Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3387 0 пікір 9 Маусым, 2011 сағат 08:26

Нұрсұлу Мырзабекова. ГУЛАГ - қасірет мекені

Темір тордың арғы жағында жылдап жатуды Құдай ешкімнің басына бермесін. Түрме тіршілігі оңай емес. Айталық, өткен ғасырдың 1930-1940-1950 жылдары Гулагқа қамалғандар мен бүгінгі күні түрмеде отырғандардың өмірі екі бөлек. Гулагта негізінен саяси тұтқындар қамалды. Барактарда өмір сүріп, қақаған қыстың суғына төзді, ыстығына көнді, күзетшілердің қорлығына шыдады. Бірақ миллиондап қырылып жатты. 30-жылдардан бастап, 1956 жылға дейін КСРО түрмелер мекеніне айналған еді. 1953 жылы Сталин өлген соң, кешірім жасаудың арқасында бір жарым миллионға жуық адам темір тордан босатылды. Бірақ арнайы түрмелерде жатқан саяси тұтқындарға ол бұйырмады. Қапастың арғы жағында қорлық көргендер талай мәрте бүлік шығарды, көтеріліс жасады. Бірақ мұздай қаруланған кеңестік әскер оларды тырп еткізбеді. Аяусыз қырды, атты, асты, итке талатты. Жолы болып қашып шыққандар Сібірдің ормандарында адасып, ит-құсқа жем болды, Солтүстіктің суығына қатып өлді, не болмаса Орта Азияның ыстығына шыдамай, бір жұтым суға қаталап, жан тапсырды. Әйтеуір аман-есен құтылғандары некен-саяқ. Алысқа бармай-ақ өз елімізге келетін болсақ, 1917 жылдан бастап, кеңестік қуғын-сүргінге 105 мың адам ұшырады. 40 мыңға таяу адам атылды. Олардың 39 пайызы, мемлекетке қызмет етушілер, зиялы қауым өкілдері, 30 пайызы жұмысшылар, 17,5 пайызы шаруалар мен қарапайым жандар.

Темір тордың арғы жағында жылдап жатуды Құдай ешкімнің басына бермесін. Түрме тіршілігі оңай емес. Айталық, өткен ғасырдың 1930-1940-1950 жылдары Гулагқа қамалғандар мен бүгінгі күні түрмеде отырғандардың өмірі екі бөлек. Гулагта негізінен саяси тұтқындар қамалды. Барактарда өмір сүріп, қақаған қыстың суғына төзді, ыстығына көнді, күзетшілердің қорлығына шыдады. Бірақ миллиондап қырылып жатты. 30-жылдардан бастап, 1956 жылға дейін КСРО түрмелер мекеніне айналған еді. 1953 жылы Сталин өлген соң, кешірім жасаудың арқасында бір жарым миллионға жуық адам темір тордан босатылды. Бірақ арнайы түрмелерде жатқан саяси тұтқындарға ол бұйырмады. Қапастың арғы жағында қорлық көргендер талай мәрте бүлік шығарды, көтеріліс жасады. Бірақ мұздай қаруланған кеңестік әскер оларды тырп еткізбеді. Аяусыз қырды, атты, асты, итке талатты. Жолы болып қашып шыққандар Сібірдің ормандарында адасып, ит-құсқа жем болды, Солтүстіктің суығына қатып өлді, не болмаса Орта Азияның ыстығына шыдамай, бір жұтым суға қаталап, жан тапсырды. Әйтеуір аман-есен құтылғандары некен-саяқ. Алысқа бармай-ақ өз елімізге келетін болсақ, 1917 жылдан бастап, кеңестік қуғын-сүргінге 105 мың адам ұшырады. 40 мыңға таяу адам атылды. Олардың 39 пайызы, мемлекетке қызмет етушілер, зиялы қауым өкілдері, 30 пайызы жұмысшылар, 17,5 пайызы шаруалар мен қарапайым жандар. Сол қуғын-сүргін үдеп тұрған заманда Қазақ топырағында НКВД-ның Карлаг, Степлаг және АЛЖИР (әйелдерге арналған) түрмелері құрылды. Онда негізінен саяси тұтқындар жатты. 1953 жылғы Берия қол қойған амнистия оларды айналып өтті. 1952 жылы Карлагтың Екібастұз бөлімінде, 1954 жылы Степлагта тұтқындар көтеріліс жасады. Бірақ оның бәрі аяусыз басып-жаншылды. Газетіміздің өткен бір санын («Айқын», 2.06.2011 ж.) «Кеңгірдегі қырғын» деген атпен 1954 жылы Степлагта болған көтеріліс туралы жазған болатынбыз. Бұл жолы айтпағымыз, 1953 жылы жаз айында солтүстіктегі Таймыр түбегінде орналасқан Норильскдегі Горлаг лагерінде және Воркуттегі №10, №29 шахталарда болған саяси тұтқындардың көтерілісі болмақ. Бұл жердегі көтеріліске осының алдында, яғни 1952 жылы Карлагта көтеріліс жасағандардың әсері болғаны белгілі. Өйткені Карлагта көтеріліс жасағандардың біразын, нақтылап айтсақ, 1200 адамды осы Сібірдегі Норильскке және Воркутке жер аударған еді. Олар бұл жерге келген соң, Карлагтың «Песчаный» бөлімінде болған бүлікті қайталауға тырысты. Әрине, саяси тұтқындардың Мәскеуден сұраған талаптары барлық жерде бірдей еді. Олар жерасты шахталарындағы өте ауыр жұмысты 12 сағаттан 7-8 сағатқа түсіруді, үстілеріндегі реттік санды алып тастап, өздерінің аты-жөнімен атауды, туған-туыстарымен кездесу ұйымдастыруды, жұмысқа ақы төлеуді, тұрмыстық мәселелерді шешу, яғни емделу, тұратын жер т.б, барактардың есік-терезелеріндегі темір торларды алып тастау, ауру және әйел, балалар мен қарттарды босату, күзетшілердің қорлауын тыю т.б көптеген талаптар қойды. Бірақ бұлардың ешқайысы орындалмады. Мұның үстіне 1953 жылы 5 наурызда Сталин қайтыс болып, барлық Гулагқа қамалғандар бір еркін демалып, «Қапастан босаймыз» деген үкілі үмітте болған. Артынша жүрген амнистия, өкінішке қарай, аз мерзімге қамалғандар, қылмысы жеңіл ұры-қарылар тағы басқалардың түрмеден шығуына жол ашты. Ал саяси тұтқындар бәз-баяғыша қала берді. Ауыр жұмыс, қорлау, құл ретінде ұстаудың арты Гулаг жүйесінде әр жерде көтеріліс жасауға алып келді. Горлагта 26 мамыр күні басталған көтеріліске 16 мың саяси тұтқын қатысып, ол екі айға созылып, тамыздың басында жаншылып тасталды. Ал Воркутте маусымның басында басталған екінші бір көтеріліс те екі айға созылып, тамызда тоқтады. Бұл саяси тұтқындардың бас көтеруі кейіннен тарихшылар «Норильск көтерілісі» және «Воркут көтерілісі» деп аталды. Мұны Мәскеу өте құпия ұстады. Өйткені ондағы жағдайлар өзге де түрмелерде жалғасып кете ме деп қорықты. Бір қарағанда, бұл оқиғаларды «көтеріліс» деп атауға да тұрмайтын. Өйткені қа­маудағылардың ешқайсында қару болмады. Тіпті «қару» деп атаған құралдар лом, балта, балға, қайла секілді құрылысқа пайдаланатын заттар еді. Солай бола тұрса да, күзетшілерден тартып алған азын-аулақ мылтық, авто­маттармен қаруланған олар екі ай бойы ешкімді барактарға жақындатпай, өз талаптарын қоюмен болды. Бір айта кетер жайт, бұл лагерьдегі тұтқындардың басым көпшілігі Украина ұлттық қозғалысы және балтық бойының «ормандағы ағайындылар» тобының өкілдері және соғыс кезінде немістерге тұтқынға түсіп, Сталин оларды «сатқындар» деп атап, кеңстік түрмеге қайта қамаған әскерилер еді. Демек, әлгі көтерілістің басы-қасында жүрген, ұйымдастырған да сол көзі ашық бұрынғы әскери командирлер болды. Олар талаптарын орындамаған соң, жұмысқа шығудан бас тартты. Горлагтағы жағдайды Воркуттегі Решлаг тұтқындары да қайталады. Барактар басып алынып, күзетшілер қуылды. Түрмелерде комиссия құрылып, тұтқындар өз-өзін басқаруды қолға алды. Басшы ретінде білімді, көзі ашық жандар сайланды. Олардың ешқайысы түрмені тастап қашуды мақсат етпеді. Себебі ит тұмсығы батпайтын тайгада һәм қақаған суықта жол тауып қашып шығу мүмкін емес еді. Тіпті қашып құтылғанмен түбі бір қайта құрыққа түсері белгілі. Ал оның арты жазаның ең қатал түрі -ату еді. Сондықтан олар талап қойып, түр­медегі саяси тұтқын­дардың тұрмысын сәл де болса түзеу болды. Наразылықтың белгісі -жаппай жұмысқа шықпау, шеру ұйым­дастыру, аштық жария­лау, Кеңестік Үкіметке, «Сталин жолдасқа» өтініш-хаттарын жазу, т.б жеңіл шаралар жасау. Воркуттегі Решлагта 8700 тұтқын, ал Но­рильскдегі Горлагта 16 мың адам наразылық шеруге қатысты. Екі ай бойы түрме басшылары мен Мәскеуден арнайы келген делегация өкілдері олармен келіссөз жүргізді. Бірақ екі жақ та нақты келісімге келмеді. Ақыры Кеңестік билік оларды қарудың күшімен қорқытуға көшті. 1 тамыз күні Воркут түрмесінде бас көтергендерді жазалау басталды. Жұмысқа шықпай қақпа алдында жиалғандарға пулеметтен оқ жаудырылды. Ресми деректерде 42 адам өліп, 135 адам жараланды деп берілген. Ал көтеріліске қатысқандар өлгендермен жараланғандар екі-үш есе көп деседі. Тамыздың 3 мен қыркүйектің 10 арасында Решлагта көтеріліске қатысқандарға байланысты тексерулер және сот болды. 29 адам бүлікке себепші болып танылды. 280 адамға «белсенділік көрсетті» деген айып тағылып, бұлардың барлығы қайтадан ұзақ мерзімге сотталды. Бүлікке қатысқандардың 832-сі өзге түрмелерге ауыстырылды. Ал Норильскте болған оқиға өте қасіретті болды. Онда көтерілісті басу үшін, бронды техникалар, химиялық қарулар қолданылған. Биліктің ресми дерегі бойынша: «123 адам өліп, 242 адам жараланды». Ал бейресми деректер өлгендер мен жараланғандар одан әлденеше көп дегенді айтады. Қалай десек те, қызыл империя қарсы шыққандарды аяусыз жазалауда қашан да тапсырманы асыра орындап келгені белгілі. Демек, Гулагтағы бас көтерулерді жаншуда құрбан болғандар көп болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Айтқандай, Воркут пен Норильсктегі бас көтерулер Мәскеуге сабақ болады. Саяси тұтқындардың талабын КСРО Жоғарғы кеңесі арнайы қарады. 1953 жылдың соңына қарай, «Воркуткөмір» комбинаты (саяси тұтқындар жұмыс еткен мекеме) НКВД-дан алынып, Көмір өндірісі министрлігіне берілді. Сондай-ақ Решлаг бөлімдері біріктіріліп, оның аса қатаң жүйе деген арнайы мәртебесі алынып тасталды.
1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі «соғыс кезінде басып алушылармен ауыз жаласқан» деп айып тағылған кеңестік саяси тұтқындарға амнистия жариялады. Гулагтарда отырған көптеген адам түрмеден босады. 1956 жылы КСРО Министрлер кеңесі және Орталық комитет «бұдан ары саяси тұтқындар отыратын түрмелерді ұстаудың қажеті шамалы» деп тауып, №1443-713 санды жарлық шығарып, барлық лагерьлерді орналасқан жерлеріне байланысты одақтас республикалардың басқаруына берді. Ал 1960 жылы КСРО ІІМ №020 бұйрығымен КСРО жеріндегі барлық ГУЛАГ-тардың жұмысы тоқтатылды. Дегенмен Сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде ашылған, түрлі айыптар тағылған саяси тұтқындарды қойша топырлатып қамаған, азаптаған, атқан ГУЛАГ тарихында 1952 жылы «Карлаг көтерілісі», 1953 жылы «Горлаг», «Решлаг көтерілісі», 1953 «Степлаг көтерілісі» деген ақтаңдақтар мәңгіге қалды. Мұның бәрін білу бүгінгі ұрпаққа бір қарағанда аса маңызды болмауы да мүмкін. Дегенмен Сталиндік ГУЛАГ-та исі қазақтың, алаштың талай марғасқа азаматары отырды. Жапа шекті. Сонда өлді, атылды. Сондықтан қуғын-сүргін, ГУЛАГ қазақтан тыс болды деп айта алмаймыз.

Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА

aikyn.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498