«Нұр Отан» партиясы көпбалалы аналардан көмегін аямайды
Қазақстан халқының аса сенімді саяси ұйымы бола білген «Нұр Отан» партиясы елдегі әлеметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтайық, ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған кейбір мәселелер бас партияның жиналыстарында өз жауабын тауып жатады.
Мәселен, елімізде аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі көп уақыт бойы өз шешімін таппай жүрді. Табысы аз отбасылар үшін өз күшіне сүйеніп баспаналы болу шынмен өте қиын. Сондықтан осындай аз қамтылған отбасылар мемлекеттік көмегіне зәру. Олар төмен пайызбен ұзақ уақытқа баспана беруді немесе бір реттік көмек негізінде баспана сатып алып беруге мұқтаж.
Осы ірі әлеуметтік мәселе биыл «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде өз шешімін тапты. Бәріміз білетіндей, биыл 27 ақпан Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өткен еді. Партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл съезд Қазақстандағы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар мен көпбалалы аналардың қуаныштан төбесін көкке жеткізген жиналыс болды.
Шынын айту керек, осыған дейін көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік көмектің көлемі көңіл көншітерлік болған жоқ. Төрт баладан көп бала асырап отырған отбасыларға мемлекет ай сайын он алты мың теңге көлемінде көмек көрсетіп келген. Алайда бұл аталған отбасылар үшін өте аз еді. Осыны басты назарда ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған жиналыста көпбалалы аналарға жағдай жасау мақсатында қолға алынған көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын бұрынғыдан әлдеқайда жоғарлатуды тапсырған еді.
Мемлекет басшысы Қазақстанда 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар екенін әрі жыл сайын осы аталған көп баласы бар отбасыларды әлеуметтік тұрғыда қолдау мақстанда 500 миллиард теңге бөлінетінін айта келіп, енді көпбалалы отбасылардағы әрбір балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды. Бұған қоса көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуы үшін де мемлекеттік бағдарламалар қабылдауға шақырды.
Енді Елбасының осы тапсырмаларынан кейін бас партияның аймақтардағы филиалдары қолға алып, атқарып жатқан кейбір жұмыстарға арнайы тоқталайық.
Наурыздың 11-і күні «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов облыстағы көмекке зәру көпбалалы аналарды қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына келген аналар аз болған жоқ. Оның бәрі өз басындағы әлеуметтік мәселелерін айтты. Аналарды мұқият тыңдаған Мырзахметов мырза алдағы уақытта көпбалалы отбасыларды қолдау үшін қандай шаралар қолға алынатынын тәптештеп айтып берді.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына орай көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін биыл бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінеді. Соған қоса, Жамбыл облысында биыл бір жылдың өзінде 10 жатақхана салынады. Атап айтқанда, облыс орталығы, Тараз қаласында жеті жатақхана, Шу және Жаңатас қалаларында үш жатақхана салынбақ. Аталған жатақханаларға негізіне тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көп балалалы отбасылар орналастырылады.
Одан да маңыздысы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 29 мың оқушының ыстық тамағына 2 миллиард теңге, мектеп формасын сатып алуға 500 миллион теңге бөлінеді екен. Бұған қоса, жазғы сауықтыру лагерлеріне 23 мың оқушыға тегін жолдама берілгелі отыр. Жастарды қолдау бұнымен шектелмейді, биыл облыстағы колледждерге бөлінген 13 мың гранттың 50 пайызын аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына бермек көрінеді. Демек, алты жарым мың көмекке мұқтаж студент мемлекет есебінен тегін оқиды. Тіпті олардың тамағы мен шәкіртқасы үшін 1,7 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Бас партияның басты жиналысының бастамасы Алматы қаласында да өз жалғасын тапты. Алматыда «Бақытты отбасы» арнайы қалалық бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының бастамасымен көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларды қосымша қамқорлыққа алуды мақсат ететін патронаждық институты жұмыс бастады.
Осы бағдарлама аясында қазіргі уақытта қаладағы 20 көпбалалы отбасы патронаждық қамқорлыққа алынып отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 100-ге дейін көбейетін болады. Бағдарлама барысында арнайы қамқоршылар балалардың жан-жақты білім алып, рухани деңгейі өсіп, ғылымда, өнер және спорт салаларында үлкен жетістіктерге жетуіне өз күш-жігерлерін аямай жұмсауды мақсат етіп отыр.
Ал «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының Төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасының партия съезіндегі тапсырмасына сай, аз қамтылған және көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін айтты.
Наурыз айының орта шенінен бастап «Бақытты отбасы» қалалық арнайы тұрғын үй бағдарламасы аясында құжаттар қабылдана бастайды. Бұл бағдарлама бойынша, бірінші жарна тұрғын үй құнының 10%-ын құраса, мөлшерлеме - 2%. Осы бағдарлама бойынша, кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың аталған алғашқы жарнаны төлеуге де мүмкіндігі жоқ болғандықтан қала бюджетінен арнайы тағы да бір миллион теңге бөлінеді. Бұған қоса, қалада көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшада оқу тегін болмақ.
Және жоғарыда біз сөз еткен Жамбыл облысындағыдай көпбалалы отбасылардың балаларына қамқорлық жұмысы жанданады. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасылардан шыққан төрт мыңға жуық оқушыға алғаш рет арнайы стипендия төленгелі отыр. Сонымен қатар, мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңгеден, ал университет және колледж студенттері 10 мың теңгеден арнайы стипендия алады.
Біз бұл материалымызда еліміздегі көшбасшы партия - «Нұр Отан» партиясының бірнеше өңірдегі филиалдарының Елбасы бастамасын жоғары деңгейде қолдап, атқарып жатқан іс-шараларына тоқталдық. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін тынбай сапалы еңбек етіп жатқан бас партиямыздың ел игілігі үшін деп істеген игі істерін бір мақаламен жеткізу мүмкін емес екені сөзсі. Сонда да соның бір парасын сөз еттік. Бұндай игі шараларды «Нұр Отан» партиясы алдағы уақытта да белсенді жүргізетін болады.
Abai.kz