Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2248 0 пікір 22 Маусым, 2011 сағат 03:57

Март Ожан. Елбасы пайғамбар емес!

Соңғы айтыстарда Айбектің сөздері қалай болса солай күзеліп, "құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан" құсап сәні кетті.Ойларының "жалаң аяқ балапан" тәрізді, табанынан сыз өтіп, әрі мен нәрі кетті. Бұған кімді кінәлаймыз. Билікті ме, биліктің қасы қабағын баққан жағымпаз бишараларды ма? Шынымен елімізде демократия қанатын жайып тұрса, шамырқанған уытты сөздер ақынның аузымен айтылмағанда қай жерде айтылады. Ол сөздер неге халықтың құлағына жетпей орта жолда "шөгіп қалады." Адуынды Махамбет ақылы он атанға жүк болар хан Жәңгірге неге кектенді? Біздің білуімізше ханға бағынышты сұлтандармен, шонжарлар әділдіктің ақ жолынан тайып, халықпен санасуды қойып, «ішкені алдында, ішпегені артында» бақуатты тіршілік кешіп жатқан болатын. Осы көріп жүрген ызалы ақын: "Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын" деп ашуға мінді емес пе? Ал Айбек ханды даттамасада бірнеше рет дат айтты. Бірақ сөзіне құлақ түрген жан барма тәйірі. Көзімен көріп тұрғанын сөзімен қызына жеткізіп билік тарапынан "қарғыс" алсада, сан мәрте, халықтан алғыс алып мерейі көтерілді. Ақиқаттың алдаспанын қолынан тастамаған ақынның еліне айтары әлі көп екен. Әліде жүрісінен жаңылмаған тайпалған жорғаның салмақты, салиқалы қимылына халық көзайым болды.

Соңғы айтыстарда Айбектің сөздері қалай болса солай күзеліп, "құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан" құсап сәні кетті.Ойларының "жалаң аяқ балапан" тәрізді, табанынан сыз өтіп, әрі мен нәрі кетті. Бұған кімді кінәлаймыз. Билікті ме, биліктің қасы қабағын баққан жағымпаз бишараларды ма? Шынымен елімізде демократия қанатын жайып тұрса, шамырқанған уытты сөздер ақынның аузымен айтылмағанда қай жерде айтылады. Ол сөздер неге халықтың құлағына жетпей орта жолда "шөгіп қалады." Адуынды Махамбет ақылы он атанға жүк болар хан Жәңгірге неге кектенді? Біздің білуімізше ханға бағынышты сұлтандармен, шонжарлар әділдіктің ақ жолынан тайып, халықпен санасуды қойып, «ішкені алдында, ішпегені артында» бақуатты тіршілік кешіп жатқан болатын. Осы көріп жүрген ызалы ақын: "Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын" деп ашуға мінді емес пе? Ал Айбек ханды даттамасада бірнеше рет дат айтты. Бірақ сөзіне құлақ түрген жан барма тәйірі. Көзімен көріп тұрғанын сөзімен қызына жеткізіп билік тарапынан "қарғыс" алсада, сан мәрте, халықтан алғыс алып мерейі көтерілді. Ақиқаттың алдаспанын қолынан тастамаған ақынның еліне айтары әлі көп екен. Әліде жүрісінен жаңылмаған тайпалған жорғаның салмақты, салиқалы қимылына халық көзайым болды.

Кеше 19 маусым күні, кешкі сағат 19-да, Әлібеков Мейіржан бауырымыз "Жәдігер ұлттық жобасы" аясында әнші, термеші, күйші, жыршылармен көркемделген жекпе-жек айтыс ұйымдастырды. «Жәдігер ұлттық жобасының» тұсауы кесілгеніне де бір жылға жуықтап қалғанын айта кетуіміз керек. Айтыстың басты қаһармандары Айбек Қалиев пен Ақмарал Ілеубаева қара сөздің сабасын пісіп, күшіне мінген бесті қымыздай уытты ойларымен, "Жастар сарайына" ақиқатқа шөліркеп келген көрерменнің шөлін басты. Айтыс негізі қайын апа мен күйеу баланың арасында өрбігенімен, қыза келе бауырын жазған қос ақынның шабыт тұлпарының бауырында саясатқа толы дүние шыр көбелек айналып жүре берді. Ақындардың қоғамның әлсіз тұсын тап басып, буырқана төгілген шумақтарын қырнап алып, көзі қарақты оқырманның талқысына тастамақпыз. Мадақ пен мақтаннан шаршаған халықтың «Жастар сарайына» ағылуы да көп жайды аңғартса керек-ті. Айбек Қалиев Астан халқымен амандасып алған соң, жастығының жайдарлы шағының осы қалада өткенін сағына есіне алып жырға қосты. Астанадан кеткеніне үш жылдың жүзі болғанын, сондықтан бұл жақтағы көп жайдан бейхабар екенін жыр шумақтарымен өріп әкеліп, «апта сайын қалада болып жатқан, Саммиттерден шаршаған боларсыңдар» деп жиылған жұртты бір күлдіріп алды. Одан қарсыласы Ақмарал Ілеубаеваға қарата:

"...Айбек қазір болғандай дәл қызыл май.

Оңтүстікте бар еді отыз ақын,

Барлығы бір-бір үйдің жалғызындай.

Олардан оза шауып сен келіпсің,

Желкілдеп сулы жердің жалбызындай.

Астанаға келгенің дұрыс болды,

"Шымкенттің ерте піскен қарбызындай"- деп Ақмаралды бір қағытып өтті. Ақмаралда өз кезегінде, айтысты тамашалауға жиналған халықпен жарқын есендесіп алып, Айбекке:«оңтүстікке күйеу болу қиын, ол үшін көп сындардан өтуің керек» дей келіп:

"Күйеу сыйласын үйдегі қайын атасын,

Қолыңа домбыра ұстап жүргеннен соң,

Сүйегі жоқ қызыл тілді сайратасың,

Осы айтыстың ажалы Айбектен деп,

Жүрсін ағам айтқандай ойлантасың.

Айбек шерін тарқатсын деп келіп ем,

Шәйнектей отта тұрған қайнатасың.

Күйеулерден барлығы шығып жатыр,

Білмеймін кімнің сорын қайнатасың" - деп арындаған Айбекке сап-сап дегендей ыңғай танытты. Осы жерде Айбек :

"Жалпақтап жатсақ-тағы жақпаймыз-ау,

Оңтүстіктің мінезін ұғу қиын.

Күйеу болғасын бәріне шыдаймыз ғой,

Сондада көңілінен шығу қиын", деп әзілге орай жауап берді. Іле шала

"Танбайтын жігіт едім сертінен көп,

Өмірден саясатты келтірдім көп.

Қалиев Әлиевтен мүлде бөлек,

Жазықсыз қан ішем деп жөңкілгем жоқ.

Қайын атамды тағынан тайдырам деп,

Жасырын бүлік жасап желпінгем жоқ.

Қазақтың қасқа маңдай жігіттерін,

Тауға апарып жасырын өлтіргем жоқ.

Қылмысым ашылған соң шетел асып,

Қайын атамды жамандап серпілгем жоқ.

Айсұлтандай ұлымды полицейдің,

Тепкісіне қалдырып мен кеткем жоқ.

Самауырын мен шай қойып бермесемде,

Қайын жұртқа қиянат келтіргем жоқ" деп әріден қайырды.

Осы жерге келгенде Ақмарал былайша толғады:

"Айтары бөлек Айбектің, айтуға және міндетті,

Айбек айтса бұл халық, ақиқатшыл шын депті.

Жетіп жатқан ешкім жоқ, жетім жаннан үн кетті,

Қазық қып қаққан қанменен, қара жерден сұр кетті.

Көжесі майлы қазанның, ожауы болып тіл кетті.

Қаламұш ұстар қолына, қару ұстап ұл кетті".

Тәуелсіздік осы деп, тәубесіздер шалқып жүр.

Қара халық бейнетті арқасына артып жүр.

Алматыда жер тулап төзімін жұрттың сарқып жүр,

Ел ішінде дүмпу көп, оданда елім қорқып жүр" - деп астарлы сөзбен көп жайды шолып өтті. Астананы жас қала деп мақтап келіп, қала күнінің жақындап қалғанын тіліне тиек етті.

"...Астана деп мақтанам, Астана деп шаттанам,

Қала күні келеді Крутойсыз күнің жоқ,

Қазақтың ол көшін бастаған,

Көшелерің "Крутой", шетелдіктерді мақтаған.

Осының бәрін жасаған,қайда барасың Астанам" деп қонақжай қазақтың жанды жерін қыршып алды. Мұны естіген Айбектің делебесі қозды.

"Жұртыма айтам бүгін сөз жұбата,

"Кей істер қылып жатыр елді қапа.

Кеше ғана Ху Жин Тао келіп кетті,

Оныда өз көзіңмен көрдің, апа.

Көшіп келіп игер деп Қытайларға,

Жобалап біраз жерді бердік, апа.

Күйеу бала демекші, Қытай келсе,

Басқаша атар еді күнің, апа.

Айбекпен жыласып көрісерсің,

Шынайы бұл сөзіме сенгін, апа.

Қырғидай тисе қазақ қыздарына,

Қалың малға қаттырақ болғын, апа.

Қара қытай қаптаса қысық көзді,

Күйеуге жаритұғын болдың, апа.

Бәйтеректің басында Самұрық жүр,

Не болғанын түсінбей аңырып жүр.

Елордаға Қытайдың басшысы кеп,

Ұлық біткен үдере шабылып жүр.

Қытайға жеті мың гектар жер берем деп,

Үкімет етегіне шалынып жүр.

Еліме қара қытай қаптады деп,

Билік неге жүрістен жаңылып жүр.

Самұрық ұя салған Бәйтеректің,

Дәл түбінде Айдаһар нағылып жүр" деп тағыда "шеңберден" шығып кетті арқалы ақын. Онымен қоймай

"Тауарым Қытайдан деп тұтынатын,

Жайым жоқ жерді беріп құтылатын.

Мұнайымды бергенім аз болғандай,

Қадамға бардық тағы тұтылатын.

Айдаһарды ортаға енгізген соң

Ағайын күнің тақау құртылатын.

Алты басты айдаһар жылан емес

Басына айран құйып құтылатын"- деп бір қауіптің "исін" сезетінін аңғартты. Осы бір тапқыр сөзге халық біраз уақыт қол шапалақтап тұрып алды. Айбек ақын осы жерде ғұн көсемі Мөдеге Қытай басқыншыларының жаушы жіберіп, бірінші жүйрік тұлпарын сұрағанда бергенін, екінші, сұлу әйелін қалағанда тағы қолдарын қақпағанын, үшінші жер сұрағанда ашуға мінгенін мысал қылып айтып өтті. Сөзінің соңында Қытайға осыны айтатын хан қайда деп бір қайырды.

Кезегі келгенде Ақмаралда қарап қалмады:

"Айтарым басқа болмай тұр, қосылмасам мұныңа,

Қазақтың ғана жаны ашыр қалың орман ұлына.

Бабалар мына даланы жатқа сірә қимаған,

Айтар сөзім көп еді ішіме бүгін симаған.

Тізгініңді тартайын ел үшін менде ойланам,

Жіберсем егер еркіне,

Сенім артқан күйеу бала,

Бірдеңені бүлдіріп қояма деп қиналам" деп қорқынышын жасырмады.

Айбек бұл айтыста оралмандар мәселесін де айналып өтпеді.

"...Шетелден келіп жатқан қандастарды,

Ішке тартып бауырмал бола алмадық.

Мұнаймен, жерді беріп қытайларға,

Өзімізді өзіміз тағы алдадық.

Тым құрыса Қажығұмар атамызға,

Түрмеге тірісінде бара алмадық.

Алаштың ең ақырғы арысына,

Қытайдан сауға сұрап ала алмадық.

Елім деп еңіреген есіл ердің,

Сүйегін елге әкелтіп қала алмадық.

Сүйегін елге әкеліп қоймақ түгіл,

Бір уыс топырақта сала алмадық"- дегенде дүркірете қол соққан халықтың ризашылығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл сөздің астарында «Қажығұмардай атаны азаптаған қытайға емешегіміз үзілердей не басымызға күн туды» деген ызғарлы ойдың жатқанын аңғармау мүмкін емес.

Қытайдағы бауырларға виза мәселесі асқынып тұрғанын қуатты жырларымен қамшылап өткен ақын:-

"...Қытайлар емін еркін өтіп жатыр,

Ал біздің қазақтарға жол басқа ма?"

Қыл көпірден өте сала елге келіп,

Салпаңдап жүгереді әр қасқаға.

Ең бірінші кедергі тілдің жайы,

Жағдайын айта алмайды "сары қасқаға".

Басар жер, барар тауы қалмағасын,

Қазаққада қарайды сәл жасқана

Оралманның көбісі қоқыста жүр,

Тұрғызып ап басына көр баспана.

Қытайға жер, қазаққа көр бергенің,

Емес пе барып тұрған нән масқара.

Қазақтың сүйегіне таңба салма,

Айтарым биліктегі бар қасқаға"- деп, көшіп келген қандастардың өз елінде тентіреп жүріп, шыдамай қайта көшіп кетіп жатқандарына қынжылатынын білдіріп өтті. Топырақтан қазақ жасай алмай жатқанда, кең байтақ даланың иелерінің тоз-тоз болуы қасірет деді сөз орайында. "Қасқыр секілді өз жарамды өзім жалап отырмын" деп бір серпіліп алған ақын, шындықты айту үшін жат қылыққа қадам басқан Хамит атамыздың қызында оңдырмады.

"...Алпысқа кеп алжыған Гүлжан құсап,

Тыр жалаңаш болмасын тірлігіміз.

Қазақ, қазақ болғалы дәл осындай,

Ешқашан көрмеп едік бәлені біз.

Батыстың қаңсығына таңсық болып,

Бұзылып бара жатыр әдебіміз.

Осындай еліктеу мен солықтаудан,

Көп болды көріп жүрген әлегіміз.

Қазағымның қыздарын жалаңаштап,

Әлемнің жүлдесінен дәмеліміз"- деп қоғамдағы келеңсіз оқиғаларды бір шолып шықты.

Осы жерде Ақмарал:

"Айбекке қандай уәж тең келмек жыр

Уысына шындықты шеңгелдеп жүр.

Хас батыры, қазақтың қаһарманы,

Хамит ақын қызы үшін өлген деп жүр.

«Келін» деген киноны көрдіңіздер,

Біреулер сол киноға ербеңдеп жүр.

Өзіміздің қаракөз кей студент,

Порнофильм түсірем деп өңмендеп жүр.

Кер кеткеннің заманы келді ме екен,

Талай адам шындықты көзге ілмей жүр.

Кейуана болатын жасқа келген,

Кемпірлер көйлек шешіп кердеңдеп жүр"- деп Гүлжан әпкесіне деген өкпесін ақтарып тастады. Бұдан кейін Айбектің үш жүздің баласына ортақ мәселені көтеріп жүргеніне, қанша шеттетіп жатсада налымайтын азаматтығына ризашылығын жырына қосты. Әбден мақтауын келістірген соң:

"Тәуелсіздік айтысына сен келмедің

Қазақтың мұңын айтып берер жерде.

Айбектің өзі айтты деп ел шуласын

Себебін айтып берші көрерменге"- деп сұрақ қойды қарсыласына.

Айбек:

"Желтоқсан айтысына келмедің деп,

Жүректі тырнадың-ау тілімделген.

Қатты-қатты айтатын болғандықтан,

Сызылып қалып жүрмін тізімдерден.

Өтірік Астанаға жолатпай жүр,

Тілімнің ащылығын бұрын білген.

Мен өзі сарай ақын емес едім,

Билікке жақын жүріп күнін көрген.

Халқымның мұңын айтып мен өтермін,

Тілімді қырықсада қырық жерден"- деді Айбек ақын. Бұл халықпен бірге жасасып келе жатқан аяулы ақынның жүрекжарды сөзі болса керек-ті. Бұдан әрі билікке қарата мына сөздерді қарша боратты.

"Парламент пен үкімет тілдеседі,

Тілдесіп өздерінше күн кешеді.

Мемлекеттің кемесін қайырлатпай,

Екеуі ескектерін бірге еседі.

Парламентпен үкімет қарап тұрсаң,

Бәйбіше мен тоқалдай күн кешеді.

Қанша күндес болсада екеуінің,

Қашанда түпкі мақсат, бірге есебі.

Сырт көзге күндес болып көрінгенмен,

Екеуі біраз жерде үндеседі.

Күйеуінің көңілін табу үшін,

Жағынып жаутаң-жаутаң күн кешеді.

Қарапайым халықпен шаруасы жоқ,

Түгенделсе болды тек түнгі есебі"- дегенде халықтың керемет теңеуге дүркірете қол соққаны сондай "Жастар сарайы" қуаныштан теңселіп тұрды. Мына шумағыда өте әсерлі шықты. Билік басындағы жағымпаздарды сынай келіп

"...Елбасыны құдаймен қатар қойып,

Күнаһар тірлік жасап мысқылдайтын.

Демократияның көкесі біздің елде,

Парламенті президентке пысқырмайтын"- деп және бір түйреп өтті. "

Елбасының қадірін кетіріп жүр,

Жантықтар теңейміз деп пағамбарға" - деуінің астарына үңіліп көріңіз. Сонда көп нәрсеге қанығарыңыз сөзсіз.

Халық сәл саябырсығанда Ақмаралға «Алматыда кеш өткізіпсің, сонда Кәрім (Мәсімов) көкең білегіңе алтын білезік тағыпты ғой, соның мәнісін өз аузыңнан естиік халыққа тарқатып айтып берші» деді жыр шумақтарымен төгілдіріп. Ақмарал: "Бір айтыста Мұхтар Құлмұхаммет қазақтың жақсы ақын қызына тартуымыз деп мойныма алты алқа таққан болатын деп, Мәсімовты айтпай жалтарғысы келіп еді, Айбек оған:

"Мәсімовтен алғаныңа қуанымын,

Ішімде қызғаныш жоқ байға деген.

Не берседе ала бер үкіметтен,

Дұшпаннан түк тартсаңда пайда деген"- деп халықты тағыда қыран топан күлкінің астына қалдырды. Осылайша қос ақын бас бәйге үшін емес, халықтың қалауы үшін айтысқандарын дәлелдеп берді. Екі ақынғада соңында тең дәрежеде сый-сияпат жасалды. Бір қызығы демократиясы қарыштап дамыған еліміздің бірде бір телеарнасы жекпе-жек айтысты түсіріп таратуға құлықсыздық танытты. Оны айтасыз,шенеуніктер айтысқа келгенше Ресейдің әншісіне құмартып, барын соған шашып "тектілігін" көрсетіп жататыны осы жолы тағы байқалды. Өзіміздің зиялы қауымды көре алмағанымыз қабырғамызға қатты батты.Бір ай бойы көше көшеде «айқайлап» тұрған жарнаманы оқымады деу қисынға келмес. Әлде "бәлелі жерге бармағыңды сұқпа" деген қағиданы ұстанды ма екен. Егер ұлт жанашырлары сондай қадамға барса келешегіміз бұлыңғыр, көк тұман. Ең бастысы қос ақында халықтың алдында көрген түйгендерін "зындан кеуделерінен" шығарып бір жеңілдеп қалды. Ақындарға одан артық жеңілдік жоқ шығар мына жалғанда.

Астана.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502