Қазақ үшін Украинадағы сайлау ертегі
Украинадағы президенттік сайлау кеше түнге жақын аяқталды. Басты фавориттер қазіргі президент, шоколад королі Порошенко мен әзілкеш Зеленский. Порошенко мен Зеленский тартысы алдыңғы жылы АҚШ-та өткен сайлаудағы Трамп пен Клинтонның таласынан бір кемі жоқ. Бүгін сол сайлау туралы аз кем сөз шығармақпыз.
Екінші турға дейінгі екі нәтиже
Украинада сайлау аяқталды. Бірақ, бюлетендер әлі есептеліп біткен жоқ. Орталық сайлау комиссиясы ұсынған алдын-ала мәліметте, қазіргі президент Петр Порошенко алға шығып, 24,76 пайыз дауыс жиған. Ал басты фаворит Владимир Зеленский 23,60 пайыз дауыс алған. Үштікті Юлия Тимошенко түйіндеп тұр. Оған 17,07 пайыз халық дауыс берген. Бұл ОСК мәліметі.
Ал Ұлттық Экзит-пул мүлде басқа деректерді ұсынды. Онда Владимир Зеленский 30,4 пайыз дауыспен бірінші орында. Ал Порошенко 17,8 пайыз дауыспен екінші сатыға жайғасқан. Юлия Тимошенко сол үшінші орынында отыр. Бірақ, бұл жақта Тимошенко ұпайы 14,0 пайызды ғана құрапты.
Украинадағы сайлау додасының ережесіне сәйкес, үміткерлер 50 пайыз дауыс жинай алмаса, сайлаудың екінші туры өтуі тиіс. Ал қазірге белгілісі – Проршенко, Зеленский және Тимошенко үштігінің ешбірі әлгі межеге жетпеген. Сондықтан екінші турға қызу дайындық басталып кеткен сыңайлы. Ал екінші тур 21 сәуірде өтеді. Оның нәтижесі 1 мамырда белгілі болады. Екінші турға дейінгі екі түрлі нәтиже осы. Осымен ақпарат тәмам.
Бұрынғы мен соңғыда өз жерінде мұндай сайлау көрмеген, сайлау мен тағайындаудың парқын ажырата білмейтін, президенттікке 3-4 адам ғана емес, 39 бірдей кандидаттың қатыса алатынын көріп көзі шарасынан шығардай болған, сайлауға 97-100 пайыз белсенділікпен қатысатындықтан, Украинадағы 63 пайызды көріп, электораттың мұншалық пассивтігін түсінбей дал болған, өте-мөте «демократ» һәм «гуманист» біз енді Украинадағы сайлауды сараптап көрейік.
Бақылаушылар
Украинадағы сайлауды 17 ел мен 19 халықаралық ұйымның өкілдері бақылады. Барлығы 2 400 бақылаушының ішінде 8 адам Қазақстаннан барғандар. Қазақстанның Берік Имашев басқаратын Орталық сайлау комиссиясы Украинаға 8 бақылаушы жіберетінін хабарлап айтқан еді. Олар: Берік Имашев, Әлібек Адамбек, Вениамин Алаев, Ксения Жилкибаева, Талғат Қалиев, Ілияс Құрманов, Әсет Мұқашев, Марина Сәбитова.
Айтпақшы, жаңағы 2 400 адамның ішінде Ресейден ешкім жоқ. Себебі, Украинаның Жоғарғы Радасы (бізше парламенті) Ресейді «агрессор мемлекет» деп танып, сайлауға бақылаушы кіргізу мүмкіндігінен айырған. Ресейдегі украиндер сайлауға қатыса алмайды. Яғни, дауыс бере алмайды.
Енді фавориттер туралы жазайық. Биографиясына үңілейік. Бұлар жаңағы екінші турға өтетіндер ғой...
Владимир Зеленский
Жасы 41-де. Актер. Әзілкеш. Оқыған мамандығы – заңгерлік. Бірақ, өз мамандығы бойынша мүлде жұмыс істемеген.
Өнердегі карьерасын орыстың КВН-інен бастаған. Ақырында герантократ шал Александр Масликов және оның баласы Александр Алдександрович Масликовпен дауласып жүріп КВН-нен біржола кетеді. Жәй кетіп қоймайды. Путиннің пиаркомпаниясына, Кремльдің айтақшысына айналған КВН-нен жүз есе артық, жүз есе сауатты, өткір әзіл мен өтімді сөз айта алатын «Ліга Сімеху» дейтін жаңа лига ашады. Айналдырған 5 жылдың ішінде бұл лига Масликов КВН-іні басып озады. Көрермені де көп, форматы да еркін.
Зеленский vs Қабатов
Зеленский әзілкеш дедік қой. Ал бізде Тұрсынбек Қабатов бар. Екеуі де Масликовтан шыққан. Екеуі де лига ашқан. Екеуі де КВН махинациясының құрбаны болған. Оның әзілкештігін біздің Тұрсынбекпен салыстыруға болар, бәлкім. Зеленскийдің лигасының жанында бәдік тілді, бейсауат, бос ыржыңы көп Қабатовтың КТА-сы бірінші сынып баласының былдыр-шылдыры болып көрінеді. Шындығы сол. Әйтпесе, Қабатов та КВН сахнасында президенттің рөлін сомдады. Зеленский де президент рөлін ойнаған адам. Ал енді екеуі ашқан екі лиганы салыстыруға да келмейді. Өкінішті. Өзімізде жоқ болған соң, өзгені мақтаймыз да, енді...
(Зеленский мен Масликов)
(Тұрсынбек Қабатов КВН ойынында)
Айтпақшы, Зеленский лигасы Масликов мекендейтін Юрмаланы да тартып алды. Қысқасы КГБ проектісі болған КВН бәсекелесе алмады.
Зеленский мен Коломойский жақындығы
«95 квартал» деп аталатын саяси-әзіл-оспақ театрын ашты. Зеленский өзі түсірген, өзі басты рөлді сомдайтын «Слуга народа» дейтін сериалдың биыл үшінші маусымы экранға шықты. Украин саясатын жілік-жілігімен шағып берген, ондағы олигархияның ел билігіне манипуляция жасайтынын, майданды қалай ұйымдастыратынын тәптіштеп түсіндіріп берген. Ондағы әрбір кадр, әрбір диалог Зеленскийдің саяси сауаты жоқ дейтіндердің аузына құм құяғандай болды.
Міне, сол «Слуга народа» фильм-сериалы Зеленскийдің саясат сахнасына жасаған алғашқы қадамы еді. Халық сол сериалдан өздері қалаған президентті көрді.
Кейін жұрт «Слуга народа» дейтін партия құрып, Зеленскийді өз үміткерлері ретінде сайлауға алып шықты.
Ешбір партияға мүшелік етпейтін, ешбір кландық топта жоқ, Радада лоббилік партиясы жоқ, бұрын саяси қызметте мүлде істемеген, барлық украиннің бар арман-тілегін бір ғана сериалмен айта білген Зеленскийді ақыры халық сайлауға түсірді.
Зеленский өзін-өзі жасап шығарған адам. Ол сайлауда жеңіп шықса, бір ғана мерзім отыратынын, елде халық билігін орнататынын айтты. Халық референдум арқылы билікке талап қоя алатын мүмкіндік жасауға уәде берді.
Оның екі кемшілігі бар дейді сарапшылар. Біріншісі – саяси тәжірбесінің жоқтығы. Мемлекет басқару ісіне бұрын-соңды араласпаған адам. Екіншісі – елдегі ең ықпалды олигарх Игорь Коломойскиймен аралас-құраластығының барлығы.
Владимир Зеленский құрған «95 квартал» студиясы Игорь Коломойский меншігіндегі «1+1» телеарнасына 20-ға жуық проект дайындаумен айналысады.
«1+1» арнасында «Вечерний квартал», «95 квартал» әзіл бағдарламалары арқылы Петр Порошенкодан бастап, биліктің барлық сатысындағы шенеуніктерді өткір әзілдермен әжуалайды.
Осы үшін де Порошенко пропогандасы Зеленскийді Коломойскийдің адамы деп атайды. Ал Коломойский өз кезегінде Зеленский екеуінің арасында бизнес-келісімнен басқа байланыс жоқтығын айтқан.
Петр Порошенко
53 жаста. Украинаның қазіргі президенті. Ол 2014 жылы «Еуромайданда» про-ресейлік принциптегі президент Виктор Янукович билігі төңкеріліп, Януковичтің өзі Ресейге қашып кеткен соң Украина президенті болып сайланған.
Украинадағы ең бай адамдардың бірі. Бизнесмен. Көп жұрт оны Ресеймен сауда-саттық жасайтыны үшін айыптайды. Ол өзінің шоколад бизесін сатуға уәде бергенімен, 2014 жылдан бері сол уәдесін орындаған жоқ.
Ющенконың кезінде Сыртқы істер министрлігін, Янукович кезінде Экономика министрлігін басқарды. Еуромайданда трактордың үстіне шығып, жұртпен бірге билікті төңкеруге белсене атсалысты. Кейін, күтпеген жағдайда президент болып сайланды.
2014 жылғы майданнан соң, Украина Ресеймен ат құйрығына біржола кесісті. Еуразиялық одақтастықтан бас тартып, еуропалық интеграция жолын таңдады. Сөйтіп жүріп, Украинаны еуропалық одаққа кіргізді. Орыс тілінен бас тартты. Украинаны Ресей диктовкасындағы елдер санатынан шығарды. Бүгінгі украин халқы Ресейдің сатқындығы үшін де одан алшақтады. Тілін орысшадан, дінін орыс патриархтарының пәтуасынан азат етті.
Ресей оккупациясымен қазірге дейін күресіп келеді. Порошенконың кезінде Украина Қырым мен Севастопольден айырылды. Донбас пен Луганскіде соғыс жағдайы орын алды. Оның президенттік құрған тұсы шын мәнінде дестабилизация кезеңі еді.
Украинаның шығысында Ресей басқыншыларымен соғыс жүріп жатқанына биыл бесінші жыл. Украин әскері антитеррорлық операциялар (АТО) нәтижесінде Донецкі мен Луганскідегі Северодонецк, Лисичанск, Дзержинск және Соледар сияқты бірқатар қалашықтар мен елді мекендерді орыс басқыншыларынан азат етті. Бұның басы-қасында Порошенконың тұрғаны өтірік емес.
Оның плюстері:
- Елдегі ірі қалалардың губернаторлары өз адамдары;
- Мемлекетшіл-патриот, Путиннің басты жауы дейтін образды қалыптастарды;
- ЕО-ға емін-еркін кіретін визасыз режимді орнатты. Украина шіркеуін, украин дінін орыс патриархтарының пәтуәсынан азат етті.
Оның минустері:
- Халық сенімінен айырылды;
- Өз айналасындағы адамдардың коррупциялық былықтары әшкере болды;
- Украинаның шығысындағы соғыс жағдайын тоқтата алмады.
Порошенко әкімшілік ресурсты пайдаланды
Айтпақшы, Порошенко алдын-ала айтылған нәтиже бойынша Зеленский жинаған дауыстың ортан беліне әзер жеткен. Сөйтіп екінші орынға шыққан.
Тіпті, сайлауға жалдамалы кандидаттар кіргізді. Мысалы, үшінші орында келе жатқан саясаткер Юлия Александровна Тимошенко болса, Порошенко бюлетенде жұртты шатастыру үшін Юрий Александырович Тимошенко деген өз кандидатын кіргізді. Ақырында Юрий Тимошенко өз дауысын Порошенкоға қоса салатын боп келісті. Қалай,ә?!
Ал Тимошенко ше?
Юлия Тимошенко сайлаудағы алдыңғы үштікте, қазір. Украинаның сауатты сарапшылары, саясатшылары басқа-басқа емес, дәл осы Тимошенко жеңеді деп болжаған. Шын, мәнінде Тимошенко әбден лайық саясаткерлердің бірі еді. Биліктің барлық сатысынан өткен, әбден ысылып жетілген адам.
Раданың 2, 3, 4, 5, 6, 8 шақырылымының депутаты болды. Ющенко, Янукович, Турчиновтың кезінде премьер-министр болды. Тіпті бір жылдары вице-премьер де болып көрді.
2004 жылғы революцияны ұйымдастырды. Янукович оны түрмеге де қамады. Саяси тұтқын атанды. Еуро майданда халықпен бірге алаңға да шықты. Әлемнің ең ықпалды саясаткер әйелдерінің бірі атанды. Ющенкомен де күресті, Януковичпен де тіресті. Тіпті Порошенкоға да оппонент болды.
Өкінішке орай, бұл жолы да жеңіліп қалды. Тимошенко экзит пулдің нәтижесін айыптап, оны Петр Порошенко бұрмалады деп мәлімдеме жасады.
Украинада енді сайлаудың екінші кезеңі өтеді. Екінші кезеңге Владимир Зеленский мен Петр Порошенко шықты. Енді нағыз дебат, енді нағыз талас басталады.
Саясатшылар Зеленский мен Тимошенко күш біріктіруі керек дегенді айтады. Ал Тимошенко Порошенкомен таласып, екінші турға өтуге әрекет етуде.
Советтің сасыған шекпенінен шыққан ел
Украина да біз секілді Советтің сасыған шекпенінен шыққан ел. Қазақстанмен көп ұқсастық бар. Туымыздың түсі ұқсас дегенді айтпасақ та, территориялық ауқымы мен тілдік, гендік атрибуттары жөнінен Қазақстан мен Украинаның ұқсасы көп.
Тіпті тарихымыз да ұқсас. Екі мемлекет те Кеңестік жүйенің қаруына ілінген. Кеңестік қандықол саясат қазаққа жасаған аштықты, қазаққа жасаған репрессияны украиндерге де жасады.
Кеңестік жүйе қазақтың 3/1-ін қасақана өлтірді. Алаш арыстарын аяусыз атты, итжеккенге айдады. Ашаршылық жасады. Қуғын-сүргін кештірді. Дәл сондай қан-құйлы қастықтың кесірі украин халқына да тиді. Интеллегенция айдауға жіберілді, атылды, өлтірілді. Бұл 30-жылдардың зауалы еді.
Совет одағынан шыққан соң Украина да Қазақстан секілді ядролық қарудан бас тартты. Бұл осыдан 25 жыл бұрын, 1994 жылы болған. Леонид Кравчуг президент болып тұрған тұста, АҚШ пен Ресей қысымынан соң, Украина ядролық арсеналынан бас тартты.
4 мемлекет Будапешт келісімін жасады. АҚШ, Ұлыбритания және Ресей президенттері Украинаның территориялық тұтастығына кепілдік берді. Құжатқа қол қойды. Ресей кейін сол сертінен тайды. Қырым мен Севастопольді тартып алды. Украинаның территориясын бұзды.
Ресей Гүржі жерінде (Оңтүстік Осетияда), Шешен жерінде, Сүрияда, Украинада соғыс жасады. Украинаның өзі мойындаған тұтастығын, өзі кепілдік берген территориялық бүтіндігін бұзды. Будапешт келісімін де, Минск келісімін де орындаған жоқ.
Түйін
Қазақ үшін Украинадағы сайлау ертегі. Кешелі бері шама-шарқымызша сол ертегіні тыңдап, буын-буынымыз босап отыр.
Расында қазақтың «орыстан көршің болса, айбалтаң қасыңда болсын» дегеніне сенбеске енді шара жоқ. Сондықтан да Киев көшін Еуропаға беттеді. Басқыншы, агрессордан ауылын аулақ салуды жөн деп тапты.
Бізге өйтер күн туа ма? Толағайдай бір ұл туып, тау көтеріп кеп, батысымызға қамал тұрғызбаса бәрі бекер екенін халық біліп отыр. Сөйтсе де, қиял ғажайып ертегіні тыңдаудан жалығар емеспіз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz