Сайлау заңы конституциялық құқығымызды шектейді
Конституция - Мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие саяси және құқықтық құжаты болып саналады. Десек те, Қазақстанда Сайлау туралы заң мен Орталық сайлау комиссиясының қаулылары азаматтардың сайлауға түсу конституциялық құқықтарын шектеуде.
ҚР Конституциясының 33-бабының 2-тармағында: "Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар" деп анық жазылған.
Ал 41-бабының 2-тармағында: "Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін" делінген.
Президенттікке кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін деген соңғы сөйлемге сүйеніп, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы бойынша мыналар Президенттікке кандидат бола алмайды:
1. Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы тиіс.
2. Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам.
3. Сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам.
4. Президенттiкке кандидатты қолдап қол жинау. Президенттiкке кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауға тиiс.
Бұл қолды Президенттікке кандидат болып тіркелгеннен кейін бес күн ішінде жинау қажет, егер көрсетілген қолды жинай алмаса, сайлау комиссиясы ол кандидатты сайлауға қатыстырмайды. Ал бес күн ішінде көп қолды жинау мүмкін емес жағдай.
Талғат Қатауов
Abai.kz