Сейсенбі, 1 Қазан 2024
3012 1 пікір 20 Наурыз, 2019 сағат 19:14

«Нұр Отан» партиясы жастарды қолдауды басты назарда ұстайды

2018 жылы қазан айында Қазақстан халқына арнаған жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялады. «Келесі жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек» деген еді сол кезде Назарбаев.

Елбасының осы бастамасы елімізде қолдау тауып, елдің ертеңі саналатын жастардың жағдайын жасау ісі шындап қолға алына бастаған. Осының айқын дәлеліндей, биыл жыл басында Нұрсұлтан Назарбаев өзі әр салада табысқа жеткен үздік жастарды қабылдап қолдау білдірді. Әрі 2019 жыл еліміздегі әр жастың жолын ашу жылы болатынын айтқан еді.

Бұған қоса, әр кезде жастардың болашағын басты назарда ұстайтын Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» да бірқатар нақты ұсыныстар айтылған. Солардың қатарында Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту қатарлы маңызды шешімдер болған.

Бәріміз білетіндей, 27 ақпан Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Бұл съезд партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Съезде Елбасының бастамасымен бірқатар маңызды мәселелерге байланысты шешім қабылданды.

Елдегі бас партияның басты жиналысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Әсіресе ел халқының еңсесін көтеріп, тұрмыстық өресін көтеру мақсатында алға қойған ұсыныстары көп көңілінен шықты. Сонымен қатар жастардың жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды айтқан болатын.

Бұл жаңалық еліміздің барлық жастарын қанаттандырып, қуантқаны сөзсіз. Бұл жыл Қазақстан жастарының тарихи сәті болмақ. Дегенмен жастар арасында проблемалар да жоқ емес. Осы мәселелерді кеңінен қарауға, шешуге ықпал жасау мақсатында «Нұр Отан» партиясының жанынан түрлі бағытта комиссиялар құрылып, жүйелі жұмыстар атқырылуда. Соның бірі «Жастарды қолдау» бағытындағы  комиссия. Аталмыш комиссия өкілдері бас қосып, өңірлерде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысын, сондай- ақ, аймақ жастарының жұмыспен қамтылуы мәселелерін талқылады.

«Жастарды қолдау» бағытындағы  комиссияның Қызылорда облысында өткен бас қосуында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жөнінде айтып берді.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жастарды көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартуды ұйымдастыру» жобасына 70 837,0 мың теңге бөлінген. Жоба аясында әр түрлі бағытта 25 шара ұйымдастырылып, қала және барлық аудандар бойынша 16-29 жас аралығындағы 1035 жас жұмыспен қамтылған. Олардың 130 жұмыссыз, 107 оқушы, 798 студент жастар. Сондай-ақ, «Жастар еңбек жасағының қызметін дамыту, әлеуметтік қызметті ұйымдастыру» жобасы аясында 326 жас маусымдық жұмыстар жасап, олардың 46-сы тұрақты жұмыспен қамтылған.Шығармашыл жастарды қолдау мақсатында «Жастар fest- Qyzylorda» шығармашыл жастарды дамыту орталығы қызметін ұйымдастыру жобасы да қолға алынған. Орталық қызметінде "Я - гитарист", "Parkour" "Online" әлеуметтік желі сауаттылығы"  үйірмелері сенбі-жексенбі күндері жастар үшін қызмет етеді.

Аймақ жастарының жұмыспен қамтылуы мәселелері жөнінде сөз сөйлеген облыстық жұмыспен қамытуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Қалмақова жастарды жұмыспен қамту мақсатында маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Гауһар  Қалмақованың айтуынша, жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына  мүмкіндік жасап, жаңа бизнес идеяларды дамыту үшін ҚР еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан бөлінетін гранттар аз емес көрінеді.

"Бұл  гранттарды жастар жұмыспен қамту орталықтары арқылы «Бастау -Бизнес» кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан өтіп, бизнес жоспарларын қорғап, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, комиссиядан өткен соң грант алуға мүмікіндік алады. Грант көлемі 505 мың теңге. Биыл 300-ге жуық жастарға грант беруді жоспарлап отырмыз",- деді ол.

Сөз соңынд айтарымыз, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынып жатқан осындай ізгі шаралар аз емес. Соның қай-қайсысы болса да Елбасының бастамасына шынайы үн қосып, елдегі жастардың әлеуетін арттырып, білімді, білікті болып жетілуіне, қажетінше білім алуына және қалауынша кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік беріп отыр.

Abai.kz

1 пікір