ІІМ: "Заңсыз шеруге шыққан 80 адам ұсталды"
Фото Азаттық сайтынан алынды
Бүгін елорда мен Алматы қалаларында заңсыз шеруге шыққан 80 адам ұсталды. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
«Бас прокуратураның ресми мәлімдемесіне қарамастан 1 мамырда Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында азаматтар заңсыз шеруге шықты. Акцияға қатысушыларға өздерінің қоғамдық ұстанымдары мен әлеуметтік және өзге де мәселелерге қатысты пікірлерін еркін және ашық айтуға мүмкіндік берілді», - деп атап өтеді ведомство мәлімдемесінде.
Дегенмен, министрліктің мәліметіне қарағанда, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жиналғандардың арасынан кейбір адамдар өздерін тым дөрекі ұстап, елімізде тыйым салынған «ДВК» ұйымының ұрандарын көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзған. Осыған байланысты әкімдіктер пен прокуратура өкілдері бейбіт жиын, шеру өткізу тәртібі туралы заңнама ережелерін түсіндірген.
«Кейбір азаматтар заңсыз әрекетті тыю туралы талапқа бағынбады. Осыдан кейін полиция күшімен қоғамдық тәртіпті ретке келтіру шаралары қабылданып, құқық бұзушылар ұсталды. Нәтижесінде елорда мен Алматы қаласында полиция бөлімшелеріне 80 азамат жеткізілді. Олардың әрекеттеріне заң тәртібімен құқықтық баға беріледі. Ішкі істер министрлігі арандатушылыққа бой алдырмауға және ҚР заңнамасының талаптарын сақтауға кеңес береді», - делінген таратылған ақпаратта.
Abai.kz