Елбасы «Нұр Отан» партиясынан Тоқаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды
Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының ХІХ съезінде билік партиясы атынан президент сайлауына кім қатысатыны айтылды. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» атынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тоқаевты "тәжірибелі саясаткер" деп бағалады.
- Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Адамдарға тұрақтылық керек. Қазақстан президентімен бірлесіп елді күшейту жолында жұмыс істеймін, - деді Елбасы.
Партия съезінің жұмысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент палаталарының төрағалары Дариға Назарбаева мен Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, депутаттар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, дипломатиялық корпус өкілдері, өңірлерден келген 627 делегат, жалпы 1500-ден астам адам қатысып отыр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін жариялаған.
Қазақстанда кезектен тыс өтетін президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірде басталған. Үміткерлерді ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Abai.kz