Болатов Архимед Мұқанбетовті негізсіз сынап отыр
Кәсіби маман ретінде журналистің еңбегі үнемі елдің көз алдында, халықтың бақылауында. Сондықтан да ол өз міндеті мен жауапкершілігін терең сезінетін, адал, әрі әділ этикалық игі қасиеті бар мамандық иесі. Мен мұны ұзақ жылдан бері осы кәсіптің бір кісідей ыстық-суығын көріп, «тар жол, тайғақ кешуін» бастан өткеріп келе жатқандықтан айтып отырмын. Ал енді бұл мақаланың жазылуына республикалық «Abai.kz» порталында жуырда жарық көрген Жайберген Болатов ағамыздың «Үкімет кемшілікті көрсетпесе, Архимед ештеңе тындырмай ма?» (08.04.19) атты мақаласы себеп болды.
Жалпы, аталмыш порталда әріптес ағамызбен пікірталасқа түскеніміз бірінші емес. Онда да әңгіме өзегі - журналистің міндеті өзі көрген, өзі біліп, тұщынған тақырыбын мейлінше шыншыл да әділ қаузау төңірегінде
болған-ды. Бұл жолы ардагер-журналист таяуда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған делегацияның біздің облысқа іс-сапармен келгенін, олардың Тобыл өңіріндегі шешімін күткен бірқатар мәселеге айрықша назар аударғанын жазады. Жалпы еліміздегі секілді біздің өңірде де баспанаға мұқтаж жандардың азаймай отырғаны, дәрігер-мамандардың жетіспеушілігі жылдан-жылға «ауысып» келе жатқан
«көнтері» мәселе екені ешқашан құпия болған емес. Бірақ әріптес ағамыздың
жазғанындай жылдар бойы қордаланған мәселені айналасы аз-ақ жылда шешіп тастау мүмкін бе, өзі? Егер, «айтты-біттімен» мәселе шешілетін болса, онда үкіметтік делегацияның ат сабылтып, ауыл-аудандарды аралап несі бар?
«Өңірлерді жұмыс сапарымен аралап жүретін биік лауазымды тұлғалардың «бірдеңе» тындыратынына үлкен күмәнмен қарайтын» журналист Жайберген Болатов одан әрі: «Мұнда келгендегі маршруттары белгілі. Алдымен осындағы аты дардай «Сарыарқаавтопром» деп аталатын машина құрастыру зауытында болады...» деп көсіледі. Журналист ағамыздың
мұнысы енді «буынсыз жерге пышақ ұру». Әйтпесе, тоқырап қалған бұрынғы дизель зауыты бар болғаны соңғы үш-төрт жылда көлік құрастыруда еліміз бойынша көшбастағаны аян.
Айталық, 2015 жылы Қостанайда 3785 көлік шығарса, ал 2018 жылы 12 мың автокөлік құрастырылды. Небәрі 4 жылдың ішінде өндіріс көлемі 3,2 есеге артты. Олардың қатарында «СарыАрқаАвтоПром» ЖШС әлемдік брэндке айналған SsangYong, Peugeot, Iveco, Hyundai, JAC, Chevrolet Niva, Ravon,MAN тәрізді жеңіл көліктермен қатар жүк көліктерін де шығарады. Барлығы елу шақты түрлі модельді көліктер елімізден тысқары Ресей,
Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан сияқты бірқатар мемлекетте жүйткіп жүр. Бұл біле білгенге аз көрсеткіш емес. Ендеше оны Сұлтанмахмұтша тәпсірлесек, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетудің несі мін?
Екінші бір мәселе, Қостанайдағы индустриалдық аймаққа қатысты. Бұл жерде мақала авторы тағы да: « ...облыс әкімі Архимед Мұқанбетов оларды міндетті түрде өзінің мақтанышы санайтын экономикалық аймақ деген жерге апарып, бос ғимараттармен таныстырады» деп «тиісіпті». Бірақ, оның мұнысы да кезекті қыжыртпа сияқты бірдеңе. Олай дейтініміз, дәл осы индустриалдық аймақ екі жылдан бері тиянақты жұмыс істеп тұр.
Айтса айтатындай-ақ, жобаның авторы басқа емес, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. 2018 жылы 3,3 млрд. теңгені құраған 2 жоба жүзеге асты. Келешегі зор екенін байқатты. Мәселен, «Қомпозит Групп» Холдингі МТЗ тракторын шығарады. Биыл кабиналар шығаратын өндіріс іске қосылады. Үшінші кезеңде «Беларусь» тракторының радиаторлары мен қозғалтқышын
жасайтын өндіріс пайдалануға берілмек.
Іс құр босқа «айғайға аттан қосып, тек сырттан тон пішумен» бітпесе керек. Оның үстіне қазіргідей қаржылай қылыстаяң шақта кез келген жобаның әлеуетті инвесторсыз шешіле салуы екіталай. Индустриалдық аймақты іске қосудың алғашқы кезеңінде қолға алынған қомақты шаруаның бірі - 2,3 млрд теңге инвестиция тартылып, барлығы 200 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Бұл арада ««Завод элеваторного оборудования» ЖШС құрылыс
материалдары мен металл құрастырылымдарын шығаратын зауыт іске қосылды. Оның құны 1,0 млрд теңге. Үстіміздегі жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен тағы екі алып жоба пайдалануға беріледі. Ал қостанайлық «Агромашхолдинг» АҚ ресейлік «Петербург трактор
зауытымен» бірлесе отырып, К-744R «кировец» тракторын шығаруды ұйғарды. Сондай-ақ «Агромашхолдинг» өндіріс кәсіпорны «КАМАЗ» өнеркәсіптік акцинерлік қоғамымен келісіп, айтулы жүк көлігінің бөлшектері мен жабдықтарын өндіруді қолға алмақ.
Осылардың барлығы облыс экономикасын өрге сүйреп, ел игілігі жолында еңбек етпей ме?! Индустриялық аймақты айтқанда, облыстағы тың серпін алған тұрғын үй құрылыстар мен әлеуметтік нысандарды айтпасақ, әділетсіздік болар еді. Бүгінде Қостанай қаласында жаңадан пайда болған «Юбилейный» және «Әуежай» мөлтекаудандарында мың-мыңдаған
қостанайлықтар қоныс тойын тойлады. Ал 1000 адамдық «Қостанай» спорт кешені, халықаралық үлгідегі 3000 адамдық «Тобыл-арена» футбол манежі, сыйымдылығы 1000 адамдық заманауи концерт залы бар «Жастар сарайы» қостанайлықтардың мақтанышына айналды. Ал, тыңнан қойылған Шақшақ Жәнібек ескерткіші мен Кейкі батыр кесенесі, жаңғыртылған Ы.Алтынсарин кесенесі сияқты рухани серпіліс беретін ауқымды істерді қайда қоясыз?!
Автор өз мақаласында ҚР Денсаулық сақтау министрінің Федоров ауданына
барғандағы сапары туралы айта келіп, мұндағы жұрттың дәрігерлердің қабылдауына кіру үшін бірнеше сағаттап күтетініне «көз жеткізгенін», ондағы кейбір дәрігердің жұмысы тым көп, ал алатын айлығы тым аз екенін де естіп білгенін» тәптіштейді. Рас, кезек күту мәселесі бар және ол жалғыз біздің өңірде ғана емес, еліміздің барлық өңіріне тән құбылыс. Оған қоғамда түрлі дерттің көбейіп бара жатқаны да себеп. Әйтпесе, облыста дәрігер
мамандығының жетіспейтіні әлмисақтан белгілі жағдай. Мәселен, қазіргі таңда облысқа 300 дәрігер жетпейді. Соның ауылға қажеттісі – 110.
Бұл бағытта облыс басшылығы қол қусырып, қарап отырған жоқ. Фактілер сөйлесін: 2018 облысқа келген 101 жас дәрігерге 56,8 млн. тенгеге әлеуметтік көмек, атап айтқанда тұрғын үй, жалдамалы баспана берілді. Облыстағы 100 медицина мамандарын даярлау үшін еліміздің жетекші ЖОО жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Сол сияқты дәрігер тапшылығын азайту мақсатында биыл облыс әкімі 200 грант бөлді. Оның үстіне қала, аудан
әкімдерінің арнайы грантымен жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттер оқуын бітірісімен, жұмысқа орналастырылады. Оларға тиісті жағдай жасау үшін тұтас бағдарлама жұмыс істейді. Соның бірі – биыл Қостанайда дәрігер-мамандарға арналған үй салынатын болды.
Ж.Болатов облыстағы көп балалы отбасылар мәселесін айта келе, «..бұл делегация қала маңын айналсоқтамай, анау облыс орталығынан 600 шақырым қашықта жатқан, қазақтың қаймағы бұзылмаған Аманкелді мен Жанкелдин секілді аудандарын аралағаны жөн еді» деп бір қайырады. Егер Жәкең жіті көңіл аударса, өңіріміздегі тұрғын кезегінде тұрған көп
балалы отбасылар немесе баспанасыз жүрген адамдар, керісінше , аты аталған аудандарда жоқтың қасы. Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың саны 860-тан асса, соның 76%-ы үкіметтік делегация ат басын бұрған Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданында тіркелгені тағы да ақиқат. Ал оларды баспанамен қамту,
жұмысқа орналастыру алғашқы кезектегі шаруа болса керек. Бұл бағытта облыста кешенді шаралар жүзеге асып жатқаны және белгілі. Сондықтан, «Қостанай халқының алаңдауына еш негіз жоқ!».
Әрі-беріден соң «қитықтан-титық» шығару кім-кімге де онша абырой әпермейтін іс. Жалпы өзі кезінде жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, журналистиканың ақтаңгері атанған ағамыздың өзі айтқандай,
журналист өзі жазып отырған нысанына «атүсті, жеңіл-желпі» қарауы өкінішті-ақ. Өңірдің дамуына күндіз-түні тер төгіп, табандылықпен іс тындырып жүрген өңір басшысының тырнақ астынан кір іздей бергенше, бір мезгіл халық үшін істеліп жақтан қыруар іс пен еңбекті айтса әділдік болар еді. Тіпті, бұл журналистік парыз.
Халқымызда: «Отты үрлеген жағады. Шындықты іздеген табады» деген сөз бар. Егер Ж.Болатов ағамыз шындықты іздесе, ақиқатты көрер еді.
Жанұзақ Аязбеков, «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы
Abai.kz