Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА: Шындықтан қорықпағанда, жалаңаштанудан да қорықпаймын
Бәсе, біз білетін Ерғалиева елеусіз жатпаса керек. Сүйікті газетін миллиондаған долларға сатқаннан кейін, іші пысып, істерге іс, ұрынарға қара таппады ма, әйтеуір өткен жұмадағы ақпарат кеңістігінде болған жаңалықтың «айтулысы» журналист Гүлжан Ерғаливаның үстіндегі лыпасын түгел лақтырып, анадан жаңа туғандай жалаңаштануы болды. «Әдемі өтіріктен жалаңаш шындық артық» деген сайтын жарнамалау үшін ол осындай қадамға барды. Өзім қалай жалаңаштансам, шындықты да солай жалаңаш көрсетем дегендегісі. Жігіттер жалаңаш Ерғалиеваны көріп мәз болды, оранған қыздар «шайтан» деп шабынды, өркениетті көзқарастағылары сыры да, сыны да кетпеген мүсінге «әдемі» деп сүйсінді. Не керек, қанша адам болса, сонша пікірдің түйіні тарқатылуда. Бет қатталып жатқанда, өзін талқыға салып, түрлі адамдардың төрелігін естіп жатқан «тәртіп» бұзған тәтемізді аз-маз әңгімеге тарттық.

- Гүлжан, қазақтың ұғымында «шындықты жалаңаштап айтты» деп бейнелі түрде қолданғанымен, негізінде ақиқат жалғыз болады. Шындықты шешіндіруіңізге не себеп?
- Шындық әр түрлі болады және әркімнің өз шындығы бар. Ал менің шындығым, шынында да, жалаңаш. Шындықтың бетін бояп, опа жағып, далап жағып, әрлемей, үстіне әдемі көйлек кигізбей-ақ, өзі қандай болса, сол күйінде айту. Шындықтың бұрмаланбаған, бояу жағылмаған, саясиланбаған, моральдан ада бастапқы қалпын көрсету. Клип сондықтан да «Әдемі киінген өтіріктен жалаңаш шындық артық» деп аталады. Біз, журналистер, шындықты қалай жаза алмай келе жатсақ, қоғам да шындықты қабылдауға дәл солай құлықсыз және қорқақ. Шындықты жеткізуді де, қабылдауды да үйрене алмай келеміз.
- Шындықты да шешіндіріп, өзіңіз де шешініп... Сайттардың беті толы сіздің жалаңаш бейнеңіз. Анадан жаңа туғандай шешіну өзіңіздің идеяңыз ба?
- Әрине, егер бұл менің өз идеям болмаса, мен келіспеген болар едім. Осылай болуын өзім ойластырдым және солай болып шықты да. Меніңше, ролик идеясы өте түсінікті деп ойлаймын.
- Шешінуден қорыққан жоқсыз ба?
- Жоқ. Өйткені шындықтан қалай қорықпасам, жалаңаштанудан солай қорықпаймын. Бұл жерде екеуін бір-ақ мағынада алып тұрмын. Шындықты айту үшін жүрек керек, рух керек, шешіну үшін де солай.
- Жас емессіз, шынымен роликке өзіңіз түстіңіз бе, әлде дублер орындады ма?
- Кешіріңіз, сауалыңыз өте орынсыз. Мәселе сонда ма? Сіз роликтің мағынасына қарасаңызшы. Мен шындықтан қорықпаймын, шындықтың қалай айтылатынын көрсетіп тұрғам жоқ па?
- Қазір сізді қазақтілді сайттар мен оқырмандар қатты қаралап, сынап жатыр. Қалай қабылдап жатырсыз?
- Ал мен бәрі айыптап жатыр деп ойламаймын. 60-70 пайызы қолдап, 30-40 пайызы ғана қарсылықтарын білдіріп жатыр. Мен, керісінше, 60-70 пайыз қарсылық күтіп ем, олай болмады. Менің не айтқымның келгенін халық түсінді, құдайға шүкір, біз ХҮІІ, ХҮІІІ ғасырда, тіпті ХХ ғасырда да өмір сүріп отырған жоқпыз, біз ХХІ ғасырда тіршілік етеміз.
- Егер кеше «Келін» фильмінің түте-түтесін шығарғандай, ертең Парламентте депутаттардың бірі мінберге шығып алып сізді «ұятсыз» десе, не дейсіз?
- Егер менің ар-ұятымның төмендігін айтып жерлесе, онда сол депутаттың өзінің жеке ар-ұятының төмен болғаны. Бұл әркімнің жеке индивидтік мәселесі. Ал оны қабылдау әр адамның жеке басының мәдениетіне, ождан деңгейіне, қоғамды қабылдау өресіне байланысты.
- Сіздің жақындарыңыз, айталық, күйеуіңіз қалай қабылдады?
- Егер мен бір адамның қарсылығына, қаралауына ұшырауым керек болса, ол күйеуім болуы тиіс еді. Керісінше, ол мені құптады, тіпті құттықтады. «Сенің мінезіңе сай өте сауатты, сенімді, эстетикалық биік талғаммен жасалған», - деп бағалады. Егер менің әрекетімді күйеуім жазғырмаса, онда күстаналап жатқан басқа еркектер ауыздарын жапсын.
- «Қайран, Хамит аға көрсе не болар еді?» деп жатыр мына жұрт...
- Айналайын, менің жауларым көп, өте көп, сондықтан олардың айтуға, айыптауға хақысы бар. Әкемнің де жаулары көп болған, өйткені ол сол кезеңнің өзінде тәуелсіз болатын, ашық, бірбеткей, шындықтың көзіне тура қарап сөйлейтін. Беретін жауабым - осы.
Әңгімелескен - Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
http://www.halyksozi.kz/news/view/id/502