналуын қамтамасыз ету;

10. Ана денсаулығы мен бала қамы алдыңғы орын қойылуын, әр бала үшін ешқандай қосымша шартсыз 18-ге келгенше ай сайын 100 (3 бала болса 300, 6 бала болса 600) доллар көлемінде жәрдемақы төлеп отыру; мектеп және арнайы орта, жоғары білім бағдарламасын, оқулықтар мазмұнын ұлттық мүдде тұрғысынан түгел қайта жасап шығу; бүкіл өнер мен мәдениет, әдебиет қазақ халқының жас ұрпағы асқақ рухты, намысқой, арлы, бірсөзді, денсаулығы мықты, спортшы, жаны таза, білімге берілген, еңбекқор, талапты, қайтпас қайсар, табанды, ізденімпаз, жасампаз, жаңалыққа құштар, бесаспап-өнерпаз, ынтымақшыл, көпшіл, бауырмал, тәрбиелі, көргенді, «бойында – қуат, көзінде – ой» (Абай) бар, ұлтының мүддесін бәрінен жоғары қоятын патриот ұл мен қыз болып шығуын мемлекет, қоғам және отбасы болып бірлесе қамтамасыз ету.

Әрине, бұдан басқа да көптеген баптар бар, оның бәріне жаза бермейік дедік. Негізгілері қамтылды сияқты. Артық-кем жерін толықтыруға, күшейтуге қарсылық жоқ.

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

 

 

 

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318