Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5791 6 пікір 12 Сәуір, 2019 сағат 13:21

ОСК жетінші партияны "жоғалтып" алыпты

Оу, жарандар! Жетінші партияны жоғалтып алдық! Көрген-білгендеріңіз болса, хабарын айтыңыздар. Орталық сайлау комиссиясының өкілі Зәуреш Баймолдинаның "Zakon.kz" сайтындағы пікірі осыған саяды.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстандағы ресми тіркелген жетінші партияны іздеп таппай жатыр.

"Жетінші партияның бар-жоғы белгісіз. Хат жазамыз. Жауап бермейді. Өздері де хат жазбайды" депті Баймолдина ханым.

Президент Тоқаевтың пәрменінен соң, сайлау қамына қызу кірісіп кеткен ОСК елдегі ресми тіркелген партияларға хабар беріп, додаға дайындалуды тапсырмай ма?! Сөйтсе, Әділет министрлігі тіркеп берген жетінші саяси партияның өкілдері жоқ. Ешқандай байланыс орната алмаған. Сөйтіп, амалы таусылған ОСК ақпарат құралдарына шығып, айтқан ғой...

"Қазіргі таңда ҚР Әділет министрлігіне тіркелген 7 саяси партия бар. Бірақ, мен осы жерде жұмыс жасағалы 1,5 жыл болды. Жетінші саяси партияның бар-жоғы белгісіз. Хат жазамыз. Ешқандай жауап жоқ. Олардан да ешқандай хат келмейді. Біз олардың өкілдерін түрлі шараларға шақырамыз. Ешқайсысына келіп қатыспайды" дейді ОСК өкілі Зәуреш Баймолдина.

Осы ретте "Википедия" дерегін назарларыңызға ұсына кеткенді жөн көрдік. Қазақстанда қанша саяси партия бар? Олардың нешеуі ресми тіркелген? Көріңіз...

ОСК-ға ресми тіркелген саяси партиялар:

"Нұр Отан" партиясы,

"Бірлік" саяси партиясы,

"Ақ жол" ҚДП,

"Ауыл" ХДПП,

Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы,

"ЖСДП".

Бұрын тіркеуде болып, кейін таратылған партиялар:

Қазақстанның аграрлық партиясы,

Қазақстанның коммунистік партиясы,

"Әділет" Демократиялық партиясы,

Қазақстанның азаматтық қоғам партиясы,

"Қазақстанның халық конгрессі" партиясы,

Қазақстанның патриоттар партиясы,

Қазақстанның халықтық-республикалық партиясы,

"Асар" республикалық партиясы,

Қазақстанның республикалық партиясы,

"Руханият" партиясы,

Қазақстанынң социалистік партиясы.

Тіркелмеген партия:

Қазақстанның пираттық партиясы.

Қызметі заңмен шектелген, тыйым салынған партиялар:

Хизб ут-Тахрир әл-Ислами,

"Алға" партиясы.

Міне, бұлардың ішінде сайлау додаларында белсенді көрініп жүргендері жоғарыдағы алтауы. Осы алты партия туралы аз кем сөз шығарайық, енді.

"Нұр Отан" биліктегі доминант партия. Екі бірдей президент мүше партия. Оның төрағасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Кейбір сарапшылардың пікірінше, ендігі болатын сайлаудың басты фавориттері осы партиядан шығады. Президенттікке потенциалды үміткерлер - президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен "запастағы президент" Дариға Назарбаева дәл осы партияның өкілдері.

"Ақ жол" Демократиялық партиясы бұрыннан белсенді партия. Мәжіліске депутат кіргізген партия. Төрағасы - Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. Сайлаудың санын көрген. Бір емес, бірнеше мәрте Мәжіліске барған партия.

"Коммунистер" партиясы да Мәжілістен өз орнын алған партия. Президенттік додаға да қатысқан. 2011 жылы осы партияның өкілі, қазіргі Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков президенттікке таласқан. 2015 жылғы сайлаудағы тағы бір коммунист, қазір депутат Тұрғын Сыздықов тақ таласына түсті. Ахметбеков 1,36 пайыз дауыс жинап үшінші орын алса, Сыздықов 1,61 дауыспен екінші орын алған.

"Ауыл" партиясы де белсенді партиялар қатарында. Сайлауларда бақ сынап көрді. Парламентке кісі кіргізе алмаса да, төрағасы қазір Сенатта жүр. Иә, Әли Бектаев - Сенат депутаты. Болжам айтушылардың пікірінше, биылғы парламент сайлауында Мәжіліске барып қалу ықтималдылығы басым партияның бірі - осы "Ауыл".

ЖСДП Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партия деп саналады. Сайлауға сан рет түскен. Бірде-біреуінде жолы болмаған. Оның төрағасы Жармахан Тұяқбай 2005 жылы президенттікке де таласқан. 6,61 пайыз дауыс жинаған. 2007 жылы да, 2011 жылы да Мәжіліс сайлауына қатысқан. Екі ретте де жолы болмады. Межелі 7 пайызды жинай алмады. Осы жол тым-тырыс жатыр.

"Бірлік" партиясы да сан сайлау көрді. Бұрынғы "Руханият" партиясы мен "Әділет" партиясының бірлесіп құрғаны. 2013 жылдың сәуірінде ресми тіркелген. 2016 жылы Мәжіліс сайлауына түскен. Экологиялық мәселелерді көтерген. Сөйтіп, алты партияның ішінде алтыншы орын алған.

Түйін. Тіркеуі бар басқа партияны білмедік. Бұдан бөлек ұлтшыл азаматтардан құралған "Жаңа Қазақстан" форумы бар. Бұрынғы "нұр отандық" Сырым Әбдірахманов "Алаш" партиясын құрмақ болып жүрген. Бірақ, бұлардың құжаттары әлі тексеріліп, тіркелген жоқ. Азаматхан Әміртай бастаған экологтар да партия құратынын айтқан. Олар бұл жолы тіпті сьездерін өткізіп үлгермеді. Үлгермейтіндердің ішінде эколог Мелс Елеусізовтің де құрмақшы боп жүрген "Табиғат" дейтін партиясы бар.

Осылардан өзге тағы бірнеше белсендінің партия құру қамына кіріскені ақпаратта жария болды. Болды. Бітті. Біз білетін партиялар осылар.

Орталық сайлау комиссиясының өкілі Зәуреш Баймолдина тағы қай партияны айтып отырғанын білсек кәне?! Әйтпесе, Әлідет министрлігі тіркеп берген, біз түгілі ОСК білмейтін жасырын партия бар ма? Рас-ау, бәлкім біз білмейтін шығармыз? Әлде, ОСК мүшелері Қазақстанда қанша партия барын білмей ме?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512